Дастандар



бет8/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   41
ЖҰТ


І

Қыс келді бұлың қырға басын сілкіп,


Қыраулы қабағынан ашу бүркіп,
Даланың келді ежелгі шапқыншысы,
Ақ боран асыр-топыр аң шұбыртып.
Бұл қырды қиырсыз бір ұлан-байтақ,
Кеткендей анталаған боран тайпап,
Қар ұйтқып шудасынан қалын бұлттың
Қаптаған буралардай басын шайқап.
Бейбіт қыр белеңіне түсті бүлік,
Жалаңдап айдаһардай қыс кұтырып.
Сабалап обаларды, молаларды,
Далада тентек боран жүр ысқырып.
Жәндік те, жануар да, жортқан аң да,
Жай тауып тұра алмаған бұл жапанда.
Асыр сап алапат қар, долы құйын,
Билеген жер төпелеп жоталарда!
Сұрапыл соққан сондай бұрқасында,
Бір шал жүр, Тұщыкөлдің қырқасында.
Мұз қаңбак секілді бір қалтаң қарттың,
Бүрсеңдеп үш-төрт кара жүр қасында.
Боз қырау бетін бүркеп, қарлы кірпік,
Кигені шидем-шекпен – бәрі жыртық.
Мұз қатып қабағына бүкшиген шал,
Қазып жүр қалбалаңдап қарды күртік.
Қазады, қардың тоңы мүлде қатты,
Ақ құйын толастамай бұрқап атты,
Тәлтіреп төрт сиыры бұғып төмен,
Іздейді қар астынан қылтанақты.
Апырау, бұл неткен қыс, сұм селебе!
Соғып тұр өршеленіп мұнша неге?
Болса да наурыз айы әлі боран,
Мал шіркін қырыла ма, малшы өле ме?
Қыс ерте қырға жапқан мұз қанатын,
Таусылған мал азығы – аз ғана тым,
Ежелден жарлы малшы – сорлы малшы,
Қырдың да қау, түктерін аз алатын.
Үкен де шөптен ерте болып жұрдай,
Жүр міне, шырматылып сорға мұндай.
«Малсыздың күні қараң» деген сорлы,
Жұлқынды жаны малда тұратындай.
Қарды ашып, жегізгелі жердің түгін,
Талай күн аласұрып, көрмей тыным,
Бүгжеңдеп жапанда жүр күйгелек шал,
Боран да құтырынып тұрды бүгін.
Боран да соқты бүгін құтырынып,
Қар басқан төбелерді түтіп ұрып.
Ысқырып өрен құйын ойнақтайды,
Еркіндеп ен далада өкім құрып.
Жалаңдап, қар саусағын жаза жылжи,
Шертеді айдалада азалы күй,
Үскірік сұрапылдың сол асыры
Далаға таратқандай азап ылғи.
Бір жақта бота боздап, түйе шөгіп,
Қалды ма боран көміп, иесі өліп?
Бір жақта шұрқыраған жылқы даусы,
Қамаған әлдеқайда қасқыр төніп.
Ұлиды, маңырайды, мөңірейді,
Айнала ақ перделі – көрінбейді.
Үкен жүр кеш түссе де, тек малдары
Сау болса – өзі өлсе де көнді мейлі.
Айнала әр төбеде әркім әлек,
Алысқан асау қыспен бәрі бөлек.
Мал баққан талай жанды илеп боран,
Осылай көмген талай, қарға бөлеп.
Ежелден кедей сорлы малы аз ғана,
Сол малы күн көрісі жалғыз ғана.
Кәсіп жоқ, егін де жоқ жарлы қазақ,
Жанындай малын жауға алғыза ма?
Ышқынып долы боран тағы үдейді?
Басқандай бар даланы жау үрейлі,
Мүскін шал төрт сиырын тағы иіріп,
Өзі де қалтырайды, дірілдейді.
Іздейді кімнен көмек? – Жауыз бәрі,
Нәріңді тартып алар ауыздағы.
Көлгір көп әншейінде, ал қырсықта
Сорлының қиналады жалғыз жаны.
Осы бір мал күйреген құрғыр қыста,
Үкен де барып еді Ыдырысқа,
Сұрады содан көмек – бес байлам шөп...
(Жүретін санап оны бір туысқа).
Бораннан төтенірек бұрқырады:
«Сор кедей бұзылды ма шырқың тағы?
Бұзық бір ұлың бар ғой, құр есіріп,
Орыстың жүрген шырмап шытырмағы.
Құтқарам, бұл пәледен, соны көндір,
Бетімен келмей кетіп, не ғып ол жүр?
Жылқымды бақсын ұлың, өзің мал бақ.
Малыма қос малыңды!» –
деді көлгір.
Кетсе де изеп басын,
ол көнбеді,
«Қалай бұл, қыңыр бала өр кеуделі?» –
Жалынба қу болысқа, өлсе де мал,
Сен үшін сол азапқа көнем! – деді.
«Шыдаңыз, өлсе де мал, көніңіз!» – деп,
Кеткен-ді село жаққа қорек іздеп.
Көп болды, тіпті бүгін шапқын боран
Лап қойды қалып жаудай тізбек-тізбек.
Жапанның бұлан-талан қиырлары,
Ақ топан толқындады, құйындады.
Шіліктей иілді шал, шыр айналып,
Сілкініп, сүмеңдеді сиырлары.
Сыйынып тәңірісіне енді Үкен:
«Уа құдай, рақымыңды күтем, күтем.
Сақта бұл сиырымды – несібемді,
Мені ая, боранды бас, мынау төтен!».
Тауабын тыңдамады қыңыр құдай,
Қаһарын төкті боран бұрынғыдай.
Бір сиыр құлап түсті, – сол боранның
Өшіккен Үкенге қас бұйырығындай.
Сиырды бүркеп боран иірілді.
Кебінге орағандай құйын қырды,
Алдында қалтаң қарттың ширық атып,
Ақ басты жыландарша жиырылды.
Көріп шал дене мұздап дірілдеді,
Жас парлап, ерітіп мұзын түріндегі,
Құшақтап сол сиырды сұлап жатқан,
Кемсеңдеп еріндері күбірледі:
«Бейбақпын, құдіретіңді танымаған,
Сақта сен, ая мені, талып барам.
Сақта сен, сиырымды әулие өзін,
Табындым енді саған, тәңір боран!»


ІІІ

Жатса да азап зары араласып,


Бытырап әр еңіске қонған лашық,
Астында ақ боранның шайқалып тұр,
Түндігін, туырлығын тау қар басып.
Малшының құрым киіз баспанасы,
Құрысын, ырыс көрген бес қарасы.
Бебеуін қағып кемпір, аяз қысқан,
Әр үйдің шырылдаған жас баласы.
Құрсаған киіз үйді аяз, мұз, қар,
Ішінде алты ай қысты азынап зар,
Сол үйде қалтырайды малшы жұрты,
Бойларын буып ылғи азап ызғар.
Мінеки, қараша үйде шеткелең бір,
Бүкшиіп от басында отыр кемпір.
Күн-түні қи-тезекті тұмандатып,
Алысқан сорлы кемпір отпенен құр,
Бықсиды улап көзді, жүректі жеп,
Жанбайды үрлесе де дымқыл тезек.
Ал сырттан аяз боран үйді сабап,
Ышқынып ысқырады қағып безек.
Үйдің де үзіктері құрым-жырым,
Қап-қара күйе басқан туырлығын!
Қырау көз керегенің сағанағы,
Түндіктен қылаңдатқан қар құйрығын.
Сол бір үй, секілді бір сірі тулақ,
Сабайды сабау құйын секіріп-ак..
Майысып тал қабырға уықтары,
Шаңырақ шеру шертіп тұр сықырлап.
Келгендей қалың бір жау қырдан шұбап,
Анталап тұрғандай бір аңдар шулап.
Сол үйдің жығылғандай іргесіне,
Алыстан үсіп келген адам жылап,
Осылай ыңырсиды, өкіреді...
Кемпірдің айрылғандай көкірегі,
Күрсініп Дүйсені мен байғұс шалды
Ойлап бір сүмірейіп отыр еді.
Малдарын жел алды ма, жын алды ма?
Өзін де көміп боран жоғалды ма?
Сәріден бермен әлі шалы да жоқ,
Әлегі асып кетті боранның да.
Соны ойлап кемпір байғұс отыр еді,
Ойласа, айрылғандай көкірегі.
Сорасын көзіндегі сүртіп қойды,
Ошаққа төніп тағы от үрледі.
Есіктен кірді міне, аппақ қарлы
Арқалап алып келді ақсақалды.
Бұл келген Дүйсен еді, үсінген сол
Әкесін жылтуға отқа апарды.
Сорлы шал үскірікте үсініпті,
Домбығып, бұзылыпты түсі тіпті.
Мұз қатқан бет-аузына, қол қимылсыз.
Аяқ та жансыз, дене ісініпті.
– Шешетай, отты қыздыр жылдамырақ,
Адасып кетіпті әкем үйден жырақ.
Қырқадан түссем бері бір сиырға
Сүйеніп, малшыл байғұс, тұр қалтырап.
Ұшыпты сұрапылда бір сиыры,
Құрбаны құдіреттің бұл биылғы.
Әкелдім өзін әрең, мінгестіріп,
Құрысын, малшы күні қилы-қилы!
Көнерміз қырылса да қалған қара,
Тірлігің екеуіңнің арман ғана.
Сау болса аяқ-қолым, Ақсұратым,
Шешетай, қор болам деп қорғалама,
Достығы жақсы адамның жоғала ма, –
Жарты қап тары берді Жагор аға.
Қимастан берді бізге, өзі жарлы,
Құдай да мұндай бізге жар бола ма?!
Аз шөпті танысымнан алдым сұрап,
Басқа мал қырылса да атым, бірақ
Сау қалсын! Көктем келе көшеміз біз,
Барамыз село жаққа жақынырақ...


IV

Сезілді бүгін ғана көктем лебі,


Тықыр жер жатыр жаңа көктегелі.
Арқаға аузын ашқан ақ борандар
Аңдай бір қырды жайпап өткен еді.
Созылды жылдағыдан қыс биылғы,
Ысқаяқ, үскірік қар, жер құйынды.
Көп заман шұбатылып соғып ылғи,
Жалмаған жалаң қырды, кең қиырлы.
Даланы аш бораны тістей тонап,
Ашпаған ашулы аспан қыстай қабақ.
Көктемде көктен қарлы нөсер бұрқап,
Жағалай қырды басты мұз тайғанақ.
Ілінбей ауызына жердің түгі,
Апатқа ұшыраған қыр түлігі.
Ежелден табиғаттың даламызда
Жасайтын малшы жұртқа бұл бүлігі.
Қайрат жоқ, амал да жоқ қорғануға,
Қорғансыз қыры жалаң сорларына,
Қыс қамын ойламаған онда малшы,
Тебіннен талшық тілей сол малына.
Қырылды қыруар мал осы жұттан,
Талайдың малы түгіл, басын жұтқан.
Қазақты құтқармаған қатал тағдыр,
Ол кезде табиғатқа – масылдықтан.
Мәз болып қыбырлаған тай-тулаққа,
Талшығын таба алмаған талма уақта.
Осылай ата-баба өткен екен,
Тапсырып мал тағдырын табиғатқа!
Мінеки, ағылған көш қыр белеңі,
Айдаған бәрін, жұттың дүрбелеңі.
Ыдырап ойға бірі, қырға бірі,
Әр жаққа ауды ауылдың іргелері.
Алдымен алды шырмап жұт кедейді,
Байларға жұт даланы жұтса мейлі.
Жүз малы өлсе, мың мал төлдеп қайта
Өрбиді, өсіп тағы еселейді.
Кедейдің кештері бұл құрым-құрақ,
Алдында айдағаны арық-тұрақ.
Жүздері жұтаң жұрттың жүдеу, сылбыр
Келеді әрең басып, арып-қурап.
Боз інген бүрсең қағып, бота боздап,
Қойлары жолда қулап жата жаздап.
Көтерем сиырлары сирақтарын
Иілтіп келеді әрең, сылти қозғап.
Осылай жылжып жадау көш келеді,
Шұбырып бұл Дүйсеннің көшкен елі.
Қырсықтан қыстан сорлап, қорек іздеп,
Ығысып Нұра жаққа көшкен еді,
Келеді бір түйеде Үкен міне,
Қасында кемпірі де отыр бірге.
Айрылған төрт сиырдан боран жалмап,
Өршіген қайғысының оты мүлде.
Түйенің үстінде қарт теңселеді,
Бәрінің түскен бірдей еңселері.
Дүйсен де ат үстінде ойға батқан,
Көрем деп алдан қандай әуселені.
Тек қана қырғын жұттың кесірінен,
Әкесі келе жатыр көшіп әрең.
Нұраның жағасынан жай таба ма,
Ұнасып Жогарлардың кәсібімен?
Ренішті көшуіне әке тегі,
Күйігі малдың қалай өтеледі?
Және де жарлы-жақпай төрт-бес үйді,
Көшіріп бірге міне әкеледі.
Солардың жұмсап ойды тағдырына,
Қарайды қырдың қара адырына.
Түксиген түйелердей оба-төбе,
Батқандай тап өзіндей бәрі мұңға.
Тек Нұра алыста ойнап, аласұра,
Жігітті шақырғандай жағасына.
Сағымнан елес беріп ақ Мариям,
Бұлбұлдай ән шырқаған ағашына.
V

Жел шымшып секіреді жасыл Нұра,


Ау салған балықшыны ашындыра.
Көктемде еркелейді ойнап солай,
Құпия сырласқандай ғашығына.
Кешіп жүр сол өзенді бір топ адам,
Құрық сап ағын суға толқындаған.
Құрығы – торлы сүзбе, түспей соған
Балықтар су ішінде топырлаған.
Бұлардың бірі орыс, бірі қазақ,
Бұл жерге айдап келген бәрін азап.
Қосылды Жагорларға бұл жағада
Ауылдан, ауған кедей арып ұзақ.
Бірнеше лашық орнап жар басына,
Киіз үй, шым құжыра жалғасуда.
Ырысы бәрінің де бұл көктемде,
Өзеннің қылдырықтай арнасында.
Үкен де жүр осында сүзіп балық,
Шулары балықшының қызық анық.
Гулесіп сөйлеседі, күліседі,
Тор тастап, тереңіне дүзіп барып.
Жағадан табылғандай жақын аулы,
Ұмытқан жүдеулікті, жабырқауды.
Жагор қарт болып риза бұл жұртына,
Күлімдеп тастап суға жатыр ауды.
Сөйледі Үкенге де күлімсіреп:
– Ал Үкен, ауға шортан ілінсе тек –
Бір қойым қоздады деп қуана бер,
Ойлама, малда ғой деп ырыс-тілек...
Жымиды езу тартып оған Үкен,
«Суда да ырзық-кәсіп болады екен!»
Келгенде түйесінен түспеп еді,
«Малы жоқ қоныс па» – деп бұл қу мекен.
Әйтсе де Жагор досы жайып құшақ,
Қабылдап мінезбенен жайдары-шат,
Көтерген қам көңілін қарт Үкеннің,
Тар үйі кең жайлауға жайнап ұқсап:
Түсініп, бір-бірінің наз мұңын да,
Аз ғана бөліп берді азығын да,
Үкен қарт қайғырса да төрт қара үшін,
Көндігіп қалып еді казір мұнда...
Ал ұлы өзеннің шет жағасынан,
Там үйді салып жатты қалап шымнан.
«Құрысын қысты күні киіз лашық!»
Деп талай бұдан бұрын ол ашынған.
Көктем шат, ән шырқаған құс шуылдап,
Бұл жаға болды оған гүл шырын бақ.
Көнді әке тұрақтауға осы жерде,
Кірісті Дүйсен іске құлшынып-ақ...
Жалғыз-ақ ішінде бір үміт тәтті,
Бір кетпей жүрегінен ұйып қапты.
Сүйемін... Бірақ қайтіп... Бар-ay бөгет...
Деген ой қиялында құйындатты.
Былтыр күз қайтқан түнде Ащыкөлден
Құшағын Мариямға ашып келген,
Қымсынып әлденеге қыз тартынып,
Лүпілін жүрегінің басып келген.
Жігіттің арманы да ауыр еді,
Шырмады жұттың биыл әбігері,
Көргенде Марияны мұңға батып,
Жүр еді ойы толқып әрі-бері.
Сақтап бір жас үмітін күн көзіне
Жиектен келе жатыр қыз өзі де.
Дүйсеннің ұйып қалды жүрегіне,
Қыз көркі, наз дауысы, мінезі де...
Жарқылдап қыз сәулесі көзіндегі,
Жігіттің ұшқындады сезімдері,
Үмітін сақтап Дүйсен тұрды қызға,
Сүюдің сәтіне де әзір еді...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет