Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет41/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   69
Байланысты:
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”

ПАЙҒАМБАР ДА ЕСЕК МІНГЕН

Сөйтіп,  нағашыларымның  аулында  аптадай  қонақтап,  енді  қалаға

кетіп  барамын.  Жүндес,  жуас  есектің  үстінде  –Шолпан  апам,  көк

əңгінің үстінде – мен.




Нағашыларым,  сірə,  шешендерден  сескенген  болар,  кешегі

жанжалдан  кейін  мені  көзден  таса  бола  тұрсын  деді-ау  деймін,  ойда

жоқта Зибаның үйіне баратын болдым.

Əрине,  Зибаға  бармай  кету  əбестік  қой.  Бірақ  бəрі  кенеттен

шешілді.

Титтей күнімнен құлағыма сіңіп қалған атақты Əулиеата шаһарына

келе  жатырмын.  Есекке  мініп.  Бөпетай  атамның  айтуынша,  əкем

Мұртаза  бұл  қалаға  ақбоз  ат  мініп  кіреді  екен.  Мен  есек  мініп  келе

жатырмын.  Несі  бар...  Кейін  білсем,  Иса  пайғамбарымыздың  өзі  де

қасиетті  қала  Əрусəлімге,  яғни  Иерусалимге  тұңғыш  рет  есекпен

келген  екен.  Оған  дейін  əлемді  аралап,  Гималайда,  əулиелердің

арасында  көп  жыл  жүріп,  өзі  де  əулиелердің  əулиесі  –  Пайғамбарға

айналып,  дүйім  дүниені  аузына  қаратқан  Исаның  өзі  есек  мінгенде,

менікінің несі ерсі?! Ақбоз ат бұйырмаса, не шара?

Қалаға кіреберісте, еңіске түсіп, жайдақ су кешіп өттік. Он жақта –

жарлауыт бар екен. Шолпан апам сыбырлап:

− Отыз жетінші жылы осы жардың жиегіне адамдарды тізіп қойып,

шетінен атып, орға құлата берген, – деді.

− Неғып?

− Өкіметке қарсы «халық жаулары» дей ме, қырды ғой, əйтеуір.

Жүрегім  мұзда  -  а  -  ап  сала  берді.  Жар  жаққа  жалтақ-жалтақ

қарадым: Мұртаза көрінбес пе екен деп. Ойым айтты: Мұртаза Сібірде

қалған  деп.  Сонда  ғана  тұла  бойымның  түршігіп,  дірілдегені  əрең

басылды. Жардың күншығыс жақ беті қалың кіреш екен.

Шолпан апа, мынау не?

− Ол орыстардың зираты.

−  Ұшы-қиыры  жоқ  кірештер.  Қырылып  қалған  ба,  немене?!  Не

десе  де,  жарықтық,  түсі  суық.  Бір  жағы  зират,  бір  жағы  көше.  Қала




осылай  басталды.  Жүріп  келеміз,  жүріп  келеміз.  Өмірі  мұндай  үлкен

қала  көрмеген  көк  əңгі  де  елеңдеп,  не  болса  соған  құлағын  тікшитіп,

үркектеп  қалады.  Тағы  бір  су  кешіп  өттік.  Оның  жағасындағы

ұзыннан-ұзақ биік дуалдың үстіне тікен сым керіп қойыпты. Дуалдың

бұрышындағы биік ағаш үйшіктің жанында мылтық ұстаған біреу тұр.

− Шолпан апа, мынау не?

− Түрме ғой, шырағым.

Осыдан  жеті  жыл  бұрын  Боранды  –  Бурныйдың  түрмесін  көріп

едім.  Əкем  Мұртазамен  көздей  тесіктен  сөйлескенбіз.  Анау  сияқты

милиционер мені желкемнен бұрып алып, лақтырып жіберген...

Бірақ  Боранды-Бурныйдың  түрмесі  мына  сияқты  биік  дуалмен

қоршалмаған сияқты еді, тікенек сымы да жоқ болатын.

Жүріп  келеміз,  жүріп  келеміз.  Бір  кезде  қалың  топтың  ішіне  кіріп

кеттік. Не көп, адам көп. Арба-арба шөп.

Қора-қора қой. Мама ағашта тізіп байлап тастаған аттар, есектер.

Шолпан  апамның  айтуынша,  бұл  Атшабардың  мал  базары  екен.

Осында  Тастанбек  деген  кісі  болуы  керек  екен.  Шолпан  апам  содан

Зибаның  үйі  қай  көшеде  екенін  сұрап  білуі  керек  екен.  Есегін  маған

ұстатып, өзі қой базарға кіріп кетті.

ЬІғы-жығы.  Балпаң-балпаң  басқан  қара  бөрікті  адамдар,  айыр

қалпақ  киіп  адыраңдаған  адамдар,  ала  тақия  киіп  жылмаңдап  жүрген

адамдар.  «Вода-вода!  Кому  вода?»  –  деп  айқайлайды  шелек  көтерген

мен сияқты бір бала. Су сатып жүр екен. О, тоба, суды да сатады екен,

ə! Стакандап сатып жүр.

Бір-екі  бала  қолдарына  шелек  ұстап,  сиырлар  тұрған  жақты

төңіректеп  жүр.  Бір  сиыр  жапа  тастай  беріп  еді,  əлгілердің  біреуі

шелегін  тоса  қалды.  О,  тоба!  Сиырдың  боғына  дейін  жерге  түсірмей,

қақшып алады екен.




Біреулер  бір-бір  уыстай  етіп  баулаған  жусан  сатып  отыр.  Кəдімгі

далаға  өсетін  боз  жусан.  Алушылар  əлгі  баулаған  жусанды  аударып,

төңкеріп,  салмақтап  қояды.  Жуандауын  таңдайды.  Жарымағырлар,

Құдайдың далада өсетін жусанын жуанырақ байласа қайтеді.

Осылай  қаланың,  қыбыр-жыбыр  құмырсқа  тірлігіне  қара  -  а  -  ап

отырғанымда, қасыма ала тақиялы екі бала келді.

−  Ей,  қозақ,  ешəгіңді  сатасың  му?  –  дейді,  менің  астымдағы  көк

əңгіні саусақтарымен шоқтығынан түртіп тұрып.

− Есек сатылмайды, – деп, шорт кестім.

−  Сатмасаң,  сатма,  дəйіс!  –  деп,  екеуі  ыржалақтап  күліп,  кетіп

қалды. Көп ұзамай қайтып келді. Шыннан айналдырайын деді. Қамсыз

қалмайын  деп  бойымды  тіктеп,  қолымдағы  қамшыны  (Сəли  атам

берген) қысыңқырап ұстап, сақ отырмын.

− А, лəкин сатасың а? – деді біреуі.

− Жоқ! – деп түксидім.

−  А,  онда  қапа  болман,  –  деп,  əлгі  көк  əңгінің  шабына  қолын

тықты.

−  Ей,  тиіспе!  –  деп,  қамшымды  көтере  бердім...  Əлгі  сұм  шегініп



кетті.  Қорықты  деп  ойладым.  Сол-сол  екен,  көк  əңгіні  шайтан  түртті

ме,  білмеймін,  тыпырлады  да  қалды.  Артқы  аяқтарын  кезек-кезек

тепсініп, пысқырынып, шыркөбелек айналып, туласын-ай кеп. Үстінен

түсіп  қала  жаздаймын.  Тағы  да  болса  қаршадайымнан  колхоздың

жылқысын  бағып,  атқа  мініп,  тас  тақым  болып  қалғаным  бар,  Құдай

абырой  бергенде,  мына  арам  қаншa  тоңқып,  мөңкісе  де  құламадым.

Бірақ Шолпан апамның есегінің бұйдасы қолымнан шығып кетті. Ана

мұттайым  кəшімірлер  соны  алып  кете  ме  зəрем  қалмады.  Дап-дардай

болып, апамның есегінен айырылып қалсам – өлім ғой.

Əлгі  екі  ала  тақия  анадай  жерде  іштерін  басып  күліп,  мəз  болып

тұр.  Оларға  –  тегін  концерт.  Көк  əңгі  мөңкиді,  мен  құлап  қала



жаздаймын. Менің жаным шырылдайды, аналарға рахат.

Сөйтсем,  бұл  дүние  өне  бойы  тұнып  тұрған  осындай  оспадарсыз

ойын екен ғой. Адамды адам қинап, содан рахат кешу, əу бастан-ақ бар

екен, əлі де бар, əлі де бола береді.

«Əй,  бұларың  қалай?»  деген  ешкім  жоқ.  Қайта  ана  екеуіне

қосылып, тобыр неме, ыржаңдасып күледі. Орысы да, қазағы да, сарты

да. Еркегі де, қатыны да.

Нешауа.  Иерасулимнің  ғибатханасының  алдында  осындай  тобыр

Иса  пайғамбарды  да  зəбірлесе  керек.  Пайғамбардың  өзін  сөйтіп

қорлағанда, мен кімнің шікірəсі...

Тəңірі жарылқағыр, Шолпан апам келіп қалыпты.

− Не болды-ей?

− Білмеймін. Аналар, – деп, ала тақиялы жүгермектерді нұсқадым.

−  А,  өлігіңді  көрейін  өле!  –  деп,  ала  тақиялы  жүгермектерді

қырғызша  қарғысқа  басты.  –  Тантыған  тентек!  Нелерің  бар  тыныш

тұрған  балада?!  –  Шолпан  апам  тыпыршыған  көк  əңгінің  бауырына

үңіліп, қолын жүгіртіп еді, есек тыншыды да қалды. Сөйтсе, қаланың

қулары оның шабына бөгелек салып жіберген екен.

−  Жүр,  –  деді  апам.  –  Білдім  Зибаның  үйін.  Құдай  қаласа,  енді

табамыз. Ойық көшесінде екен.

Атақты  Атшабарды  бірінші  көруім  осылай  басталды.  Əлі  талай

көрерімді дəл сол сəтте білген жоқпын.

Шолпан апам жайма базардың тұсынан өтіп бара жатқанда, «Олын,

олын» деп қақсап тұрған өзбектің қатынынан маған тəтті сатып алып

берді.  Зығыр  дəнін  қант  шырынымен  дəнекерлеп,  қатырып  қойған

тəтті екен. Мұндай дəмді болар ма?

Енді  бір  жерде  иісін  бұрқыратып  кəуап  пісіріп  жатыр,  бір  жерде

тұшпара пісіріп жатыр... Мен үшін бейтаныс ғажайып иістер. Мұндай




да береке, мұндай да тоқшылық болады екен-ау деймін. Ал сөйте тұра,

қалтаңда тиының болмаса, бұл иіс тоқшылық емес, азап екенін əлі біле

бермеймін.



«Қымыз,  қымыз!  Қымыз  ішіңдер!»  –  деп  жалынады  бір  əйел:

«Шыннан тегін бере ме?» – деймін жалтақ-жалтақ қарап. Қайдан тегін.

Əлдекімдерден ақша санап алып жатыр. Сүлеймен есіме түсті. Жақсы

қымыз ішсе, жазылар ма еді... осы қымыздың шатағынан ойда жоқта,

міне  енді  мен  Əулиеата  қаласын  есекпен  аралап  жүрмін.  Тағдыр

осылай шығар. Атшабардан ылди түсіп, көшеге шықтық.

«Мынау – Балпық сарайы деген. Бұрын керуен – сарай болған», –

деді Шолпан апам дəу көк дарбазаны көрсетіп.

Е, Бөпетай атам Мұртаза екеуі келетін Балпық сарай осы екен ғой.

Ар  жағында  не  бар  екенін  кім  білсін,  əйтеуір,  көк  дарбазасы  күшті.

Төрінде  Керімбай  болыс  отыратын  жер  оңай  дейсің  бе?  Сол

Керімбайлармен қатар отырған Мұртаза да тегін емес екен-ау деймін.

Ал  оның  баласы,  анау-мынау  емес,  зарығып  көрген  баласы  мен  –

Барсхан  –  анадан  да,  мынадан  да  түрткі  көріп,  хан  базардың  ішінде

есегім  тулап,  жұртқа  күлкі  болып,  пұшайман  жеп  келе  жатқан  түрім

мынау... Бетімді кеше шешен баласы тырнап алып, жаралап тастағаны

тағы бар. Ыңғайсыз.

Біраз  жүргеннен  кейін,  көшенің  екі  қапталынан  да  жəпірейген,

жатаған үйлер жиілей берді. Жəне кілең қазақтар тұратын сияқты. Бір

жақтан  ауып  келіп,  уақытша  тұрып,  тағы  бір  жаққа  үдере

жөнелетіндей, мынау үйлер мығымдықты, тұрақтылықты сездірмейді.

Балшықтан 

домбаздай 

салған 


сиықсыз 

үйлер. 


Қаланың

ортасындағыдай  емес,  тал-дарағы  да  шамалы.  Тура  ауылдағыдай.

Ағаштарын есек пен ешкі кеміріп тастаған.

Дегенмен  ара-тұра  дарбазасы  биік  үйлер  де  кездеседі.  Соның

бірінің алдында тұрған əйелден Шолпан апам:

− Зибаның үйі қайсы? – деп сұрады.

− Міне, – деді мыңболғыр.

Жапсарлас  үй  екен.  Қорасы  да,  қақпасы  да  жоқ,  жадағай,  жалғыз

үй.  Есігінің  алдына  барып,  есектен  түстік.  Үйге  кірсек  –  ешкім  жоқ,



бірақ  есік  ашық.  Сыртқа  шығып,  тамды  айнала  беріп  едік,  ар  жақта

огород  бар  екен.  Бір  əйел  ары  қарап,  картоп  қазып  отыр.  Жанында

жасыл бешпет киген қуыршақтай кыз картопты шелекке салып жатыр.

Үйдің  күншуағында  басы  бақырдай,  көздерін  қолымен  көлеңкелеп

қысып алып, кішкентай бала ағаш атпен ойнап отыр.

−  Ау,  Зиба!  –  деп  дауыстады  Шолпан  апам.  –  Жиен  қыз-ау,  біз

келдік.

Əйел түрегеліп, біз жаққа қарады. «Құдай-ау, Айша қайдан жүр?!»

Жоқ, Айша емес екен. Көздерінің аясы кеңдеу, өңі құбаша, бойшаң

екен.


Күн ысып тұрса да, орама қоңыр жағасы бар, мақталы пальто киіп

алыпты. Басында алқымынан ораған шəлі бар.

Бізге жақындап келді. Шолпанмен көрісіп, амандасты. Маған қарап

тұр.  Қайтер  екен  деп  Шолпан  апам  үндеген  жоқ.  Мен  қайбір  келісіп

тұрған.  Кісі  сүйсінер  түрім  жоқ.  Басымда  Қорғанбайдың  қисық

кепкесі.  Аяғымда  ауыр  бəтеңке.  Бетімді  шешеңнің  баласы  тырнақ

салып жаралап тастаған. Кебірсіп, қабыршақтанып, қан қатып қалған.

Зиба  əпкем  танымады,  бірақ  таңғалды.  Жүзі  жылы,  күлімсіреп,

тіпті  елжіреп  қарайды.  Əйтеуір,  жақыны  екенімді  сезеді,  бірақ  доп

басып айта алмай, екі иінінен дем алысы жиіледі. Мен шыдамай:

− Зиба əпке, мен Барсханмын ғой, Айшаның... – дей бергенімде, бас

салып,  бауырына  қысты.  Бірақ  сүймеді.  Күнге  қызған  пальто  бетімді

жылытты.  Пальто  емес,  жүрегі  жылытып  тұрғандай,  тұла  бойым

шымырлап,  бір  аналық,  туысқандық  сезім  менің  жаныма  шым-шым

еніп,  адам  екенімді,  мені  де  біреу  жақсы  көріп,  аймалайтынын

танытып, көзіме жас іркілді.

Егер  адамдар  бірін-бірі  осылай  құшырлана  аймалап,  бауырына

басса, байлықсыз-ақ, атақ – даңқсыз-ақ бақытты болар еді... қайтерсің,

біреу  сенің  қарайып,  жер  басып  жүргеніңе  қуанады.  Біреу  сенің  осы

дүниеге  келгеніңді  де  көре  алмайды.  Мен  жоқ  болсам,  менің  орныма




зығыр  егетіндей-ақ,  зығырданы  қайнап  жүреді.  Адамдар  əділдікті

Күннен  үйренбей-ақ  қойды.  Күн  сен  патшасың  ба,  пақырсың  ба,

байсың  ба,  кедейсін  бе  –  ешкімді  алаламай,  бəріне  сəулесін  тең

таратады ғой.

Адамдар  əділдікті  Қара  Жерден  де  үйренбеді.  Сен  патшасың  ба,

пақырсың  ба,  байсың  ба,  кедейсің  бе  –  Қара  Жердің  қойнына  кірген

соң  бірдейсің.  Патшаның  етін  жеген  кұрт,  арық  екен  деп  пақырдың

етін жемей қоймайды.

Тəн  шаруашылығы  осылай.  Ал  жан  мəселесі...  Өлгеннен  соң,

тəннен  жан  бөлінеді  дейді.  Құдай  құптаса  –  жаннатқа  барады,

құптамаса  –  тамұққа,  тозаққа  түседі  дейді.  О  жақтан  қайтып  келіп,

əңгімесін  айтып,  хабар  берген  ешкім  жоқ.  Бірақ  Адал  мен  Арамның

ара жігі, əйтеуір, бір ажыратылуы, содан соң əркім тиесілі үлесін алуы

керек қой. Егер ондай таразысы болмаса дүниеде не мəн, не мағына...

− Айша əпкем аман ба? Інің, қарындасың аман ба? – деп сұрақтың

астына  алды  Зиба  əпкем,  енді  мені  екі  қолымен  иығымнан  ұстап

тұрып,  бетіме  тесіле  қарап  тұрды.  Мен  «иə,  иə»  деп  жатырмын.  Бір

уақытта Зиба:

− Құдай-ау, Рахманнан аумайды екенсің ғой, – деді.

Рахманды  білемін.  Еміс-еміс  есімде.  Айшаның  інісі,  Зибаның

ағасы. Сорымызға қарай, маңдайымызға сыймай кеткен.

Зиба  əпкем  бізді  үйге  кіргізіп,  алты-жеті  жасар,  үкідей  ұшып

тұрған, сап-сары, көк көз қызды:

− Ақшагүл - ау, су алып кел, – деп жұмсады.

Примус  деген  болады  екен.  Жермаймен  жанады  екен,  піскілесе,

пысылдап,  бажылдап  жалын  атады  екен.  Зиба  əпкем  оған  шəугім

қойып, шəй қайнатты. Түтін иіс қолқаңды атады.

−  Ақшагүл  -ай,  мынау  сенің  бөлең  –  Барсхан,  –  деді  үкі  көз  сары

қызға. Көзін жұмып алып кішкентай бала кірді. – Бұл сенің кіші бөлең



– Əбен, – деді Зиба əпкем маған.

Əкесі  Мырзагелді  соғысқа  кеткенде,  бұл  Əбен  жаңа  туған  екен.

Қазір төртке шықса керек.

− Мырзагелдіден хат келіп тұр ма? – деп сұрады Шолпан апам шəй

үстінде.

− Құдайға шүкір, əзір келіп тұр, – деді Зиба əпкем. – Осы жазда бір

посылка  жіберіпті.  Ол  не  дейсіз  ғой.  Сабын.  Əтір  сабын  екен.  Соны

базарға  апарып  сатып,  кəдімгідей  қаужаңдап  қалдық.  Əйтпесе

карточкамен  алған  нан  мына  екеуіне  кейде  жетіп,  кейде  жетпейді,  –

деп, қызы мен ұлын екі жағына отырғызып, бастарынан сипап қойды.

− Біздің Махан мен Əшірбектен тырс еткен хабар жо - о - оқ, – деп,

Шолпан апам күрсініп қалды.

−  Сабыр  түбі  –  сары  алтын,  Шолпан  апа,  сабыр  етіңіз.  Бір

жақсылық  хабар  келіп  қалар,  –  деп  жарқылдады  Зиба.  Сөз  сөйлесе,

көздері  жарқылдап,  даусы  жарқын-жарқын  шығады  екен.  Жайырақ

сөйлесе,  шаршамас  еді,  даусы  ашық,  ынта-шынтасымен,  ықыластана

сөйлегенде шаршап қала ма, немене, ентігеді.

Ентігетін  себебі  –  Мырзагелді  соғысқа  кеткен  соң,  екі  баланы

асыраймын  деп,  емізулі  баласы  мен  титтей  қызды  үйге  қамап  кетіп,

жүн  жуатын  зауытта  жұмыс  істепті.  Мұздай  тастың  үстінде,  мұздай

сумен жүн жуған қиын ғана емес, қиямет екен, бір жылдан кейін қос

өкпесі ауырып, мүгедектікке шығыпты.

Мұны ол Шолпан апама айтып отыр. Мен тыңдап отырмын. Өкпесі

баяғыда,  қыз  күнінде,  Асаның  суынан  қыстыгүні  көшіп  өткенде  бір

ауырған екен. Кейін жазылған көрінеді. Ал енді жүн жуатын зауыт сол

кеселді  кайта  қоздырып,  құтыртып  жіберіпті.  Емделіп,  ауруханаға

жатайын  десе,  мына  екі  балаға  қарайтын  жан  жоқ.  Дəрі-дəрмек

табылмайды.  Борсықтың  майына  алмас  қосып  жеп,  кеселі  ептеп

жеңілдесе керек. Бірақ ол дəрінің кесірі кішкентай Əбенге тиіпті. Бала

неме  төсектің  астында  тұрған  майды  жеп  қойған  ғой.  Содан  көзіне




зақым келіп, əлгі көзін ұдайы жұмып алып, көлегейлеп жүретіні содан

екен.


Шəй  ішіп,  дастарқан  жиылған  соң,  Шолпан  апам  қайтпақшы

болды. Зиба:

−  Отыра  тұрсаңшы,  –  деді.  –  Шынымды  айтсам,  сағынып

қалыппын.  Таяқ  тастам  жерде  тұрсақ  та,  бір-бірімізді  көрмейміз.

Нағашыларымды  өзім  іздеп  барайын  десем,  мына  екі  баладан  шыға

алмаймын. Сəл көз жазып қалсаң – отқа түсіп кете ме, суға түсіп кете

ме? Қаланың аты – қала. Көшеге шықса – мəшина басып кете ме деп

қорқасың.  Онсыз  да  ана  Əбеннің  обалына  қалдым  білем.  Байғұс

басым,  əлгі  борсықтың  майын  биік  жерге  қойсам  ғой,  бала  неме

мұндай хəлге ұшырамас еді. Енді қайдам, көзі шыннан кем болып қала

ма? Дəрігерге де апармадым...

−  Жиен  қыз-ау,  тірі  адамның  тіршілігі  біткен  бе?  –  деп,  Шолпан

апам бəрібір орнынан тұрды. – Əлгі сен жуатын жүнді зауыттан алып,

жіп  иіреміз  ғой.  Жібін  əкеліп  өткізіп,  соған  нан  аламыз.  Сөйтіп  күн

көріп  отырған  жоқпыз  ба.  Басқадан  қалсам  да,  əзір  ұршықтан  қалған

жоқпын.  Мен  күн  жарықта  қайтайын.  Мына  Барсхан  қасында  бола

тұрсын,  қаланың  бұзық  балалары  ұрып  кетіп  жүрмесін.  Өзі  де

ұрыншақ  көрінеді.  Көрмейсің  бе,  келе  сала  шешеңнін  баласымен

төбелескенін.  Біздің  ауылда  бала  тұрмақ,  үлкен  адам  олардың  жел

жағынан жүрмейді.

Шолпан  апам  өзінің  есегіне  мініп  кеткен  соң,  көк  əңгі  жалғыз

қалды.  Пысқырынып,  біраз  тыпырлады.  Есіктің  алдындағы  аласа

дуалдың көлеңкесіне апарып байлап қоймақшы болып, дуалдан айнала

беріп  едім,  аузы  үңірейген  жертөле  бар  екен.  Содан  бурыл  шашы

бұрқыраған,  көздері  сұп-суық  жыланның  көзіндей  кірпік  қақпай

қалған, үсті-басы алба-жұлба бір кемпір шыға келді. Зəрем қалмады.

− Зиба əпке! – деп дауыстап жібергенімді де сезбей қалдым. Үйден

əпкем шығып:

−  Қорықпа,  əжең  ғой,  –  деп  күлді.  Күлгені  қандай  əдемі.  Кемпір

кірпік қақпай, маған қарап тұрып-тұрып:




−  Сен  Битөре  емессің!  –  деді  де,  үңгіріне  қайта  кіріп  кетті.  Аң-

таңмын.  Қайдағы  Битөре?  Естісем  бұйырмасын.  Апыр-ай,  мына

Əулиеата  дейтін  үлкен  шаһарда  да  жертөле  болады  екен-ау.  Баяғыда

соғысқа  кетпей  тұрғанда  Махан  ағам  маған  Тəңіртаудың

Керегетасынан  осындай  бір  үңгірді  көрсетіп:  «Аюдың  апаны»,  –  деп

еді. Үрейім ұшып үйге кіргеннен кейін, Зиба əпкем:

−  Немене,  қорқып  қалдың  ба?  –  деп,  қолымен  иегімді  көтеріп,  –

аузыңды  аш,  –  деді.  Ұп-ұзын,  сүйрік  саусағымен  таңдайымды  басты.

Ғажап,  денемнің  түршігіп,  дірілдегені  лезде  басылып,  жаным  жай

тапқандай болды. Онысы несі екен?

Содан сон Зиба басқа істің бəрін жиыстырып тастап, менің қамыма

кірісті. Су жылытып, əтір сабынмен шомылдырды. Сірə, мен көрмеген,

майданда жүрген Мырзагелді жездемнің посылкамен жіберген сабыны

шығар.  Мұрныма  бұрын  сезбеген  жұпар  иіс  келеді.  Өз  білегімді  өзім

иіскей  берем.  Шіркін,  осындай  əтір  сабынмен  жуынып,  жұпар  иіс

бұрқыратып,  мектепке  барар  ма  едім.  Мұғалім  апайдың  алмабет,

тəмпіш мұрын, тəлпіш қызы... таң қалып, қасымнан кетпес еді-ау...

Зиба  менің  өсіп  кеткен  ұйпа-тұйпа  шашымды  тарап,  өткір

қайшымен  жан-жағын  тегістеп,  түзетіп  қойды.  «Шаштаразға  алдырса

болар еді», – деді.

Шаштараз  дегенді  көрген  емеспін.  Ауылға  шаш  қойып  барсам,

тəмпіш  мұрын,  тəлпіш  қыз  қызығар  ма  екен...  А,  бірақ  Əліқұл  атам

ұстап алып, ұстарамен тап-тақыр етіп қырып тастайды ғой. Нəметқұл

да  сөйтер  еді.  Шаш  қойғандарды  өлердей  жек  көреді.  Онысы  несі

екен?

Шешен  баласының  тырнағы  тіліп  кеткен  бетімнің  жарасы  жібіп,



қотырланған  қабыршағы  түсіп  қалды.  Зиба  оған  сықпамай  жағып

қойды.


−  Бетің  тіліңгір,  қатын  құсап  бетке  тырнақ  салғаны  несі?  –  деді

Зиба айдаладағы шешеннің баласына ұрсып. – Енді сен ана кемпірден

қорықпа, – деді маған. – Ол бейшара аздап ақылы ауысқан. Он үш бала

тапқан ана ғой. Он екісі анау жаман жылдары бірінен соң бірі шетінеп




кеткен.  Битөре  деген  жалғыз  ұлы  қалған,  оны  майданға  алып  кетті.

Ешкімі  жоқ.  Далада  қаңғырып  қалған  ғой.  Жан  баласына

жаманшылығы  жоқ.  Тек  көшеде  өткен-кеткен  адамдарды  қарайды  да

отырады. Битөре емес пе деп, көрінген адамның бетіне үңіле береді.

Содан соң Зиба менің көйлегімді жуып, күншуаққа жайып қойды.

Бір  сандықты  ашып,  ары-бері  ақтарып,  бір  қоңыр  шалбарды  алып

шықты.

− Мə, мынаны киіп көрші, – деді.



Киіп  едім,  белі  кең,  балағы  ұзын  екен.  Бірақ  түрі  ұнайды.  Жаңа

сияқты.


−  Мырзагелді  жездеңдікі  ғой.  Аман-есен  келсе,  оған  шалбар

табылар. Мынаны саған тарылтып берейін.

Мырзагелді жездеміз соғысқа дейін мұғалім екен. Екі-үш костюмі

болған екен.

−  Қалада  күнкөріс  қиын  ғой,  Барсхан,  қысылғанда  Мырзагелдінің

бір костюм-шалбарын базарға апарып сатып жібердім, – дейді Зиба. –

Өзімнің  бір  цигейка  тоным  бар  еді,  оны  да  саттым.  Енді  қайтемін

сатпағанда.  Мыналарға,  –  деп,  Ақшагүл  мен  Əбенді  нұсқады,  –  бұл

екеуіне сүт керек. Сауатын сиыр жоқ. Май керек. Өзіме де күшті тамақ

болмаса, жөтел, атаңа нəлет қу жөтел қысады.

Сонда  қалай,  бұлардың  күн  көріп  отырған  тамағын  ауыздарынан

жырып аламын ба? Мына шалбарды базарға апарып сатса, талай ақша.

− Зиба əпке десе...

− Не Барсхан?

− Кимеймін.

− Нені?


− Шалбарды.


−  Е,  неге?  Анауың  тозып  болыпты  ғой.  Біздің  үйге  тұңғыш

келгенде,  бізден  киген  костюмің  осы  болсын.  Кішірейтіп  берейін.

Кəне,  балағынан  қанша  алу  керек,  –  деп,  Зиба  балақты  бір  жерінен

борлап қойды. Ышқырға да бормен белгі салды.

− Бүлдірмей-ақ қойыңыз, Зиба əпке. Бəрібір маған кең болады.

−  Ой,  айналайын,  бізді  аяп  тұрсың  ғой.  Оны  білгеніңнен

айналайын.  Өзіңе  шап-шақ  жаңасын  алып  берер  едім,  көрмейсің  бе

қиын болып тұрғанын. Қуыс үйден құр шыққаның ұят болады. Саған

бір  шалбар  кигізуге  жарамасам,  Айша  əпкеме  не  бетімді  айтамын?

Ауру-сырқаудан аман ба өзі?

− Кім?

− Айша əпкемді айтамын.



− Ама - а - н. Бірақ...

− Немене?

− Көктемде қатты ауырып, қаны тасып, өліп қала жаздады. Аққыз

апам болмаса...

− Ол кім?

− Тəуіп кісі. Бақсы.

− Содан жазылып кетті ме?

− Иə.


− Е, шырағым, Айша аман болсын. Айша кетсе, сендердің күнің не

болады? Қайран əпкем... Сағындым.

Кенет Зиба иығы селкілдеп, булығып жылап жіберді. Сол-сол екен,

жөтел қысты.




−  Бала  күнімізде  бақытты  едік,  –  деді  жөтелдің  ара-арасында.  –

Неге  тез  өтіп  кетті  сол  дəурен?!  Бір  күнгідей  болған  жоқ.  Əкеміз  де

жоқ,  шешеміз  Құлыхан  да  жоқ.  Сүттібек  пен  Рахман  да  жоқ.  Несін

алдық Құдайдың? Мені ауру ғып қойғаны мынау...

−  Қойыңыз,  Зиба  əпке...  біз  бармыз  ғой,  мыналар  өседі,  –  деп,

өзімше  кісімсініп,  жанымызда  үрпиісіп  тұрған  Ақшагүл  мен  Əбенді

иегіммен меңзеп қойдым.

−  Рақмет,  жаным,  сен  кəдімгідей  кісі  боп  қапсың  ғой,  –  деп,  Зиба

тігін машинаның қақпағын ашты.

Кеш түсе, қысқартылған шалбарды, жуылған көйлекті киіп көшеге

шықтым.  Шалбардың  балағы  да,  белі  де  дұрыс.  Бірақ  құйрық  жағы

мен  ауы  даладай,  кəдімгідей  қампиып  тұр.  Соны  көріп,  Зиба

кəдімгідей қынжылды.

−  Мұндайға  мен  ұста  емеспін  ғой.  Əттең,  Ауагүл  əпкем  мұны

жіптіктей қылар еді. Ол қаланың арғы шетінде тұрады.

− Зиба əпке! Ауагүлді Айша анда-санда айтушы еді, ол кім?

−  Е  -  е,  Барсхан,  ол  біздің  үлкен  əпкеміз  ғой.  Есей  əкеміздің  үш

əйелі  болған.  Үлкені  –  Теңгеқыз.  Сенің  ауылыңнан.  Одан  Сүттібек,

Ауагүл,  Бауагүл  туған.  Сүттібектен  –  Төлен.  Ол  қазір  соғыста.  Кім

біледі?  Жалғыз  жəдігерді  аруақ  қолдасын  да.  Ауагүл  осы  қалада,

Бауагүл бейшара жас кетті.

Аруағыңнан айналайын, Құлыхан анамыздан: Айша, Рахман, Зиба.

Рахман  жоқ.  Айша,  Зибалар  əзір  тіріміз.  Құдай  қанша  жарық  сəуле

бұйыртады  –  бір  өзі  біледі.  Түсіндің  бе?  Ауагүлмен  əкеміз  бір,

шешеміз  бөлек.  Бірақ  бөлек  демейді,  өте  бауырмал.  Шеберлігімен

бала-шағасын асырап отыр ғой. Машинамен киім тігіп, базарға сатады.

Күйеуі Рəт деген кісіні отыз жетінші жылы алып кеткен. Содан хабар

жоқ. Сенің əкең Мұртаза жездем сияқты.

Ай, дүние, сол жезделерім бар болғанда, мен мұндай азапқа қалмас

па  едім...  Тым  болмаса,  Құдай  Рахманды  тірі  қалдырмады  ғой.  Төлен




болса – соғыста...

Зиба ентігіп шаршап қалды. Ауагүлді сұрап нем бар еді.

Сөйтіп, мен кəдімгідей шікірейіп көшеге шықтым.

Есіктің  алдына  шығып,  мені  көрдіңдер  ме  дегендей,  шікірейіп

тұрмын. Ауы салбыраған кең болса да шалбарым бар, өзі без болса да

көйлегім таза. ІІІашым түзелген. Сонда мен кімнен кем?!

Көшеден əрі-бері өткендерге көз салып тұрмын. Көбінесе ат арба,

есек  арба.  Дырылдаған  машина  сирек.  Сірə,  мал  базардан  қайтқан

болар, біреу құйрығы тегенедей қызыл қой жетектеп барады. Біреу бір

марка  қозыны  есетінін  шоқтығына  көлденең  салып,  алдына  өңгеріп

кетіп  барады.  Көшенің  қарсы  бетінде  дəу  дарбазалы  үй  тұр.  Бергі

беттегі жапсарлас үй де еңселі, қақпасы биік. Ал Зиба əпкемнің үйінің

қақпасы жоқ, жан-жағы жалаңаш. Қасында үңгір там.

Осылай тұрғанымда арт жағымнан:

−  Несіне  тесілесің,  Битөре  бүгін  келмейді,  –  деді  əлгі  дудар  шаш

кемпір. Жалт қарап, қаша жөнелейін деп едім:

− Қой əрі, адам көрмеп пе ең, мен сені жемеймін, – деді дудар шаш

кемпір.  –  Мені  жұрт  Көк  Кемпір  дейді.  Сен  де  солай  атасаң  болады.

Сен одан да ана есегіңді бақ. Аш тұр ғой. Бұл қалада мал ұстау қиын.

Əркім  малын  құйрығынан  ұстап  жүріп,  арық  атыздың  жағасына

жаяды. Сен де сөйт. Немене, жуынып, киініп алып, Төрткүл көшесінің

қыздарына  қырындайын  деп  пе  едің?  Əлгіде  ғана  менің  үңгірімнен

шыққан жабайы баладай едің. Лезде шырттай бопсың ғой. Зиба ғой ол,

Зиба! Сен оны қинай берме. Қанша қалды дейсің?..

Кемпір  осыны  айтып,  қайтадан  үңгіріне  кіріп  кетті.  Тілім

байланып,  мелшиіп  мен  қалдым.  Маған  міндет  артып  кетті.

Біріншіден, есегімді отқа қоюым керек. Мұнысы – ақыл. Əйтпесе, көк

əңгі  мойны  салбырап,  көзі  іріңдеп  қапты.  Екіншіден,  Зиба  əпкемді

қинамауым  керек.  А,  мұнысы  түсініксіз.  «Қанша  қалды  дейсің...»

дегені не жұмбақ?




Көк  əңгіні  шешіп  алып,  үйді  айналып,  огородтың  жағасына

апарып,  алақандай  ашық  жерге  аяғынан  тұсап  қоя  беріп  ем,  байғұс

неме, басын жерден алмай, тұқыл шөпті қырши бастады.

Бұл тіршілігімді байқаған Зиба əпкем:

− Ой, ақылыңнан айналайын, есегіңді отқа қойғаның дұрыс, – деді.

– Анау үйде Ескермес деген бала бар. Енді сонымен қосылып есегіңді

бір  мезгіл  сыртқа  шығарып  бағарсың.  Кешке  қайтады,  Ескермеске

сонда айтамын.

Үйдің қабырғасына арқасын тіреп, шөкелеп отырды. Жанына келіп,

шоқиып  мен  де  отырдым.  Əпкемнің  екі  бетінің  ұшы  қып-қызыл,

албырап  тұр.  Пальтосын  тастамапты.  Көк  Кемпір  болса,  көйлекшең

жүр. Рас, көйлегі жамау-жамау, қырық құрау. Қалада да осындай киім

болады екен-ау! Біздің Мыңбұлақта ғана ма десем...

− Зиба əпке, жаурап отырсыз ба?

Зиба бетіме күлімсірей қарап, ұзын саусақты алақанымен басымнан

сипады:


− Барсхан-ау, дімкəстанып қалдым ғой, – деді.

− Зиба əпке, қай жеріңіз ауырады?

Əпкем төмен қарап, мұңайып қалды.

− Өкпесі түскір жарамай тұр ғой, Барсхан.

Лезде  Сүлеймен  есіме  түсті.  Мыңбұлақтағы  Сүлеймен.  Сағынып

қалғанымды  сездім.  Өткендегі  шатақ  есіме  түсті.  Қымызға  бола

шыққан. Бір жұтым қымызға бола.

− Зиба əпке, қымыз ішсеңіз жазыласыз ғой.

Əпкем бетіме мейірлене қарады.



−  Ақылыңнан  айналайын,  əшейін...  Бірақ  қымыз  қайда?  Есей

байдың көк ала жылқысы жоқ. Жоқ қой...

− Иə, базарда бар ғой.

Жалт қарап, тағы да күлімсіреді. Жадыраған күлкі. «Алатын ақша

қайда?» дегісі келді-ау деймін. Бірақ демеді.

Базардың қымызы-қымыз емес, шалап. Көк шалап.

− Неғып?

− Сауда деген сондай болады. Барсхан. Алдайды.

Сірə,  менімен  сөйлескеннің  өзіне  шаршап  қалды  білем,  екі

иығынан  дем  алып,  ентіге  бастады.  Мен  үндемедім.  «Осы  жақсы

адамдар неге ауырады екен? Сүлеймен ауырады, Зиба əпкем ауырады.

Иса  мұғалім  ауырады.  Жуанқұл  мен  Тасбет  ауырмайды.  Оларға  ауру

жоламайды. Бұзық адамдардан кесел де қорқа ме екен?»

Қасымызға келіп, томпиып-томпиып Ақшагүл мен Əбен отырды.

−  Осы  екеуіне  бола  тірі  отырмын,  Барсхан,  –  деді  əпкем  қайғылы

кейіппен. – Əйтпесе, кесел жаман. Сен қорықпа. Əзір өлмеймін.

«Қорықпа»,  –  дейді.  Қорықпаспын-ау.  Бірақ  Дүйсенбайдың  қара

саулығының  егіз  қозысын  қалай  ұмытамын?  Қара  саулықты  жылан

шақты ма, əлде топалаң тиді ме – егіз қозы жетім қалды. Содан оларды

Мамыт  атамның  ала  саулығына  телімекші  болып  еді,  ала  саулық

оқшиып,  шатаяқтап,  əлгі  жетімдерді  аямай  сүзіп-сүзіп  құлатты  ғой.

Оны қалай ұмытайын? Сондықтан да жүрегім жап-жалаңаш қалып, аяз

қарығандай қалтырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет