ҰЛЫ ДАЛА тарихы
389
Ғұн дәуірінде ел мен жердің бірлігі, туған жер мен тұлғаның тұтастығы
қалыптасып, атамекеннің бір шымшым топырағын тұмар ету тағылымы бүршік
атыпты. Халықтың жадында атажұрт, бабалар қорымы,қасиетті Тәңір аспан,
Жер-ана коды ұялапты.
Жусаны жұпар аңқыған байтақ даланы аттың тұяғымен, қобыздың қияғымен
тербетіп, мағырыптан машырыққа дейінгі халықтарды бір тудың астына
даналықпен біріктіре білген көкжал түрктер өздері орнатқан алып мемлекетті
Ел деп атаған. «Өтүкенде отырсаң Мәңгі Ел боласың» деп болашаққа аманат
қалдырған алып бабалар ұрпағына елдікті мұрат еткен.
Естігенде құлақты елең еткізіп, жүректі елжірететін түгел түркке ортақ
саяси-әлеуметтік мәнге ие Ел сөзінің мағыналық қатпары қалың, бояуы қою.
Бабаларымыз қара ормандай қалың халықты, шұбар жылқының түгіндей ұйысқан
ру-тайпаны, ұраны ортақ ұжымды ұлысты да ел деп атаған. Ордалы отанды
да, сонымен бірге жарғы-жасасы бекіген, шекара шебі, қарулы жасағы, билеуші
қағаны бар біртұтас билік жүйесі мемлекет атауын да ел деп атаған. Демек,
түрктік танымда мемлекет пен оны құраған халық айырғысыз біртұтас ағзаға
айналып, бағзы заманнан қасиетті ел деген бірауыз сөзге сыйып кеткен деуге
әбден болады. Қалың елі үшін қабырғасы қайысып, атажұртының амандығын
кірпік қақпай күзететін, ел мұраты жолында «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай,
аз халықты мол, аш халықты тоқ, жалаңаш халықты тонды ететін, қара терін
төгіп, қызыл қанын ағызатын» қаһарман қағандарына ел деген титул беріп
ұлықтап әспеттеген. Мысалы, «Ел хан», «Елетміш Білге қаған», Елтеріс қаған.
Түрк шежіресіне қарасақ, жұртына қорған, халқына көсем болған талай
қағандар өткен, бірақ солардың бірен-саранының ғана есіміне қарашасы «Ел»
сөзін тіркеп, ұлы қаған ретінде ұлықтаған. Өйткені, ынтымағы ыдырап, берекесі
кеткен елдің басын біріктіру, оны ұлы мемлекетке айналдыру ұлы қағандардың
ғана қолынан келеді. Сол себепті де тозған халықты тірнектеп теріп ел еткен
Құтлықты – Елтеріс қаған, біріккен Түрі қағандығын құрып, түрк жұртын еңселі
елге айналдырған Білгені Елетміш қаған деп дәріптеген.
Бодан елін бостан еткен, ыдыраған ұлысын ынтымаққа келтірген, құлаған
мемлекетін қуатты қағандыққа айналдырған Елтеріс қағанның жөні де,
жосығы да бөлек. Параллель сызықтар шексіз кеңістікте қиылысады деген
Н.И.Лобачевскийдің қисынына ұқсастық Елтеріс хан мен Елбасының қайраткерлік
жолындағы бүгінгі үндестіктен, тоғыз тараулы тоғыстан да байқалғандай.
Елтеріс қаған күйреген, күйзелген елін қытайдың бодандығынан босатты,
қоламтаның ортасынан шоқты үрлеген жолаушыдай түрк ошағының отын
мәңгіге маздатты, астана байтағын белгілеп қасиетті Өтүкенге көшірді, керуен
жолдарды қалпына келтіріп, Ұлы Жібек жолының тынысын кеңітті, Тоныкөк
|