ХАБИБАТ ПЕН ХАСАН
Куəлігім қолымда, енді не қам бар? Интернат – пансионға мені
алмағанда кімді алады? Бағаларың кілең, «4» пен «5». Тек математика
дегені бүлдіріп тұр. Осы сабақ о бастан оңалмаған. Мыңбұлақтың
мектебінде Иса мұғалім ауырып қалған соң, соның алдында ғана осы
мектептің жетінші класын бітірген бір шомбалдай қара қыз есептен
сабақ берген. Оңдырмады ғой. Өзі жөнді білмесе, өзгеге не үйрете
алады? Есептің уызына жарытпады, уыз орнына көкшалап берді сол
қыз. Қырсыздық содан басталды. Əрі десе, Тасбет бригадир сол қызды
мұғалім санатына қоспады ма, немене, дəл соның сабағында бізді
жұмысқа айдап кетеді. Ол үшін заң жазылмаған.
Сөйтіп, бір қарын сары майды бір құмалақ бүлдіріп тұр. Сол жолы
Молотовтың мектебінен куəлік аларда Сембек нағашым директор
досына:
− Əй, Жақсылықов, сый қылсаң сыпыра қыл, ана математикасына
«4» қоя сал, – деген, Тəңір жарылқағыр.
− Буынсыз жерге пышақ ұрма, – деді директор əскери қатқыл үнге
көшіп. – Онсыз да осының, өзі аз қылмыс емес. Экзамен тапсырмаған
балаға куəлік беріп... Тексеру шықса не болады?! Əрі-беріден соң, бұл
баланың, əлгі Жуалы ма, немене келген жағы, ол жақта алтыншы класс
бітірді деген документі де жоқ екен архивте. Енді неғыл дейсің?!
Ол рас, алтыншы класты аттап кеткем. Жездемнің ақылымен.
Сембек нағашым дау айта алмай қалды.
Енді, міне, кілең семіз қойдың ішінде, бір ақсағы бар куəлікпен
Əулиеата шаһары, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебіне де келіп
жеттім-ау!
Пушкин деген көшеде, жатағандау келген, жалпақ мектеп екен.
Сұрастыра-сұрастыра, «приемная комиссия» деген жазуы бар
кабинетті де таптым. Ішімнен Жасағанға жалбарынып, есікті
тықылдаттым.
− Да, – деген əйел даусы естілді.
Кірдім.
Шашын желкесіне түйген, түрі сұстылау, көзілдірікті кісі екен.
Сəлемнен соң қағазымды ұсындым. Қарап-қарап, «математика» деген
жеріне қарындашпен бір нұқып қойып:
− Қайда жүрсің, құрлық бала, кешігіп қалғансың, – деді.
− Колхозда жұмыс істедім, апай. Əрең босатты. «Құрлық бала»
дегеніне қарағанда апай, сірə, қарашай болар. Əлпетіме қарап тұрып,
күрсініп қойды.
− Арада бір жыл өткізіп алыпсың ғой.
− Ауырдым, апай.
Апай маған жаман хабар айтатындай кібіртіктеп қалды.
− Интернат – пансионға жүз оқушы қабылданады. Ал қазір келіп
түскен арыз екі жүзден асады. Сондықтан, енді документ
қабылданбасын деген бұйрығы бар директордың.
− Апай, мен оқығым келеді.
− Оқуыңа ешкім қарсы емес. Оқи бер. Бірақ пансионатта орын жоқ.
Үйде жатып оқы.
− Қалада үйім жоқ, апай.
− «Апай, апай». Менің аты-жөнім бар. Хабибат Абубакировна.
Сендерге анау да «апай», мынау да «апай». Қарға тамырлы қазақ,
қалада туған-туысқан, ағайын, таныстарың бар шығар.
− Ешқандай туысым да, танысым да жоқ, апа - а... а - ей, Ха...
Құдай ұрып, жаңа ғана естіген аты-жөнін ұмыттым да қалдым.
Бұрын ауыз үйренбеген тосын ат.
Апай ашуланшақ екен, тулап шыға келді.
− Сен, құрлық бала, оқи алмайсың, əлгінде ғана естіген атты есіңде
ұстай алмасаң, сабақты қайтіп оқисың?
Енді құрыған шығармын. Онсызда мынау əйел мені қайта-қайта
«құрлық бала» деді. «Құрығыр бала» дегені ғой. Түңіліп, енді қайттым
деп тұрғанымда, есік ашылып, өңкиген бір дəу кісі кіріп келді. Бір
жерде көрген кісім сияқты. Орақ мұрты салбыраған, қоңқақ мұрын.
Үстінде қара көйлек, басында жұқа ақ жүн қалпақ. Белінде жіңішке
күміс белдік. Қасы жалбырап көзіне түскен. Қайдан көрдім? Қайдан
көрдім? Е - е, Молотовтың интернатындағы завхоз Өзденов қой. Атын
ұмытыппын. Ішім жылып қалды. Болымсыз үміт жылтырады.
Өзденов мына əйелмен қарашайша қауқылдасып, жөн сұрасып,
шұрқырасты да қалды. Əлгінде ғана қаһар шашқан əйел жүзі жадырап,
əп-əдемі боп кетті. Енді Өзденовпен оңаша əңгімелескісі келгендей.
− Бар, бара бер, ма былай, – деп маған есік жақты нұсқады.
Шық дегенде, шығып жүре берсем, алдағы бүкіл ғұмырым қалай-
қалай қайқаңдайтынын бір Алла өзі біледі. Өмір деген дауыл көрінеді.
Дауылдағы мұхитта ескексіз қайық қайда кететінін кім біледі?
Бар дегенде, есік жаққа бара қоймадым.
Егер бір Қызыр көзге көрінбей, мені жөнге салып жүрмесе,
əлдеқашан өмірем қатып қалар ма едім. Əйтеуір, бір қолдаушы бар.
Тірі жанда мені қолдар ешкім жоқ. Айшаның қолынан не келеді? Қали
атамның қолынан келгені: сельсоветтен «тас жетім» деген қағаз алып
берді. Құдай өзі кешірсін, əйтпесе Айша тірі ғой... Өйтпесең, тағы
қиын. Пансионатқа алмайды. Алмаса, сол ауылда ит мініп, ирек
қамшылап, қараңғы болып қала бересің.
Əйтеуір, бір қолдаушы бар. Түсін түстеп, атын атай алмаймын. Сол
қолдаушы дəл қазір жетектеп алып келген шығар мына Өзденовті. Бір
минут кеш келсе, менің тағдырым құрғақ талқан жеумен қақалып-
шашалып өтер еді.
Өзденов қабағы, қасы салбырап, тұңғиықтағы көзін маған қадады.
− Əй, сен, балақай, қарама былай, – деп иығымнан ұстап, өзіне
қаратты. – Қайдан жүрсің? Мені таныдың ба?
− Танып тұрмын, ағай.
Өзденов өңкиген бойы мені бауырына қысты.
Апай аң-таң.
− Хасан, сен бұ жошығны билерсен?
− Білем, Хабибат, білем. Бұл мені бір зауалдан аман алып қалған.
Кейін айтам. Ал əзірге шаруасын шешіп жібер. Оллаһи, бұ пəріште
бала, маған сенгін, – деді.
Көз алдымда: Молотовтағы Ақмешіт интернатында, қысқы суық
түнде жалғыз қалғаным, үш жалаңқат көрпені қабаттап жамылып
жатып, қатты бастығырылғаным; қойма бөлменің дəу қара құлыбының
сақырлағаны, шошып оянғаным... Өңкиген дəу қараның үстіме
төнгені, «оллаһи-биллаһи, сені Алла жарылқайды, менің бу ісімді
ешкімге айтма, айтма» дегені...
Мен оның ұрлығын ешкімге айтпадым. Бірақ онда тұрған не бар?
Кейбіреулер ондай-ондай жақсылықтың оның істесең де ұмытып
кетеді. Ал мынау ұмытпапты.
Көзге көрінбей, жанымда жүретін Қызыр ма, əлде Қайыперен,
Қырық-Шілтен бе... Тəуба!
− Ей, Хасан, сенін жаның ашығанда, менің жаным ашымайды
дейсің бе? Директордың приказы бар: енді документ қабылданбасын
деген. Қазақ баласына менің бүйрегім бұрады, қазақтың бізге істеген
жақсылығын мен де білем, бірақ... бəрін де директор шешеді.
Документін қабылда десе, қабылдаймын.
Хасан Өзденов ойланып қалды.
− Директор қазақ па өзі?
− Қазақ. Коргулин.
− Фамилиясы орысша екен.
− Орысшалау естіледі, əйтпесе Көроғлы ғой, – деді апай.
− Е, өзіміздің «Көроғлы» да, – деп Хасан Өзденов басын бұлғады. –
«Орақ-Мамай», «Қарашай – Қазы» – барысы ортақ. Ал енді мына
директор Көроғлы болса, жаман кісі болмас.
Маған қарап:
− Мырзагелді жездең қайда? Көмектеспеді ме? – деді.
− Өзім барған жоқпын. Зиба əпкем қайтыс болған.
− Ай, Зиба! Ай, Зиба! – деп Хасан Өзденов ернін жымқырып,
басын шайқады. Хабибат апайға бұрылып:
− Бұ баланың Зиба атты əпкесі бар еді, – деді-ай, оллаһи бек гөзал,
ақылман, асыл зат еді. Күйеуі Мырзагелді Молотов мектебінің
интернатын ұстап тұрды. Мені завхоз етіп алғысы келмеді. Ауру
əйелін көрдім: «Зиба ханым, Сізге Алладан ғұмыр тілеймін. Сауығып
кетерсің. Шиеттей балаларым аштан өлетін болды. Күйеуіңе айт, мені
жұмысқа алсын деп едім, оллаһи, «балаларыңа алып бар» деп маған
бір кесек тоң май, бір қалта ұн берді. Мырзагелдіге айтып, мені
жұмысқа алдырды. Алла ахиретін берсін, жаны жанатта болсын!» –
деп Хасан Өзденов кəдімгідей көңілі босады.
Егер өзің мелдектеп тойып отырып, аш адамға бір уыс талқан
бергенің сауап емес, парыз. Ал егер өзің қиналып, жоқ-жітік бола тұра,
бір уыс талқанды аш адаммен бөліссең, – бұл сауап. Сауап-жауапсыз
қалмайды.
Сол рас шығар. Əйтпесе, Зиба əпкем мен Мырзагелді жездем де
асып-тасып, ит басына іркіт төгіліп жатпаушы еді. Тақыл-тұқыл
тұрмыс болатын.
Мына екі қарашай – елінен, жерінен жел айдаған қаңбақтай
аударылған екі міскіннің маған мейірі түскені адамдарда əлі иман бар
екенінің куəсіндей, менің есімде мəңгі қалып қойды. Хабибат апай
қағаздарымды қолыма ұстатып:
− Бар, бала, директорға кір. Бағынды сына. Көнбесе, өзім кіріп
айтам. Əуелі алдынан от, – деді.
«Қайда бармас, нелер көрмес ер жігіт пен ат басы» – деді Хасан
Өзденов менімен қоштасып, басымнан сипап. – Сен жігітсің...
Достарыңызбен бөлісу: |