ҚАРАШАЙ ҚАМБАШЬІ
Ауылдары жақындар демалыс күні үйлеріне қайтып кетті.
Жетітөбеге, Қаракемерге, Қыршындыға, Шоқайға.
Бұл атырапта онжылдық бір-ақ мектеп бар. Ол осы Молотов
мектебі. Жанында жатын орын беретін, тамақ беретін интернаты
болған соң, жан-жақтан келіп оқитындар көп.
Соғыстың қаһар шашып тұрған шағында балалар білімнен, оқудан
қалмасын деп ертеңнің қамын ойлаған өкімет те оңай емес. Қансырап
жатса да интернат ашып, біз сияқтыларды, тіпті ауқаттылардың
балаларын да асырайды.
Бəлкім, өкімет өзін қарыздар санайтын шығар. Мысалы, менің
əкемді алды. Жазықсыздан жазықсыз. Мұртазаны Сібірге апарып жоқ
қылды. Басқалардың əкелерін, ағаларын қып-қызыл ажалдың аран
ауызына мың-мыңдап айдап салды. Əлі толастар емес. Рас, жеңіс
жақын деседі, кім біледі...
Интернат – бұрынғы мешіттің үйі. Бұған да шүкір. Біздің
Мыңбұлақта əп-əдемі мешітті қолдан қиратты. Ал мынау болса, аман
қалған. Одан өкімет не зиян шекті? Интернат болуға жарап тұр. Сол
бұрынғы мешіттің ішінде мен жападан - жалғызбын. Мырзагелді
жездемнің үйінде, Зиба əпкемнің қасында жатсам да болады. Бірақ
жездем айтты:
− Бүгін интернатта жатып шығасың. Жалғызбын деп қорықпа. Сен
батырсың ғой, – деп қоттитып қойды. – Бауыржанның інісісің ғой.
Момышұлын білесің бе?
Əрине, білемін. Өзін де көргенмін. «Бауыржанның інісісі.»,
«Батырсың» деген соң амал жоқ, батыр болуға тырысасың. Қыстың
күні. Түн суық. Балалардың бəрі ауылдарына кеткен соң, бүгін пеш те
жағылмаған, қазан да көтерілмеген.
Жалғыз өзім. Не көп – жамылғы көп. Жанымда жататын
балалардың жалаң қабат одеялдарын сыпырып алып, үстіме қабат-
қабат жамылдым. Рахат.
Жатырмын. Ұйқым келмейді. Елегізи беремін. Жездем мені неге
мұнда жалғыз жатқызды деп қоямын. Енді-енді пайымдай
бастағандаймын. Көрші бөлмеде қамба бар. Склад. Оның ішінде не
жоқ дейсің. Ет те бар, балық та бар, пірəндік те бар, ұн да бар...
Əсіресе пірəндік жегім келеді. Шіркін, қазір қамбаны ашып,
пірəндіктің үш-төртеуін, көп емес, үш-төртеуін ғана алып, мына жылы
одеялдардың астында кеміріп жатар ма едім. Аспаз қатын бізге бір-
біреуден беруші еді. Тастай қатты, кеміресің.
Бірақ қамбаның аузында баланың басындай қара құлып тұр. Оның
кілті Хасан Өзденовтың қалтасында. Қарашай кісі. Бойы теректей,
көздері шұңқырда жатқандай сұп-суық. Мұрты аузына түсіп, екі
миығы шалғыдай салбырап тұрады. Мұрны қоңқақ. Мұрнының
астындағы мұрты ылғи суланып тұрады. Үстінде ескі қара шекпені
бар. Оны күмістелген жіңішке белдікпен буынып алады. Екі омырауы
қатар-қатар оқшантай. Басында көбе қозының жүндес бұйра терісінен
домбаздалған бөркін милығына дейін басып киеді.
Қамбаның кілтін сол ұстайды. Осы менің де қамбашы болғым
келеді. Содан артық, жұмыс жоқ па деймін. Біздің Мыңбұлақта ғой
қамбаның кілтін ақсақ Оспаналы көкем ұстайды. Рахат. Енді мына екі-
үш қадам жердегі қамбаның ішіндегі пірəндік көкейімді тесіп жатыр.
Кілті менде болса...
Қыбыр еткен жан жоқ. Жалғыз өзім. Əлденелер көзіме елестей
береді. Көзім жұмулы. Сонда да интернаттың қуыс-қуысын,
бөлмелерді əлдекімдер кезіп жүрген сияқты. Əлдене ыңырсығандай,
балаша жылағандай болады. Жүрегім суылдайды. Сөйтсем, уілдеп
жылап жатқан пештің қуыры екен. Аспаз қатын пештің аузындағы
темір қақпақты жаппай кеткен шығар. Уілдейді. Сірə, далада жел
соғып тұр-ау, уілдейді.
Пеш қой деп өзімді-өзім жұбатып, жігерленген боламын.
Өзіңді-өзің, жұбатпасаң, өзіңді өзін жылытпасаң, сені кім
жұбатады, кім жылытады?
Сөйтіп жатып қалай ұйықтап кеткенімді білмеймін. Түсіме ақ
көбелек, теңбіл көбелек кіреді. Жалбыз бұлақ екен деймін. Терең сай.
Белуардан келетін жасыл шалғын. Бүлкілдеп, бұрқ-бұрқ қайнап жатқан
мөлдір бұлақ. Мыңбұлақтың бір бұлағы. Күміс су. Іше беремін, іше
беремін. Шөлім, сірə, қанбайды. Неге деймін? Сусамыр болып
кеткенмін бе деймін? Күндіз аспаз қатын Əпуза тұзды балық бергенін
ұмытып кеткендеймін.
Ыстықтан жанып барамын. Неге сонша ыстық? Интернат, ақ мешіт
өртеніп жатыр екен деймін. Ақ киімді адамдар су сеуіп өшіріп жатыр
екен деймін. Мені құтқармақшы екен деймін. Үстімдегі үш қабат
одеялды аударып тастайын десем, əл-дəрменім жоқ. Қабат-қабат
одеялдар жанып жатыр. Сыпырып тастауға барымды салып
тырысамын, болмайды. Атасына нəлет! Əжептеуір күш-қуатым бар
сияқты еді, қабат-қабат жамылғыны жұлқып тастауға шамам неге
келмей қалды? Тұншығып, дем ала алмай, жаным шырылдап шыға
жаздағандай. Əлдекімдер өртенген үйді сақыр-сұқыр құлатып
жатқандай. Əлде қамбаның қара құлыбы ма? Білмеймін. Ақ мешіттің
қабырғасы қопарылып үстіме құлап келе жатқандай. Жан дəрменде бар
даусыммен айқайлап жіберсем керек. Өлгенде əрең одеялдарды
жұлқып тастап, үһ деп оянып кеттім. Тірі екенмін ғой деп, біртүрлі
қуанып қалдым.
Сөйтсем... Көзімді ашсам... Алдымда қап-қара диюдай болып
өңкиген біреу тұр. Қорыққаннан, үрейден үнім шықпай қалды-ау
деймін. Əлгі дəу қимылдап:
− Жасшық, қорықма, – дейді. – Ма былай қышқырма.
Енді таныдым. Қамбашы Хасан Өзденов екен.
Түн ішінде неғып жүр? Əлде қамбасын қорып жүр ме?
Түсінбеймін. Басымды көтеріп қарасам, қолында дорбасы бар сияқты.
Томпайып тұр.
− Жасшық, ма былай, сен мені көрдім деп айтма. Мырзагелдіге де,
ешқандай инсанға да айтма. Мақұл мы? Мен, жасшық, саға пряник,
конфет береман.
Сыбырлап, аузын басып сөйлейді.
− Аз ғана ет, ұн алдым. Өзің білер, менде жасшықлар көп. Құрлық
балалар аш отыра, өледі ғой. Аз ғана алдым. Сен, жасшық, еш инсанға
айтма. Оллахи-биллахи, саға Алла саулық берсін деп тілейман. Айтма.
Мырзагелді жездем бір мəрте мені қарашай қамбашыны шақырып
кел деп үйіне жұмсаған. Үйін сонда көрдім. Үйі колхоздағы бір
жаныстың мал қорасында екен. Есімде қалғаны: кір-қожалақ, үстінде
лыпасы жоқ шүпірлеген жас балалар ыңырсып, үрпиісіп отырған.
Терезесі жоқ үй қап-қараңғы екен.
Тынысым тарылып:
− Сізді завинтернат шақырып жатыр, – деп үйінен тез шығып, ата
кеп жөнелгенмін. Апыр-ай, адамдар да осылай өмір сүреді екен-ау деп
түңілгенмін.
Біздің қорлық көрдік, арыдық, ашықтық деп елден көше
жөнелгеніміз Құдайға асылық болған ба, қалай...
Енді мына еңгезердей кісі маған тəуелді болып, жалынып-
жалбарынып, оллахи-биллахи деп тұрғаны ешбір қисынға келмейтін
ебедейсіз іс болды. Өлердегі сөзін айтып, жалынышты болғанша,
өңкиіп келіп, бассалып буындырып өлтіре салса қайтер едім. Көз
алдымда сондағы бір көргенім: лас малқора, қап-қараңғы үңгір, иісі
əлем сасып, жидіп кеткен үй; ондағы аш-жалаңаш, ыңырсыған жас
балалар... Əкесі ғой, амалсыздан өз қамбасына өзі түн жамылып келіп,
ұрлыққа түскені сол қу тіршілік, өлместің қамы шығар. Бармақтай
баланың алдында бас иіп, қолын кеудесіне қойып, үйелмендей болып
өңкиіп тұр. Мырзагелді жездем мені мұнда неге жатқызғанын енді
шамалағандаймын. Күдігі бар екен ғой.
Ендеше, мен, жездем сөйтіп тапсырған істі неге адал атқармаймын?
Айтамын, əрине. Қазір тұра салып, ойбайды саламын. Жездем маған
сенді ғой. Сенді. Осы уақытқа дейін оны алдап көрген емеспін. Талай
сынынан өткенмін. Менің сұғанақ, сұқит емес екеніме көзі жеткен.
Енді алдасам, біліп қойса, өлім емес пе? Оның үстіне мына дəу
қарашай маған пірəнік беріп, ауызбастырықпен алдамақшы. Қазір
орнымнан тұрып, далаға шығып, айқай саламын.
Дəу қарашай Хасан Өзденов сот алдында тұрғандай, маған арыз-
мұңын айтып, əлденелерді түсіндірмекші.
Түсінгенім: бұлар Кавказ деген жаннаты жерде тұрған. Соғыс
болған, фашистер келген. Артынша фашистер жеңілген. Дұры – ес.
Бірақ өкімет мұздай қаруланған əскер жіберіп, бұларды бір түнде
вагонға тиеп, Қазақстанға əкеліп тастаған. Қазақтарға рахмет. Туысқан
халық екен. Қазақтар болмағанда бұлар түгел, тып-типыл қырылып
қалатын екен. Рас, қазақтардың өздері де аш-жалаңаш. Бірақ өз
Отанында, өз елі, өз жерінде отырғандықтан олар қарашайлар сияқты
міскін емес. Сонда мен ойлаймын: қазақтарда да еріксіз елінен кеткен
бар. Мысалы, мына мен. Нем бар айдаладағы Молотовта. Жүрмеймін
бе, Мыңбұлақта шалқақ басып. Бірақ біз де бір түнде көше жөнелдік.
Сəли атамның есек арбасымен. Тау асып, тас басып. Тəңіртау көрінбей
қалды. Тəңіртау таяныш сияқты еді. Оның аспан тіреген қарлы
шыңдарын көргенде бойыма ерекше күш-қуат өзінен-өзі келіп
құйылатын. Сонда мен өте күшті едім. Бір қапшық бидайды Боранды
элеваторының зəулім биік төбесіне сатымен көтеріп шыға беретінмін.
Өз илеуінде құмырсқа да күшті. Өзінен екі-үш есе үлкен дəнді өңгеріп
алып кете береді. Мен де сол құмырсқадай өлермен, қайсар едім.
Енді...
Енді мен қарашай қамбашы Хасан Өзденовпен тағдырлас екенімді
сезгендеймін. Ол сөйлеп тұр. Мен осыны ойладым. Далаға жүгіріп
шығып, айқай салайын деген райдан қайтқан сияқтымын. Неге екенін
толайым біліп жатқан жоқпын.
Əкемдей кісі аяғыма жығылып тұр. Əкем есіме түсті. Сібірдің адам
айтқысыз суығында аш-жалаңаш жүріп, ажалы жетті-ау деймін. Бірақ
неге аш? Айша айтатын: əкең өте тақуа кісі еді. Біздің жіберген
посылкамызды жанындағы кісілерге үлестіріп береді екен. Əкең аштан
өлген жоқ. Құсалықтан, сендерді, сені, Құрмашты, Батырханды ойлай-
ойлай, панасыз үрпек балапандар не болады, енді қайтіп күн көреді
деп, сарыуайымнан сарғайып өлді дейтін. Əрі намыстан, қарадай
жаладан өлді. Əкең өте намысшыл еді. Ақ жүріп, адал өмір сүрген
адамға сен жаусың, сен шпионсың, сен рысқұлшинасың деген
жалмауыздай жалаға қарсы тұра алмай, ақ екенін дəлелдей алмай,
дəлелдесе де, жаналғыш əзірейілдер оны түсінгісі келмегеніне күйініп
өлді дер еді.
Мына қамбашы қарашай Хасан Өзденов те, өзінің өкіметке жау
емес екендігін түсіндіре алмай жер аударылған. Бірақ бұл менің əкем
Мұртазадай емес, əйтеуір өлмеуге тырысады. Сол үшін түн жамылып,
тірмізік тарамысты көк қасқырдай қасарысып жем іздейді. Тірі қалуға,
аш бөлтіріктерін қырып алмауға əрекет жасап, көп емес, аз-мұз ғана
тамақ тапқаны да айып па? Ал аштан қырылып қалса, ол айып емес
пе? Құдай оны құп көре ме, жоқ па?
Соны ойлап жатырмын... Пірəнік жегім келмей қалды.
|