Зерттеу жұмысының объектісі: Дамуында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мекемелер.
Курстық жұмыстың мақсаты: Аномальды балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін анализдей отырып, оларға коррекциялық көмек көрсетудегі арнайы мектептердің іс-әрекеттеріне тоқталу.
Міндеттері: 1) дамуында ауытқулары бар балалардың тәрбиесіндегі арнайы мектептердің рөліне тоқталу;
2)арнайы мектептердегі атқарылатын психологиялық-педагогикалық жұмыстар ретіне тоқталу;
3) арнайы мектептердің болашағына назар аудару.
Курстық жұмыстың әдіс-тәсілдері.Жинақтау, жүйелеу, ізденіс, сұрыптау, қосымша дереккөздермен жұмыс.
Құрылымы. Курстық жұмыс кіріспеден, негізгі және қорытынды бөлімдерден тұрады. Қолданылған әдебиеттер тізімі бар.
І. ДАМУЫНДА АУЫТҚУЫ БАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ МЕКТЕПТЕР 1.1 Дамуында ауытқуы бар балаларға арналған алғашқы арнайы мекемелер Кемістігі бар балаларға арналған мекемелердің пайда болу тарихы XIX ғасырдың II жартысынан Ұлы Қазан революциясының уақытына дейін созылады. XIX ғасырдың 80 жылдары Ресейде тек соқыр адамдарға арналған Санкт-Петербургтік училище және Петер, Мәскеу, Варшавада құлағы нашар еститіндер мен ақыл-есі кем балаларға арналған приют пен арнайы мектептерде 200-ге жуық балалар ғана тәрбие алатын.
XX ғасырдың басында тек екі қосымша мектептерде ғана балаларға логопедияялық көмек көрсетілді. XIX ғасырдың соңында ғана Ресейде зағип адамдар саны 250 000 жуық, құлағы нашар еститіндер саны 150 000, ақыл-есі кем адамдар саны 200 000 жеткен еді[1].
Ең алғаш аномальды балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемасы 1896 жылы кәсіби-техникалық білімді басқарудың №2 съезінде талқыланған болатын. Сол съезде көзі нашар көретіндер, құлағы нашар еститіндер, ақыл-есі кем балаларды оқыту секциясы құрылды. Бұл жерде талқыланған мәселе – Ресейдегі аномальды балаларға үкімет басшылығының және қоғамның көңілін аударуды және арнайы мекемелер жүйесін ұлғайтып, кеңейтуге ұсыныс етті. Бұл секцияның ең басты жұмысы – Ресейдегі дефектологтардың I съезді болатын. Съезге қатысушылар аномальды балаларға деген қамқорлық – ол қоғамның міндеті екендігін дәлелдеді. Олар балаларға көмектің тек негізгі формасын ғана емес, мектепке дейінгі және мектептегі балаларға арналған мекемелер құрылымын анықтады. Бұл сұрақтардың шешімін тапқан соң шетелдік аномальды балаларға арналған мекемелердің тәжірибесі ескерілді.
Съездің шешімі бойынша осы проблемелар, яғни аномальды балаларға көмек беру, оларды емдеу, оқыту бүкіл ресей қоғамдық бағдарламасының басты міндеті болды.
Ауытқуы бар балаларды оқыту мен тәрбиелеудің даму құрылысы филантропикалық негізде болды. Ал арнайы мекемелер жүйесінің даму проблемасы шешілмей қалды.
Кеңестік революцияға дейін оқу орындары саны өте аз мөлшерде приюттік типте болды.Дене және ақыл -ойы жағынан ақаулығы бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу мемлекеттік жүйедегі білім беру саласына енгізілді.Ұлы қазан жеңісінен кейін кеңестік мемлекет ақаулығы бар балаларға аса ерекше түрде көңіл бөлуді қолға алды. 1918 жылы ақаулығы бар балаларға жекелей қайырымдылық сипаттағы балалар мекемесі болып, ол жалпы мемлекеттік жүйедегі білім білім беру саласына қосылды. 1919 жылы Халық комиссариаты кеңесі саңырау, соқыр, ақыл - ойы кеміс, психикалық жағынан ауру балаларды емдеу, оқыту және тәрбиелеу ісі жөнінде жұмысты қолға алды. Сол кезде мүмкіндігі шектелген балаларға көмек ету ісіне мемлекеттік қоғам қайраткерлері А.И.Ульянова –Елизарова, А.В.Луначарский, А.М.Горький араласты. Осыдан бастап біртіндеп ақаулығы бар балаларға оқыту және тәрбиелеу ісі ғылыми негізілікте дами түсті. Психология, медицина, педагогика салаларындағы В.М.Бехтерев, Л.С.Выготский, В.Н.Мясищев, Г.И.Россолимо, Ф.А.Роу, В.М.Кащенко, Н.М.Лаговский, Н.А.Гроборов мүмкіндігі шектелген балаларға өз қызығушылықтарын танытып, өз үлестерін қосты[2].
1920 жылы өткен съезд және конференцияларда «Балаларды қорғау және балалар кемшілігін қорғау» бойынша арнайы білім беру жүйесінде дефектология өздігінен дербес білім аймағына айналды. 1929 жылы елімізде 1-ші рет ақаулығы бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу және оларды еңбекке әзірлеу мәселесін зерттеу жөнінде ғылыми орталықтың құрылуы аса үлкен жаңалық болды. Бұл экспериментальдық дефектологиялық институтқа (ЭДИ) көрнекті кеңес ғалымы И.И.Данюшевский (директор), Л.С.Выготский (ғылыми қызметкер) қызмет етті. Біртіндеп жылдан жылға ақаулығы бар балаларға қоғам, мемлекет тарапынан көмек ету және оларды үйлесімді жағдаймен қамтамасыз ету қарқынды дами түсті. 1971 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында «Ақыл - ойы кеміс тұлғалар құқығы» Деклорациясы, 1971 жылы «Мүгедектер құқығы» туралы Деклорация қабылданды. Еліміздің ірі қалаларында арнайы мектептер кеңінен ұйымдастырыла түсті Қазіргі кезде де ақаулығы бар балаларға арнайы көмек беру, олардың түзелуіне жағдай жасаумен қамтамасыз ету қоғам және мемлекет тарапынан белсенді түрде іске асырылуда. Әрбір арнайы мектептер жұмысы арнайы бағдарламалар бойынша, әдістемелік бағытта, оқу және көрнекі құралдар арқылы іске асырылды. Көмекші және арнайы мектептер Ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста жүргізіліп дами түсуде. Балалардың ақаулықтарын дер кезінде анықтау, ерте медициналық зерттеу, психологиялық- педагогикалық диагностика жұмысын жүргізу, олардың ақаулықтарын дұрыс және нақты анықтай отырып медициналық- педагогикалық-психологиялық көмек беру істері де қарастылуда.
Ұлы Қазан революциясынан кейінгі барлық іс-шаралар, яғни ауытқушылықпен күресу және оның профилактикасы жалпы өсіп келе жатқан ұрпақтың саулығын сақтауға бағытталады.
Аномальды балаларды тәрбиелеудегі жабық жүйеге Л.С.Выготский қарсы болды. Аномальды балаларға арналған мекемелер жүйесінің түрлері көбейді, олар: балалар үйі, мектептер, қабылдау мектептері және т.б. мекемелер болды.
Н.К.Крупская аномальды балаларға қамқорлық жасай отырып, ақыл-есінің дамуында және физикалық дамуында ауытқуы бар балаларға арналған мекемелер жүйесін ашудың маңыздылығын атап көрсетті.
Аномальды балаларға арналған арнайы мекемелер жүйесі сол уақытта тек мектеп қана емес, мектепке дейінгі де және көзі көрмейтін, құлағы естімейтін ересектерге арналған кешкі оқыту мекемесі қолға алынды.
Арнайы мекемелер – мектеп-интернаттар, ондағы балалар толығымен мемлекеттің қарамағында қадағаланды. Ондағы балаларда кездесетін қиындықтарға байланысты дефектолог - мұғалімдердің еңбекақысына 20% қосымша төленіп отырды.
Нашар еститіндер, нашар көретіндер, тілінде кемістігі бар және ақыл-есі кем балалар жалпы орта білім беретін мектепте білім алғаннан кейін, өз мүмкіншіліктеріне байланысты арнайы және ЖОО-да оқуға мүмкіндігі болады. Арнайы мектептерде оқу орнын бітіргеннен кейін кәсіби білімді жұмыстан бөлмей оқуға дайындық жүргізілді.
Дамуында ауытқуы бар балаларға «Жалпылама және міндетті оқыту заңы» толық таратылды. Арнайы мектептер жүйесі оқу жоспарымен, оқу бағдарламасымен және арнайы оқулықтармен қамтамасыз етілді. Барлық аномальды балалар жынысына, әлеуметтік статусына қарамастан арнайы мекемелерге оқуға түсуге құқығы болды.
Жас ерекшелігіне байланысты барлық арнайы мекемелер үш типке бөлінді:
Мектепке дейінгі мекемелер (балабақша, балалар үйі, арнайы бөлімдер);
тМектеп және мектеп-интернаттар (аномальды балалардың категорияларына байланысты);
Ересектерге арналған кешкі мектептер.
Аномальды балаларға арналған мекемелердің типтері:
Тілінде кемістігі бар жандарға арналған арнайы мектеп-интернат. Бұл мектептер 1-12 сыныптан тұрады. 1-сыныпқа 7 жастан қабылдайды, дайындық сыныптарында 6 жастан оқытылады[3].
12-сыныптың түлектері емтихан тапсырады, оларға «8 жылдық» білім алды деген куәлік беріледі. Мұнда балалардың сөйлеу және сөздік-логикалық ойлауының қалыптасып, дамуына ерекше назар аударылды. 1 сыныптан 7 сыныпқа дейін балалар арнайы оқу бағдарламасымен және арнайы оқулықтармен оқытылады. Ал, 8-12 сыныпқа дейін жалпы оқу бағдарламасы бойынша оқытылып отырады. Сыныптың құрамы 12 адамнан тұрған. 12 жастан бастап жұмысқа дайындық топтарында 5-7 адамнан оқытылды. Мектеп-интернаттағы алдын алу және қалпына келтіру, гигиеналық және консультациялық жұмыстарды маман-дәрігерлер (оториноларинголог, психоневролог, педиатр) жүргізді.
Нашар көретіндер және зағип жандарға арналған мектеп-интернат. Зағип балалар оқу жұмысында тактильді-кинестикалық және есту құралдарымен оқу материалын қабылдайды. Оқушылар офтальмолог-дәрігер, психоневролог, педиатрдың тұрақты бақылауында болады. Мұндай мектеп-интернаттың екі типі бар: он жылдық; 2) он екі жылдық. Сынып құрамы 12 адамнан тұрады. Зағиптарға арналған мектептерде политехникалық білім беріліп және кәсіби дайындық беріледі. Оқыту процесі жалпы білім беру жүйесіне сәйкес келеді. Оқыту «рельефтік-нүктелік» шрифтке негізделген. Оқыту барысы жоғары деңгейде жарықтандырылған (500 мк жоғары емес), парталардың арнайы конструкциясы жылжымалы қақпағымен, оқулықтар үлкен шрифтпен жазылған, дәптерлері ерекше болады. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелу арнайы бағдарлама бойынша жүргізіледі. Бұл мекемелердің жұмысы: тәрбиелейді, емдейді, мүмкіндігі бойынша қалпына келтіреді және көру функциясының өзгерісін дамытуға тырысады.
Тілінде кемістігі бар балаларға арналған логопедиялық мекеме. Арнайы сабақтарда әр түрлі тіл кемістіктерін жоюға байланысты жұмыстар енгізіледі. Бұнымен жоғары педагогикалық білімі бар мұғалім-логопед айналысады. Логопедиялық жұмыс психотерапиялық және физиотерапиялық түрде жүргізілген. Мұндай комплекстік-коррекциялық педагогикалық емдеу жұмыстары ұзақ уақыт өтеді, үш айдан бір жылға дейін созылады. Тілінде күрделі ауытқуы бар балалар мектеп-интернатта білім алады. Мәселен алалия, афазия, ауыр дизартрия және дислалия, алексия, аграфия, өткір білінетін дисграфия және ауыр формадағы тұтықпа ауруымен ауыратын балалар оқытылады. Мектеп-интернатта 1-11 сыныпта оқытады. Бірақ «8жылдық» білім алды деген куәлік беріледі[4].
Халықтық білім беру жүйесінде арнайы балабақшалар және арнайы балалар үшін мектепке дейінгі топтар ақыл-есі кем балалар үшін қарастырылады. Мектепке дейінгі мекемелерде келесі диагнозы бойынша балалар қабылданады: дебиль сатысындағы олигофрения. Олардың жастары 4-тен 8-ге дейін болуы қажет. Ақыл-есі кем «өте төмен дәрежедегі» балаларға (имбецил, идиот) әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінде балалар үйі қарастырылады. Онда 4-18 жас аралығындағы балалар тұрады.. «Өте ауыр дәрежедегі» ақыл-есі кем балалар, яғни идиоттар психохроника колониясына жіберіледі. Емдеу, сауықтыру, қалпына келтіру жұмыстарын дәрігер-маман (ортопед, психоневролог, педиатр, физиотерапевт) және инструктор (әдіскер) емдеу физкультурасының әдістерін логопед жүргізеді. Дайындық топтарында сабақ уақыты 30-35 минутқа қарастырылған. Сынып құрамы 16 оқушыдан тұрады.
Соқыр-мылқау балаларды оқыту арнайы мекеме – Загорск қаласындағы балалар үйінде қарастырылып, іске асырылды. Дүниежүзінде мұндай мекемелер көп емес. Мұнда 50 бала оқытылады. Олар: соқыр-мылқаулар, нашар көретін керең-мылқаулар, нашар еститін соқырлар (интелектісі нормада) болып табылады. Бұл балаларды тифло-сурдопедагогтар және әр түрлі маман-педагогтар зерттейді. Балалар үйінде сабақ сыныпта 3-4 оқушымен өтеді. Әр топта үш педагог ауысып отырады, яғни әр оқушыға бір педагогтан болады. Тәрбиелеуші педагогтармен әрдайым тығыз байланыста болады. Сонымен қатар педиатр, офтальмолог, оториноларинголог, невропатолог жұмыс істейді. Оқуды балалар 3 жастан бастап 19-20 жаста аяқтап отырған. Себебі, олар 12 жылдық жүйе бойынша оқиды. Одан бөлек 16 жастан бастап балалар үйінде оқу-еңбек топтары жұмыс істейді. Мұндағы балалар оқып бітіргеннен кейін «Бүкілресейлік соқырлар қоғамы» мекемелерінде жұмыс істейді. Сол мекеменің жатақханасында өмір сүреді.
Арнаулы мекемелердің құрылуымен бірге кеңес дефектологиясы дами берді. Кеңес дефектологтары алдында аномальды балаларға кімдерді жатқызуға болады? – деген басты проблема тұрды.
Аномальды балаларды тәрбиелеу және оқыту олардың физикалық дамуына және ақыл-ой дамуына қарай ұйымдастырылады. Кейбір балалардың кемістіктерін түзегеннен кейін, оларды кәдімгі мектептерде оқытуға болады. Ал кейбіреулері арнаулы мектептерде оқытылады және сонда тәрбиеленеді. Аномальды балалардың білім алу қабілеті әр түрлі болады. Кейбір балалардың білімді меңгеру дәрежесі кәдімгі жалпы білім беретін мектептердің жай ғана оқу бағдарламасын игерумен шектеледі. Ал кейбіреулердің мүмкіндіктері шексіз болады. Әрбір категориядағы балаларға біздің елімізде белгілі оқу орындары белгіленген:
Керең, нашар еститіндерге арналған мектептер;
Соқыр және нашар көретіндерге арналған мектептер;
Қосалқы мектептер (ақыл-есі нашар дамыған балаларға арналған);
Логопед пунктері (тіл кемістіктері бар балаларға арналған);
Сөйлеу қабілетін түзету мектептері (күрделі тіл кемістіктері бар балаларға арналған);
Барлық топтағы балалар үшін бала-бақшалар;
Мемлекет тарапынан жәрдем беретін арнаулы орындар[5]
Аномальды балаларды тәрбиелеу және оқыту бұл күрделі педагогикалық жұмыс болып есептелінеді.
Ақыл-ойы кем балалар қосалқы мектептерде оқытылады. Қосалқы мектепте оқушыларға жалпы және арнайы еңбек тәрбиесі беріледі.
Жалпы – әр адамға тән еңбектің негізгі түрлері бойынша бағыт беріледі.
Арнайы – оқушыларды кәсіптік жағынан дайындауға бағытталады. Арнайы кәсіптік еңбекке баулу 3 кезеңнен тұрады:
еңбек пропедевтикасы;
кәсіптік бағдар;
кәсіптік еңбекке баулу[6].
Еңбек пропедевтикасы – (1-3 сыныпты қамтиды). Негізгі мақсаты – оқушылардың еңбекке деген жалпы дайындығын қалыптастыру. Еңбек әрекетінің негізгі формасы – еңбек сабағы. Балалар қағазбен, картонмен, ағашпен, матамен, пластилинмен жұмыс орындаудың алғашқы ептілігін, дағдысын меңгере бастайды.
Кәсіптік бағдар – (4 сыныпты қамтиды). Оқу шеберханаларында қол еңбегін қолдану ретінде қалыптасады. Балалар шеберханаларда еңбек жағдайларымен, құралдармен, станоктармен танысады. Материалдарды (қағаз, картон, сымдар) өңдеудегі қарапайым дағды мен ептілікті меңгереді.
Кәсіптік еңбекке баулу – (5-8 сыныпты қамтиды). Мақсат – оқушыларды өнеркәсіп орындарында, еңбек құрылыстарында, халыққа қызмет көрсету орындарында жұмыс істеуге үйрету, яғни арнайы мамандық беру. Қыздар киім тігу, ер балалар аяқ киім жөндеу, маляр, штукатур, обой жапсыру, картонды түптеу мамандықтарын алады.
Ақыл-ойы кем балалар қосалқы мектептерде тәрбиеленді. Бастауыш сыныптарда ерекше назар сөз-сөйлемді қалыптастыру ерекшелігіне аударылады, яғни сөз-сөйлемді дұрыс түсініп қабылдау, сұрақты дұрыс түсіну, дұрыс сұрақ бере алу, өзінің іс-әрекеті туралы ойын дұрыс жеткізе білу, тапсыраны дұрыс орындау т.б. Сурет салу, пластилинмен жұмыс орындау, дене шынықтыру, өлең айту сабақтары ақыл - есі кем балаларды дамытуда, олармен коррекциялық жұмыстар өткізуде ерекше рөль атқарады.
Жоғары сыныптарда (5-8 сынып) ақыл есі кем балаларды арнайы мамандықтарға үйрету, оқыту жұмыстары басталады. Оқу шеберханаларында оқушылар жүйелі дайындық арқылы арнайы мамандықтарды игере бастайды (ағаш өңдеу, темір өңдеу, тігін шебері, қағаз-картонды түптеу жұмыстары, ауыл шаруашылық мамандықтардың кейбір түрлері т.б.)[7].
Еңбек тәрбиесі ақыл-ойы кем балалардың жан-жақты, интеллектуалдық жағынан дамуына, сонымен қатар баланың бойында өнегелі қасиеттерді қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Сондықтан ақыл-ойы кем балалармен жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысында еңбек-оқытудың ең негізгі әдісі болып саналады. Өнегелі қасиеттерді қалыптастыру, яғни ұжым арқылы, ұжым үшін тәрбиелеу, мадақтау, ұялту, түсіндіру, үйрету әдістерін қолдану ақыл-ойы кем балалар үшін өте қажет.
Қосалқы мектептерде ұйымдастырылған оқыту және тәрбие процестері, ақыл-ой кемістігін дұрыс коррекциялау және емдеу әдістерін қолдану баланың қалыптасуына ерекше әсер етеді. Қосалқы мектептердің тәрбиеленушілері мектепті бітіргеннен кейін, нәтижелі түрде өндірістік еңбекпен айналысып, өздерінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарай отырып қоғамға пайда келтіре алады.