Біз бірінші бөлімде астрономияда нүктенің кеңістіктегі орнын анықтауда қолданылатын координат жүйелерін қарастырғанбыз



бет6/11
Дата07.01.2022
өлшемі195,96 Kb.
#17689
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
5 Ай – уақыт бірлігі
Астрономияда қолданылатын уақыт бірліктерінің тағы бірі – ай, ол Айдың Жерді айнала орбита бойымен қозғалысымен байланысты енгізілген. Айдың аспан сферасындағы қозғалысы Күндікіне ұқсас, бірақ әлдеқайда тез. Сонымен бірге Ай орбитасы эклиптикамен 5o9' бұрыш жасайды, ал олардың қиылысу нүктелері Ай түйіндері деп аталады. Олар үнемі Айға қарсы бағытта, батысқа қарай шамамен жылына 20o-қа жылжып, 18.61 жылда бір айналыс жасайды. Сонымен қатар Ай орбитасының эксцентриситеті байқаларлықтай (e ~ 0.0549) және Ай Жерге жақын болғандықтан Ай орбитасының параллактикалық ығысуы әжептәуір болады.

Жоғарыда жылды есептеу сияқты Айдың да Жерді айналуын әртүрлі бастапқы нүктелерге байланысты өлшеуге болады.

Айдың аспандағы орындарын бақылау арқылы оның жұлдыздарға қатысты батыстан шығысқа қарай (Күн де сол бағытта жылжиды) тәулігіне 13o,2-қа, яғни сағатына 33'-қа (бұл Айдың көрінерлік диаметріне жуық) жылжитынын байқауға болады. Аспанда толық бір айналым жасап, 27,321661 тәуліктен соң (27 тәулік 7 сағат 43 минут 11,5 секунд) алыс жатқан (қозғалмайтын) жұлдызға қатысты бағытқа қарағанда Ай өзінің бастапқы орнына қайтып келеді. Уақыттың бұл аралығы сидерлік ай деп аталады.

Ай бетіне түскен Күн сәулелерін шағылдыратын болғандықтан оның орбита бойымен қозғалысы кезінде Айдың Жерге қараған бетімен салыстырғандағы Күннің де орны үнемі өзгеріп отырады. Осыған байланысты Айдың Жерге қараған бетінің жарықталынуы да үнемі өзгерісте болады, бұл Айдың фазаларының периодты түрде ауысуына әкеледі. Ай фазалары толық цикл жасап, бастапқы фазасына келу уақытын синодтық ай деп атайды. Ол 29,530588 тәулікке (29 тәулік 12 сағат 44 минут 2,8 секунд) тең. Бұл айдың орта мәні, себебі Ай орбитасының эллипс тәрізді болуынан айдың сызықтық және бұрыштық жылдамдықтары орбита бойымен өзгеріп отырады. Мысалы, бұрыштық жылдамдығы тәулігіне 11o-тан 15o-қа дейін өзгереді. Сонымен қатар Айдың қозғалысына Күннің тарту күші де әсер етеді. Осылардың нәтижесінде синодтық айдың ұзақтығы 29т 6с 15м -тан 29т 19с 12м -қа дейін өзгереді.

Жердің орбита бойымен қозғалысы сияқты Айдың қозғалысын теңелу нүктелеріне қатысты қарастыруға болады, оны тропиктік ай деп атайды (27,32158 тәулік). Айдың перигейіне қатысты Жерді айналу периодын аномалдық ай деп атайды (27.55455 тәулік), Ай түйіндеріне қатысты Жерді айналу периодын дракондық ай деп атайды (27.21222 тәулік).

Күнделікті өмірде ең қолайлы және жарамды Айдың периоды ретінде синодтық айды айтуға болады. Бірақ оны күнтізбе ретінде пайдалану онша ыңғайлы емес. Себебі бастапқы өлшеу нүктесін таңдап алу қиындыққа әкеледі. Толған айды алсақ, ол қатарынан екі-үш күн бойы толып тұрады, қайсысын алу керектігін жай көзбен анықтау қиын. Жаңа туған Айды (оны неомения деп атайды) алатын болсақ, синодтық айдың ұзақтығы орташа мәнінен 6 сағат аз немесе көп болуы мүмкін, сондықтан неомения орташа датадан бір тәулік ерте немесе бір тәулік кеш болуы мүмкін.

Сонымен қатар, кешкі аспанда Айдың орағының алғаш пайда болу уақыты бақылау шарттарына, ең алдымен - сол сәттегі эклиптиканың көкжиекке жанасуына байланысты. Көктемде, Күн ұясына кіргеннен кейін көкжиектен жоғары эклиптиканың солтүстік бөлігі орналасқандықтан, кешкі Ай аспан экваторынан жоғары орналасады. Сондықтан ол ұясына да жай кіреді, сол себепті Күннен дәл сондай бұрыштық қашықтықта орналасқан Айды күзді күнге қарағанда, көктемгі аспанның қараңғысында байқауымыз әлдеқайда жеңіл болады. Бұл эффект Ай орбитасының эклиптикаға көлбеулігіне байланысты ұлғая түседі, себебі ай орбитасы мен экватор жазықтықтарының арасындағы бұрыш 18,6 жылға тең Ай түйіндерінің айналу периоды ішінде 180,5-тан 280,5-қа дейін өзгереді, ал сонымен бірге батыстағы Ай орағының горизонттан биіктігі де өгереді. Эклиптиканың горизонтқа қатысты орналасуы бақылау нүктесінің еніне байланысты және осы жоғарыда айтылғандар оңтүстікке қарағанда орташа ендікте күшті байқалады. Қорытындылап айтқанда, көктемде кешкі Айды бақылауға жақсы мүмкіндік туады және де күз айларына қарағанда Жаңа Айдың орағын бір тәулік ерте байқауға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет