Байланысты: Д. А. лкебаева аза тіліні прагмастилистикасы (1)
БЕЗЕНДІРУШІ СТИЛИСТИКА Стилистикалық бояулы сөз өрнектері Тілдік бірліктердің ішінде сөз айрықша маңызды орынға ие. Тілдің функциональдық жүйесін сөздің ролін стилистика саласы анықтап бере алады. Тілдің функциональдық стильдерге қарай ажыратылатын нормалары стилистикалық нормалар екені белгілі, осы бағытта сөздің стильдік-прагматикалық мәнін ашуға болады. Стилистикалық нормалар – сөзді әсем, әсерлі қолдану, ал жалпы сөздік қор қазынасы барлық стильдерге тән болып келеді. Сөздің алуан түрлі мағыналық прагматикалық қырларын түсіндіріп кез келген стиль саласы бойынша сөздердің іріктеліп алуын, лексикалық нормаларды стильдік мәнерге орайластыра қолдануды лексикалық стилистика саласы зерттейді.
Тілдің лексикалық қазынасындағы сөздердің мағынасын, прагматикалық мақсатын айқындап әрі қолданысқа дұрыс енгізу мәселесі стилистика ғылымымен тығыз байланыста болады.
Безендіруші стилистика сөз образына арналады. “Образдылық”, “бейнелілік”, “көркемдік” – өте күрделі стилистикалық категория. “Образ” терминінің астарында семантикалық ерекшелік пен прагматикалық мақсат, стилистикалық әсер қатар үйлесіп айтылады. Стилистика ғылымында “образ” деген сөз әр түрлі мағынада қолданылады. Образдылық – эстетикалық идеалдың шындық тұрғысынан қабылданған формасы, сөз – образ оның жеке қолданысы. Сөздің образдылыққа енуі өзінің тура мағынасынан ауыспалы мағыналарға ойысуы, сөздің образды мағынаға ие болуы өзінің алғашқы номинативті мағынасының қызметін жоғалтып, ерекше бояуға енуі болып табылады, ал экспрессивтілік бояу стилистикалық әсер береді, автордың сөзі прагматикалық мақсатын айқын танытып отырады. Сөздің образға енуі оның мағыналық өзгеріске түсуін бағалау функциональдық стильдердегі эстетикалық қызметін көрсету болса, екіншіден, бір стильден екінші стильдің сөз образдарының да үлес салмағын танып білуіне тікелей қатысын анықтап береді.
Образдылық – әр түрлі эпитет сөздерді тіркестіріп терми ретінде әр түрлі интерпретациялық анықтамаға ие болып келеді, мысалы:“поэтикалық образ”, “образды ойлау” деген де тіркестер кездеседі.
Сөз образы лингвостилистика тұрғысынан әртүрлі семантикалық-стилистикалық категорияның көркемдік функциясын анықтайды.
Образды троптық және троптық емес деп бөлуді белгілі мәтін арқылы түсіндіру қолайлы.
Ей, жігітім, тұра тұр, дүрілдеме, Түсірген бе жағаға жүріп кеме, Шығыстау да бір түрлі үндемейді, Үндемейді дала да бүгін неге?(Т. Молдағалиев).
Осы өлең жолдарында троптық емес түрінде қалыптасқаны шумақтың 1,2 тармағы болса, 3,4 тармағы тропты болып келеді. Сондықтан образдың көркем стильге тән екені бірден байқалады, басқа стильдерге оның ішінде ресми және ғылыми стильге тән емес, бірақ ғылыми стильде ара-тұра кездесіп отырады. Образды сөз ауызекі сөйлеуде көп кездеседі:үш тәрелкені алып қойдым(синекдоха), қызы бір алтын(метафора) т.б.
Сөз образдылығы бір сөз арқылы берілсе, троптың түрлері бір сөзде де, сөз тіркесінде де, сөйлемдерде де кездесіп отырады.
Образ – троп өзінің функциональдық стильдерде қолдану-қолданбау сипаты жағынан 2 түрлі қарастырылады: әдебиет теориясы бойынша көркем шығармада сөздің тура мағынасында қолданылатын автология деп аталынады, ал бейнелі, образды мәнде жұмсалуы металогия деп аталылады.
Металогиялық сөз-образ көркемдік қуат танытуда ғана жарайды деген пікір жаңсақ пікір, жалпы көркем әдебиет стиліне тән екені о бастан белгілі, көркем шығармада метология образды емес сөздер де жалпы образдылық терминіне қызмет етеді. Сөз зергері кейде оны қолданбау немесе қолданудан бас тартуы авторлық шеберлік дәрежесі туралы айтуға негіз бола алмайды. Сөз образын қолдану контекске байланысты, кейде автор дәйексіз, жалған образдарға да бара алады. Бұл жұмыста сөз образдарын жеке стиль саласындағы өрісін анықтап, қай стиль түріне тән екендігін айқындау қажеттілігін көрсетеді, сөз-образ мәтінді құраудың эстетикалық мәнін көрсетеді, сондай-ақ, контекстегі авторлық көркемдік-бейнелік сипаты танытатын сөз-образына жетелейтін талап пен талғам әрі жеке стиль жүйесін анықтайтын образды сөздер шоғырына талдау жасалынады.