Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет57/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   69
Байланысты:
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”

ЖАЯУ ЖУРНАЛИСТ

Ол түске жақын келді.

Колхоздың кеңсесі атқораның бір жақ қанатында.

Бір  бөлмеде  колхоз  бастық  –  Күлəйша.  Екінші  бөлмеде  –  бас

бухгалтер – Зəбира, босаға жақта – мен отырамын.

Менің қызметім – есепші. Яғни, колхозшыларға есепкүн жазамын.

Қали  атамның  мені  қолдап,  қоқырайтып,  кеңсеге  отырғызып  қойған

түрі.  Сірə,  есепкүн  жазып  жарытып  жүрген  мен  жоқ.  Кеңседе  отыра

алмай, атқораға келген балалармен ойнап кететін көрінемін.

Зəбира бухгалтер маған бастық. Бастықтығын істеп ұрсады. Ойнап

кетесің  дейді.  Есепкүнді  уақтылы  тапсырмайсың  дейді.  Мен  оған:

«Тапсырды  не,  тапсырмады  не,  бəрібір  еңбекақы  алып  жатқан

колхозшы жоқ қой», – деймін.

Зəбира  не  айтарын  білмей  қалады.  Өйткені  менікі  шындық.

Өйткені  колхозшы  құлдан  жаман.  Баяғы  байлар  құлдарына  жұмыс

істеткізу үшін тамағын тойғызған. Ал колхозшының қарны аш. Колхоз

ештеңе бермейді. Колхозшының қарны аш. Масқара.

Зəбира:


−  Сонда  да  еңбеккүн  жазыла  берсін.  Кім  біледі,  заман  түзелер.

Сонда Үкімет осы төленбеген еңбеккүн ақысын өтер, – дейді.




Отыра  қалып  қиялдаймыз.  Соғыс  тоқтағалы  бір  жылдан  асып

барады.  Қарын  əлі  аш.  Бірақ  жүрт  жұмыс  істеп  жатыр.  Өтелмеген

еңбеккүн  жинала  берсе,  жинала  берсе,  бір  күні  Сталин  жарылқап

пəрмен шығарса: «Еңбеккүн төленсін!» – деп.

Сонда əркімнің үйіне арба-арба астық түсіп жатса...

− Əне, көрдің бе – деді Зəбира – сөйтіп, елдің сауабын аласың.

−  Мұның  бəрін  бізге  жаздырып  берген  кім  дейді?  –  Барсхан,  –

дейді.  Сонда  барып,  мен  өз  қызметімнің  аса  зор  екенін  сезінгендей

боламын. Біз өстіп қиялдап отырғанда, ол кіріп келді.

Үстінде  боз  костюм,  галстугі,  боз  қалпағы  бар.  Аяғында  сары

туфли.  Қаладан  келгені  көрініп  тұр.  Бірақ  сары  туфли  шаң-шаң.

Шалбарының  балағын  да  шаң  тұтқан.  Қаланың  қазағы  екені  көрініп

тұр. Қаланың қазағына шаң үйлеспейді.

−  Шойынбеков,  –  деді  ол  Зəбираға  қолын  ұсынып.  –  «Сталин

жолы» газетінің тілшісімін.

Аққұба келген, əдемі кісі екен. Бетінің бір жерінде меңі бар ма деп

қалдым. Сөзі өте сыпайы. Тіпті нəзік десе болады.

Газеттен келген тірі адамды көргенім осы. Орнымнан тұрып, аузым

аңқайып, əлгі кісіге қараппын да қалыппын.

Менің ұққаным – біздің колхозға қаладан жаяу келіпті.

Көліктің  жоқтығынан  емес,  жо-жоқ,  қаланың  у-шуынан  сергіп,

даланың ауасын жұтып, бозторғайдың шырылын есту үшін.

Колхоз бастық – Күлəйша орнында жоқ. Сірə, ауданға кетсе керек.

Сондықтан,  Зəбира  осы  колхоздың  бастықтан  кейінгі  ірі  тұлғасы

болғандықтан əңгімелесуге кіріпті.

Арқалығы  жоқ  орындыққа,  яғни  табуреткаға  отырды.  Зəбираға

сұрақты  үйіп-төгіп  бере  бастады.  Қалтасынан  блокнот,  қалам  алды.

Зəбира сасқалақтады. Шешек дағы бар, сұрша өңі қызара бөртіп шыға




келді.  Үстелінің  тартпасынан  суырып,  ана  журналды  бір  алды,  мына

журналды бір алды.

Колхозда  қанша  мүйізді  ірі  қара  бар,  қанша  көлік  малы,  қанша

жылқы,  қанша  қой  бар...  Жер  көлемі?  Егістігі?  Суармалысы?  Тəлімі

бидай қанша? Қызылша? Жүгері? Жоңышқа?

Сұрамаған пəлесі жоқ. Зəбира байғұстың тер маңдайынан сорғалап,

мұрнынан  тамшылады.  Сонша  неге  əбіржиді?  Қаладан  жаяу  келген

əлдекімге бола, сонша əбігерленді.

Сөйтсем, ол заманда Сталин, Сталиннен кейінгі құдірет газет екен.

Əңгіме əрең дегенде аяқталды.

Журналист Зəбираға:

−  Мен  енді  «Сталин  жолы»  колхозына  жетуім  керек.  Көлігіңіз

болса... – деді.

Зəресі кеткен Зəбира дəл қазір, мына журналист не сұраса да бере

салмақшы. Дереу маған бұрылып:

−  Барсхан!  –  деді  –  Тез  қорадан  ат  ұстап,  ерттеп,  мына  ағаңды

«Сталин жолы» колхозына жеткізіп салып, қайтып келесің.

Қуанып  кеттім.  Дереу  атқораға  жүгіріп  барып,  көлеңкелеп,

шыбындап, бастарын шұлғып тұрған аттардың ішінен «тəуірі осы-ay»

деп Арыстанқұл лабогрейкаға жегіп жүрген қарагер қасқаны ұстадым.

Бір түсініксізі: даланың таза ауасын, бозторғайдың шырылын ұнататын

журналистің бұл жолы неге жаяу жүргісі келмегені.

Онда  менің  шаруам  қайсы,  қарагер  қасқаны  ерттеп  алып  келіп,

алдына көлденен тарттым.

Атқа  алдымен  өзі  мініп  алып,  Зəбирамен  қоштасуға  еңкейіп  қол

ұсынды. Зəбира қысылып-қымтырылып, ол да қолын созды.

Мен артына мінгестім.



Ауылдан  ұзап,  жалпақ  сазға  шықтық.  Журналистің  желкесі

көрінеді.  Желкесінен  аздаған  əтірдің  иісі  шығады.  Үндемейді.  Менің

бар-жоғыммен  жұмысы  жоқ.  Үндемейді.  Бозторғай  бар  ма  екен  деп,

аспанға  қараймын.  Бозторғай  көрінбейді.  Оны  мен  іздегенде,

журналист  іздемейді.  Басын  аспанға  бір  көтерген  жоқ.  Бозторғайдың

əнін сағынғаны қайсы?

Қарагер  қасқа  ғана  пысқырынады.  Оның  екі  адамды  ауырсынып,

қара  терге  малшынғанын  ердің  үстінде  отырған  журналист  емес,

артына жайдақ мінгесіп отырған мен сезіп келе жатырмын.

Сол  жағымыздан,  жалпақ  саздың  ар  жағынан  қара  қамал

сияқтанып,  Əулиеата  шаһары  тал  –  дарағының  сұлбасы  сызаттанып

жатыр.  Он  жағымызда  Аса  өзенін  бойлай  жатқан  Айша-Бибі  ауылы,

оның бер жағында «Октябрь» дейтін шап-шағын ауыл.

Маңдай  алдымыз  –  темір  жол.  Одан  ары  –  Қаратау,  одан  ары...

батыстан қылтиып Манас шыңы көрінеді. Жүрегім жұлы - ны - ы - ып

кете жаздады. Жанында Мыңбұлақ бар ғой. Анау Маймақтан ары, анау

Күркүреусудан  ары,  сонау  Жаңабай  саздан,  сонау  Шоңқарадан  ары...

Қайран Мыңбұлақ.

Бір  ой  келеді.  Осыдан  мына  журналисті  керек  жеріне  жеткізіп

салған  соң,  не  болса  ол  болсын,  атасына  нəлет,  тура  Мыңбұлаққа

тартып кетсем неғылады? А? Астымда атым бар...

Баяғыда  бір  қыз:  «Апа,  тойға  барам,  тойға  барам»,  –  деп

қыңқылдай берсе керек. Сонда шешесі:

−  Қызым,  барғызбасын,  барғызбас,  –  деген  екен.  Тұттай

жалаңашсың, қайтіп барасың дегені ғой.

Мені де барғызбасым барғызбайды. Ат болса колхоздікі. Оның өзі

жұмыс  көлігі.  Арыстанқұл  лабогрейкаға  жегіп,  бидай  орады.  Оның

үстіне Манас шыңы қылтиып көрінгенімен, Мыңбұлақ алыс. Өте алыс.

Арада биік таулар, асау өзендер бар.



Бір  кезде,  үнсіз  журналист  басын  шалт  көтеріп  алып,  аспанға

қарап:


− Иə, Алла! – деді.

Өзінен-өзі  шошып  кетіп,  жалт  бұрылып  маған  қарап,  қуарып

тұрып, ыңғайсыздана ыржиып күлді. Себепсіз. Күлетін реті жоқ. Сірə,

сасқаннан.  Мен  КГБ-ның  агенті  емеспін  ғой.  Несіне  қорқады?  Бекер

қорқады.

Өзіміздің  кеңседен  шыққалы  бері,  Зəбирамен  қол  алысып

қоштасқалы  бері,  мені  бар  екен-ау,  жоқ  екен-ау  демей,  елемей  келе

жатқан журналист, енді аттың басын ұмытып, біржола маған бұрылып

алды.  –  Атын  кім,  айналайын?  Кімнің  баласысың,  айналайын?  Қай

класта оқып жүрсің, жаным? Е - е, дұрыс, дұрыс. Жон-жон. Аман бол,

ботам.  Ақыл-есін  бар  бала  екенсің,  ботам.  Газет  оқисың  ба,

жарқыным?  Е,  оқығанын  дұрыс.  Жазып  тұрсаң  қайтеді?  А?  Жаза

алмаймын  ғой  дейсің  бе?  Үйреніп  кетесің,  құлыным.  Не  жазамын

дейсің бе? Ауылында не жаңалық болып жатыр, қысқа-қысқа хабардан

баста.  Жарай  ма?  Газеттің  əдіресін  білесің  ғой.  Жамбыл  қаласы,

Пушкин  көшесі,  52.  «Сталин  жолы»  газеті.  Шойынбеков.  Нұртай

Шойынбеков  десең,  мен  өзім  реттеймін.  Жақсы  ма?  Е,  онда  болды.

Міне, келіп те қалдық.

Қарасам,  ат  басы  тірелген  үйдің  маңдайшасында  «Сталин  жолы»

колхозының  басқармасы  деген  жазу  бадырайып  тұр  екен.  Журналист

аттан түсті. Ердің үстіне енді мен отырдым. Арықтау қарагер қасқаның

құймышағы  құйрығыма  батып,  жағдайсыздау  келе  жатқанымда,  ер-

тоқымға қонжиып, жаным кіріп қалды.

Журналист қолымды қысып қоштасып:

− Рахмет, жеткізіп салғаныңа. А, айтпақшы, жазып тұр, – деді.

Келген  жолға  түсіп,  кері  кайтып  келе  жатырмын.  Ауылға  бет

алғанымызды  қарагер  қасқа  да  сезіп,  жүрісі  ширағандай  болды.  Жүгі

жеңілдеді ғой.




Жолда  алдымнан  өгіз  мінген  біреу  көрінді.  Артынан  қарағанда

басы  жоқ,  тұқыл  дене  сияқты.  Мұнысы  несі  деп  атты  жүргізіңкіреп

жақындасам,  əлгінің  басы  бар  екен.  Тек,  омырауына  салбырап  түсіп

кетіпті.


Шамасы, мен құралпы. Бəлкім, менен ересектеу. Өгізі тым шабан.

Мимырт. Үстіндегі адам да сол мимырттықты тілейтін сияқты. Қамшы

салмайды. Тебінбейді.

Жанаса беріп:

−  Саламатсыз  ба?  –  дедім  (Əлгінде  журналист  Зəбирамен  солай

амандасқан). Мен де даусымды сызылтып шығардым. Өгіздің үстіндегі

бала  басын  көтерместен  бетіме  бағжия  бір  қарап  алды  да  үндемеді.

Менің бар-жоғыма мəн бермеді.

Өгіз  бір-бір  басады.  Жамбасыңа  садыра  қатқан.  Сірə,  əбден

қартайған өгіз. Түр-түсі де белгісіз. Тарғыл дейін десең, қоңыр сияқты,

қоңыр дейін десең, тарғыл сиякты. Əйтеуір кеудесінде жаны бар.

− Сірə, Октябрь колхозының кісісі боларсыз? – деймін дауысымды

мейлінше жұмсартып. Үн жоқ.

−  Колхоздарыңызда  биыл  өңім  қалай?  Ақ  егін  қанша  центнерден

айналды? – деймін сыпайы ғана. Үн жоқ.

−  Сиырларыңыз  көк  балауса  жүгері  жейтін  шығар.  Күніне  қанша

литрден сүт беріп тұр? Үн жоқ.

−  Биыл  қызылшаның  шығымы  қалай?  –  Абайламай  бұ  жолы

даусым қатқыл шықты.

«Мен  сен  сияқты  əумесермен  сөйлескім  келмейді.  Соны  да

сезбейсің бе?» дегендей, бетіме алара бір қарады. Үндемеді.

Амал жоқ, ойладым: тіл жоқ, мылқау шығар?

Қамшының сабымен иығынан түртіп, бетін бері қараттым, ымдап,

аузымнан тілімді шығарып көрсетіп:




− Немене, тілің жоқ мылқаусың ба? – дедім.

Түр-түсі  бұзылып,  шықшыты  бұлтыңдап:  «Өй,  шешеңді,  өзің

мылқау бол!» – деді.

Мұндай масқара болмас. Қарап келе жатып боқтау естідім. Менде

бөтен ниет жоқ еді ғой. Жəй, əңгімелесейін дедім. Əлгінде журналист

жазып  тұр  деп  тапсырма  берді.  Сəті  түсіп,  əңгіме  шырайлы  шықса,

жазайын деп едім...

Ызаға  булығып,  шыдай  алмай,  кір  көйлектің  жон  арқасынан  ала,

қамшымен салып-салып жібердім де, атымды тебініп-тебініп қалдым.

Сауырдан  қамшымен  тартып-тартып  жібердім.  Шаптырып  ала

жөнеліп, қашып кетпекшімін.

Ой, жамандатқыр, қарагер қасқа!

Сəл-пəл, борт-борт желді де, тарғыл өгізден жұқты ма, білмеймін,

бір-бір басып, мойны салбырады да қалды.

Ал  ана  бала  болса,  өгізден  домалап  түсе  салып,  арба  айдайтын

ұзын қамшымен салды кетті, салды кетті... Содан жон арқамда айқыш-

ұйқыш, қызыл жолақ із қалды.

* * *


Кейін  осы  əңгімені  Əулиеаталық  жазушы  Кəрім  Баялиевке  айтып

отырып,  «Шойынбеков  деген  журналист  бар  ма?»  –  деймін  той.

Болған, – деді Кəрекең. – Нұртай Шойынбеков. Баяғыда қуғын-сүргін

көріп, ылғи да «үш əріптің» назарынан зəрезап болып жүрген кісі еді,

жарықтық.

Бəсе  деймін  мен,  сол  жолы  айдалада  «Алла!»  –  деп  алып,  менен

қатты қорқып еді. Бірақ содан тілі шығып, сөйлеп кетіп, журналист бол

деп үгіттеп еді.

Құдай иманыңды берсін!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет