Төртінші тарау
Тағы да өтті талай күн бұлдырап,
Жауап жоқ арызына әлі бірақ.
Үгілді үміттері ұшқындаған,
Қиялын енді неге бағындырмақ?
Тағы да сұрланды құз, бұлт қыраулы
Селебе қарлы жаңбыр бүркіп жауды.
Көшеде тітіреніп Ақан тұрды,
Түтек ой енді қайда ұйтқып ауды?
«Жүргенше кеңселерге көзді сүзіп,
Жүргенше аш қалтамен күн өткізіп,
Көргенше сүйген қыздың күйігін де,
Көрінбей бір қиянға кеткен қызық...
Кетейін Жезқазғанға, көндім соған,
Өзім де жан едім ғой кен аңсаған.
Өткен жаз қайтып едім тәлім алып,
Шахтаның қуысы – кең қоныс маған».
Осыған бекіп ойы, бүгін жүрмек,
Ал неге қатты соқты сырлы жүрек!
Әсия... Әсия мен Қараш қатар,
Адымдап көз алдында жүр күлімдеп.
Бармады кінә тағып, тіл қатуға, –
«Әсия, Қарашпенен театрда
Болды» деп айтып еді, сумаң сары –
Жанына сол күбірлер тым батуда...
Өзгерді сүйген қыз да, амалы не?
Болды ғой жігіт басы таба мүлде.
Ақан тез тоқталды да бір бұрышта,
Хат жазды қызға кінә таға міне:
«Әсия! Менің саған сырым мәлім,
Мүсіркеп маған неге бұрылмадың?
Әлде жат көріндім бе саған да мен,
Әлде шын кірленді ме бүгін арым?
Кездейсоқ кінәнің мен қуғынымын,
Масқара шығар мені сүю бүгін?
Көріп ем қолтығынан Қараш қудың,
Сонымен сәтті болсын үйірлігің...
Мейлің, зіл біткенді көтеремін,
Тегінде тіл қатпай да кетер едім.
Тек тұңғыш сүйіп едім сені ғана,
Тұңғыш сен серт беріп ең... Өтемедің.
Баянсыз махаббаттың әуресіне,
Мұң шертіп, наз төгемін мен несіне?
Бақ тайса мұз бүркенер махаббат та,
Қалсын сол тұңғыш сүю тек есімде...
Қош енді, алғашқы жас, алданышым,
Пәк еді-ау сен дегенде ар-намысым!
Жанымды түсіндің бе? Жоқ, жөнелдім,
Бойымды тебіренткен арман үшін».
* * *
Қалқашым, неге бірге күйінбедің?
Ақ жүрек ағысымен сүйіп едің.
Әлде шын сескендің бе? Түсінбедім,
Сырыңды ашуым да қиын менің.
Қиын ғой қыз жүрегі жұмбағы көп,
Түсінер түйілгенін бұлдану деп.
Түйінін шешемін деп сондай қыздың
Бір кезде өзіміз де зыр қағып ек.
Ия, сәулем, өтті дәурен құйындатқан,
Менің де қанатымды құйын қаққан.
Түскенде тағдырдың сол әуресіне,
Жанымды байқадың ба күйіп жатқан?
Қапия қапа болып жүргенімде,
Сен менің қиялымды білмедің де.
Көрдім мен жүрдің билеп әлдекіммен,
Елігіп думан-қызық дүрмегіне.
Уа, білсең сонда қандай езілдім мен!
Күйіндім, өртелгендей сезім мүлдем.
Алдамшы махаббатқа айтып нәлет,
Алғашқы ғашығымнан безіндім мен.
Әлде сен санадың ба мені жатқа?
Япыр-ау, тежеу бар ма махаббатқа?
Айрылып талабымнан, ғашығымнан,
Ығыстым Ақан кеткен сонау жаққа.
Ол жылдар кетті жылжып кер белеңге...
Лажың жоқ тағдырыңа көнбегенде.
Өмірдің әміріне бағындық біз
Жарымыз өзінше ғой, тең бе, кем бе?
Енді сен сол күніңе қызығасың,
Көргенде қыз қалпыңдай сызыласың.
Өзім де өкінемін кінәлідей,
Өткен соң оты қалың қызу жасым.
Шын сүйсең махаббатқа жасу қайда?
Қозғалар қай-қайдағым осындайда.
Амал не, алданышым – ғашық жырым,
Сол жырым ғашықтарға болсын пайда...
Сондай-ақ, Әсияжан, сен де кесір,
Ақанның ауыр зілі, сүйсең кешір.
Асыға келе жатыр қыз да міне,
Алдына жүгіргендей көлеңке сыр.
Ақанның хатын алып абыржыған,
Қызды да қалжыратқан ауыр шыдам.
«Жатпенен сырлассың» деп сынаған соң,
Сескенген қыз жүрегі дабыр-шудан.
Жау десе – жақтағаның, айыбың да,
Жетпейтін онда ақтық байыбына.
Сақтанған туысынан, сүйгенінен,
Сол кездің елден ерек жайы бұл да.
«Безіну біржолата жоқ тегінде
Біраз күн кездеспеді, өкпелі ме?
Әуре боп өз басының әлегімен,
Ақанның өзі бөлек кетпеді ме?
Апыр-ау, мынау хаты неге зілді?
Жаттыққа санадым ба мен өзіңді?
Қарашпен әншейін бір жүргеніме,
Осынша бұздың неге мінезіңді?
Қалайша Қарашқа сол қызығармын,
Құштармын ақтығына ізгі ардың.
Күтіп ем сенің құтты тағдырыңды,
Кенеттен бақытыңды бұзып алдың».
Әсия ойлап солай, күйінді де,
Күрсінді, өр қабағы түйілді де.
«Жоқ, Ақан, кездеседі, сырласады,
Кетпейді менен аулақ қиып мүлде...»
Осылай келе жатыр оймен есе,
Кезді қыз көшелерді әлденеше.
Бірақ ол кездеспеді, ол асыға
Алысқа поезбенен кеткен кеше...
Достарыңызбен бөлісу: |