Балалардың дамуында ауытқушылығы болуына жүйке жүйесінің қызметінің ықпалы зор. Балалардың жүйке жүйесінің мәселелерін туындататын жағдайлар:
- қорқыныш, қауіптілік сезімінің жоғары болуы;
- үнемі шаршаңқылық жағдайында орын алу;
- кез келген әрекетке, өмірде орын алатын кейбір оқиғаларға күйгелектік таныту, аргессия жасаушылық;
- өмірге деген қызығушылықтың туындауы;
- кешкі уақытта ұйықтай алмаушылық және күндізгі уақытта ұйқының басуы;
- өзіне деген сенімсіздіктің орын алуы мен өздігінен шешімге келе алмауы;
- жиі ашулану, ұсақ-түйектің барлығына алаңдаушылық денсаулыққа кері ықпалын тигізіп, көптеген сырқаттарды туындатады.
Осындай жүйке жүйесінің ауырлауы жағдайында арнайы мектептерде мынадай әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйесінің қызметін жақсартуға болады:
- арман-мақсаттарды айқындап, болашақ өмір туралы жақсы ойларды ойлау; Өмірде айқын мақсат, үлкен келелі міндеттердің болуы жағдайында жігер, қажыр-қайрат, күш пайда болып, алға ұмтылыс пайда болады, энергия молаяды;
- ұйқыны дұрыс ұйымдастыру; Белсенді және сергек болу үшін, достарымен жақсы қарым-қатынаста болуы және оқуға деген құлшыныс жақсы болуы үшін ұйқының қануы өзекті мәселе;
- тамақ мәселесін дұрыс молшерлей алу; ұйықтар алдында 3 сағат бұрын кешкі асты ішіп тынығатын болса, ағза да жақсы дем алады, зат алмасу процестері де жақсы жолға қойылады. Сол сияқты тағамның құрамында дәрумендердің, микро және макроэлементтердің мол болуы назарда болуы шарт. Әсіресе кальций кез келген тұлға үшін маңызды элемент болып саналатындықтан, құрамында кальциі бар азық-түлікті мол тұтынған жөн. Қарақұмық, бұршақ тағамдарын мол тұтынудың жүйке жүйесінің қызметіне зор пайдасы бар[13].
Кальций элементі жүйке жүйесінің қызметін де лайықты дәрежеде реттейді. С дәрумені күйзеліске төтеп беруге итермелейді, сол себепті дәріханадан аталмыш дәруменді алып тұтынып, не болмаса аталмыш дәрумені бар тағамдарды пайдаланған дұрыс.
Арнайы мектептерде дамуында ауытқуы бар балалармендың қимыл-әрекеті функцияларын қалыптастыру жоғары жүйке қызметін, жүйке-бұлшық ет аппаратын және олардың функцияларын, ішкі органдарын ретке келтіріп тұрады. Балалар дене-бітімінің дұрыс дамуы, денсаулығының нығаюы, жұмыс қабілетінің артуы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына қарсы тұруға ықпал етеді. Жақсы денсаулық –а дамның еңбек және қоғамның іс-әрекетке жемісті қатысуының маңызды кепілі. Балалардың денсаулығына қамқорлық жасауға біздің қоғамымыз мейлінше мүдделі. Сабақтарда, сабақтан тыс уақытта, спорт секцияларында дене тәрбиесін күн сайын ұйымдастырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет. Табиғи қозғалыстың түрлері жүгіру, қарғу, жүзу, лақтыру, шаңғы, коньки, велосипед тебу, акробатика өмірге қажетті дағды және іскерліктерді қалыптастырады. Балалардың денесі түрлі жаттығулар көмегімен ширап, дамиды. Сондықтан күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік сияқты адам қабілетін дамыту балалардың қозғалтқыш тәжірибесін байытады, дене қозғалысын үйлестіреді, жүйке жүйелерінің қалыпты жұмыс атқаруына қолайлы ахуалдарды туындатады.
Арнайы мектептерде жүйке жүйесі әлсіз болып келетін оқушылар қандай жағдайларда қиналады?
- күш-қайратты талап ететін жұмыстар (жылдам шаршайды, жұмыс қабілетін жоғалтады, қателіктер жібереді, баяу игереді);
- эмоционалды қажыр-қайратты қажет ететін жұмыстар (бақылау, өздік жұмыстары, әсіресе егер оларға шектеулі ғана уақыт ұсынылса);
- қолма-қол жауап беру қажеттілігі туындау жағдайларында және сұрақтардың қойылуының жоғары қарқынында;
- күтпеген, тосын сұрақтар мен ауызша жауапты талап ететін талаптар;
- кері бағасын алған сәтсіз жауаптан кейінгі ахуалдар;
- ерекше назар аударуды қажет ететін жағдайлардағы жұмыстар (бір уақытта жазу, кітап қарау, оқулық бойынша жұмыстар);
- шулы, тынышсыз ортада жұмыс жасау;
- шұғыл ескертуден кейінгі жұмыс жасау, жолдастарымен келіспей қалушылық;
-көлемі жағынан зор болып келетін материалдарды игеру мен материалдардың мазмұнының ауқымдылығы.
Ата-аналарды оқушылармен бірге әрекетке қатыстыру. Мұнда тәрбиелеу ортасын кеңейту, оқушы тұлғасының дамуына ықпал ету өрісін арттыру, сабақтан тыс тәрбие әрекетін ұйымдастыру, осы әрекеттер барысында мұғалімдер, ата-аналар мен балалардың өзара қарым-қатынасын жақсартуды көздейді.
Арнайы мектептердің тәжірибесінде ата-аналарды балалармен бірге әрекетке қатыстырудың әр түрлі формаларын қолданылады
- сабақтан тыс әр түрлі тәрбиелік шараларға қатыстыру (мәдени жорық, саяхат, кеш, спорттық жарыстар, т.с.с.);
-жалпы мектеп көлемінде өткізілетін дәстүрлі шараларға қатыстыру(мектеп бітірушілермен кездесу, соңғы қоңырау, жаңа жыл шыршасы, халықаралық әйелдер мейрамы, наурыз, оқушылардың жазғы демалысы өткізу т.б.);
- балалардың сабақтарына, кештерге, ата-аналардың ашық есік күніне т.б;
- мектептің кәсіптік бағдар жұмыстарына қатысу (еңбек адамдарымен кездесу, өндіріске саяхат, кәсіби бағдар бөлмесін жабдықтау жұмыстары);
-өздерінің мамандықтарына сай факультативтік және үйірме жұмыстарын ұйымдастыру;
- балалардың аула клубтарын құруға;
- мектептің және сынып кеңестерінің жұмыстарына;
- мектептің немесе сыныптың жөндеу жұмыстарына, ауланы көгаландыру қатысу, кітапхана қорын молайтуға, көрмелер ұйымдастыруға;
- мектептің немесе сыныптың әр түрлі шараларын ұйымдастыру[14].
Арнайы мектеп жас ұрпақтың рухани-адамгершілікке тәрбиеленуіне жан- жақты әсер етеді. Әлеуметтік және белгілі бір мақсатқа бағытталған әсер арқылы.
Арнайы мектеп тәрбиесі қайнар көзі, оның қоғам өмірімен тығыз байланысы. Арнайы мектеп балалары шын мәнінде тату-тәтті болса, одан, адамгершілік пен әділеттіліктің көрінісі туады. Ұжымның бірлігі мен ынтымақтастығы оның құрамындағы адамдардың адамгершілік талаптарынан, өзара көмек қарым-қатынасынан, бір-бірін терең түсіне білулерінен көрінеді. Арнайы мектептің негізгі міндеті – баланы еңбекке, адамдар арасында өмір сүре білуге үйрету. Осы айтылған анықтамаларға сүйене отырып, біз арнайы мектеп тәрбиесіне былай анықтама бердік: «Арнайы мектеп тәрбиесі-ата-ананың жас ұрпаққа рухани-адамгершілікті тәрбие беріп, бір-бірімен адал достай сырласып, үлгілі тәрбиесімен ерекшеленіп, жан дүниесі таза, тек қана жақсылыққа ұмтылып, кез-келген адамға көмектесіп, еліне, жеріне қызмет жасауды үйрету» [15].
Арнайы мектеп тәрбиесі мәселелері бойынша тәрбиешілердің білім қоры мен қабілеттері әр түрлі болып кездеседі. Арнайы мектептер мүмкіндігі шектеулі, дамуында ауытқулары бар балалар үшін көптеген өзекті жұмыстар ретін іске асырады:
-балалардың өсіп, жетілуіне қолайлы жағдай тудыру;
-балаларды әлеуметтік –психологиялық қорғау жасау;
-арнайы мектепте тәрбиелік тәжірибені сақтау, болашақ отбасылық өмірге даярлау, үлкендерді ауыл адамдарын құрметтеп, көмек көрсетуге тәрбиелеу;
-өзіне, басқа кез-келген үлкен-кішіге көмек көрсету, қызмет жасауға іскерлік дағдысын қалыптастыру;
-өзін-өзі бағалауға, өзіндік позицияның қалыптасуына тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауда арнаулы мектеп ұжымы мүшелері мына принциптерге сүйеніп, басшылыққа алуы қажет:
-балаларға адамгершілік, имандылық, қайырымдылық қатынас жасау;
-балаларға ашықтылық, сенімділік таныту;
-балаларға талап қоюда бірізділік пен жүйелілікті сақтау;
-балалардың сұрақтарымен қызығушылығын, өнерін бағалап, жауапсыз қалдырмау;
-балаларға ретсіз ақыл айтып жалықтырмау;
-тәрбиешілер өзінің білімін жетілдіріп, өзін-өзі танып, өзі қателік жібермеу.
Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы тұрақтылығы ұйымдастырып бағыт беруші сынып жетекшісі болғандықтан, ең алдымен оның өзі отбасы тәрбиесі мәселелері саласынан жан-жақты білімді болуы тиіс.
Психологиялық бөгелуі бар балалардың жағдайлары эксперименттік зерттеулер және бақылаулар арқылы дәлеледенеді. Психологиялық ауытқуы бар балалардың дамуы аномальды негізде жүзеге асырылады; ол оның қалыпты дамуынан баяулық, нақты ауытқушылықтар, өзіндік белгілері анық білінеді. Коррекциялық мектептердің өзекті мәселелерінің бірі – арнайы мектептерде оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру.
Таным үрдістерінің бірі – байланыстырып жазбаша сөйлеудің психологиялық бөгелуі бар балаларда қандай қиындықта және қандай деңгейде жүретінін зерттеген ғалымдар К. К. Өмірбекова, К. Ж. Бектаева т.б. ғалымдар. Бірқатар психологтар: Ж. И. Шиф, И.М. Соловьев, В. Г. Петрова, Н. М. Стадненко, Ю.Т. Матасов т.б. ғалымдар психологиялық бөгелуі бар балаларда арнайы ұйымдастырылған коррекциялық оқытудың әсерінен ойлаудың дамуында жағымды динамика байқалатынын көрсеткен.
Арнайы мектептегі дамуында психологиялық бөгелуі бар балалардың мінез-құлқында түрлі өзгеше ерекшеліктер болады. Айналасындағы болып жатқан құбылыстарға немқұрайлылықпен жатырқап енжар қарайды, адамдардың жүріс-тұрыстарына және сөйлеген сөздеріне көңіл аударып қызықпайды. Балалармен қосылып ойнауға көбінесе көңілі соқпайды, томаға-тұйық, олпы-солпы болбырап жүретін, яғни, баланың даму процесі тежеліп ауытқыған кәнаратты дімкәстігі әсіресе жүйке жүйесі бұзылған балаларға арналған арнайы орындарға көрсеткенде аңғарылады. Тұла-бойды ұйқылы мең-зеңдік басып, үнемі маужырап жүретін болады, сөзге сараң, баяу ғана булығып сөйлейтіндері де кездеседі[16].
Психологиялық бөгелісі бар балалардың дене құрылыстарындағы қимыл-қозғалыстарының өрескел бұзылғандығы білінбейді. Олар көрсетілген қимыл-қозғалыстарды қайталап бере алады. Сөйлеу тілдері де онша бұзылмаған, тек кейбіреулерінде ғана тіл мүкістіктері кездеседі, екіншілерінде сөздік қоры кедей, ал үшіншілерінде сөйлеу тілдерінің грамматикалық құрылысының қалыптаспағандығы байқалады. Олар өздерінің ұғымдарына түсінікті оңтайлы істерге бар ықыластарын салып мұқият кіріседі. Ақыл-ойдың танымдық қызметінің күрделі түрі толық жетілмеген балалардың нерв жүйелерінің негізгі процестерінің, яғни мінез-құлықтарының айтарлықтай бір қалыпты байсалды және салмақты болатындығын көрсетсе, екінші түріне жататын балаларда бұл процесс керісінше, өрескел бұзылғандығы байқалады. Олардың кейбіреулері дамыл таппайтын тынымсыз, ұшқалақ, жеңілтек, алаңғасар, алданғыш, қызба, ал енді біреулері олпы-солпысы шыққан солбыр, титықтап тез жүйкелейтін әлсіз және айналасына немқұрайлы қарайтын самарқау болады. Бұл топтағы балалардың танымдық қызметінің күрделі түрлерінің жетілмеуі нерв жүйелерінің қозу мен тежелу процестерінің араларындағы байланыстардың тұрақтылығы бұзылған жағдайда болады.
Осындай дамуында ауытқуы бар әр түрлі дәрежедегі сырқаттары бар балалармен жұмыс жүргізетін аранйы мектептердің болашағы зор.