ТЕСКЕНТАУДЫҢ ҚУЬІСЫНДА
БІР АЛЛАНЫҢ УЫСЫНДА
Пойыз кешігіп, түн ортасында келді.
Паровоздың тұмсығын қырау тұтып қалыпты.
Сақал-мұртын, жалбыр шашын ақ қырау шалған, арсылдап-
гүрсілдеген, пысылдаған танауынан су атқылаған əзірейіл сияқты.
Тоқтар-тоқтамас, доңғалақтары рельсті шиқылдатып, пойыз
қайтадан жылжи бастады. Вагондардың есіктерін ешкім ашқан жоқ.
Пойыздан ешкім бұл бекетке түспеді. Пойызға бұл бекеттен мінетін
бізден басқа ешкім жоқ: Айша, мен – Барсхан, екеуміз-ақ. Бұл пойыз
Сұрым бекетін неге менсінбеді екен? Тоқтар-тоқтамас, қайтадан
жылжи бастады. Вагондары тым-тырыс, есіктері ашылмады. Тілсіз,
меңіреу пойыз. Ал біз Айша екеуміз сонау күн батар-батпастан-ақ
келіп, кəдімгідей билет алып, осы пойыздың келуін күткенімізге қай
заман!
Іңір қараңғысында келетін көлік түн ортасында бір-ақ келді. Енді
сол кешіккен есесін Сұрым бекетінің есебінен алғысы келгендей,
тоқтар-тоқтамас, ұялмай-қызармай, жайлап жылжи бастады. Айша
айқайлады:
− Əй, тоқта! Мына қараңқағыр қайтеді-ей. Əй, шынымен бе?
Барсхан? Барсха - а - ан!
− Не - е?
− Ойбай, мін!
Жылжып бара жатқан пойыздың бір вагонының тепкішегіне
қарғып мініп, темір-тұтқадан бір қолымен ұстады. Вагонның есігі тарс
жабық. Тарсылдатып ұрайық десек, қолымыз бос емес.
Тырмысып жатып, құлап қала жаздап барып, мұздақта сырғанап
барып, аяғым доңғалақтың астына түсіп қала жаздап барып, тырмысып
жатып, мен де əрең іліндім-ау...
Сол-сол екен, паровоз бір айқайлап, арсылдап ала жөнелді. Бозала
түнектің ішіне сүңгідік те кеттік.
Бұл Ауагүл əпкеміздің ақылы еді.
Зиба бұл дүниеден өткен соң, ендігі мекен Айшаның
нағашыларының ауылы, сол баяғы-Бектөбе болып қалды. Бектөбе де
колхоз. Мұнда да қызылша. Мұнда да еңбегің еш, тұзың сор. Ақы
төлемейді. Сонда Ауагүл əпкеміз Айша сіңлісіне ақыл айтады ғой.
Байғұс-ау, колхоздан түк шықпайды. Одан да өнерің бар ғой, тігін
мəшинең де бар. Мына мен құсап тік. Сат. Сөйтіп күн көрмесең – өліп
қаласың.
Айтқанының жаны бар. Ауагүл əпкеміз базардан мата сатып алады
да, содан күпəйке тігеді, шалбар тігеді. Матасы көбінесе солдат
киімінің матасы. Сары трико. Кейде құрақ. Базарда мұндай киімнің
қаны жерге тамбайды. Қолма-қол алып кетеді. Едəуір пайда түседі.
Сөйтіп, соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі жұтаң жылдары да Ауагүл
əпкемнің үйі тамақтан тарыққан емес.
Айша Ауагүл əпкемнің айтқанына көнуін көнеді. Бірақ:
− Менің мəшинем елде, қайынсіңлімнің қолында қалды ғой, –
дейді.
− Е, мына тұрған Жуалы ғой, пойызбен бар да алып кел, – дейді
Ауагул. «Зингер» мəшинесін Айша жалғыз алып жүре алмас.
Сондықтан қасына мені ертті. Мыңбұлаққа соқпай, бірден
«Шоңқарадағы» Əдия əпкемнің үйіне бардық. Мыңбұлаққа, өз туған
ауылымызға неге бармадық, – бұл жұмбақ. Мен қыңқылдап көріп едім,
Айша:
− Бұл жолы асығыспыз. Кейінірек келесің, – деді. Айша мен Əдия
əуелі құшақтасып көрісіп, жылап та алды.
Таңертеңгі пойызбен келдік. Енді кешкі пойызбен кері
қайтпақшымыз. Келген шаруамызды естіген соң, Əдия əпкем
ашуланды.
− Күнікей шешемнен қалған көз деуші едім...
− Күнікей саған шеше болса, маған ене. Қу темірге бола көңіл
жыртыспайық. Көшкенде басқа ешкімге сенбей, сенің қолына аманат
қалдырып ем ғой. Алмай-ақ қояр едім, күнкөріске керек боп тұр, – деп
уəж айтты Айша.
Əдия əпкем:
− Бұл Бердімбет əкемнің, Күнікей шешемнің, Мұртаза ағамнан
қалған қасиетті белгі еді, енді Əулиеата асып кеткен соң, қайтып
келмейді десеңші, – деп қынжылды. Қабағын қарс жауып алды. Айша
арқалана бастады:
− Əй, сорлылар, не деп тұрсың? Сонда мына біз қайтып келмейді
дегенің ғой!
Əдия жуасып:
Жоға, сендер отаныңа оралса екен деп, Құдайдан күнде тілеп
жүрмін ғой, – деді.
Не керек, «Зингер» мəшинесі бөлшектеніп, қапшықтарға салынды.
Төрт бөлшек болды. Басы – бір қапшық, екі аяғы – екі қапшық. Табаны
бір қапшық.
Айша мəшинесінің басын, яғни ең ауыр, əрі ен мəнді бөлшегін өз
арқасына таңып алды. Қолына мəшиненің бір аяғын алды. Менің
арқама табаны мен тақтайы салынған қапшықты таңды. Бір аяғын
қолыма ұстадым.
Келген ізімізбен кері кетіп, Сұрым бекетіне бардық. Пойыздан
қалып қалмайық деп ертерек бардық.
«Шоңқара» ауылы Боранды бекеттен алыс, Сұрым бекетіне жақын.
Боранды бекеттің артықшылығы – оған пойыз бес минут тоқтайды.
Бірақ алыс. Сұрым бекеттің бір артықшылығы – жақын. Бірақ пойыз
қаласа тоқтайды, қаламаса тоқтамайды. Сəтіне қарай. Сонымен,
тəуекел, сəтін салсын деп тілеп, Сұрым бекетке де қар малшынып
жеттік-ау.
Сұрым бекеттің қызыл фуражкелі бастығы айтты:
− Пойыз кешігеді, – деді.
− Қанша сағат?
− Оны білмеймін, – деді, – əлі Борандыға да келген жоқ. Шақпақта
қатты боран, – деді.
Енді қайттік? Қайтушы едік, амал жоқ, күтесің.
О, қыстың күні Сұрым бекетте, түн ішінде Құдай пойыз күттірмей-
ақ қойсын.
− Мұның қашан келетінін анық білсек, Апақай əпкемнің үйіне
барып шəй ішіп, жан шақырып алар едік, – деді Айша.
Апақай əпке... Еміс-еміс есімде. Апақай – Мұртазаның əпкесі.
Əкесі бір, шешесі бөлек. Еспембет өліп, жесірін Бердімбетке қосқан
көрінеді. Мұны Айша айтады ғой, əйтпесе мен қайдан білейін.
Апақай апамызды осы Сұрымдағы Ысқақ дейтін бай шанышқылы
алған екен. Ысқақ жездеміз қайтыс болғанда, сірə, 1937 жылдың күзі
шығар, Мұртаза əлі тұтқындалмаған еді. Өйткені менің есімде: бата
оқырға Мұртаза мен Айша мені де ала барған.
Сұрым елін сонда тұңғыш рет көргем. Есімде қалғаны: құжынаған
жұрт, одан кейін қатар-қатар тізіліп, түтіндері будақтаған самаурындар
еді. Апақай апамыздың Сыдықбек, Зиябек деген азамат балалары
əскерге кеткен екен. Екеуінен де дерек жоқ. Мұны маған Айша айтады,
əйтпесе мен қайдан білейін.
Енді бір сұмдығы – Сыдықбек деген үлкен баласы, біздің ауылдағы
Мамыт атам бар емес пе, соның үлкен қызы Əсемге үйленіпті. Мейлі
ғой. Бірақ сол Əсем бұрын осы Айшаның туған інісі Рахманға тиген
екен. Тұзы жараспаған. Кетіп қалған. Əсемді артынан іздеп шығып,
осындай қыстың күні Рахман товарный пойызға мініп, Боранды
бекетке барған ғой. Одан омбылап қар кешіп Мыңбұлаққа, біздің үйге
келген. Үстінде жұқа шекпені ғана бар екен, қос өкпеден суық тесіп
өтіп, ақыры сол аурудан қайтыс болды. Мұны да маған Айша айтты
ғой.
Енді сол Əсем Апақай апамыздың келіні. Бірақ кейін тиген күйеуі
Сыдықбек те тірідей жоқ. Сыдықбектен Жақсымбет атты ұлы бар
көрінеді.
Мұның бəрін пойыз күтіп отырғанда, Сұрым бекеттің сұп-суық
вокзалында отырғанда Айша айтты ғой.
Сол-сол екен, паравоз құлақ жара бір шыңғырып, арсылдап ала
жөнелді.
Бозала түнектің ішіне сүңгідік те кеттік.
Айша екеуміз бір тепкішекке ілініп, бір-бір қолымызбен қапшық
ұстап, екінші қолымызбен тұтқыштан қатып қармап қалыппыз.
Вагонның есігін тарсылдатайық десек, қол бос емес. Əлгі пойыз
кешігіп келе жатқан уақыттың ақысын алғысы келгендей зымырасын-
ай бір. Бетімізге бетіміз тиіп тұрса да Айшаның айқайы маған əрең
естіледі.
− Мықтап ұста тұтқадан! Қолың шығып кетпесін!
Өзіме де жан керек. Əрине, мықтап ұстаймын ғой. Ай, бірақ жел
қатты, қар аралас қатты жел беттен сабалап келеді. Шапалақтап келеді.
«Мұндай жеті түнде жолға шығып нең бар!» дегендей ұрғылайды.
Атаңа нəлет кондуктор! Есікті ашпады. Есіктің сыртында вагонға
ілініп, салбырап келеміз. Тағы да болса, ол кездегі пойыздың тепкішегі
сыртында, қолмен ұстайтын тұтқасы да сыртында. Кейін-кейін бергі
заманда ғой, қол-аяғы жоқ қысыр жыландай сыпсиған вагондардың
шыққаны.
Жүгіміз болмаса, сірə, жеңілдеу болар еді-ау. Жук ауыр. «Зингер».
Тігін мəшине. Ап-ауыр. Қапқа салып, бөлшектеп алдық. Арқамызға
таңып алдық. Қалғаны қолымызда.
Ата-бабадан қалған байлық. Байлықтың тамтығы. Тұтас та емес.
Ата-бабаның бай болғаны үшін біздің жазығымыз не? Көрмеген
қорлық жоқ. Сол байлыққа бола, біз қызығын көрмеген байлыққа бола,
Мұртазаны алды. Ол аз болғандай, Мұртазадан қалған жетім-жесір
жəутікке де тізелері қатты батты. Елден бездірді.
Енді сол байлықтың соңғы тамтығымен күн көрейік десек...
Менің қолым, тұтқадан ұстаған жалғыз қолым қарыса бастады.
Жаны кете бастаған сияқты. Тұтқадан ұстап тұрмын ба, ұстамай
тұрмын ба, – белгісіздеу бола бастады.
Ең сойқаны сол! Тұтқадан ұстап тұрмын ба, ұстамай тұрмын ба?
Белгісіз. «Ұстап тұрмын» деп ойлайын десең, ұстамай тұрған
сияқтысың. Содан жүрегің зу - у - у етіп, тұла бойыңды үрей биледі.
Мұндайда қолың тұтқаны қатып қармап тұрса да, əлгі үрейден кейін
өзінен-өзі босанып кетуі мүмкін ғой. Ең қиыны сол. Сондықтан
үрейден аулақ бол.
Əдейі қорқайын демейсің ғой. Бірақ үрей деген сволочь ұрланып
келеді. «Осы мен тұтқадан ұстап тұрмын ба, ұстамай тұрмын ба?» деп
ойлауым-ақ мұң екен, тұла бойың дүр - р - р етеді.
Қасарысқан қолдан жан кетеді екен. Екінші қолмен ауыстырып
ұстайын десем, екінші қолым бос емес: қапшықта мəшиненің бір аяғы
бар. Ап-ауыр, зілдей. Қара сыры əр жерінен көшкен қара шойын.
«Зингер» деген латынша жазуы бар. Баяғыда-баяғыда, алыстан-
алыстан жеткен мүлік. Саудагер ұзын Дембай əкеп берген. Əрине,
Бердімбет бабамыз бен Күнікей анамыздың малын сатып, қымбатқа
алған мүлік. Темірдің аты-темір. Темір тозған жоқ, ал оның бастапқы
иелері бұл жалған дүниеден алдақашан озған. «Зингерді» ата-
бабамыздан қалған белгі еді деп көзінің қарашығындай сақтаған
Айша. Сол Айша мен оның ұлы Барсхан қазір əлгі «Зингерге» бола
өмір мен өлімнің арасында, тағдыры бір талшық шашқа ілініп
қалғандай боп келе жатыр. Аруақ бар екені рас болса, сол ата-баба
аруағы енді осындайда қолдаса қайтеді? Қайдасың Бердімбеттің,
Күнікейдің, Мұртазаның аруағы?!
Менің ойлағанымды Айша да айна-қатесіз ойлап келе жатқан
болуы керек:
− Иə, Аруақ, қолдай көр біз бейбақты! – деп айқайлады. Бозала түн,
арқыраған, азынаған пойыз, кім естиді əлгі арызды? Кім?
− Күркіреу бекетіне жетсек екен, – деді Айша айқайлап.
Бірақ пойыз Күркіреу бекетіне тоқтамақ тұрмақ, жүрісін де
баяулатпай зу етіп өте шықты. Айша:
− Маймаққа дейін шыда! – деп шыңғырды.
− Қолың шығып кетпесін, Барсхан! – деп тағы шыңғырды Айша.
Қол бар ма менде, жоқ па – оны сезбеймін. Сірə, қарысып, тұтқаға
мүлде кірігіп кетсе керек. Немесе мүлде ұстамай бос тұр. Көрейін
десем көрінбейді. Қараңғы.
− Қойныңда сансыз əулие жатқан қасиетті Қаратау...
Ар жағы айтылмады. Үзіліп қалды. Ар жағында Айша не айтқысы
келді? Үзіліп қалды. Өйткені пойыз қап-қараңғы көрдің ішіне сүңгіді
де кетті. Пойыз доңғалақтарының сарыны бірден өзгерді: күңгір-
күңгір... Ащы түтіннің иісі бұрқ ете қалды. Көзімді ашытып жіберді.
Уқалайын десем, қолым жоқ. Қолым матаулы. Айтпақшы, тұтқадан
ұстаған оң қолымның саусақтары жазылып кеткендей көрінді.
− Апа - а - а! – деген жан даусым шықты білем. Айшаны тұңғыш
рет «Апа» дедім. Мұртаза рахметлік «Айша де, Айша де» деп
үйреткеннен бері, Апа деген емеспін. Менен бұрын үш баласы:
Құттыбай, Елтай, Сəткүл – үшеуі де бірінен соң бірі шетіней берген
ғой. Содан мен туғанда ажал менен адасып қалсын деп, Мұртаза маған
туған шешемнің атын ататқызып үйреткен екен, жарықтық. Мүмкін
қара шешектен өлмей қалғаным да содан шығар...
Əскерден қайтқан ағамыз Тəшкен айтады ғой: Нұралы екеуміз
(Нұралы менің тетелес құрдасым Өсердің əкесі) Сталинградтың
түбінде қалың əскер атакаға шыққанда жүгіріп келе жатыр едік.
Нұралыға қақ маңдайдан оқ тигенде «Апа!» – деп құлады, – деп
Тəшкен айтады. Сірə, адам кенет оқыстан өлерде алдымен аузына
«Апа» деген сөз түсетін болуы керек.
Міне, мен де «Апа - а - а!» деппін. Сірə, саусақтарым тұтқадан
ажырап бара жатқан болуы керек.
− Барсха - а - ан!
Кенет Айшаның қолындағы мəшинесінің бір аяғы салынған
қапшық сақ етіп вагонның қабырғасына соқты да, менің арқамнан
Айша қапсыра құшақтайын дегенде, қапшықтың салмағы басып, өзі
құлап бара жатты...
− Апа - а - а!
− Барсха - а - ан!
Дəл осы сəтте дүние жарқ ете қалды. Түнде қайдан жарқ ете
қалушы еді. Түн ғой, боранды бозала түн.
Сөйтсем, пойыз Тескентау түнелінен шыға келген екен. Түнектен
шыққан соң, түннің өзі жарық болып көрінгенін қарашы.
Сонда есім кіргендей, оң қолыммен тұтқадан қайтадан ұстадым.
Мені құшақтаймын деп жығыла жаздаған Айша да бойын түзеп алды-
ау, əйтеуір.
Пойыз түнелге кіргенде, паровоздың түтіні шығарға тесік таппай,
түнелдің ішін кеулеп кетеді екен ғой.
Тұншығып өлмей əрең қалдық.
Ажал тікелеп шаппаса, адам өлмейді екен.
Ажал шіркін шалықтап келіп, шүйіліп келіп, бұл жолы жалт
бұрылып кетті.
Жаңа түнелдің ішінде мен құлағанда Айша да құлайтын еді.
Сөйтіп, Маймақтың бер жағында, Күркүреу судың аржағында,
Тескентаудың қуысында сүйегіміз шашырап қала жаздады.
Сол жолы біз еле кетсек, Құрмаш пен Батырханның күні не болар
еді? Сəли, Қалилар асырап алар ма еді, əлде детдомға өткізіп жіберер
ме еді...
Есіме түссе, əлі күнге дейін жүрегім зу - у - у ете қалады. Содан
соң сол кездегі өзімді, Айшаны, Құрмашты, Батырханды аяп, тамағым
түйіліп, көзіме үйіріліп жас келеді. Баяғыда-ақ ұмытып кететін кезең
ғой. Қайта жас ұлғайған сайын ойыма орала береді. Оралған сайын
өзімнен өзім езіліп, жылағым келеді. Жазылмайтын жара ма, не
нəрсе...
Пойыз қанша асықса да Маймаққа жетіп тоқтады. Мен перронға
құлап түстім. Қолымдағы қапшық бетонға тиіп, сақ ете қалды.
Айша қолындағы қапшықты тастай салып, басымды көтерді.
Қасымызға қызыл фуражке киген кісі келді.
− Не болды? Қайдан келесіңдер? О, қоқи, пойыздың сыртынан
қантип қармап кегенсиңдер? – деді қырғызшалап. Маймақ-оймақтай
қырғыз жері. Мына бекет бастық шығар бұл қырғыз. Айша жағдайды
айтты. Қызыл фуражке қолындағы жалауша таяғымен вагонның тесігін
тоқылдатты.
Есік ашылып, ұйқылы-ояу кондуктор көрінді.
− Немене тоқылдатасыңдар?! – деп ұрысты. Қызыл фуражкелі
қырғыз:
− Мыналарды вагонға кіргіз! – деді қатқыл үнмен.
− Орын жоқ, қайда барасыңдар?
− Əулиеатаға...
− Мына тұрған Əулиеатаға жаяу-ақ бармайсыңдар ма?
– Əй, тантыма! – деді қызыл фуражкелі қырғыз.
«Оттама» – дегені.
Қырсыққан кондуктор бізге купеден орын берген жоқ.
Əулиеатаға дейін тамборға тұрып бардық. Содан бері, сон - о - оу
Тескентаудың қуысында бізді бір Құдайдың уысы ұстап қалды ма
деймін де жүремін.
Достарыңызбен бөлісу: |