Дастандар



бет7/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   41
Байланысты:
30 Қалижан Бекхожин Поэзия тербетеді жүрегімді

КӨЛДЕГІ КҮЙ

Күмістей жарқыраған қоғалы көл,


Қоныпты осы көлді жағалап ел.
Аққу, қаз су сабалап қаңқылдаса,
Қамысын дабылдатып қағады жел!
Көлдегі жалғыз ғана қызық думан,
Мал даусы жамырасқан, қызықтырған,
Жиекте, әлдеқайда, бүгін кеште,
Шырқаған қандай кыздар сызылтып ән?
Жағалап осы көлді келе жатты,
Белгілі біздің жігіт,
Ақсұратты.
Келеді осы ауылға, өз үйінен,
Түнеріп түйген неге қас-қабақты?
Құтқарып Ақсұратты келген күннен.
Әкеге шерткен сырын көрген-білген.
Ақ пейіл Жагор аға, жасыл Нұра
Жағасы бұл арадан кең көрінген.
Айтса да әкесіне –
тыңдамады,
Сүйеді бесігіндей қыр-даланы.
Бес қара алдындағы бес жүз малдай
Көрініп, ойы соған шырмалады.
Көндіккен тұрмысына әке мүлгіп,
Түйедей шөлде жүрген ептеп жылжып,
Азығы – айран, сүті аз қараның,
Сондықтан малға ғана еткен құлдық.
Жігітке бұл далада кәсіп қайда?
Бес малды бағып-күту несі пайда?
Жалданса әлде байға – жас жігері
Құм болып, жанбай жатып басылмай ма?
Осылай қалар ма екен Дүйсен әлде,
Бұрқаған дала бұлты бүрсең елде?
Бас имей кедейлікке, байлыққа да,
Өзімше емін-еркін жүрсем мен де –
Жасынан жасымаған жас жігерді,
Өрлігі, өткірлігі басым еді.
Жаныңа үміт күткен бар талабы,
Өзгеше даланын бұл жас түлегі.
Оқыды әліп-биді, білді нені?
Тәйірі, дін оқуы білім бе еді?
Әйтеуір, қат таныды, бірақ содан,
Не пайда, елге, өзіне білінбеді,
Тигізіп еңбегімен үйге себін,
Шабатын біреулердің кейде шөбін.
Күрсініп бала жігіт, батып ойға,
Іздейтін көңіл күткен келешегін.


II

Шақырып болыс мырза, ол келеді.


Көп болды соның түрін көрмегелі,
Ыдырыс... Қара шұбар, көзі қызыл,
Жыландай көз алдында өрмеледі.
«Шақырды неге мені, менде ісі не?
Жазығым жоқ еді ғой, бұл кісіге?» –
Деп ойлап, тепеңдетіп Ақсұратты.
Ауылдың келіп калды іргесіне.
Қараша кигіз үйлер көл жағалай,
Үнсіз тұр, аулақтағы бір моладай.
Естілген мал мен иттің даусы ғана,
Әйтпесе жапан дүздей қу жадағай.
Ортада ақсұр үй тұр, кебін түсті,
Ішінде көп үйлердің сол бір сұсты
Қабағы қату жігіт жортып келіп,
Қасына сол орданың келіп түсті.
Кім екен, үй ішінде гүжілдеген?
Тап өзі, – бұл Ыдырыс кіжіңдеген.
Сыртынан жерлеп жатыр әлдекімді, –
Бәрі бір, кірді жігіт сыр білмеген
Сәлемін берді Дүйсен.
Болыс көріп,
Қарады кірпік қағып, бас көтеріп,
– Есен бе? Әкең тың ба?
деп қырылдап.
Құбылытты сұрғылт түсін тастай берік,
Көрмеген көптен бері Ыдырысты,
Әлі де баяғыдай еді сұсты.
Бірақ та өзгеріпті қияпаты,
Бурадай қырау басқан бурыл түсті.
Селеу мұрт тікірейіп ұзарыпты,
Шаян көз жыпылықтап қызарыпты.
Қатпарлы ажымында шұбар беттің,
Алапат ашулардан із қалыпты.
Айбатпен қасын қақты бәйбішеге,
Отырған әлденеге қайғы шеге.
Сабаны күмпілдетіп құйды қойып,
Көпірген cap қымызды бір тегене.
Дүйсенге тостағанды ұсынды да,
Ыдырыс сөйлеп кетті тосын, тура.
Ұйпалақ қасын қағып, көлгір көзбен,
Тұрғандай айланы бір тосып, сірә!


ІІІ

– Әкеңді бала жастан білемін мен,


Бұйығы байғұс шал ғой, тілегі кең.
Аталас адамбыз ғой... Рас бұл өңір, –
Тегінде, төл-әулетім түгелімен.
Әкеңнің білем халін, малы азайды.
Бұл күнде басқан шығар, ыза-қайғы,
Ойым бар қарасатын кейін, бірақ...
Болайын қызметімде өзім жайлы.
Бұл кезде қызмет тым ауыр, тегі,
Көбейді ұлықтардың әмірлері.
Алдияр ақ патшаға құрмет үшін –
Игі бір бұл ісім ғой өмірдегі.
Бірақ та қызмет тіпті ауырлады,
Қазақтың ланы көп қой ауылдағы.
Бағынып жай жүрмейді, шағым-шатақ...
Басымды қатырды ылғи дауы тағы.
Қолым да хат білмейді... мол әбігер,
Тұрмын бір жәрдемшіге болып ділгер.
Деп сөйлеп ол Дүйсенге қарады тез.
(Ішінен бұл ойымды деді білер).
Қымызын жұтып Дүйсен, тіл қатпады,
Болыстың ойын күтті тыңдап тағы.
– Білесің жазу-сызу, сенсің аздап,
Білетін орысшаны, бұл жақтағы.
Боласың маған хатшы, бұл саған бақ,
Өзін де өсіп қапсық, тұрсам аңдап.
Ақылға айла қоссаң – дүниең түгел,
Берік бол тек өзіңе, – менде салмақ.
Маған сен – жақсы қызмет тұр, қолайлы,
Қатал бол, тек түңілтіп жүрме байды.
Былайғы, жарлы-жақпай, сонда сенің
Алдыңда бала қаздай жорғалайды.
Деп болыс күтті жауап көзін қадап.
– Болысеке,
емес бұның ізгі талап,
Шен тағып, іздемеймін қадірді мен,
Табамын талабыммен өзіме бақ,
Өзіме қымбат жастық еркіндігім,
Сол ғана бар дәулетім, көркім бүгін
Әкімге қошаметші –
құлдықпен тең.
Қалайша арқалайын қорлық жүгін?
Бақыт па, жазықсызды жорғалату?
Бұл жұртта онсыз да көп сорға бату
Жоқ!
Сізге қызметші бола алмаймын,
Шен үшін – сұмырайлық –
арды сату! –
Дегенде болыс түсі түнере қап,
Орнынан ұшып тұрды, төне қарап,
Дүйсенге қолын сілтеп безілдеді,
Жиырылып шұбар бет пен түнек қабақ.
– Не дейсің?
Не деп тұрсың?
Сөзің тантық!
Болды ма бұл құрметім – өзіңе артық?
Әкімге мін тағатын сен кім едің?
Қалмайсың қарасам бір көз алартып!
Үйрендің сұмдық сөзді әлдекімнен?
Қарашы!
Ақыл айтпақ дәлелімен...
Шен тағу – сұмырайлық па?!
Билік сірә,
Кем бе екен кедейліктің әлегінен!
Тентіреп әкең келер есігіме.
Келтірем!
ерегесем кесіріңе –
Сені де етем жалшы, –
тоқта бейбақ.
Жөнел!
Сол шешімім де,
кесімім де!
– Жоқ, болмас! Тағдырымды шештім деме!
– Дөрерміз оныңды біз, «күшті неме»!
– Өзіме өзім ие!
Еркім барда,
Жалынып күн көрмеспін, ешкімге де! –
Деп жігіт, жалындады сертке сеніп,
Болыс тұр, бойын ашу –
өрт еңсеріп,
Есігін қатты жауып кеткен кезде,
Ақсұр үй селт еткендей бір теңселіп.


IV

«Өзіме қымбат жастық еркіндігім.


Сол ғана бар дәулетім, көркім бүгін
Әкімге қошаметші – құлдықпен тең,
Арқалап жүре алмаймын қорлық жүгін.
Қарашы, жасытпақшы, сөйлеп өктем.
Жауыз ғой, билеп жүрген елді әлекпен.
Кіріптар болмаспын мен саған мәңгі!..
Дұзағын құрса, құрсын мейлі кекпен...»
Осылай көл жағалап келе жатса,
Бір топ қыз бұрандаған жас құрақша,
Жігітке қандай қызық осындайда
Алдынан күлім көздер қасын қақса!
Сыланған перизат па ертегіде?
Қай жақтан биші қыздар жүр тегінде?
Орғиды, жорғалайды,
тербеледі,
Күй гулеп, естігенді еріте мүлде.
Безілдеп жатыр гармон толқын күймен,
Тербелген он қыз шалқып бимен.
Ақырып қалды тұрып аңқау жігіт,
Қорғанып бұл қызықтан жаны сүйген.
Жігіттің ерсі болып аңырғаны,
Мазақтап қыз біткеннің күлді бәрі.
Жаудырды жамырасып әзілдерін
Ежелгі қалжың сөздің құмарлары.
– Мынау кім, жалғыз жүрген дуана ма?
– Кім айдап келді өзін бұл араға?
– Қыздар-ау, үндемеңдер, бұл болыстын
Әкімі, ақбоз үйге кірген мана.
– Әкім бе?
Онда бізден жүрсін әрі.
– Молда, әкім жігіт емес, – әрі-сәрі, –
– Түсір, деп аттан өзін тұрған шығар –
Деді де жүгірісті тағы бәрі.
Ат үркіп, жақындатпай қарғып көкке,
Есесі сол әзілдің қалды-ау текке.
Бәрінен ойды бұрын тартты бірақ
Гармонды гулеткен қыз сонау шетте.
Уа ғажап, Мариям ғой, сол емес пe?
Әнеугі айтқан әні түсіп еске,
Әбігер, қайғы-қамның арасынан
Қиялы ауған талай осы елеске.
Сол көзі жаутаңдаған жас балаша
Дүйсенге қарағандай назбен таса...
Асығыс қарғып түсті аттан жігіт.
(Тегінде тықыршимыз қыз қараса).
Беріліп наз жүрегі әр қиялға
Бұл жаққа келіп еді Мариям да,
Бар еді сырлас қызы, Өрік деген,
Ән-күйге ол да құмар ару жан да
Селода тұрған көрші Өрікпенен,
Әнші қыз, дауысы бар еркін, өрен.
Сүйікті болған еді Мариямға,
Наз, жылы мінезімен, көркіменен,
Әкесі бай орыстың малын бақты,
Жыл болды, түтек боран соғып қатты,
Шөп тасып айдалада жүрген кезде,
Сорлы әке үсіп жолда өліп қапты.
Кәрі ана, қайғы түсті қыз басына,
Сондағы тек Мариям наздасы да.
Ыдырыс келіп бір күн, жақыным деп,
Көшірген Өріктерді өз қасына...
Өрік қыз әлі бала, әлі еркінде,
Құлпырған жаңа ғана гүл көркі де,
Ыдырыс жетім қызды еркін ұстап,
Сыртынан күлімдейтін көріп күн де.
Күй мен би алушы еді қыздың дәтін,
Көкейін қытықшыл күй қоздыратын.
Кездессе Мариямға Өрік кейде,
Біздерге би үйрет деп наз қылатын.
Сәті боп Мариям да келген еді,
Оңаша, көзден таса көл жиегі,
Мариям гармон тартып, өзі бастап,
Қыздардың қызып еді сол билері.


V

Осыған сүйсініп тұр Дүйсен біздің...


Бірақ та арасынан көп сол қыздың.
Көзіне Мариям қыз жарқырады,
Шолпандай ішіндегі топ жұлдыздың.
Табиғат қалай асыл нұрын құйған?
Кетіпті сұлуланып бұрынғыдан.
Шоқтанып көз жанары, жүзіне қан
Жайылып, бәйшешектей қыз құбылған.
Дүйсенмен сәлемдесіп жылы леппен,
Жүзіне қарап қана қойды әдеппен,
– Қыздарды қуантуға келдім деңіз,
– Сіз-дағы құр қалмаңыз, кел билеңіз!
– Билесін, – деді Өрік, – гармонымен,
Мариям, бұл жігітті әлдилеңіз.
Осылай қоршап қыздар бастырмалап,
Мариям гармонын да басты калап.
Жігітім, шыныменен қиналдың-ау,
Қиын ғой білмегенге, рас, бұл талап.
Мереке, не бір тойда, не бір кеште,
Сол қызды көрмесек те бұрын әсте
Шақырса бізді биге
білмеймін деп,
Жігіттер, тұрғанымыз мін емес пе?
Ұялып солай Дүйсен қалған шақта,
Көп жылқы қаптай шықты кең алқапқа.
Келеді жылқышылар дүбірлетіп,
Осы бір құйқылжыған гармон жаққа.
Жігіттер келді.
Ол кім түсіп аттан.
Әзілдеп сақ-сақ күліп сөйлеп жатқан?
– Апырау, Базармысың? –
Барып Дүйсен,
Құшақтап алып келеді сол бір топтан.
Жігіттің аты –
Базар, өзі кедей,
Бірақ та жүрген жері жәрменкедей.
Жалғыз бас, Ыдырыстың жылқышысы,
Сонда да жалшылығын жүрді елемей
Досы еді Дүйсеннің де сырға берік,
Қыздардан сүйіктісі сұлу Өрік.
Өріктің тілегімен Мариям да
Нұрадан келіп еді соған еріп.
Көңілдің күйін серпіп жастық албырт,
Сол Базар сөйлеп кетті тасып-шалқып,
– Ал кәне, Мариямжан, бас гармонды,
Билесін мұндағы бар жас құмартып.
– Жігіттер аяқтарын баса ала ма?
– Билейміз қарғи басып қасақана.
– Өркенің өссін, Мариям, шырқа, шырқа,
Қызыққа батайык, бір осы арада...
Жандарын қытықтайтын безек күй кеп,
Ырғалып он екі қыз, кезек билеп,
Киіктей орғып кейде, кейде ұршықтай
Иірілді, шыр дөңгелеп, желпіп көйлек.
Топ қыздың арасында әсем, сергек,
Мариям күйді тартып, өзін тербеп,
Айналған кейде кербез, кейде оқыс,
Аққудың қанатындай қолын сермеп.
Етегін көйлегінің жел әлдилеп,
Денесі суда қалқып жүргендей тек.
Теңселіп толқындары, су шымырлап,
Тұрғандай тіпті қазір кел де билеп.
Сызылып келісіммен, сырлы нәшпен,
От беріп жүректерге, күй тілдескен.
Билеуді білмесе де қыр түлегі,
Сол күйдің ырғағына оймен көшкен,
Етеді кейі арбаң, кейі бұраң,
Қалбаңдап жатыр күліп, кейі бұған,
Мейлі! Жаңалықтың бәрі қиын,
Басталады ауылымда билі думан...


VI

Қаздай күн сүңгіп көкке жоғалды тез, –


Керілді жер үстінде көкше күмбез.
Жер жасыл, аспан ашық, жас көңілге,
Осындай сүйікті ғой кешкі бір кез!
Құрылды алтыбақан! Бәрін шақыр!
Талай жас көлбасына келе жатыр.
Сұрықсыз, салтанатсыз сыйдан қырда
Сарғайған жас қауымға бұл театр...
Қозғалды алтыбақан.
– Тербе, тербе!
Наз қыздар дауыстайды жігіттерге:
– Қаттырақ бас аяқты шырқа, шырқа!
Жөнелсін даусымыз жүйткіп өрге...
Ішінен сол үндердің шалқып аққан,
Бір дауыс әсем әнмен қанат қаққан.
Тербетіп үміт күткен жүректерді,
Жабырқау жандарына жалын атқан.
Өзгеше осы бір үн өзекті өртеп,
Тына қап, құмарлы жас тұнып тұр тек.
Аңырып қалды Дүйсен, орыс қызы,
Кенеттен, әнмен жұртты кетті тербеп.
Көтеріп сыршыл Базар сол бір әнді,
Қостап тұр қошаметтеп Мариямды.
Уа тәңірі, орыс қызы, қазақша айтып,
Қалайша тебірентеді тыңдағанды!
Қоңырау көмекейден сызылып ән,
Шыққанда шырқап көкке жүз құбылған.
Қадалып құштар көзі жігіттердің
Берілген, жұтып әнді бұлбұл қыздан:
«Амал жоқ қайттым білдірмей,
Опырау, қайтып айтамын?
Қоймады дертіц күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан
Қорлыққа көндім бұл құрлы.
Байқалар халім бұл хаттан...
Шыныңды айт, кімсің тербеткен –
Иембісің сақтаушы?
Әлде азғырып әуре еткен –
Жаумысың теуіп тастаушы?
Шеш, көңлімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыс?
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс4...»
Сыңсып қыз естілмеген сырлы жырмен,
Құпия көңілден бір ой білдірген.
Қандай наз? Қалай шықты осы бір саз,
Мұңайып Мариямның жүрегінен?
Шыңғыстың шыңдарында шертілген жыр,
Ғашықтың жүрегіне төккен бе нұр?
Естіп бір Татьяна шерлі күйін,
Ыстық жас көздерінде мөлтілдеп тұр.
Расында бізге тосын аты ғана,
Сүйкімді орыс қызы Татьяна. –
Назындай махаббаттың ұйып тыңдап,
Дүйсен тұр жүрегінің оты жана.
Осы бір жана келген әнмен тәтті,
Мариям әлдекімге мұңын шақты?
Сұлу ән, Татьяна, жас Мариям...
Шалқу сап, Дүйсен біздің ойға батты.
Қиялы қанат қағып тәтті жырмен,
Ұмытып айналасын кетті мүлдем,
Қол артып иығына Мариямның
Жымиып жалындаған от көңілмен.
Жас біткен жаңа айтылған сүйіп әнді,
Сүйсініп, қалды ұнатып Мариямды.
Айтсын! –
деп, орыс әнін тілеп бәрі,
Телміріп әнші қызға тұрып қалды.
Орыстың өрен әні жетіп көкке,
Құйылды толқындай бір көкірекке.
Саңқылдап кетті даусы Мариямның
Таратып тың әуенді төңірекке.
Өзгеше ән – шалқып түнде шыққан шақта,
Таңданып түрді құлақ жұрт аулақта.
Ағылды қойшы, жалшы сол маңдағы
Осы өлең жаңғырығып жатқан жаққа.
Тіл өзге, сыры терең сезілмеген,
Құдай-ау, түсінбедік сөзін неден? –
Десе де, тамылжып ән, тамсандырып,
Ұйытқан жүректерді сұлу өлең.
Керексіз әнге тілмаш – сыршыл наз ән.
Сүйсінсең балқымай ма сазына жан?
Тыңдаймыз таңдай қағып Поль Робсонды5
Негрдің айтып мұңын, сыр қозғаған.
Сондай-ақ, сезгір жандар елтіп үнге –
Қосылып әнге бәрі кетті бірге.
Ән десе алып ұшқан халықпыз ғой
Өлеңмен әлдилейтін өлімді де...


VII

Үстіне түйе жүнді шекпен киген,


Аптығып шықты біреу ақсұр үйден.
Жас қауым жатыр еді думандатып,
Қызықтың маздап оты әнмен, күймен,
Ашулы, ақ шоқпарлы, тұман түсті,
(Осындай пәлеқор жан келер сұсты).
Ақырып ақ аюдай қалған кезде,
Жас біткен тани кетті Ыдырысты.
Селт ете қалды тоқтап ән үзіліп,
Сөнгендей лапылдаған думан-қызық.
Іркіліп әнге еріген қыз-бозбала,
Сәулетін жас ойнақтың кетті бұзып,
Көтерді ақ шоқпарын сермеп көкке,
Дүйсенді ұрмақ та еді тұрған шетте,
Қолымен қалды қағып жылпос Базар,
(Сірә епті болушы еді мұндай кепке).
Ыдырыс жас біткенді атып көзбен,
Бажылдап жұртты қуды бейпіл сөзбен.
«Сайтан қыз, жоғал әрман көз алдымнан,
Жоғал, тез азғын сұмдар, діннен безген.
Құрыңдар, жын ойнақтар, жоғалыңдар,
Өңшең қу, азып туған, бәле құмар!..»
Ыдырыс осылайша тұр барқырап,
Жылысып үрейлі жас кетті ыдырап.
Мариям сол айқайдан сескенді де,
Сол жерден оқшау барып тұр қалтырап.
Есітіп Ыдырыстың сойқан сөзін,
Үн-түнсіз кетті қадап Дүйсен көзін.
Ызалы жас біткенді сол бір сәтте
Билеген толқынымен қандай сезім?
Жандары, жаңа естіген сол әнді аңсап,
Жөнелді жас өрендер қолдай самсап.
Үніндей ереуілдің осы бір ән
Тербеліп түнгі ауылға жаңа жар сап,
Мариям есін жиып, бастап әнді,
Жәрмеңке жас өмірмен ән аттанды.
Ыдырыс бұлт бүркеніп көл басында.
Тепсініп жалғыз өзі тұрып қалды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет