Жұмыстың мақсаты: Зат есімді оқытудағы бастауыш сынып мұғалімдері мен бастауыш сынып оқушыларының іс-әрекеті. Бастауыш сынып оқушыларына зат есімді меңгертудің тиімді әдіс-тәсілдерін анықтау,зерттеу жүргізу.
2.1 Зат есімнің зерттелу жайы және зат есім туралы жалпы түсінік Тілші-ғалым А. Ысқақов атап көрсеткеніндей: «Зат деген ұғым күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі нәрселерді ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмірде ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен оқиғаларды, пайымдаулар мен түсініктерді толық қамтиды» [1, 141 б.]. Тіл-тілде лексикалық құрамы бай, грамматикалық құрылысы күрделі сөз табы зат есім болып есептеледі. Ол есімдердің өз ішінде де дербес қолданылады. Басқа есімдер зат есімнің айналасына топталып, оған қатысты ғана айтылады.
Зат есім, әсіресе, семантикалық жағынан аса үлкен категория. Зат есім тобына енетін сөздердің барлығы бірдей заттық ұғымды білдіргенімен, бұларды іштей ажыратып талдағанда мағыналық-ұғымдық жағынан сала-салаға бөлініп кетеді: нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық сияқты семантикалық категорияларды да қамтиды . Заттың сын-сипатын білдіретін немесе оның өзіндік ерекшеліктерін нақтылай түсетін, әсірелеу, бейнелеу жолымен сезімге әсер ете алатын топтары да бар. Барлық зат есімдер 1) адам атаулары, 2) адамнан өзге жан-жануарлар мен заттардың атаулары болып екіге бөлінеді. Мұның алғашқысын А. Ысқақов адамзат есімдері, соңғысын ғаламзат есімдері деп атаған [144-145 бб.].
Зат есімнің грамматикалық жағынан да өзіне тән ерекшеліктері көп. Зат есімге тән қасиет – мағынасы ешбір өзгеріске ұшырамай-ақ көптеледі, септеледі, тәуелденеді, кейде жіктеледі. «Зат есімдер тұлғалық құрамы жағынан 1) жалаң сөздер, 2) күрделі сөздер болып екі топқа жіктеледі. Жалаң сөздер іштей түбір сөз және туынды сөз болып бөлінсе, күрделі сөздер біріккен сөз, кіріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз болып топ-топқа бөлінеді».
1914 жылы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының оқулығы қазақ тілі морфологиясын ана тілімізде сөз еткен алғашқы зерттеу болды. Сөздерді тапқа бөлу де осы оқу құралынан басталды [2]
Бұл жерде қазақ тілі грамматикасының тұңғыш авторы, профессор Қ.Жұбановтың еңбектерінен де сөздерді таптастыру мәселесі, соның ішінде зат есім жеке сөз табы ретінде танылғанын байқауға болады. Қ.Жұбанов жасаған «Қазақ тілінің программасында» (1936), сөз таптары жеке тарау етіп көрсетіліп, зат есімнің өзіне тән ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында 20 сағат берілген. Сондай-ақ ғалым «Қазақ емлесі мен грамматикасының кейбір мәселелері» атты мақаласында зат есімді «заттың өзін көрсететін септік, тәуелдік, көптік, қосымшаларын ертетін затты ғана анықтап, анықталушы сөзіне жалғас қана тұра алатын түбір болады [3, 233 б]»,- деп сипаттаған.
1954 жылы жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі қазақ тілі» атты көлемді кітап жарық көрді. Онда қазақ тілінің барлық салалары жан-жақты талдауға түседі, ғылыми сипаттамасын алады. Осы еңбекте зат есімдер туралы жинақталған теориялық мағлұматтар бар [162-185 бб.]. Бұдан кейін А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» (1964) атты монографиялық еңбегін ерекше атап өткен жөн. Мұнда морфологияның жалпы теориялық мәселелері, оның ерекше белгілері жан-жақты баян етіледі [4, 73 б.] Зат есімге қатысты пікір 1967 жылы шыққан «Қазақ тілі грамматикасында» да бар. Ондағы «Зат есім»тарауын С.Омарбеков жазған. Бұл тарауда зат есімнің жасалу жолдары, түрлену жүйелері талданған. Ғалымның талдауындағы бір ерекшелік қазақ тіліндегі зат есімдерді өзге тілдердің зат есім жүйесінен ерекшелейтін белгілердің бірі-жақтылық және жақсыздық категориясы деп дәлелдеп «Жақтылық пен жақсыздық категориясы»деген тақырыпша берген. Автор «Лексикалық мағынасы тек «адамды»білдіретін зат есімдер ғана жіктеу есімдіктерінің барлық түрімен предикаттық қатынаста айтыла алады, ал зат есімдердің басқа түрлері еш уақытта жіктеу есімдіктерімен предикаттық қатынасқа түсе алмайды [5, 55 б.]», — дей келіп, зат есімдердің жақтылық пен жақсыздық категориясы дегенді «зат есімдердің жіктелу қасиетінің бар- жоқтығы тұрғысынан ғана алып түсіну қажет» деген түсініктеме берген. Шын мәнінде, зат есімнің барлығы жіктеле бермейтіндігі, әрі жіктік категориясы зат есімнің категориясына жатпайтындығы ғылымда дәлелденген жағдай. Сол себепті ғалымның қазақ тіліндегі зат есім категорияларының қатарына жақтылық, жақсыздық категориясын енгізуі қолдау таппады. Сондықтан болар 2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасы» авторларының бірі ретінде С.Омарбекұлы «Зат есім» тарауын жазғанда бұл тақырыпшаны өзгертіп, зат есімнің жақтылық, жақсыздық категориясы жайлы пікірін кеңейтіп, «үш жақта бірдей жіктелу қабілеті бар адамға байланысты зат есімдерді шартты түрде жақты зат есімдер, ал үш жақта бірдей жіктелу қабілеті жоқ адамнан басқа зат атауларына байланысты зат есімдерді жақсыз зат есімдер деп атасақ болады. Бұл жердегі жақты, жақсыз дегенді тек жіктік жалғауымен ғана байланыстыра ұққан абзал [6, 443 б.]»,- дей келіп, бұл мәселені «Адамзат және ғаламзат есімдері» деген тақырыпшамен берген.
Соңғы санамаланған еңбектердің барлығында да зат есім категориясы туралы мағлұматтар жеткілікті. Ә. Төлеуовтің 1971 жылы шыққан «Қазақ тіліндегі зат есім категориясы» [7, 3-88 бб.] және К. Ахановтың 1972 жылы шыққан «Грамматиканың теориялық негіздері» [8, 21-57 бб.] атты еңбектерін де өз дәрежесінде жазылған зерттеулер деп танимыз.
Көне түркі жазба ескерткіштері тіліндегі зат есімдер шет елдерде де, біздің елімізде де жеке алынып, арнайы зерттелген емес. Барлық сөз таптары морфология саласының құрамында талданған. Ескі жәдігерліктер бойынша біздің таңдаған нысанымызға қатысы бар зерттеулердің басты-бастылары мыналар.
Көрнекті түрколог А.М. Щербак 1961 жылы «Грамматический очерк языка тюркских текстов X-XIII вв. из Восточного Туркестана» атты еңбек жариялап, онда морфологияға бір тарау арнаған. Зерттеуге Йүсүп Баласағунидің «Қутадғу билигі», Ахмед Йүгнекидің «Һибат-ул хақайиғы», Махмуд Қашғаридің «Дивану луғат-ит турк», Рабғузидің «Қисас-ул анбийасы», «Оғуз-наме» т.б. ескерткіштер нысан етіліп алынған. Мұнда осы ескерткіштер тілінде ұшырасатын зат есімдер туралы жалпы мағлұмат беріледі. Зат есімдердің сөзжасамына, қосымшаларына ерекше көңіл бөлінеді [9, 76-113 бб.].
«Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштердің тілі» бөлімін Ә. Құрышжанов құрастырған. Ол қыпшақ тілі ескерткіштеріндегі зат есімінің жай-күйін айта келіп, жалғаулары мен жұрнақтары туралы біршама мағлұмат береді [10, 213-229 бб.]. «М. Қашғари заманындағы түркі халықтарының тілі» бөлімін жазған М. Томанов та «Дивану луғат-ит турк» сөздігіндегі зат есімдер туралы баяндайды [ 157-161 бб.]. Э.Н. Наджиптің «Тюркоязычный памятник XIV века «Гулистан» Сейфа Сараи и его язык» атты монографиясы Алматы қаласында 1975 жылы жарық көрді. Ол «Гулстан бит-турки» ескерткіші тілінде ұшырасатын зат есімдердің барлық категорияларына тоқталады. Олардың басты-басты ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Әр айтқан пікіріне айғақ ретінде жәдігерліктен мысал келтіріп отырады [11, 100-119 бб.]. Ғалымның зерттеу әдістері әлі де өзінің өміршеңдігін жойған жоқ.
Қазір бұрынғы зерттеулерге қарағанда, біз басқаша бағытты – анығырақ айтқанда, көрнекті түрколог Э.Н. Наджип негізін қалаған бағытты ұстанып отырмыз. Қазіргі барлық түркі тілдері, олардың диалектілері мен говорлары әр ескерткіштің тілімен жан-жақты салыстырылуға тиіс. Бұған әр ұлттың өкілдері белсене араласпаса, зерттеулер ойдағыдай нәтиже бермейді. Осы үлкен міндеттердің үдесінен шығу үшін қазақ тілі де ескерткіштер тілімен жан-жақты салыстырылып, талдануға тиіс. Әр тілдік категорияға жеке-жеке тоқталып, іргелі-іргелі зерттеулер жүргізудің маңызы зор. Жоғарыда аталып өткен бағыт, әдістемелік ұстаным әр ескерткіштің тілін жан-жақты зерделеумен қатар олардың қазіргі түркі тілдеріне қатысы қаншалықты дәрежеде екендігін айқындап-ажыратуға, дәлме-дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Зат есімге байланысты еңбектердің бірі- Ә.Төлеуовтың «Қазақ тіліндегі зат есім категориясы» атты оқу кұралы. Автордың бұл енбегіндегі зат есімдерге берілген лексика-семантикалық сипаттамасы, немесе зат есімнің синтаксистік қызметіне, морфологиялық белгілеріне байланысты айтқан тұжырымдары алдыңғы еңбектермен үндесіп жатыр.
Қазақ тіл білімінде зат есімдерді жалпы есім және жалқы есім деп екі топқа бөлу А.Байтұрсынов оқулығынан басталады. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «зат есім екі түрлі болады: біреулері-нәрсенің дербес өз басына ғана қойылған: жалқы есім. Екіншілері-нәрсенің біріне емес, барлық табына қойылған: жалпы есім»,-дей келіп, жалқы есімдерге- Ахмет, Ашымтай, Ағытай, Қызылжар, Семей, Қырым, Қытай, жалпы есімдерге: кісі, еркек, қапа, дала, ел, жұрт, ұлт, өлке секілді мысалдар келтірген .
Зат есімдерді семантикалық және грамматикалық жағынан осылайша жалпы және жалқы есімдер деп бөлу кейінгі оқулықтар мен зерттеулерде жалғасып келеді. Мысалы, проф. А.Ысқақов жеке я дара заттарға берілген зат есімдерді жалқы есім деп, тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдерді жалпы есімдер деп атаса, Ә.Төлеуов "Кейбір зат есімдер тобы жеке нәрсенің өзіне арнай қойылған атын көрсетсе, кейбіреуі жинақты, жалпылама нәрсенің атын көрсетеді. Мәселен, тау, ағаш, жусан, сексеуіл деген сөздер бірыңғай көптеген заттардың жалпылама аттарын көрсетсе, Асан, Алатау деген сөздер- көптеген заттардың ішінен бөліп алынған жеке нәрсенің арнаулы аты. Осындай мағыналық ерекшеліктеріне қарай зат есімдер жалқы есім, жалпы есім болып екіге бөлінеді „ -деп сипаттаған. Осы пікірмен үндестікті 2002 жылы шыққан академиялық грамматикадан да кездестіреміз. "Жеке адамдарға, дүниедегі жеке заттар мен құбылыстарға атауыш болып келетін сөздер жалқы есімдер, ал бір-біріне ұқсас нәрселер мен құбылыстардың, жан-жануарлардың жалпылама атауышы, ортақ атауы ретінде жұмсалатын сөздерді жалқы есім " деп аталған.
Бұдан шығатын қорытынды-зат есімдерді жалпы және жалқы деп бөлуде заттың саны ескерілуі керек. Жалпы есім саны жағынан шексіз. Мысалы: қала-жалпы атау, өйткені қала өте көп. Ал Алматы- жалқы атау, өйткені бір қаланың атауы. Олай болса, "жалқы есімдер - жалпы есімдерден ажырату үшін қойылатын арнаулы атаулар».
Жалқы есімдер өз ішінде бірнеше мағыналық топтарға бөлінеді. Олардың ішіндегі ең үлкені-кісі аттары мен географиялық атаулар. Осымен байланысты тіл ғылымының екі саласы жалқы есімдердің екі түрін зерттеу нысаны етеді, яғни кісі атауларын зерттейтін сала ономастика деп, географиялық атауларды зерттейтін сала топонимика деп аталады
Сонымен қатар тілімізде саны жағынан сай келмейтін, бірақ жалқы есімдерге жататын басқа да сөздер бар. Бұған газет-журнал, кітап атауларын жатқызуга болады. Мысалы, "Парасат„ журналы, оның таралымы 6000 болса да, мазмұны-біреу, бірақ басқа газет- журналдардан ажырату үшін жалқы есімге жатады.
Жалпы есім мен жалқы есімдерге тән тағы бір ерекшелік- олардың бір-біріне ауысып отыруы. Мысалы: Арман, Жомарт, Болат, Қызғалдақ, Ләззат т.б. адам есімдері бұрын жалпы есім сөздері болғаны, ал алматылық, ақтаулық, тараздық сияқты жалпы есімдер бастапқы жалқы есімдерден жасалғаны белгілі. Бірақ А.Ысқақовтың көрсетуінше, жалқы есімдердің жалпы есімдерге ауысуларынан гөрі жалпы есімдерден жалқы есімдердің жасалуы көбірек кездеседі екен ).
С.Омарбекұлы жалқы есім қатарына жататын сөздер мен жалпы есім қатарына жататын сөздердің өзара бір-біріне ауысып отыру факторын тілдегі омонимдер пайда болуының бір жолы деп қараған . Шындығында да тілімізде мұндай сөздер жиі кездеседі: жібек-(матаның бір түрі)-Жібек (қыздың аты), жұлдыз- (астрономиялық атау)-Жұлдыз (қыздың аты), Қарлығаш-(құстың бір түрі)-Қарлығаш (қыздың аты, әннің аты), раушан-(гүлдің аты) - Раушан (қыздың аты) т.б.
Қазақ тіл білімі де басқа ғылым салалары секілді жетіліп, жаңа белесте ғылыми табыстарға ие болуда. Сондай белестің бірі- сөз тіркесі синтаксисі синтаксистің дербес саласы болып оқытылуы. Осымен байланысты 2002 жылы шыққан "Қазақ грамматикасында" зат есімнің синтаксистік қызметін сипаттағанда оның сөз тіркесіне қатысы да ескерілген. Сондықтан академиялық грамматикада сөз тіркесінің басыңқы сыңарының қандай сөз табынан жасалатындығына қарай есімді сөз тіркесі, етістікті сөз тіркесі болып екі топқа бөлінетіндігі айтыла келіп, сөз тіркесінің осы екі тобының екеуіне де ортақтығы бар сөз табының бірі-зат есім екендігі нақты тілдік мысалдармен дәлелденген. Бұдан зат есімнің сөз тіркесі құрамында да синтаксистік қызмет атқаратындығы байқалады. Бұл ерекшелік грамматикада нақты мысалдармен көрсетілген:
- меңгеріле, матаса байланысқан есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болады. Мысалы, алтын сақа, білгенге маржан, Омардың ұлы. - етістікті сөз тіркесінің құрамында келген зат есімдер негізінен меңгеріле байланысқан тіркесінің бағыныңқы сыңарының қызметін атқарады. Мысалы, базарға кетті, базарды аралады, базарда жүр т.б.