C 32 Сейілхан Р. С 32



Pdf көрінісі
бет3/8
Дата12.02.2017
өлшемі1,42 Mb.
#3982
1   2   3   4   5   6   7   8

ҚЫЗЫЛСАЙ-2
Шаң қылып Қызылсайдың сар даласын,
Даладан іздейтіндей жан дауасын.
Үйірін ақ бөкеннің талай көрдім,
Жау тұтқан адамзаттың бар баласын.
Қарақат көздерінен төгіліп нұр,
Тұрғаны үрке қарап көрініп тұр.
Еліктей елеңдеген киіктермен,
Арайға әппақ әлем шомылып тұр.
Қызылсай қызғалдаққа малынғандай,
Жібектен қызыл шәлі жамылғандай.
«Құдайым, осы сәтті мәңгі етші» – деп,
Дүние күй кешеді жалынғандай.
Өң бе екен, жоқ әлде бұл елес пе екен,
Ақ бөкен әппақ ару емес пе екен.
Көзімді жұмған сайын сол бір шақты,
Жазығын Қызылсайдың елестетем.
Бөктерді бетеге мен раң басқан,
Тербеліп самал желмен бұраңдасқан.
Кешегі желбір жекен сияқты емес,
Бүгінгі біз айтатын бұл ән, басқа ән.
Қыздырып қызыл құмды күн аптабы,
Жылқылар кісінейді суаттағы.

АҚ БҰЛТТАР
75
Ғайыпқа кеткен киік елесіндей,
Жаныма бір аңсаулар тұрақтады.
Басқа жай қинамайды мені еш бөтен,
Сол бір шақ қайта айналып келмес пе екен.
Құмына Қызылсайдың сіңіп қалған,
Қан жоса киік қаны емес пе екен.

Роза СЕЙІЛХАН
76
***
Сығандардай пал ашқан алақанға,
Ойларымды жан-жаққа таратам да
Өзім болжап, өзімнің өмірімді,
Аласұрам ұйықтамай ала таңда.
Өмір болса өтуде қарайламай,
Құлап тұрған кезім көп абайламай,
Алдамшы арман қайда енді апарады,
Жалғыз соқпақ бастайды қалай қарай.
Ит те дедік, өмірді басқа дедік,
Жанарларды кінәсіз жасқа көміп.
Мейірленсе шынымен Тәңірім-ау,
Гүл-бәйшешек шықпай ма тасқа да өніп.
Керексіздей ешкімге аласұрдым.
Барын ұқпай жанымда жанашырдың.
Ғажап күндер күтеді алдан әлі,
Күйін кешіп қайтемін шарасыздың.
Қай қимасым бар еді бұл қалада.
Күн кешкенім жақсы еді-ау құм далада.
Торғай екеш торғайдың ұясы бар
Жындана да алмаймын мұңдана да.
Есіркеулер меңдеді жерінетін,
Жеңімпаздар мәреде жеңілетін.

АҚ БҰЛТТАР
77
Айналаның бәрі де әділетсіз,
Талантсызы талантты көрінетін.
Сығандардай пал ашқан алақанға,
Ойларымды жан-жаққа таратам да,
Өзім болжап, өзімнің өмірімді
Ұйықтап кетем әйтеуір ала таңда.

Роза СЕЙІЛХАН
78
***
Таба алмай жүрмін күлкімді, 
Жауын ғып көңіл бұлтымды.
Ішін бермейтін біреулер, 
Ашпақ боп кілтсіз құлпымды.
Ұлпасын үрлеп арымның,
Шоғыңа, тағдыр, қарылдым.
Жарасын жазар бауырдың,
Шүберек болып таңылдым.
Тапқаным қане, алғаным,
Алданған үміт, арманым.
Артып-ақ кетер ме екенмін,
Тағдырдың ауыр салмағын.
Ақ қар да жауды соңы аяз,
Бұл шақтың өзі бояуы аз.
Үйсіздің терезесіне,
Атыңды қырау оя жаз.
Қанықпын сендік өнерге,
Тоңбаспын, тоңсам көрем де.
Әйнекке түскен жазуды,
Түсірем мен де өлеңге.
Шуағын күтем таңымның,
Іздеймін жоғын барымның.
Көз жасы қыздың тимесін,
Шыдайын, сабыр, сабыр мұң.

АҚ БҰЛТТАР
79
ҚАРАҢҒЫДА МЕН ЖҮРМІН ӨЛЕҢ ІЗДЕП
Күңгірт бөлме, күңгірт ой, күңгірт бәрі,
Өлең іздеп ойымды үңгіп тағы.
Отырамын оңаша оқшауланып,
Жанарымнан мөлдірім сырғып, тамып.
Көлеңкелі көңілге күн түсіріп,
Ыстығымды тартады түнгі суық.
Алыстарға апарар армандардың,
Аңсаулардың алдында мың кішіріп.
Қою бұлттың ішінен көрінбеген,
Ай тәрізді тұманға көмілді өлең.
Саңылауынан сәулесін шашып қалып,
Жасып қалып жатады сезім деген.
Сұр тұманға селт етпей телміретін,
Төзімді рас, бұл мінез мендік етін.
Бақытымның бағытын бағамдайтын,
Жанарындай сұлудың мөлдіре, түн.
Түнек басқа, түн басқа мен білетін,
Сезім бөлек, сөз бөлек сендіретін.
Өмір деген ұғымның аясында,
Тылсым күш бар бәріне көндіретін.
Армандардың бәріне сенеміз деп,
Соғылады сеңдерге кемеміз көп.
Жарық күнді жатсынып, түнді күтіп,
Қараңғыда мен жүрмін өлең іздеп.

Роза СЕЙІЛХАН
80
***
Көзімнен жасым аққанша қуанып, 
бір күлсем деп ем,
Төгілер ме едің моншақтай болып 
мүмкін сен де өлең.
Сағыныштарым сарқылып, 
сағымға айналғандай ма,
Күлкімді таппай жоғалтқан, 
шарқ ұрып бұл күн сенделем.
Ұмытар едім тағдырдың біржола, 
тарлық қылғанын,
Көргім келеді мұңның да бір сәтке
қалғып тұрғанын.
Бүкіл жаныммен қалар ем, 
өзімшіл қоғамда мына,
Қуаныштар мен шаттықтың ғана 
хандық құрғанын.
Қуанғым келеді жақсы күндермен 
қауышып тұрып,
Кәусарын балдай өмірдің ішер ем, 
тауысып тұрып.
Армандарымды алдамшы рас, 
аялай шаршадым,
Мұңдарым мұңайды жанарларына
тағы шық тұнып.

АҚ БҰЛТТАР
81
Сілем қатқанша қуанып, нақ шыным, 
бір күлсем деп ем,
Болмауға тиіс нәрсенің бәрін 
бүлдірсем деп ем.
Жалт еткен жасын секілді 
мына жалған дүниеде,
Жақсылық сыйлап жақсы жандарға 
үлгірсем деп ем. 

Роза СЕЙІЛХАН
82
***
Таба алмадым маңайымнан бір ізгі ән,
Менің бүгін көңілімде көп күдік.
Маңдайыма бұйырған сол ғұмырдан
Жүрегіме келем, тек мұң өптіріп.
Ащы өмірдің кермектігін сезініп,
Сезген сайын онан мүлде безініп.
Алдарқатып тым тәттілеу арманмен
Меніменен күн кешіп жүр ез үміт.
Алдамшы өмір, сен де бір күн өтерсің,
Кірпігімнен тамшы болып үзіліп.
Бар күнәмді арым ғана көтерсін,
Қара жерге сіңіп жатса сүзіліп.
Мұң екеуміз дос болғанбыз бұл күні,
Жүректегі ашып кірді ол құлпыны.
Өзіме аян, тек өзіме қайтейін,
Қырық жамау жүрегімнің жыртығы.

АҚ БҰЛТТАР
83
***
Алдандырып жүргендей үміт мені,
Бітпей қойды көңілдің күдіктері.
Мұз боп барам, жүрегім тасқа айналып,
Сабыр бер де, Тәңірім, жібіт мені.
Тас боп барам, өзі де тас қалада,
Тым ақылды жас қыз да, жас бала да.
«Өмір» – дейтін ортасы қан базардың,
Әлде осылай қаталдау бастала ма?
Қажет емес, жауабы білетінім,
Өлмейінше өмірді сүретінім,
Ішім жылап, ал сыртқа күлетінім,
Нәпақа іздеп әйтеуір жүретінім.
Аңғал арман, дерсің-ау «мұның қалай?»
Қателікке сен мендей ұрынбағай.
Өзім ғана кінәлі, сенбесең көр,
Мысқылдайды төбемнен жымыңдап Ай.
Сенімім де әп сәтте көзін ілді,
Қайрай-қайрай жалықтым төзімімді.
Жылауға да жасқанам, естуге де,
Іштен тынған өз даусым, өз үнімді.
Жалғыз соқпақ түскенім алды сағым,
Түсімде ылғи құс болып тауға ұшамын.
Өзектіге бір өлім өлеңіме,
Айырбастап алғанмын жар құшағын.

Роза СЕЙІЛХАН
84
***
Мен келемін,
Әйтеуір жүріп келем.
Күдікпенен, өлмейтін үмітпенен.
Қол ұстасқан қыздың да жігітпенен
Бір ғаламат назы бар біліп келем.
Өлгем бе екем, 
Әлде бұл өлі денем
Өлі адамға не дейсіз соныменен?
Махаббатқа ұқсастау бір сезіммен
Көзім жұмсам болғаны сені көрем.
Күлуге де болады бұл ісіме,
Түсіп кетіп шықпай жүр мұң ішіме.
Сен рас, түкті білмейсің, білмеген соң,
Оның саған өлісі, тірісі не.
Күз тонауда бар талдың жапырағын,
Бұл мезгілде шырқайды ақын әнін.
Сен мен үшін елессің, өзіңсіз-ақ,
Таңды атырып, күнімді батырамын. 
Аянышты бәрі де дүниенің,
Бірде күйіп, ал бірде сүйінемін.
Бақытымды сол тауып беретіндей,
Бауырымның сақасын иіремін.
Үзіп, жұлып жанымның жапырағын,
Кірпік ілмей таңымды атырамын.
Тіл тигізсем ей, өмір, кешір мені,
Ақын деген мен болам ақымағың.

АҚ БҰЛТТАР
85
***
Жолықтың маған,
Мұңайып жүрген шақта бір.
Күз айы еді, төгіліп тұрды
Баққа нұр.
Біреуді бұлай ұнатпағалы
Көп болды,
Кеудемнен жаным шығып кетердей
Шаққа жүр.
Сезіммен сезім кезіккен,
Сол бір сағатта,
Моншақтай өлең төгіліп түсті параққа.
Отырдық үнсіз, көңілшек жасым көзімнен,
Тамып та кеткен тостаған толы шарапқа.
Мас болғым келген,
Шарапты түгел тауысып,
Тұрғанда жаным 
 
 
шаттықпен бір сәт қауышып.
Балауыз шамдай жүрегім еріп баратты,
Өмірдің түсі өзгеше түске ауысып.
Өлең оқыдым,
Ұғатын сол ғой мені шын.
Әзірге менің жырымда ғана жеңісім.
Өмірден мынау өкінбей өтсек болғаны
Ол аса қажет, сен үшін және мен үшін.

Роза СЕЙІЛХАН
86
КҮЗГІ ЖАҢБЫР
Жанымды жабықтырды.
Естіп тұрдым туу, көктің жылағанын.
Тереземді тамшылар қағып тұрды.
Елес беріп сұлбасы бір ағаның.
Күлген болдым, жүрегім қуанбады.
Оймен кезіп шаршадым ертегі елін.
Оны көріп көңілім жұбанбады,
Басқа жанға келді ме еркелегім.
Көлгірсуді өзіме ар санап ем,
Бақытымның күткен соң баяндысын.
Шөлім қанбас, амал не тамсағанмен,
Алайда, аға, бәрібір аяулысың.
Ақымақпын ұқпайтын, ұға алмайтын,
Әлім де жоқ, бітуге таяу күшім.
Сөйлеспесе, көрмесе тұра алмайтын,
Жан екенсің бәріне аяулы шын.

АҚ БҰЛТТАР
87
***
Көктен жұлдыз бір құлайды.
Күндер жейді үңгіп Айды.
Көлеңкелі тірлігімнен,
Бір бақытым бұлдырайды.
Таңда жаңбыр себеледі,
Іздегенім өлең еді.
Көрінбейді неге жаздың,
Қызыл-сары көбелегі.
Жанымның бір жыртығы бар,
Арманымның сырты мұнар.
Таудың қызы тауды аңсайды,
Атсейістей жылқы құмар.
Таң шапағы шыңға асылып,
Шабыт тұрды жырға асығып.
Неге еркек боп жаралмадым,
Жалықтырды ұрғашы үміт.
Бақытымды аңсамаймын,
Азығы бар жан сарайдың.
Сонша бақыт күн кешеді,
Бар болса егер қанша қайғым.
Төзімімді тұмар етем,
Сұлулыққа құмар екем.
Өмір өтер бұлаң етіп,
Салғанымыз бір ән екен.

Роза СЕЙІЛХАН
88
***
Таң самалы,
Көп-ақ екен жанымның аңсағаны.
Өзіңді көрсем деген бірер арман,
Кеудемде жар салады,
Сені күтіп, көп болды шаршағалы.
Шағын кафе,
Жұрт күліп тамсанады.
Ұрттап ішкен масайтып бал шарабы,
Сыңғырлатып бокалын қағыстырып,
Бірі билеп, ал бірі ән салады.
Ал мен үшін,
Тәтті емес өмір керім,
Алдап-арбап мұқалтты сенімдерім.
Сен екеуміз тоздырған бұл орыннан,
Осы күні өлердей жерінгенмін.
Бітті бәрі,
Жанарыма домалап шық тұнады,
Айналамның бақытты тіпті бәрі.
Күйтабақтан төгілген көңілсіз күй,
Жалғандығын өмірдің ұқтырады.

АҚ БҰЛТТАР
89
***
Сұрағым да көп,
Жауапсыз лағып, сенделген.
Жыладың ба деп,
Аяйтын сезім менде өлген.
Барлығы жым-жырт,
Былығып біткен тірлігім.
Бір-бірін құл ғып,
Жер бетін кезді жынды мұң.
Арғымақ мініп,
Адыр-адырмен желген күн,
Балқұрақ тынып,
Соғатын еді жел де еркін.
Елеске айналды,
Көңілім шалқып, күлген күн.
Егес қайдағы...
Күрсініп, білек түргенмін.
Санада ой көп,
Бірі бар, бірі жоғалған.
Қалада той боп,
Ауылдың көркі тоналған.
Айнала ың-жың,
Беймаза болған тірлігім.
Пенделер ым-жым,
Ұқсастар тауып, бір-бірін.

Роза СЕЙІЛХАН
90
***
Талғажау ғып қанағат пен төзімді,
Арман, арман, биік арман көз ілді.
Көрінбейтін кеңістіктің ішінен,
Белгісіз жан іздеп жүрмін өзіңді.
Ал сен жоқсың,
Тағдыр бәлкім қатал ма?
Жүрсің бе әлде оралмайтын сапарда.
Неге екенін жалғызсырай беремін,
Жолаушыдай жол таппаған жапанда.
Місе тұтпай дүниенің кеңдігін,
Тар әлемде аласұрдым мен бүгін.
Күлсе күлер, қайғырды деп біреулер,
«Аяулы жан» сені күтіп шерлімін.
Қанатына қол созумен бақыттың,
Қадіріне жетпей жүйрік уақыттың.
Әлденеге елегзумен өтті өмір,
Атты таң да, батты күн.
Бәрін ұғып, үндемейді жүрегім,
Қайталанған тірлігіме күлемін.
Сағынышты сіңдіріп ап санама,
Сені күтіп, сені іздеумен жүремін.

АҚ БҰЛТТАР
91
АРПАЛЫС
Жүрегім, қорқытпашы дүрсіліңмен,
Онсыз да күндер өтті күрсінумен.
Мен осы қаншама рет құлап тұрдым,
Көз ашпай кедергіден кіл сүрінгем.
Өмірдің күтіп алып ағыстарын,
Келмеген өктемдерден қалыс қалғым.
Сыр тұнған көңілімнің көлеңкесін,
Тағдырым, бір өзіңе табыстадым.
Алдасын күліп тұрып ұнағандар,
Дос та жоқ, жабырқасаң шын алаңдар.
Ұға алмай дал боласың кім екенін,
Жұмбақ қой шешуі жоқ бұл адамдар.

Роза СЕЙІЛХАН
92
***
Жаныңа қанша қайғы жамаса да,
Күлкі арсыз, ұйқы да арсыз, тамаша да.
Өмірдің заңы қатал, талғамайды ол,
Өзіңді қанша мықты санасаң да.
Төрінде жүрегімнің сезім барда,
Ойланып, мұңаймаған кезім бар ма.
Жанымның жыртығына жамау іздеп,
Қайраумен жүріп келем төзімді арға.
Есенмін, жынды емеспін, әккі мұңым,
Мінез бар, жоқ алайда жат қылығым.
Сүруді қояр ем-ау, мен де өмірді,
Егер де ол қояр болса тәттілігін.
Асқақтық мән бермейді аласаға,
Батылға әлсіз болу жараса ма?
Жаз өтіп, күз келсе екен, ал содан соң,
Қыс түсіп, қар жауса екен қарашада.
Қолымды сілтеп қарап барлығына,
Тірліктің барлығына, тарлығына.
Оралмас бір сапарға аттанар ем,
Тәңірдің құлақ түріп жарлығына.
Күн кешем несіне енді жалған күліп,
Ойымда ойран салды арман бүлік.
Жалған-ай, жақсылығың жайбасар-ау,
Әйтеуір бір келетін алдандырып.

АҚ БҰЛТТАР
93
***
Жан жүйемді кеміргіш ой кеміріп,
Жын соққандай өлең жазам еліріп.
Көз көрмейтін кеткім кеп жүр бір жаққа,
Бұл өмірдің тәттілігін сезініп.
Сонда ұғармын, сонда бәрін түсінем,
Ей, жақсы өмір, ең болмаса түсіме ен.
Мен бақытты көре алғам жоқ алайда,
Бақытсыздық жеңе алмайды күші кем.
Адам дейтін сырты сұлу гүл сынды,
Сусып кетер әп-сәттегі құм сынды.
Жүрегін тас, санасын у жайлаған
Шешуі жоқ, аянышты мұң сынды.
Таба алмадым ағы қайсы, қарасы.
Бәрінің де сыздайды жан жарасы.
Жек көруге дәтім барған емес тек,
Өйткені олар адамзаттың баласы.
Өкпелетті, өкінішті үдетіп,
Ойға салды жүрегімді жүдетіп.
Содан бері дәніктіріп жүрмін мен,
Уайымдарды үйіме әкеп түнетіп.

Роза СЕЙІЛХАН
94
***
Мен ұйқыда,
Жаным қаңғып.
Күбір, күбір тілек етем.
Қателесті арым қалғып.
Дүрс-дүрс соққан жүрек екен.
Мансап, байлық әлек тегі...
Күйіп барам жалын құшып,
Бәрінің сол дәметкені
Тұңғиықтан ағылды шық.
Үміт жібін бырт-бырт үзіп,
Опасыз мұң телміреді.
Ой ойлаймын тіпті қызық,
Тек сол ғана сендіреді.
«Қызық» десін, «бұзық» десін
Бағынасың, көндіреді.
Жүрегіңді жібіткесін.
Сен жылайсың, ол күледі.
Өмір, өмір, өмір – нала.
Жігер – бәрін жеңдіреді.
Күрсінемін жеңіл ғана
Бір азап кеп телміреді.

АҚ БҰЛТТАР
95
***
Көк күледі, біресе жылап алып,
Өршіл таудың өзені бұрала ағып.
Тізіле ұшқан тырнадан көз алмадым.
Ішіме ұстап, демімді тына қалып.
Сәттік бейне, қош деді қанат қағып,
Көк терегін ауылдың жанап барып.
Қол ұстасып ұшты олар, сүйсіндім мен,
Төзім қалып, бойымнан тағат қалып.
Неткен сурет, сұлуы-ай келбетінің,
Толқынындай момақан көл бетінің.
Қалқи ұшып барады, шалқи ұшып,
Сусыз жерін менсінбей жер бетінің.
Тілек етіп, ішімнен күбірледім,
Көңілімнің сеземін бүлінгенін.
Жастығымды ап қашқан күндер қайда?
Түндер қайда? 
 
 
білмеймін түгін? 
    ненің?
Алыстады тырналар үнінде мұң,
Сездіме екен, сезімге жүгінгенін.
Жиырма тоғыз көктемім ғайып болды,
Отызыншы көктемім бүгін менің.
Шуағыңды бойыма дарыт Күнім!
Қимай кетті-ау, ол-дағы жарықтығым.
Жиырма тоғыз көктемнің жоқшысындай,
Естіледі алыстан талып бір үн.

Роза СЕЙІЛХАН
96
***
Жүріп келемін, құлағаным жоқ,
Жалғыздығым бар, ұнағаным жоқ.
Тәңірден көпті сұрағаным жоқ.
Сұрамауға да түк амалым жоқ.
Өмір орманда түлкі жортады,
Тікенегі бар, кірпі қорқады.
Қырықтың бірі қызыр деуші еді,
Кезбейді ол да ұйқылы ортаны.
Қызықты күндер байқалмай кетті.
Айналып әлек Ай талмай көкті.
Тауыса алмай оны мүжіген күндер,
Өткен ғұмырды қайтармай кетті.
Найзағай түсіп, терек құлады,
Әрнені пенде себеп қылады.
Жаның мен тәнің ұғысқан шақта.
Жақсы көруді керек қылады.
Өмірдің осы жұмбағы, заңы.
Ақынның осы жырдағы хәлі.
Бәйшешек сынды төзімді гүлге,
Кедергі етпес ылғалы, қары.
Қаланың халқы абыр да, сабыр,
Кеудемде үміт, жанымда сабыр.

АҚ БҰЛТТАР
97
Несіне сүрем өмірді айтшы,
Мені ойлап біреу сағынбаса бір.
Жүріп те келем, сүрініп келем.
Бүлдіріп келем, бүлініп келем.
Дүние осы-ау, қызыққа толы,
Бірі күткенді бірі күтпеген.
Білініп боз таң ағарып атты,
Саусағы күннің тарады бақты.
Мөлтілдек шықтар бу болып ұшып,
Асығар бұлтқа қабағы қатты.

Роза СЕЙІЛХАН
98
***
Таң да атпайды, безерді түн неліктен,
Түрі ме әлде жалғызсың деп кеміткен.
Анау жұлдыз телміреді несіне,
Әлде сол ма сезімімді еліткен.
Кешір енді, періште емес, пендемін,
Асып жатыр, тасып жатыр менде мұң.
Ақымақ Ай, жұлдызыңды алып кет,
Білмеуші ме ең, мендік сезім өлгенін.
Қылаң берші, құтқарушым, ақ таңым,
Көрмейсің бе, жаным жылап жатқанын.
Жалғыз едім, дәл кеудемнен мына түн,
Басып қойды зілдей қара батпанын.

АҚ БҰЛТТАР
99
НАЗ
Өзіңді іздегенде мен,
Жалғаннан күтем жақсылық жаңа
Жасымды сүртем жасырып қана.
Лапылдай жанған өрт емес пе едің,
Жалының бітіп басылып қалма.
Күнсің ғой көкем, көлеңке сүймес,
Мұңайсам егер, сәулеңді шашып,
Көкжиектерден асылып қара.
Бәзбіреулердей мысқылдап күліп,
Жаншыма, жанның алапаттарын.
Керегімді мен жаңа тапқанмын.
Көктемім келіп жылытқан шақта,
Жылыстап жаймен барар ақпаным.
Аяулым деме, сағындым деме,
Сөнуге тақау жалынды үрлеме.
Сүйсіне қарап, сүйем демесең,
Сезімнен алқа тағындым неге
Өзіңді сағынғанда мен,
Қалмайды мүлде бойымда дәрмен
Алысып болғам төзіммен, армен.
Жиреніп кеткем сезімнен әлден,
Өзіңсіз күннен безінгем әбден.

Роза СЕЙІЛХАН
100
***
Тыныш бөлме, ал көңіл есіреді,
Сырт-сырт етіп соғады сағат қана.
Құдайым тек бәрін де кешіреді,
«Сабыр» дейді төзім мен тағатқа да.
Пәстеу күйде әрнеге алабұртып,
Қойып жатам өзімше сезімге мін.
Жалғыздығым кеткенде жан ауыртып,
Тамып қалып жатады көзімдегім.
Аңсамаймын түкті де тұнық түнім,
Бақытымды өзіммін құрбан еткен.
«Өңің неге мұншалық сынық күнім», –
Анам қойған сауал көп жылдар өткен.
Берекесін тілеумен шаңырақтың,
Өмірімді өлшемей өңімменен.
Жыр әлемде келді ме жалын атқым,
Әлденені іздеппін көрінбеген.

АҚ БҰЛТТАР
101
***
Өтірік күлем, күлмеске шара бар ма,
Осы күні түсіп жүр, алаң арға.
Бұл қаладан біржола кетсем бе екен,
Артып алып жүгімді қара нарға.
Сорымды жүр үмітім ақтап алып,
Мысықтілеу біреулер таптары анық.
Жаным әппақ болатын, тәлкек тағдыр
Жаға салды күйесін қап-қара ғып.
Ажыратып жатпады ақ, қара ғып,
Өтпегендей басынан тап балалық.
Егер де мен қар болсам, мына адамдар,
Қояр ма еді қатырып аққала ғып.

Роза СЕЙІЛХАН
102
ӘКЕМЕ
Күн кірпігі сәуле боп таралады,
Жылы шуақ ауылды аралады.
Келем ұшып әкемнің қабіріне,
Жүрегімнің ағармай қара дағы.
Құлыптаста бейнесі тірі сынды,
О, Құдірет, бере гөр ырысыңды.
Туған жердің төріне өткенімде,
Терең ала бастадым тынысымды.
Алматыда жүрегім қысылатын,
Тәлкек тағдыр күнде сый ұсынатын.
Зекіп жібер, жан әке, аямашы,
Кез жеткенін еске сап ысылатын.
Топырағың жылытты алақанды,
Жанарымнан жас емес, нала тамды,
Әкем мені тым ұзақ күтсе керек,
Сағынышпен атырып ала таңды.
Ақ күмбездің есігі ашық қапты,
Сағыныштан сары шөп басып қапты.
Алатаудан құлаған ашулы өзен,
Тебірентті жанымды тасып қатты.
Үнсіз қалдым ішімнен дұға қылып,
Қылаң етті кеудемде қырағы үміт.

АҚ БҰЛТТАР
103
Шабытымның шыңырау шатқалынан,
Сел боп тасып келеді жыр ағылып.
Қоңыр самал самайдан өпті келіп,
Тілеуіңді дегендей көп тіледік.
Күбірлеп ем, әкем деп иіскеп тұрған,
Жанарыма тамшылар етті иелік.

Роза СЕЙІЛХАН
104
***
Көгілдір көкте күн күдік,
Құйқылжыр сағым сыр бүгіп.
Жанардан тамбай тамшылар,
Ақ шағыл бұлттар тұр күліп.
Санама сіңіп сағыныш,
Жанымда болған жарылыс.
Кеше гөр, мені Тәңірім!
Адымым бассам жаңылыс.
Жаратқан, өзің бір Аллам,
Алдыңда талай сыналғам.
Сезімім бар да, жүрегім,
Күнәға батпай тұра алман.
Жаңылыс баспай жүре алман.
Көгімнен төкті күн нұрын,
Жырақта қалсын мұңды күн,
Мен бүгін мұңның көзінен,
Бір тамшы болып сырғыдым.
Қуаныштан кеп жыладым,
Жанғандай болды шырағым.
Тәңірім, өзің жар болшы,
Бармақтай бақты сұрадым.

АҚ БҰЛТТАР
105
***
Тағдырға артпай кінәнің бәрін,
Өзіңді күткем сенделіп.
Аузыма келіп сыраның дәмі,
Жылағам жандай боркемік.
Келмейтініңді біліп тұрсам да,
Қимайтынымды білдіргем.
Түк болмағандай күліп тұрсаң да,
Ұмытарыңды кім білген.
Жақсы еді-ау, сенің көрінбегенің,
Көргенде шалқып көңілденемін.
Күндердің бәрі көңілсіз емес,
Тәп-тәтті болып өмірде керім.
Есіктің әрбір тырсылын бағып,
Елеңдеумен-ақ күн өтер.
Кетпеді-ау, Тәңір қырсығымды алып,
Шын сүю мені күң етер.
Ақылды санап өзгенің бәрін,
Ақымақ болып жүргенім.
Қиянаттарға төзбеді ме мұң,
Тынышталғандай түндерім.
Мен бірақ мүлде өкінген емен,
Көгімде Жұлдыз, Айым бар.
Тәңірден жалғыз өтінгем Өлең,
Мақұлдап тұр ғой қайыңдар.

Роза СЕЙІЛХАН
106
***
Ұнатамын,
Бәрін де ұнатамын.
Ай сәулесін, ажарын,
Бұла таңын.
Тамшыларын,
Жаңбырдың моншақтарын.
Өр таулардың белесін,
Жол, соқпағын.
Өзен-көлді,
Шәрбатын ақ бұлақтың.
Ақ жусанын, жуасын,
Көк құрақтың.
Аймалаған самалды,
Шашымды өбіп.
Көк отты да, жоғалған,
Жасынға еріп.
Бұлдыраған алыстан
Сағымды да,
Тұла бойда маздаған
Жалынды да.
Дүниенің кеңдігін
Көк аспанды,

АҚ БҰЛТТАР
107
Көк теңізді бәрін де
Бәрін мына.
Не табамыз көңілге
Кірбің алып,
Өмір, өмір өтеді
Сырғып ағып.
Махаббаттың орнына
Жүрегімде
«Өлең» атты отырмын
Жырды жағып.

Роза СЕЙІЛХАН
108

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет