C 32 Сейілхан Р. С 32



Pdf көрінісі
бет4/8
Дата12.02.2017
өлшемі1,42 Mb.
#3982
1   2   3   4   5   6   7   8

МЕНІҢ КҮЗІМ
Сағындырып жеттің-ау менің күзім,
Жүрегімде бір шаттық тулағандай.
Құстар қайтты көрсетпей көгінде ізін,
Қанатының қағысын бұлдағандай.
Санам да ояу, көңілім тазарғандай,
Тымық ауа, күз иісі білінеді.
Тым қашықтан елестеп ақ армандай,
Тереземе таң бозы ілінеді.
Жердің, әлде, білмеймін таудың лебі,
Естілгендей болады талып қана.
Жаңбырдың ба, бәлки ол қардың лебі,
Тіршілік бар секілді табытта да.
Сен бір күлші, қуаншы, мен де күлем,
Жапырағың ән салып, талың билеп.
Түк таппадым сезімнен сенделіп ем,
Тәнімді илеп, барады жанымды илеп.
Көрмеуге енді бекіндім көңілсізді,
Аялауға өзімді күшім қалмай.
Жақсы көрем, әрине, Өмір, сізді,
Кей сәттерді жүрсем де түсіне алмай.
Күзім менің, келдің-ау зарықтырып,
Неге екенін жақынсың жаныма тым.

АҚ БҰЛТТАР
109
Жүрегіме кеткен жан тағып құлып,
Әлі мені сияқты сағынатын.
Әлде тағы, тағы да қателестім,
Нендей ғажап көңілді жадыратқан?!
Мен де өзіңе, мұнар күз, жат емеспін,
Айырмам жоқ титтей де жапырақтан.

Роза СЕЙІЛХАН
110
АҢСАУ
Ісі де жоқ ешкімнің ешкімменен,
Арманым-ай, ешкімге естілмеген.
Қуып келем елесті жеткізбейтін,
Сусып өтіп барады «бес күн» менен.
Айналамның бәрін де жұмақ көріп,
Түсінбесті түсініп, сұрап көріп.
Өң бе, түс пе белгісіз бір елеспен,
Жылап кетіп барамын жылап келіп.
Ажыратып тірліктің ақ, қарасын,
Ашу қысып, өлуге шақ қаласың.
Сен де ешкімді ұғуға тырыспайсың,
Сені де ешкім ұғынып жатпағасын.
Жақсы сөзді күтесің, сағынасың,
Жүрегіңді ит тірлік жанығасын.
Пенделік-ай, біреу сәл жылы күлсе,
Сол адамның жанынан табыласың.
Ақын болсаң, ал тіпті жаны жасын,
От боп, өрт боп түбі бір жарыласың.
Жұртқа ұнаған той-думан саған жақпай,
Саған жаққан нәрседен жалығасың.
Көргің келмей көп жанды қамығасың,
Адамсың ғой, құлайсың, жаңыласың.

АҚ БҰЛТТАР
111
Біреу олай, ал біреу былай сөйлеп,
Дерт түседі айықпас жаныңа шын.
Көңілімнен кей сәтте күн күледі,
Бақыт кетсе бақ келер кім біледі.
Ақын деген атаққа ұмтылғам жоқ,
Тәңір берген пендемін жыр жүрегі.
Қалай басам кеудемде от демімді,
Жақсы көру, үйрендім жек көруді.
Жаным қыстан қалтырап, мұздағандай,
Өткенімді аңсадым көктемімді.
Ай біледі, бір білсе таң ажарын,
Өзім де емес, жырымда бар азабым.
Үркітпесе болғаны біреу келіп,
Көлде жүзген көңілдің ала қазын.
Күн батады қызарып, жүректе үміт,
Ертеңіңді күтесің білек түріп.
Көз шырымын алады кең дүние,
Жүрегінің төріне гүл ектіріп.

Роза СЕЙІЛХАН
112
***
Түрлі-түсті әлем, арманның бәрі түгесіп,
Жұлқына билеп, бұлқына билеп ұл-қызы.
Бақыты үшін жан сала берсе күресіп,
Үзіліп түсіп солады-ау гүлдер қырмызы.
Шылымын шегіп, 
 
 
бұрымын жайып, тарқатып,
Әуенге елтіп, мұңая қалған жанары,
Осында сынды байлық та, бақ та, бар бақыт,
Осыдан ғана жанына жылу табады.
Ақылдан, ойдан ада емес, арман дегеннен,
Сұлулар отыр сырадан сырбаз сіміріп,
«Не шығар дейсің өмірді жалған дегеннен
Жүректе тірлік кешеді ұлы бір үміт».
Дейтіндей солай, дейтіндей үркер топ мына,
Төгіліп кетті күйтабақтан да жат бір ән.
Елемей тіпті, ескермей барды жоқты да,
Шел басты көзді сұр тұман және ақ тұман.
Өзгерген өмір, өзгерген талап, талғам да,
Қаланың түнгі көркі де ақша дәметіп.
Сезініп арды, сендіріп жанды жалғанға,
Ішесің уын өмірдің сарқып, бал етіп.
Көнесің сосын, қайтармай ойдың меселін,
Іздейсің келіп, беймәлім саған бір затты.

АҚ БҰЛТТАР
113
Тікендей батып, салулы жұмсақ төсегің,
Жылайын десең көзден де жасың құрғапты.
Түнгі әуенге елтіп, жүректер аласұрады,
Жұбаныш етіп, казино, кафе, барларды.
Алматы ғана, бәріне ара тұрады,
Күзетіп түнді, күндерді, жаңа таңдарды.
Өзгерген өмір, өзгерген талап, талғам да,
Қаланың түні, күні де ақша дәметіп.
Кеудеңде ғұмыр, тіршілік үні, жан барда,
Ішесің келіп, уын да сарқып, бал етіп.

Роза СЕЙІЛХАН
114
***
Іздеуменен келемін кімді, нені,
Оны Ай мен жұлдызды түн біледі.
Әлденеге алаңдап жүрген шақта,
Кеш батады таң атып үлгіреді.
Үміт ол да бір жылап, бір күледі,
Сезім аңғал бәрін де бүлдіреді.
Ал жүрек ше жүректің хәлі нашар,
Сезе, сезе тоқтай ма кім біледі.
Сенім болса қайрылмай кете барған,
Өзім, жырым, ойларым жеке қалғам.
Жарқ-жұрқ еткен жасындай өтер өмір,
Өтер жастық, өтер мұң, кетер арман.
Тәтті ойлар да қойыпты тербетуін,
Тірлігімнің секілді келбеті мұң.
Жақсылардың барлығы көкке ұшқан ба,
Жамандығын көтермей жер бетінің.

АҚ БҰЛТТАР
115
КҮЗ
Күз суық... салқыны өбеді беттен,
Қаудырлап қайың-ағаштың желегі кепкен.
Қарқылдап құзғын-қарғасы қысты шақырды,
Табиғат Ана жүрегің кең еді неткен.
Жаз еді кеше, уақыт тез еді неткен,
Күркіреп аспан, күздің де кезегі жеткен.
Кешігіп қалған бақытын кезіктірердей,
Бұлқына жүрек бір жайды сезеді көптен.
Жапырақ ұшты, мертікпей құлары да анық,
Жаңбырдың суы жылғада бұралып ағып.
Сұрланған сұр бұлт ашуға мінеді-дағы,
Дарбаза көгін аспанның ұрады барып.
Күз салқын, суық жел өбеді беттен,
Адасқан ақыл қайтеді көреді көппен.
Жапырақ екеш, сарғайған жапырағы да,
Топырақ басып, Құдай-ау, өледі деп пе ем.
Өледі деп пе ем,
Ақ қайыңдар-ау, желегі кепкен!

Роза СЕЙІЛХАН
116
***
Күлкілі,
Сағынғаным да,
Жылағаным да күлкілі.
Ұйқыға сараң түнімнің,
Айқасар емес кірпігі.
Бір күні,
Өтеді бәрі бір күні,
Кетеді бояу, жылтыры.
Аялап қалғым келеді
Сезімді өлі, бір тірі.
Күн-түні,
Ойлардың қинап түр-түрі,
Армандарымның тірлікте,
Жоқ па деп қалам мүмкіні.
Сыртылдап өмір өткенмен,
Сағаттың тоқтап тұр тілі.
Елес бұл,
Елес те емес, сағым бұл.
Тірлікте көп-ақ жар, үңгір.
Бүп-бүтін сыртым болғанмен,
Өртеніп ішім жанып жүр.
Жоқ бәрі,
Жанып тұр іште от та әлі,
Шаршатты жоқ, жоқ, жоқтары.
Өмірдің мынау онсыз да,
Ауырлау екен соқпағы.

АҚ БҰЛТТАР
117
КӨКТӨБЕ
Көктөбе,
Көкшіл көк өзен.
Көгіне көк бұлт байлаған.
Көркіңе құрғар кенезем,
Аумай бір қалған айнадан.
Қызғалдақ теріп сарғалдақ,
Жүгірген бұйрат белдерім.
Сұп-сұлу болып жанды арбап,
Кірпікті жуды кермегім.
Өзіңді жүрмін сағынып,
Балалығымның куәсі.
Жүрегім кетсін жарылып,
Хәлімді келіп сұрашы.
Тобылғы түстес тағдырым,
Тобама келсем кеш мені.
Бұралған белде тал бұрым,
Алаңмын сені кескелі.

Роза СЕЙІЛХАН
118
***
Жаназасын шығардық жаздың кеше,
Жапырақсыз ағаштар, азғын көше.
Сұп-сұр үйлер, сұр қала сұрқы қашқан,
Мұңдандырар жақсы өлең жазғың келсе.
Бір сыр бүгіп ішіне жымысқы күн,
Аяқ асты аяп қап тұр ыстығын.
Боз таң зорға атады саналыға,
Жер бетінің тілесе ол тыныштығын.
Қара суық өңмеңдеп жағадан ап,
Сезімімді тонады баладан-ақ.
Сырты бүтін тірлігім қаңғырып жүр,
Өзі жарым жүрегім жаралап ап.

АҚ БҰЛТТАР
119
НАУРЫЗ
Наурыз айы, тербеген сезім қылын.
Көктем деген, жеңісі төзімдінің.
Армандарға ақ Айдың нұры тамып,
Гүл шыққанда бөктерге көз ілді мұң.
Жаңа көйлек үстіне киіп келген,
Сені көктем бәрінен биік көргем.
Мейіріміңнен нәр алды бар дүние,
Сен Анасың ақ сүтін иіп берген.
Шатырлар тұр тежемей тамшыларын,
Сайрашы бір бұлбұл құс, ән сұрадым.
Көз ілмеген көктемнің түндерінде.
Жарық болып кеткендей жан шырағым.
Қуантады құстардың салған әні,
Өмір қайта түлейді жанданады.
Көптен күткен көктемі келіп, жетіп,
Қыз үміті тағы да жалғанады.
Барлығы да басында сағындырып,
Ал содан соң тұрады таңың күліп.
Қылтиғанда бәйшешек қар астынан
Маза кетіп, салады жаның бүлік.

Роза СЕЙІЛХАН
120
ҚОҢЫР МҰҢ
Жылағаным мұңайып,
кімге керек,
Арман құшам 
жанымды гүлге бөлеп.
Бәрін қойшы,
бір күні өтер, кетер,
Өлең жазсам деп едім, 
бір керемет.
Тереземнен тұр, әні, 
мұңайып күз,
Тағдыр жазса,
маңдайға шыдайық біз.
Пендеміз ғой шатаспай
тұра алмайтын,
Қандай үкім шығарсын, 
лайықпыз.
Қоңыр мұңды тербеді тағы күз кеп,
Сол күзбенен ұқсайды жанымыз бек,
Сағына ма, жанарым жабыға ма,
Жүрегіме керектің бәрін іздеп.
Өткенді аңсап, 
Біресе, көктемді аңсап,
Қызғалдағы майысқан 
Көк белді аңсап,
Әжені аңсап, 

АҚ БҰЛТТАР
121
Әкені, 
Ағаны аңсап,
Жазиралы кеңпейіл 
Даланы аңсап.
Бұлақты аңсап, 
тауды аңсап, жуаны аңсап,
Ойнап жүріп 
құлаған, жылаған шақ.
Тас қаланың түтіні тұмшаласа,
Жаным тұнық кездерді 
тұрады аңсап.
Ұйқы көрмей содан соң 
өлең іздеп,
Түсініксіз жаныңа қорек іздеп.
Не боларын білмейміз, 
білмеген соң,
Жетегіне үміттің ереміз кеп.
Дүние жалған
көңілде күмән қалды,
Көре алмадым жанымды ұғар жанды.
Мәңгілікке біз солай аттанармыз,
Биігінен түсірмей Ұлы арманды.

Роза СЕЙІЛХАН
122
***
Құтқармайды, құтқармайтын боп алған.
Ойланбауға мұрша бермес азабым,
Түйсігі жоқ біреу болу, сол арман,
Етім жауыр, мені ұмытшы аза мұң.
Тым болмаса, сәл кешірек, кешірек...
Жолық, сосын, жүрегімді тесіп өт.
Өмірім бар, кіл жалғаннан тұратын
Отырғаны, тұрғанынан көші көп.
Көре-көре көзімнің де көркі жоқ,
Жана-жана сезімнің де өрті жоқ.
«Жан» – атанған жарық күннің елшісі
Кеудемде жүр тірлігімнің серті боп.
Мезгіл, уақыт, жұмбақ күйге түсті үміт,
Ыстық, аптап, соңы тағы үскірік.
Үре-үре жалыққан ба білмеймін,
Ой төбет жүр, ұғар күтіп, іште ұлып.
Сөз де өзін ұғар жанды сағынар,
Ой да, ми да, бәрі, бәрі, бәрі бар.
Қалың нөпір, жалғыз кетіп барамын
Көңілі – қыс, жүрегі – мұз, жаны – қар.

АҚ БҰЛТТАР
123
***
Жастығымды жылдарым алып кетті,
Құры кетпей тағдырға налып кетті.
Тұтануға шақ тұр ем, қапияда,
Күл-қоқыс қып жанымды жағып кетті.
Қайта оралмай күндерім неғып кетті,
Жанарымнан тамшы боп тамып кетті.
Қараулығы, сұмдығы шаш етектен,
Мына өмірден көңілім қалып кетті.
Жүрегімді ауыртты, демім бітті,
Көңілімді кім ұғар менің күпті.
Қапастағы тұтқындай аласұрам,
Күте-күте шаршаған жеңілдікті.
Өмір қайда, баяғы мағыналы,
Неге жаным сол күнді сағынады.
Ың-шыңы жоқ кетсем бе құла дүзге,
Жасып қалған жанымды жанығалы.
Жан-дүнием тұр неге өксігелі,
Қашан осы білмеймін ес кіреді.
Түрін түсін білмейтін жүрегімнен,
Түсініксіз бір дауыс естіледі.
Жалғас, жалғас, жалғасшы, тіршілігім,
Жеткізсем деп жүргенде бір шыбығын,
Жайқалғанша сол шыбық тамыр жайып,
Шуағыңды тоқтатпай тұршы, күнім.

Роза СЕЙІЛХАН
124
КӨШІП КЕЛЕМ
Көшіп келем, тағы да көшіп барам,
Кетсем бе екен біржола ауылыма,
Ұлымнан да ұялам, өсіп қалған,
Қала мені баспады бауырына.
Ашуланам білмеймін, кімге, неге,
Тағдырыма, ал, мүмкін, қосағыма.
Оранбай-ақ үлде мен бүлдеге де,
Өз үйімнің от жақсам ошағына.
Өз үйімнің, айтқанға жақсы қандай,
Күнде еденін жуар ем жалтыратып.
Жынын алған жүремін бақсылардай,
Пешенеме бұйырмай жарты бақыт.
Көкем де жоқ, әкемнің алақаны,
Сағындырып көп болды, аңсатқалы,
Оны ойласам, ұйқысыз таң атады,
Жүрегімді мұздатты қанша ақпаны?
Көшіп жүрмін, ай аман, күн аманда,
Хан сарайдай көрші үйі телміреді.
Бізден кедей жоқ екен мына маңда,
Үміт қана өзіне сендіреді. 
Қорланамын несіне, баймын мен де,
Тірі жүрек мендегі соғып тұрған.

АҚ БҰЛТТАР
125
Аққу-қазын қондырған айдын көлге,
Өлеңім бар бақимен жолықтырған.
Жұбатамын, жұбатам, өзімді-өзім,
Апалаған ұлыма қарағанда
Сезім де өзім, бұл күнде төзім де өзім,
Бас аманға не жетсін, жан аманға.
Көшіп келем, тағы да, көшіп барам. 
Оңдырмады бұл тағдыр сынағанда. 
Ұлымнан да ұялам, өсіп қалған. 
Не дер екем, өз үйін сұрағанда... 

Роза СЕЙІЛХАН
126
***
Тас емес, еттен жаралған, 
Жүрегім сені аядым.
Заманым мынау аларған.
Шошаңдатады таяғын.
Ешкімді көргім келмейді,
Жақсысын, тіпті жаманын.
Амал не, өлгім келмейді,
Алынбаған соң қамалым.
Байлығын қайтем, ол емес,
Мен күткен бақыт көктемім.
Сұрадым, бірақ көп емес,
Бүтінделсін деп көп кемім.
Жанымның сезсем қорегін,
Иілгені де тағдырдың.
Баладай аңғал өлеңім,
Есімнен неге тандырдың.
Түсімде сені көп көрем,
Бақытқа ұқсас бір арман.
Өртеніп кетсін от денем,
Күткенде ғажап күн алдан.

АҚ БҰЛТТАР
127
***
Мазалайды бұл ойлар неге мені,
Қашан менің терезем теңеледі.
Керек емес біреудің демегені,
Қажет емес біреудің елегені.
Сағат санап өзгерген мына ғалам,
Мына уақыт бізге енді не береді?..
Қатал тірлік жанымды мұздатқалы,
Тас бауыр жан жанымды сыздатқалы.
Жүрегімді бір сезім мұздатқалы,
Солқылдатып санамды соққылайды,
Мың қатпары миымның, жүз қатпары.
Керегімнің бәрі де бар сияқты,
Естіледі бір әуен ән сияқты.
Мазағынан, тағдырдың тозағынан,
Тұла бойым қып-қызыл қан сияқты.
Мынау байтақ дүние, шексіз әлем,
Әділетсіз тірлікке таң сияқты.
Жалқы көңіл, құлазу күні-түні,
Кеудемдегі сол дүрсіл – үміт үні.
Өлең – өмір, өмірің бүгінгі күн,
Тағдыр – жазу, түспеген бір үтірі.

Роза СЕЙІЛХАН
128
***
Жан серігім, қаламсабым, мұңдасым,
Сенен өзге жанымды кім тыңдасын.
Жаза алмасам, айта алмасам ойымды,
Өзіме емес, ең бастысы жырға сын.
Таба алмадым, іздегенім жоқ менің,
Өкіндіре бердің неге өткенім.
Бұл жолы да тындырмадың түкті деп,
Кейіп кетті көк желекті көктемім.
Не істей алам, не дей алам кімге енді,
Өмір сиқыр тағы тағы түрленді.
«Жаспын» – деуші ем, 
 
 
жастығым да байқатпай,
Көз алдымда ғайып болып үлгерді.
Таң атады қуанамын оған да,
Күн батады қуанамын бұған да.
Азабымды аза тұтып күн кешкем,
Мені ұғатын жан жоқ сынды бұ маңда.
Сырғып өткен өміріме кінә артып,
Кінә артсам да оған сонша құмартып.
Арманымның ақ шуағы күн болып,
Көкжиекке сіңіп жатты мұнартып.
Жұбатпасын жүрегімді басқа мұң,
Тамып, тамып кетсе мінәй жастарым.
Мен қуана келісер ем, бақытты –
Өте шыққан өмір десе қас-қағым.

АҚ БҰЛТТАР
129
ЖАЛҒЫЗДЫҚ 
Мекеніне құстар қайтты тізіліп,
Сияқтанып мендік мұң.
Құс болғым кеп қарап тұрдым қызығып.
Оларды да келді ұққым.
Бұл жолы да қоштаспады Күз, Үміт,
Сағынбайды мені ешкім.
Жүрегімнің бар тамыры үзіліп,
Кейпіне ендім елестің.
Іздегенім табылмады бұл маңнан,
Күйін кештім жалғыздың.
Мендік тағдыр, ауырлау ма деп қалам,
Тағдырынан бар қыздың.
Жалғыздық – тек жарасқан деп Құдайға,
Кінәлаған жұрт кілең.
Жерді құшқан жапырақ та жылай ма?
Түсі неге күп-күрең.

Роза СЕЙІЛХАН
130
АУҒАН СОҒЫСЫНА 
Біз ол кезде бала едік, балғын едік,
Батқан күнмен қуандық таңды көріп.
Ойладық па, бақытты бал дәуренді,
Кетеміз деп ауылға мәңгі көміп.
Есте бәрі, асыр сап шаттанамыз,
Шыбық алып шыққанша ақ мамамыз,
Әсерінен ойынның арыла алмай,
Ал ертесі мектепке аттанамыз.
Мақтанышпен ерекше махаббатпен,
«Отан» сөзін жазамыз тақтаға біз.
Дәл сол жылы ойран ғып ойымызды,
Ауған жайлы таралып жатқан аңыз.
Үзілместей бұйдалап үміттерін,
Рухына жеңдіріп күдіктерін.
Алып жатты әскерге сол ауылдың,
Тепсе темір үзетін жігіттерін.
Гүл сияқты екен ғой қыз дегенің,
Сен дей алмай есімде «Сіз» дегенім,
Сен аттанған сол күні кірпік ілмей,
Бір сезімді елегзіп іздегенмін.
Қызығыңды анашым көрсем деген,
«Жалғызымның алдында өлсем» деген.
Аманат қып отырған шаңырақты,
Бір дауыл кеп шайқады ел сенбеген.

АҚ БҰЛТТАР
131
Өлі де емес, тірі емес жанары мұң,
Қапаланған заңына заманының.
Ұлы жатыр ананың ащы жасын,
Қуысына жасырып тамағының.
Жаратқан-ай, Тәңірдің көрікті ғып,
 Тіршілік жоқ көзінде өліпті үміт.
Тұңғыш рет «лағынет өмір» дедім,
Домаланған томарды көріп тұрып.
Қыз бала едік, кететін ерте гүлдеп,
«Жүруші едім өзімді еркемін» деп.
«Қарындасым, аяулы қарлығашым,
Таусылмайтын сен менің ертегім» деп.
Ән салатын, жоқ енді сол бір әні,
Өмір неге бұлайша тоңдырады.
Еріндері күбірлеп қайталайды,
«Бітті, бәрі осымен болды бәрі».
Емес еді бұл соңы қасіреттің,
Қанша жүрек қапыда жасып өтті.
Бір күн жарық түк болмай ар алдында,
Жүректегі рухты басым етті.
Емдейді уақыт бәрін де, мұң-наланы,
Сол шешеді кім кетіп, кім қалады.
Сен шырқаған сол бір ән сияқтанып,
Түн артынан қуалап күн барады. 

Роза СЕЙІЛХАН
132
ТӨРТЕУ
Төрт қабырға, төрт шумақ өлеңімде,
Осы екеуі көргенім, қорегім де.
Таса болсаң көзден сәл ұмытады,
Қадірлейді сені жұрт керегіңде.
Бәрі солай болады керегінде,
Бәрі жақсы көрінер кемелінде.
Түгендеп ап төрт көзін жақыныңның,
Арыздасып қаларсың өлеріңде.
Сенбесің де қас-қағым сенерің де,
Жеңбесің де беймәлім, жеңерің де
өнерің де, қалады өлеңің де.
Бәрі жалған екен ғой,
бұл өмірде,
Бәрі алдамшы екен ғой мына өмірде.

АҚ БҰЛТТАР
133
***
Қар жауып тұр, әппақ қар мақта сынды,
Адам ойын бiлмейтiн тап басуды.
Балағымнан су кештім қар аралас,
Жаурағанда бiлмейтiн жақтасуды.
Кешiп келем бар денем күйіп, жанып,
Тепкiлейдi шекемдi миым қарып.
«Ақын жанын ұғуға тырыспайтын
Адам деген не деген қиын халық», –
деп сөгем кеп алдымнан қарайғанды,
Жұта-жұта шаршады санам қайғы.
Көзге күлiп тұрғанмен былай шыға,
Дұшпан түгiл, досың да жамандайды.
Қар жауып тұр, өбедi беттен келiп,
Қарып жатыр аязы неткен желiк.
Жылы жаққа ұшатын қанатым жоқ,
Қуантса екен тезiрек көктем келiп.
Көктем келiп қуантса, көктем келiп,
Қиялыма сүңгiдiм өткенге ерiп.
Қысқа өкпелеп тоңғанда бара жатам,
Жылы күннiң шуағын кеткен көмiп,
Пештi армандап отырар шоғын үрлеп,
Ғажап екен ананың тоны бiр деп.
Мысығының, итiнiң панасы бар,
Алаяқтар ауласын торыдым кеп.

Роза СЕЙІЛХАН
134
АСТАНАҒА АРНАУ
Өзiңе қарап ойланам, жас қала бүгiн,
Арнайды бұл қыз өзiңе жасқана жырын.
Арқаның әппақ таңын-ай, арайлап атқан,
Жап-жазық дала төрiнен бастала ма ұғым.
Тербелiп зәулiм үйлер тұр өтiнде желдiң,
Көргiң келсе егер дейтiндей бекiн де келгiн.
Ебелек бiткен елiктеп дөңгелеп кеттi,
Өзi де сондай дөңгелек бетiнде жердiң. 
Ғайыптан келген секiлдi бұл қала маған,
Ару ма әлде бiлмеймiн, мұңдана қалған,
Өмiрге сенi әкелген сиқырлар емес,
Өмiрге сенi әкелген бiр дана, қалам.
Жаратқан оны адам деп Тәңірiм өзi,
Жақсы да, жаман тек сода бәрiнiң көзi,
Адамның ғана қолынан келетiн заттың,
Iске аспай қалған болмапты әлi бiр кезi.
Жасалып қолдан, паңданар тәкаппар қала,
Таулар жоқ мұнда, тау сынды атақ бар дара.
Жалыны сыймай бойына өртеген күннен,
Тарайды жерге мыңдаған шапақтар жана.
Бақытты құшқан сәтiмнiң куәгерiсiң,
Көргендей оны боп кеттi бiр әлем iшiм.
Мен оны сүйгем, сондықтан сенi де сүйем,
Шын сүймей ғұмыр кешу де күнә мен үшiн.

АҚ БҰЛТТАР
135
ТОЛҒАУ
(Астананың 15 жылдығына)
Тәй-тәйлап келіп,
Айқайлап ашқан есігін.
Ақылың болса, 
Айқайлағанның несі мін.
Ақ таңнан үміт күтетін 
Елдің бесігін
Тербете берші, 
Құдайым, беріп кешірім.
Абырой, атақ 
Арыңнан қымбат болмаған,
Осыдан асқан бар ма екен сірә,
Зор бағаң.
Еңіреп кеткен 
Ерлердің есіл аруағы,
Қиындау сәтте, 
Ауырлау шақта қолдаған.
Жанардан қанша
Үзіліп түсті лағыл мұң,
Сары алтын болып, 
Жарқырап түбі сабырдың.
Запыран құсып,
Залымдығынан заманның,
Жоғалып барып,
Жоғалып қалып табылдың.
Күн нұрын төкті, 
Төкпеген кезі бар ма шын.

