Негізгі ұғымдармен терминдер Қазақтың аса көрнекті әнші-композиторлары: Біржан, Ақан, Жаяу Муса т.б.
Әнші-композиторлар әндерінің тақырыптары.
Әйел, Отан, туған жер тақырыптары.
Қазақтың ұлы композитор-күйшілері Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет,
Дина.
Олардың күйлерінің ерекшеліктері.
Сұрақтар мен тапсырмалар 1. Қазақтың аса көрнекті әнші-композиторлары шығармашылығы туралы әңгіме құрастырыңыз.
2. Құрманғазы мен Дәулеткерей шығармашылығында қандай ұқсастық және айырмашылықтар бар?
3. Тәттімбет қандай домбыра мектебінің негізін қалады?
4. Дина күйлері қандай тақырыптарға арнап шығарылды?
Негізгі әдебиеттер: 1 Мыңбаев Д., Бейсембайұлы Ж.Ұлт мұраты, 2014
2 Казакстан тарихы М.Б.Мұхамедов, Б.Сырымбетұлы , 2012
3 Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағыт-бағдарлары, А.Ш.Жангазин, Р.С.Кайсаринова, 2015.
4 Қазақстан халқының рухани мәдениетінің тарихы, Ш.Н.Нығымов, 2012
12 тақырып. Қазақтың ұлы ағартушылары мен зиялыларының рухани мұралары
Дәріс мақсаты: Қазақтың ұлы ағартушылары мен зиялыларының рухани мұраларымен студенттерді жете таныстыру XIX ғасырда түркі халықтарының арасында жәдидизм идеялары тарай бастады. Бұл идеялар Ресей империясының білім беру саласындағы экспансиясына қарсы бағытталған еді. Жәдид мектептерінде бұрынғы діни мектептерде болмаған ғылым негіздері оқытылды. Бұл мектептердің негізін салушы татар оқымыстысы И.Гаспринский еді. Туысқан татар, өзбек, қазақ қырғыз, башқұрт т.б. түркі халықтарының ағартушылары Ш.Маржани, К. Насыри, А.Фитрат, А.Ибрагимов, А.Құнанбаев, Ә.Бөкейханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Сералин, М.Шоқай, Ғ.Қараш, С.Торайғыров және басқалар өз халықтарына білім беру ісімен жан аямай айналысты.
Жәдид мектебінің мұғалімі, қазақтың көрнекті ақыны С.Торайғыров өзінің ұстаздық мұратын 1916 жылы былай деп бейнеледі:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам?
А.Байтұрсынов араб емлесінің негізінде “төте жазу” деп аталатын жаңа емле ойлап тауып, оны қазақ мектебіне пайдалануға ұсынды.
Мұсылмандық жаңа әдістік мектепті жақтаушы қазақ ағартушылары білім беру ісінде жалаң діни қағидаларды оқытудың орнына, жалпы адамзаттық құндылықтарды енгізу қажеттігін түсінді.
Қазақстан мәдениетіне үлкен үлес қосқан қазақтың алғашқы ғалымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов орыстың әскери мектебінің түлегі еді. Алайда Шоқанды қазақ даласында орыстандыру саясатын жүргізуші болды деп бағалау үстірт пікір. Арғы атасы Абылайды пір тұтқан Шоқан өз халқының мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге тырысты. Бұған негізгі құрал оның ағартушылық әрекеті болды.
Қазақ ағартушылығына Еуропадағы ағылшын, неміс, француздардағы сияқты жалпы ортақ белгілер тән. Ең бастысы - білім мен ғылымды адамдарды бақытқа жеткізетін күш деп ұғыну. Алайда қазақ ағартушылығының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Мұның өзі Шығыс Ренессансына, тәуелсіз Қазақ хандығына және Ресей империясы құрамындағы бодан халық тағдырына қатысты.
Ағартушылық мәдениеттегі негізгі тетік – адам. Шоқан сыртқы әлемге “дала адамын” түсіндіргісі келді. Осы мақсатпен ол қазақ және қырғыз халықтарының миф-аңыздарын, салт-дәстүрін, діні мен тілін зерттейді. Шоқан жазған “Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының ескі аңыз әңгімелері”, “Қазақтардағы шамандықтың іздері”, “Қашқария туралы жазбалар”, “Сахарадағы мұсылмандық туралы” және т.б. ғылыми еңбектерде қазақ және басқа түрік халықтарының мәдениетіне энциклопедиялық талдау берілген.
Шоқанды тек қазақ ағартушысы деп шектеу жеткіліксіз. Ол шын мәнісінде нағыз ренессанстық тұлға. Не бары 30 жыл ғана өмір сүрген ол өзін дарынды тарихшы, тіл маманы, географ, мәдениет танушы ретінде Еуропа мен Азияға таныстырып кетті. Патшалық Ресейде білім алған империя офицері ретінде Черняев экспедициясына қатысты, басын қатерге тігіп, Қашқарияға жасырын барды. Ф.М.Достоевский, С.Р.Дуров, Н.Г: Чернышевский сияқты орыстың озық ойлы ғұламаларымен достасып, алдыңғы қатарлы Еуропа мәдениетінен нәр алды. Шоқанның бар арманы өз халқының төл мәдениетін, тарихын, тілін жоғары деңгейге көтеріп, жалпы адамзаттық мәдениетке тең етіп қосу болды. Осының негізгі құралы деп кейбір зерттеушілер Ресей мәдениетін қазақ сахарасында таратуды айтады. Омбыда оқып жүрген кезінен бастап-ақ Шоқан екі түрлі Ресей бар екенігін сезді: бірі – озық ойлы, адамзатты ардақтаушылар, екіншісі – отаршылар, тонағыштар, итаршылар. Шоқан патша әкімшілігінің Қазақстан туралы саясатына әр уақытта күдікпен қараған.
Шоқан араласқан тағы бір мәдениеттанулық мәселе мұсылмандық туралы болды. Қазақтарды жылдам христианға айналдыра алмайтынына көзі жеткен патша әкімдері исламның өздеріне қажетті жақтарын нығайту мақсатымен далаға көптеген татар және Бұхар молдаларын жіберді. Шоқан осы саясатқа қарсы шығып, орыс-қазақ мектептерін көбірек ашуды талап етті. Бірақ бұдан Ш.Уәлиханов атеист болды және исламға қарсы күресті деген пікір тұмау керек. Шоқан бұрыннан қазақтар арасында кең таралған тәңірлік дін және шамандықтың (басқылықтың) маңызын көре білді, исламға қарсы шығудан бас тартты; ол: “біз исламды құдалауды ұсынбаймыз, мұндай қадамдар қарама-қарсы нәтиже беруі мүмкін. Бірақ біз үкіметтің қандай да болсын білімге қарсы дінге қамқорлық жасамауын, және далада ұрып-соғу мен қоқытуға негізделген теологиялық заңдарды күштеп енгізбеуін сұраймыз және талап етеміз”, - деп жазды. Яғни, Шоқан мұсылмандықтағы мәдени-тұтастық функцияларды көре білді. Ұлы мәдениеттердің тоғысуында дүниежүзілік діндер интеграциялық қызмет атқарады. Қысқаша айтқанда, Шоқанның қазақ мәдениетіне қосқан үлесінің негізінде Батыстың да (орыстың да), Шығыстың да тигізген әсері емес, өз халқының төл мәдениеті жатыр.
Қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан тұлға – Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай халық ағарту ісінің практикалық және дидактикалық мәселелерін шешуге тікелей ат салысты, алғашқы педагогикалық оқулық “Қазақ хрестоматиясын” және қазақ балаларына орыс тілін үйретуге арналған оқу құралдарын жазды. Сонымен бірге Ыбырай қазақтың әдеби тілінің негізін салушылардың бірі және халықтың ауыз әдебиетін, әдеп-ғұрпын зерттеуші ретінде белгілі; ол жазған қазақтардың құдалық және үйлену рәсімдері туралы, адамдарды жерлеу және еске алу салттары жөніндегі еңбектері жоғары бағаланып, 1847 жылы Ы.Алтынсарин Ресей географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің мүшесі болып қабылданды. Ыбырай өз қызметі мен шығармашылығында нағыз ағартушы бейнесінде көрінеді.
Ыбырай өзінің ағартушылық қызметінде миссионерлік орыстандыру саясатын қолдаған жоқ. Ол өз халқын білімге, мәдениеттілікке шығарғанда өркениетті елдер қатарына көтерілуді армандады.
Ыбырай 1884 жылы Қазан қаласында атақты “Ислам шариаты” атты кітабын шығарды. Қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылған бұл еңбегінде ол мұсылмандықтың негізгі қағидаларын қазақ мәденитіне шебер қоса білді. Шығыс Ренессанысында қалыптасқан дін мен білімнің арасындағы үйлесімділік идеясын (Әл-Фараби, ибн-Сина т.б.) Ыбырай өз заманына байланысты дамыта білді. Қай дінде болсын, адамдар бір-бірін сыйлау керек делінеді, ал мәдениетсіздіктің негізгі себептеріне надандық, жалқаулық және мақтаншақтық жатқызылады.
“Ендігі жерде мынадай ақылды бұлжытпай ұстаңыз, - дейді Ыбырай Н.А.Мозохинге жазған хатында, -бұл менің айтып отырған ақылым емес, атақты философ-педагог Коменскийдің ақылы. Ол кісі: “Қолындағы барын қанағат ете білетін адам, шын бақытты адам және біз өзіміздің адал еңбегімізбен тіршілік етіп отырмыз дей алатын адам шын бақытты адам”, - деген екен; ал тағы бір араб философы бақыттылық пен байлық неде – дегенде –“ынсаптылықта”, - деп жауап берген екен; міне осы ақылды алыңыз”.
Қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушы – ұлы философ-ақын Абай Құнанбаев. Қазақ мәдениетінің ғасырлар бойы қалыптасуында осы процеске сыншыл көзбен қарап, оны ақыл және жүрек таразысынан өткізетін тұлға тым қажет еді. Абай, міне осындай тұлға болды. Абай өз шығармашылығында қазақ елінің белгілі тарихи тұйыққа тіреліп (бодандыққа түсіп), одан қалай шығуды білмей, болашағы туралы күдіктенген жағдайын суреттеді. Осындай шым-шытырында ғұлама ақын таза уайым мен зарлау дәстүрінен арылып, халық өмірінің кем-кетігіне ашық көзбен қарап, оны емдеудің жолдарын көрсете білді.
Ортағасырлық озық мәдениетінен, қалалары мен төл жазуынан айырылған халықтың бар сенімі фольклор еді. Көшпелі мәдениетке қолайлы форма – ауыз әдебиеті, ел басқарудың ұтымды түрі – билер соты, алайда XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстанды Ресей өзінің тікелей отарына айналдырып, жаңа әкімшілік тәртібін енгізді. Қысқаша айтқанда, көшпелілік мәдениет орыс империясының әсерінен біртіндеп шайқала бастады. Қалалар салынып, фабрика мен зауыттарда қазақ жұмысшылары көбейе берді. Ресей экспансиясы қазақ сахарасындағы көне Шығыс мәдениетін ығыстыруды өзінің негізгі мақсаттарының бірі деп санады.
Батыс (Ресей) мен Шығыстың (Ислам) өркениеттерінің арасындағы Қазақстан болашаққа қарай жол іздеуге мәжбүр болды. Далалық мәдениет осы ағымның ортасында өзіндік ерекшеліктерін сақтауға ұмтылды. Абай орыстық білім мен техниканы насихаттағанмен, христиан дінінен қазақты аулақ болуға шақырады. Ислам – халықтық мәдениеттің тірегі, оның рухани қазығы.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Абай исламды қазақ халқына тұрақты жаңа өркениетті, жоғары имандылықты қалыптастыру құралы ретінде уағыздады. 28-сөзінде ол былай дейді: “Құдайтағала әрбір ақылы бар кісіге парыз деген, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен... Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдайтағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң діннің өзі неден болады?” Жоғарыда келтірілгеннен Абай діншіл, ескіні жақтаушы тәрізді пікірлер тумауы тиісті. Оның мұраты – парасат және мәдениетке қолдаушы болатын ислам. Абайды ағартушы діни ғұлама деп бағалаған дұрыс. Алла жаратушы болғанымен, дүниенің тұтқасы, белдігі адам.
Абайдың өз шығармашылығында қойып отырған үлкен мәселенің бірі – мәдени сабақтастық. Көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа ауыса бастауына, Батыс мәдениетінің қазақ еліне таралуына қатысты дәстүрлік мәдениет пен өзгерістердің ара қатынасын анықтау қажет еді. Ренессанстық парсы – араб өркениетін жоғары бағалаған Абай нәр алған қайнарлардың бірі – классикалық Шығыс поэзиясы мен суфизм.
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу Һәммәси
Мәдет бер я шағири, фәрияд.
Зар заман ақындарынан Абайдың айырмашылығы, ол әлі құрыған уайым мен мұңның орнына қазақ мәдениетінің кертартпа жақтары мен кемшіліктерін түсінетін көзашықтық пен оларды емдеу жолдарын көрсетеді. Мәдениетті елдер қатарына қосылу үшін, - дейді Абай, ең алдымен қазақ халқы төмендегідей кеселді қылықтардан құтылу керек: “Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады”.
Осындай теріс қылықтарды атап айтқан Абай өз халқының бойындағы кемшіліктерді де көрсетеді. Бұл жер де ол “біз ең жақсы халықпыз” сияқты құр далбасалықтың орнына көршілес ұлттардың жақсы жақтарын қабылдауға шақырады: “Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп... Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері, қалмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаҺари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың “ахиреттігін”, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды... Ноғайға қарасам, сол даттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат әсем де соларда. Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз... Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз”. Абай бұл сөздерін қазақ халқын жамандау үшін айтпаған. Ол осы тарихи тұманнан шығу жолын іздейді. Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, парызыңды атқар дейді.
Ұлттық мәдениеттің қорғаушысы деп Абай Руханилықты, Имандылықты, Сезімді ұсынады. Ақыл, Ерік және Жүрек таласы соңғысының пайдасына шешіледі.