Роза СЕЙІЛХАН
136
Сезімнен асқақ, көңілден биік 
Бар ма шың.
Өзен ғой, өмір 
Қайнары келіп қосылған,
Бұрмауға тәйір,
Амалы бар ма арнасын.
Түрленіп ғалам,
Гүлденіп далам күн санап,
Сусылдай сырғып, 
Зырылдап жатыр құмсағат.
Ұқтырды ма екен,
Шық тұнды ма екен жанарға,
Жүргенде өзін, 
Тұрғанда өзін құл санап.
Сүрінбей өттік,
Тағдырдың қатал сынынан,
Жарық күн, әр кез
Жарқырап атқан шұғылаң.
Астана сынды 
Шаһарым жайды қанатын
Елімнің оны 
Жетістігі деп ұғынам.
Бар әлем танып, 
Мәшһүр боп аты даламның,
Күн санап көркі 
әрленіп жатыр қаламның.
Әлемнің көзі –
қалғанда саған қадалып,
Тотыдай болып, 
Ару қалам-ау, тарандың.

АҚ БҰЛТТАР
137
Жасанған шаһар,
жаныңа сыйлар шаттығын,
Жас болғандықтан,
басылмай тұр-ау, аптығың.
Тәуелсіз елдің 
көгінен күліп атты күн,
Тәуелсіз елді қия алмай 
қанша батты күн.
Қазағым, сенің 
Қасиетіңнен айналып,
Алдыңнан туды 
шуағын төгіп ақ күнің.
Ұлтыңның бүгін 
Жүрегі болып соғасың,
Арманшыл жастың,
Түсіне түнеп қонасың.
Ғұмырың ұзақ, 
мерейің үстем болсыншы,
Сен енді бүгін 
15-ке ғана толасың.
Бүгінгі әсем көркіңде
Жатыр қанша ұғым.
Арманы болған аруы 
Сенсің баршаның.
Құс болып ұшып
кетуге дайын едім ғой,
Асқақ қалам-ау, 
Ауғанда саған аңсарым.
Дөңгелеп кетті жел қуған 
жеңіл ебелек,

Роза СЕЙІЛХАН
138
Күрес қой өмір,
Ебелекті кім елемек.
Астана, сені көрген ел
бүгін айтып жүр,
«Елбасы шешім 
қабылдапты деп керемет»
Тартқан ел едік 
тағдырдың тартқан талайын,
Тарихтың бетін
Үн-түнсіз қалай жабайын.
Бейбіт өмірдің
Берекесін бер, Тәңірім,
дегеннен енді 
Жаңылмайықшы, ағайын!
Зәулім сарайлар 
Аспанмен көкте таласқан,
«Ханшатыр» менен «Бәйтерек» 
қалай жарасқан.
Кейпіңнен сенің 
керемет сенім көремін, 
Бәйгеге қосар 
Сәйгүлік сынды таң асқан.
Жүзіңе бейне төккендей
сәуле әппақ Ай,
Сұлулығыңды тұрамыз 
қалай мақтамай.
Тәуелсіз елді 
Тыныштығымен тербетіп,
Бозала таңның 
Бозарып тұрып атқаны-ай.

АҚ БҰЛТТАР
139
Жабыққаныңды, 
Қамыққаныңды ұмыттың,
Күдікпен емес, үмітпен 
Бойды жылыттың.
Бірікпей қайда барады 
дейсің апыр-ау,
Шаңырақ болса, 
Шаншылар жері уықтың.
Себезгі мұңның
Сейіліп кеткен кермегі,
Сендегі кескін 
Жарасын жанның емдеді.
Астана болып 
Бас қала келер дегенге,
Біреулер сенді,
Біреулер мүлде сенбеді.
Қаланың өркен 
жайғанын сонда шын қалап,
Елбасын қолдап,
Қаншама жандар терледі.
Жанарға шаттық 
үйірген сезім сияқты,
Еліткен еді
Шаһардың сұлу өрнегі.
Атадан алған, 
Анадан алған тәлім бар,
Қазақ деп соққан 
Жүрегің менен жаның бар.
Бәрінен биік қоятын
Ұятың арың бар,

Роза СЕЙІЛХАН
140
Құдайдай сыйлар 
мейманын қиын шақта да,
Бұл қазақ деген 
Кең пейіл ел ғой, наныңдар.
Астана менен 
Алматысы бар,
Қос қанат.
Қазағым менің ел екенсің ғой,
Бағың бар!

АҚ БҰЛТТАР
141

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет