Дастандар



бет9/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   41
ШЫРМАУ


I

Аулақта, аржағына Ащыкөлдің,


Бір сарын тұр еңсесін басып елдің,
Бу шығып сегіз қанат сұрғылт үйден
Суреңін көтіргендей жасыл белдің.
Жат сөздер түсініксіз, сарнау шулар,
Кеудесін зіл басқандай зорға шығар.
Шаншылып отыр сонда көк өрімдер,
Торланған түнек түсті молдасы бар.
Түнеріп қара бұлттай отыр молда,
Түксиіп қарап қойып оң мен солға.
Құдайдың өзі ұстатып кеткендей-ақ,
Әсілі ақ таяғы түспей қолда.
Шәкірттер жамырасып үн шығарған,
Айтылып жатыр міңгір ағуз-әлхам,
Қадалып құмырсқа із иректерге,
Қозыдай көгенделіп көздер талған.
Осы оқу, осы біреу ирек әріп,
Аяздың ызғарындай, миды қарып,
Талайды түтегінде шырмап талай,
Шіріткен талай миды илеп алып.
Оқыса, ежелері бас қатырған,
Қиын бір құпия ма осы құран?
Арабқа сатылған ба жұмбақ құдай,
Қазаққа түсініксіз,
сыры тұман.
Көрінбей білмегенге бүркеніші,
Жайылған елімізге дерт өрісі,
Асылы, құралы не, құраны не? –
Арабтың ескі мылжың ертегісі.
Халқымның қамау болып өрлеуіне,
Орауға дүлей діннің өрмегіне,
Қырықаяқ қыбырындай құж әріптің,
Бір кезде елім сорын көрмеді ме?
Уыз ми, ұшқыр қиял,
жас кезімде
Азабы осы әріптін түсті өзіме
«Әліптен» «биге» дейін бір ай жүріп,
Күндерім жас балалық өтті езіле.
Айтылмай тіл бұралып әлхам-аят,
Үстіме төніп талай қалған таяқ.
Сол шағым өткен зая еске түссе,
Өкінем, ойға батам өзімді аяп...
Әріпті алдындағы әрең көріп,
Осы үйде сорға батып отыр Өрік.
Торға бір түскен құстай жаутаңдайды,
Басынан қызық думан кетіп ерік.
Былтырғы Ащыкөлдің басындағы
Күй мен би, орыс әні,
жас жырлары
Көрінді Ыдырысқа зор бәле боп,
Қатулы қас-қабағы ашылмады.
Тұтанды ежелгі сұм ашулары,
«Немене, жын ойнақтың басынғаны,
Сәпелек орыс қызы ауылымда,
Сайтанның сабақтарын тасығаны?!

Үкеннің азғын ұлы,


Базар құлым,
Тұсымнан даурықтырды дозақ үнің.
Билепті, Өрік қыз да, бұзылыпты
Бетінше жіберіппін – жазам – мұным!

Соны айтып әдетінше, күні бұрын,


Кіжініп түйді сойқан жұдырығын.
Зығыры қайнап сол бір жас біткенге,
Төндірді Өрікке де зіл құрығын.

Осыны кеңескенде қазіретпен:


«Сұмдарға орысшылап азып кеткен,
Үйрету керек дінді! – деген соң ол,
Аулында медресені әзір еткен.

Алыстан молданы әкеп бір сүмелек,


Қорқытып құдайменен салып әлек,
Көкөрім гүлдей жасты көгендеп ол,
Қамаған сол бір үйге сыры белек.


II

Айрылды, еркіндіктен, мәз күлкіден,


Ада боп ән мен биден, наз үміттен,
Сарғайып отыр Өрік бұл қапаста,
Қайғырып тағдырына өзін күткен.
Бақыты, еркіндігі болды аз-ақ,
Басына енді міне төнді дұзақ...
Ыдырыс сұқты көзбен қараушы еді,
Қыз өтсе үй алдынан, тұрып ұзақ
Ісі жоқ жастықпен де, қызықпен де,
Ойлаған қу құлқынды бұзық пенде.
Айтыпты анасына –
«қызыңды бақ,
Қожа – мен жемісіңді үзіп жеуге!»
Жасырды ана сырды жалғызынан,
Осылай жас киікке ор қазылған,
Шалынып кезбе күбір құлағына,
Жүзінен қашты қыздың алқызыл қан.
Көнсе де дүниенің азабына,
Көнеді қайтып сұмның мазағына?
Басында сорлы қыздың қилы қиял,
Қайда жүр мұңдасатын Базары да?
Кең жер жоқ, жырлайтын бір мұқын шырқап.
Бәрі отыр, мағынасыз үнмен шулап.
«Қорықса діннен, маған тез көнер!» – деп,
Ыдырыс қойды мұнда, қызды шырмап.
Биыл жұт – ниетіне болғандай тап,
Байыды ол, жегідей бір жұртты жайлап.
Құлқыны ауды енді жас тоқалға,
Мекеге баруды да жүрген ойлап...
Ал Базар сол бір кешкі сауық үшін,
Қатыкез қожасынан тауып қысым,
Қашып бір кетіп еді, білді ме екен,
Өрікке төнген мынау хауіпті шын?
Әлхамға қарамады ынтасын сап,
Жүрегі еркін шақты отыр аңсап,
Булдырап қара көзі, басы меңзіп,
Әріптер құмырысқадай өрді самсап.
Мыңғырлап айтты молда ағузыны,
Өрмегі қыз қиялдың тағы үзілді,
Ал бір үн жете қалды құлағына
Қай жақтан, толғады кім нәзік үнді?
Құпия сырмен ғана баяулатқан
Шықты екен сызылып ән қай аулақтан?
Көретін жасынан қыз ән-күйді артық,
Көңілсіз әлхамдардан, аяттардан.
Аятын молдекесі айтып шұлғып,
Жығылды жайнамазға етіп құлдық.
Мұндайда қыз епті ғой еленбеуге,
Ақырын үйден шығып кетті жылжып.


ІІІ

Оятып ұйқысынан кең даланы,


Аспанның арай берді алтын таңы.
Үстінен түнек зілін сырып тастап,
Ғашық жер күн жарына жаутаңдады.
Жасырын жүгіріп жел қағып сыбыр,
Тамаша таң лебінен тасыды сыр.
Керіліп буырлы бел, боз бөтеге,
Шық қонған ақша гүлін сілікті қыр.
Күн құмар бозша торғай алақайлап,
Шыр-шырлап аспанына дүзді сайрап,
Қызыл күн сәукелелі келіншектей,
Жарық етті боз отаудан көзі жайнап.
Адырдан үш салтатты түсті төмен,
Күн жақтан көтеріліп ескен әуен;
Екі қыз, екі жігіт келе жатыр,
Сол кұндей жалын атып түстерінен.
Үреймен түнде жортқан, қазір бірақ,
Шаттық нұр көздерінде тұр жарқырап.
Дүйсеннің ер дауысы даланы алып,
Келеді жаны сүйген әнді шырқап:
«Қыз емес, қыздың аты қызыл бидай,
Қыз үшін түнде жорттым сөзін қимай», –
Дегенде, көтереді шырқап бәрі,
Жар сүйген жандарының қызығындай:

«Ахау-айдай,


Қызыл бидай,
Бұралып тал шыбықтай,
Жолда тұрғай...»

Жастықтың аңсарындай еркін, ізгі.


Қыздырған бұл ән талай ерітіп бізді,
Мариям. Дүйсен,
Базар айтып соны,
Келеді алып қашып Өрік қызды...
Ауылдан шеттеп Базар жүрген жақта,
Шалынған Өрік жайлы сыр құлаққа.
Қайғырып сорға батқан сүйікті үшін,
Шыдамай мінді Базар сол күн атқа.
Асығыс Дүйсендерге келіп жеткен;
Шерткенде ғашық мұңын, ол жүректен,
Мария торға түскен Өрікті аяп,
Жүрегін Дүйсеннің де елжіреткен:
– Көн, Базар, бейнетке де, қуғынға да,
Жігітке ғашық зары – қайғы ғана.
Құтқар тез, сорлы қызды сол бұғаудан,
Қорғайды құшағы кең айдын дала!..
Осыған ұйып бәрі, буып белді,
Ащыкөл жағасына суыт келді.
Сызылып Мариямның жеткен әні –
Жаршы боп сол сұр үйге суық реңді,
Жапқанда Ащыкөлге түн қанатын,
Өрікке тосып Базар тұрған атын,
Тіл қатпай мінгесті де кетті қашып,
Ежелден осылай қыз ұрланатын.
Білдірмей бейуақытта басқан ізді,
Аялап тек құшағын ашқан түзді.
Келеді қуанысып төрт сырлас жан,
Ыдырыс білмей қалды қашқан қызды.


IV

Келеді екеу-екеу өзді-өзімен,


Құпия үміт жайнап көздерінен.
Жылысып Базар,
Өрік озып алға,
Дүйсенге оңашада сөз берілген:
– Қарашы, екеуінің жарасуын,
Бақытты-ау, тапқан солай жар ғашығын.
Айтайын, Марияшым, оңашада,
Сырымның жүректегі бар асылын.
Айтуға әлденеше оқталып ем,
Жанымда сәулең жанып жатқанымен
Көзіңнен, әндеріңнен от алсам да
Айта алмай ащы мұңды тоқталып ем.
Даланың дарқан өскен түлегімін,
Өзіңе аян менің бұл өмірім,
Таба алмай шын бақытты, армандарым
Түбінде тулап жатыр жүрегімнін.
Расында арманым көп сыры терең,
Өзіме оты лаулап көрінбеген,
Күйігім өршіп кетті – жұтап елім,
Ежелгі сұр қырсықтын сорыменен.
Тар жолда тоғыстырған тағдыр өзі,
Өнеге – әкелердің ақ мінезі,
Ұнап ең бұрын жылы жүрегіңмен,
Әніңнің әнеугі бір тартты сөзі.
Жаныма әнмен тәтті ұяладың,
Арналған әлдекімге қиял әнің?
Бірақ та ойлап сені, Марияжан,
Түндерде ұйқы көрмей қиналамын.
Қызысың өзге жұрттың биік кеуде,
Асылсың әніңмен де, көркіңмен де,
Бір бейбақ бақташының баласымын,
Шексіз тек сүйем десем, ерітем бе? –
Деп Дүйсен, мөлдір қара көзін қадап,
Күткендей лебінен бір өзіне бақ,
Телмірді Мариямға жауап тілеп,
Жалындап жүрегінде сезім, талап.
Жаутаңдап қыз да сол кез қарап еді,
Жігіттің қандай күшті жан әлегі?
Қуарып, тез қызарып қоңыр жүзі,
Алқынып шыққан шапшаң және демі.
Күрсініп сөйлеп кетті Мариям да: –
Оңаша, аулақтағы бұл қиянда.
Тұрмыстың әуресімен, қапылықпен,
Өзім де түстім талай әр қиялға.
Көңілсіз жағадағы жетім бұлбұл
Секілді шырқағаным менің мұң жыр.
Сергітіп жаны жүдеу ата-ананы,
Ән айтып көтерілген көңіл құрғыр.
Солардың жалғыз қалған серігімін,
Аулақпын желігінен сейіл жырлын.
Әнімнің сыры терең ағындарын,
Қиядан тап болдық да сен ұғындың.
Байқадым, табындың сен, ән сазына,
Сол еді бойымдағы бар қазына,
Қостың үн менің жұмбақ әуеніме,
Баладын естілмеген жар назына.
Ұнады маған ұшқыр дауысың да,
Қосылған қырдын сонау алысында.
Менің де көңіл құсым құштар еді,
Ән сүйген сол жүрекпен табысуға.
Аулақпын жұрты өзге деп жатсынудан,
Естіп мен қырдан талай шат, сұлу ән,
Таң қалғам құдіретіне қыр даусының,
Шалқыған адамның ақ сырынан.
Сүйемін сені, бірақ көнеміз бе?..
Түскенде өңшең залым күндеп ізге,
Сұм тілдер сумаң қағып,
бізді азғын деп,
Таянса тағдыр зілі төне бізге.
Желдей бір өсек қырда гуілдесе,
Атадан азып бізді туды десе,
Қосылып көрген жоқ деп орыс, қазақ
Жан-жақтан дүлей күштер дүбірлесе.
Ата-ана риза болмай, салып әлек,
Біздерден безіп бір-ақ кетсе бөлек.
Дұғамен күңіреніп мешіт, шеркеу,
Біздерге мәңгі қарғыс айтса нәлет,
Сонда біз болмаймыз ба қуғын, бейбақ,
Осыған көнемісің,
көрдің бе ойлап? –
Дегенде жігіт жаны тебіреніп,
Сөзін де бастап еді толқындай қап.
– Соны ойлап бөгеліп ем, шынын айтсам...
Кенеттен Қарадырдан құйындап шаң.
Қуғыншы келіп қалды...
Қол ұстасып,
Екеуі бір қопаға кірді шапшаң...


V

Батты күн, алтын сәуле сүңгіп тарап,


Құрымдай бұлттарды жамылды алап.
Жабығып жар басында Үкен тұрды,
Кешіккен баласының жолын қарап.
Шаңдатып бейбіт, бұлдыр кең алапты,
Салтатты суыт жүріп келе жатты.
Ұлына ұқсамайды, бұл кім екен?
Бейуақта келеді бұл неге қатты?
Тұлғасы қорқынышты, түрі сұсты,
Жаушыдай жүрісінің сыры күшті.
Арбиған ат үстінде алпамсадай,
Үкен тез тани кетті Ыдырысты.
Келді де сәлемдеспей сөйлеп кетті:
– Сені кім осы жаққа сүмеңдетті?
Жат жұртқа қоныс болған қазақ бар ма,
Кім көрген сендей сорлы сүмелекті?
Атаның жолын аттап, келдің мұнда?
Орыспен бірге тұру дінге күнә.
Ұлыңа әпермексің Жагор қызын,
Болмақсың шоқындымен енді құда.
– Уа тәңірі, сақта мені, бұл тек ғайбат,
Бұл жерге келді бізді жоқтық айдап.
– Жоқ жалған, крестьян болмақсың сен,
Жанымда соның қаупі жатыр қайнап!
Қайда ұлың? Көрсет азғын, сұм шірікті,
Еліме салды бүгін сол іріткі.
Аулымда орысшалап дырду құрып,
Шошытты аруақты, дінді, жұртты.
Бұл жаққа босты тыныш жатқан елім,
Сол азғын жүрегіне сапты әлегін.
Базармен қашып кеше кетті Өрік,
Өсіріп өзім үшін сақтап едім.
Қайда екен, сімілтірік қаңғыбас құл?
Оларды сайтан желік оңдырмас бұл!
Бәрін де желіктірген сенің ұлың,
Орысқа ентелеген есуас бір...
Уа, тәңір, сүйегіме түсті таңба,
He істеймін мынау азғын туысқанға!
Болмаспын жұртқа таба! –
деп зілденіп,
Түйсінді алдындағы мүскін жанға: –
Азба сен, өз еліңді тезінен тап!
Қаңғырма, қасыма қон, сөзіме бақ.
Алдыңа мал саламын, – ал ұлыңа
Әперем қазақтың бір қызын қалап.
Кешірім сұрасын ол: менен, діннен,
Безсін ол, Мариямнан мүлдем-мүлдем!
Базарды ұстап берсін, жесірімді
Әкетіп, атағымды кірлеп жүрген.
Білемін, азғындардын сыры бірге,
Өршіді зілді өсек сыбыр күнде,
Барамын кетіп міне ұлықтарға,
Ашынсам айдатамын Сібіріне!
Ұлыңды көндір жылдам, бар еліме,
Түспе сен ашуымның әлегіне! –
Сілтеп бір cap қамшысын кетті жүріп,
Сүңгіп тез қап-қара түн әлеміне.
Бұндайды естімеген бұрын тегі
Үкен шал қалтырады, дірілдеді.
«Қайдасың, қарғыс атқан қу жалғыз!» деп,
Бейуақта безектеді, күбірледі...


VI

Ал Базар келіп қырдын алысынан,


Жай тапқан хуторда бір танысынан.
Қапада көзге түспей қалып еді,
Өтсе де Ыдырыстар дәл тұсынан.
Содан соң тарап еді әр тарапқа,
Серттесіп махаббатқа, өр талапқа.
Сырларын ата-анаға айту үшін-Мария,
Дүйсен кеткен Нұра жаққа.
Танысы Тимофей шал, келіп жеткен,
Базар да білуші еді оны көптен.
Жоқ іздеп жүрген кезде бұрын талай
Үйіне осы қарттың қонып өткен.
Ақжарқын сол кісінің пейлін біліп,
Өрігін алып Базар келген кіріп,
Қабылдап қария шал қуғындарды,
Білдірген жылы жүзбен мейрімділік!
Күндерін айтып Базар көріп өткен,
Шалдың да қарт жүрегін тебіренткен,
Арманды албырт шағы өзінің де,
Осылай арпалысып өтті кекпен.
Күрес пен қуғыншылық көрген бейнет,
Көзінде отын сақтап жүргендей тек,
Өріктің халін естіп өрши қалды,
Ежелгі жүректегі сол зілдей кек:
«Менің де жауыздарға кетті кегім,
Алыспен өтті жастық отты лебім.
Көргенде Ыдырыстай сойқандарды,
Ызамен көтерілер көкірегім.
Дүзіндей жарқылдаған ақ алмастың,
Сүйсінем ерлігіне сендей жастың.
Шырағым қайсар бол да, қайрала бер,
Күреске аяғыңды жаңа бастың.
Сақта сен еркін қызды – көркін, гүлің!
Сақта сен, жүрегіңнің еркіндігін.
Жасыма не көрсең де, бақытың сол,
Заманның күреспенен көр тірлігін!»
Тыңдады қарттың Базар бұл кеңесін,
Өткізді бір талай күн бірге кешін.
Сөздері қарияның беріп сабақ,
Көргендей бақытының шын елесін.
Ондайды естімеген өмірінде,
Сырына Базар ылғи берілуде.
Жайрандап өз үйіндей жайнап жүзі,
Тілегін айтып жатыр Өрігі де:
Базаш-ау, әлгі біздің Дүйсен қайда?
Еркін бір масайрайтын осындайда.
Жасқанып әлденеден жүргенше құр,
Сүйікті Марияшка қосылмай ма?!
VII

Келеді Дүйсен міне, кетіп шыдам,


Амалсыз жасырынып қуғыншыдан.
Күйініп Мариямы қалды үйінде, –
Алдында құлазыған күңгірт шыған.
Қопадан айрылысып әр тарапқа,
Үйіне қайтып Дүйсен барған шақта,
Үркітіп үміттерін ұялаған,
Әкесі айқай салды жар қабақта: –
Желігіп қаңғыбас ұл, не істеп келдің?
Сұмдықты сумаң қаққан ескермеппін.
Қыз алған діні жаттан қазақ бар ма?
Торына қалай түстің осы өрмектің?
Жагорды дос көрсем де, болман құда,
Қыз алу діні жаттан болар күнә.
Ыдырыс кетті сөгіп, уа жасаған,
Масқара болғаным-ау, ел алдында!..
Мариям дегенді қой, өшір үнді!
Сұра бар, Ыдырыстан кешірімді,
Ұстап бер, қашқын анау Базар қуды,
Тигізбе, маған мұндар, кесіріңді.
Әйтпесе, қарғыс айтып мен зілденем,
Кетемін Ыдырысқа өзім! – деген.
Айтса да Дуйсен шағым жүрегімен,
Тындамай әке байғұс безілдеген.
Амалсыз үйден Дүйсен, безіп аулақ,
Қиналды әкесінін сөзін ойлап.
«Қисайды қисық әке, қыңыр құдай,
Болыс тұр, қара қаны қызып, кайнап».
Келеді жортып жігіт Ақсұр атпен,
Базарын іздеп сонау – алыс кеткен.
Сонымен сырласып бір шешпек еді,
Жолдарын құтылудың, қасіреттен.
Мінеки асты белден, алды сағым,
Алыстан жайнайды қыр, шағылса күн.
Көкжиек көлдерінен қылаңдады,
Аз ғана қора-қопсы, малы шағын.
Ежелден ел қонбаған бұл бір шыған,
Болатын аулақ жолдан, жолаушыдан.
Бірі бұл құлазыған көп белдердің,
Таныс жер Дүйсенге де бұл жасынан.
«Кімдер бұл, қоныстаған айдаланы?»
Немене алдына сап айдағаны?
Бір-екі түйе жеккен, сиыр жеккен,
Ақырын бетегені айналады.
Сағымнан соқа дүзі жалтылдай қап,
Шаң ұшқан жерден туған жалындай тап.
Таянса – жерді жыртып топ қазақ жүр,
Қиқулап көліктерін жылдам айдап.
Көрді де жер сауырлап жатқан жұртты,
Қуанып түсті шапшац аттан тіпті.
Күлімдеп сәлем берді бәріне де,
Береке болсын өнім, сәтті, құтты! –
Деп Дүйсен жөн сұрады налып көбі,
Күрсініп әлденеге қалып еді.
Қапсағай бойлы қарт бір қатты жауап,
Оның да әрең шықты ауыр лебі.
– Жарлы бір ауыл едік, алыстағы,
Тұрмыстың қысқан бізді тар қыспағы,
Азғана Малды бағып азаппенен,
Тәңірдің түскен бізге қарғыс кәрі.
Құдайдың бізге ашылды тек араны,
Жалмады малымызды жұт бораны.
Қасқырдай қалды қауып Ыдырыс та,
Жұттан да жаман тиіп жұртқа лаңы.
Қырылды азғана мал біз өсірген,
Қағылды «қызыл бұзау»6 өңешінен.
Сол үшін калған біраз тұяқтарды,
Біздерден тартып алды сол есірген.
Содан соң тентіредік бөтен жаққа,
Кедейді түсірмей ме жоқтық отқа,
Жұттан соң жалаңдаған жарлы жақпай.
Шұбырып қала жаққа жатқан жоқ па?
Бар еді ақылды орыс тамырымыз,
Талайғы таныс оған тағдырымыз,
Кеңесін айтушы еді мүсіркеп ол,
Тұйыққа тірелгенде тарығып біз.
Сол аяп халімізді, ақыл берді:
(Кезген ғой өзі талай адыр-белді).
«Қоныңдар бұл бұйратқа, көрек мұнда,
Сүйіңдер пейілі кең – асыл жерді!» –
Деп бізді тартты егін кәсібіне,
Үйретті дәнігудің тәсілін де.
Құрасып қалған-құтқан күш-көлікпен,
Жатырмыз жер тырналап осы күнде.
– Қария құтты болсын талабыңыз,
Білмеппіз қасиетін даланың біз.
Мәз болып мал тістеген түктеріне,
Қалдық қой қырсығына қамалып біз.
Іске сәт! Бастамасы игіліктің –
Ынтасын тартсын біздің қилы жұрттық.
Өзім де қосыламын бұл кәсіпке,
Құтылсам шырмауынан қайғы-үміттің...
Деді ол. Жайнап күнмен тұр мәз дала,
Қызығып қарады да бір азғана,
Соқаның сабын ұстап, жүріп кетті,
Күлімдеп қарап қойып бораздаға,
Сұрады келе жатып: ол кім деген,
Сіздерге қамқор болған, көрмей бөтен?
– Аты оның – Тимофей қарт,
Кертөбеде Қоныстап, көптен бері еткен мекен.
«Тимофей!» – деп Дүйсен де жымың қақты,
Естіген Базарынан бұл тың атты.
Қуанып қалып еді, сол сезімін
Кенеттен ызаның бір бұлты жапты.
Қапсағай бойлы шал бір шертті шерін,
– Шырағым, заманға бұл кетті сенім,
Тегінде тентірейміз тағы да біз,
Ұлықтар төндіріп тұр өрт кеселін.
Дуаннан шелтиген бір келді төре, –
Бұйрығын өктем айтып, кеуде кере,
«Көшіңдер бұл Бұйраттан, жер біздікі,
Бұл жерге қақғып қазақ келдің неге?
Төлейсің биыл салық бұл егіннен,
Содан соң, аулақ әрі жүр жерімнен.
«Көшесің күзден қалмай!» –
деп бұйырды,
Дәлелдеп, шағым айтып тіленіп ем.
Қылышын жарқылдатып безілдеді,
«Қожамын қазақтарға өзім!» – деді.
«Андрей Шишков деген біл, әкіммін!» –
Деп біздің жанымызды зәбірледі...
Осылай шал күрсініп, шақты мұңын,
Естіп сол Андрейдің жат бүлігін.
Түнеріп тұрып қалды, міне Дүйсен
Сол сұмға кеудесінен атты зілін...
VIII

Сабылтып Ақсұратты Дүйсен мүлде,


Базарын іздеп әрең тапты міне.
Өрікпен бір өткізіп шат күндерді,
Жатқан ол, қызық тауып сәтті күнде.
Ал Дүйсен ашу жинап қабағына,
Келіпті кек-ызаны ала мұнда.
Базарға сырын кенет айтпақ еді,
Бөгелді қарияға карады да.
Сөйледі, сезіп Базар, шалға қарап: –
Әкеме бұл кісіні қойдым балап.
Өмірі, сыры өзінің ертегідей,
Ақылы – оқытқандай маған сабақ.
Тыңда өзің, таңғажайып хикаясын,
Тыңдасаң ерліктерін тынаясың.
Талай жыл күресте өткен күндері көп,
Патшанын өміріне имей басын!
Осыны естіп Дүйсен, құмарланып,
Байқады шал сипатын қарай қалып:
Өткір көз, қаба сақал, дөң мұрынды,
Кетіпті саршш шашы қырауланып.
Қатпарлы қалың маңдай, күрең бетті,
Әлі де бойы шалқақ, көкіректі.
Көрді де жылы жүзін, ойлы көзін,
Дүйсен де сырын жылдам шертіп кетті: –
Естуге сөзіңізді ынтық едім,
Жатсынбай, жақын тартып қыр түлегін.
Көңілсіз өміріне көзді тігіп,
Білесіз жаны жүдеу жұрт тілегін.
Қуандым, көріп қамқор ісіңізді,
Жаңа бір тапқандаймыз досымызды.
Ақ Бұйрат бұйраланып жатыр түлеп,
Бұл келген даламызға кәсіп ізгі.
Мұңайтып бір оқиға мені тұр тек, –
Таянып, сол бейнетке қуғын дүрмек,
Осылай әкім-ұлық жұртымызға.
Келеді зорлықтарын төндіріп көп. –
Деп Дүйсен Тимофейге шағып бәрін,
Қапсағай бойлы қарттың шағым-зарын.
Айтты да, түйіліп ол Андрейге: –
Қалайша әкім болды шалық залым?
Қазақта бардай-ақ бір мұның кегі,
Бұрыннан жүрген жері бүлік еді.
Қалайша өз жерінен ауады жұрт,
Қалайша қуғын көріп бүлінеді?!
Қазақты жаратты ма тәңір кем ғып?
Әйтпесе қайда әділдік, қайда теңдік?
Құри ма құлазыған құмға барып,
Қожа емес өз жеріне – қандай елдік?
Осыны айтып Дүйсен шалға қарап,
Сұрау сап тура көзін қалды қадап.
Күрсініп ойға батты Тимофей қарт,
Сақалын қыса сипап, түйіп қабақ.
Өзім де жөнсіздікті жүрмін көріп,
Көкіген әкімсініп, кеуде керіп.
Шілтиген чиновниктер, пәлеқорлар,
Ауылды аш қасқырдай жүр ғой торып.
Бірақ та орыс халқы емес бұлар,
Құлқыншыл қай-қайдағы азғын қулар –
Орыстың ақ пейілін арамдап жүр,
Әділдік жоқ оларда – бұзық қумар, –
Кінәнің басы сонау патшамызда,
Түнекті төндірген сол баршамызға.
Үргізіп ұлықтарын қойған да сол,
Берген сол еркіндікті бар жауызға,
Бір кезде жастық отпен жасап ерлік.
Патшаға қарсы болып бас көтердік,
Сұмдығын айтып жұртқа, ашып сырын.
Күреске буырқанып тасып көрдік,
Бірақ та тұтанбады ұранымыз.
Жеңістің білмедік пе құралын біз? –
Торына түстік те біз кете бардық,
Сықырлап аяқ-қолда бұғауымыз.
Содан соң бейнетпенен өтті күн де,
Сибирьдің сонау шалғай түкпірінде,
Талай жыл тартып азап, титықтадық,
Қайттық-ау қартайып та тіпті міне.
Амал не? Қаптаған сол жауыздармен
Жетпейді алысуға жалғыз дәрмен!
Тұтанса сендей жастың жалындары,
Бар халық толқындаса –
тау бұзар ең!..
Бар еді агрономдық қабілетім,
Байқадым кезіп жүріп қырдың бетін,
Толқитын әрбір дәні тор топырақ
Дариға жатыр жұтып желдің өтін.
Жапанда жарлы жұртың жатыр сорлап,
Халыққа қырғын соғыс ауыр салмақ.
Қайтпексің ойлан шырақ, ертең патша,
Еліңді еңіретсе, алып солдат? –
Қарттың бұл тыңдап Дүйсен әңгімесін,
Көнілдің таратқандай көлеңкесін.
Сибирдің сырластары қағып дабыл,
Алысқа әкеткендей көңіл кешін.
Тербеліп естімеген жат сырменен,
Толкып сөз – күрес деген, теңдік деген.
Базарға, сөйлеп кетті Дүйсен міне,
Ыршыған жүректегі толқынменен.
«Өнеге есгігеннің маған бәрі,
Орыстың қандай ғажап адамдары.
Күреске туғандай тап елі үшін,
Күрессе табылғандай жан құмары!
Күрестен қашқандаймыз көшіп жүріп,
Қалайша ел боламыз қашып, бұғып?
Қалайша басынбасын Андрейлер,
Өзіміз үндемесек басындырып?»
Осы ойын Базарына білдіргенде,
Деді ол: «Қырсық біткен біздің елде,
Өмірдің өріне біз ұмтылмаймыз
Орыстың ұлдарындай керіп кеуде.
Қарашы, көзді тартқан қаласына,
Ну орман, жасыл гүлді ағашына.
Гулетіп гармондарын кешке жақын,
Жастары жайнар гүлдің арасында.
Еркін жас, тіпті мұнда, еркін қыздар,
Жастары еңбек сүйгіш, әзіл құмар.
Қайтейін, мұңайттың-ау Мариямды,
Орыстың күндей жарқын мінезі бар...»
Осыны айтып Базар, ойын күтіп,
Дүйсенді күлімсіреп қойды түртіп,
Қабағын қалың қара түйіп Дүйсен,
Отырды тағдырына ой жүгіртіп...


IX

«Беріліп жалындаған өр қиялға,


Мазасыз ойға батты Мариям да.
Бір ғана Дүйсенді ойлап сол бір кеште,
Ғашықтың тәтті мұңын құйды жанға.
Есінде ләззат үні – «сүйем!» – деген,
Ендеше пайда болды үрей неден?
Алкынып ойланды қыз – уа жасаған,
Жараттың жат қып бізді қай ойменен?
Тегінде дін деген не? Құдай қандай?
Көрінбес жасырынбақ ойнағандай...
Қараса, бұрышта тұр сұп-сұр құдай,
Мөлиіп, мәңгі нұры сөнген жандай,
Жалған рух, өлі бейне... Мәлім пейлің...
Несіне Мариямға едірейдің?
Желігі қу нәпсінің өзі емес пе,
Жас қызын арбап алған еврейдің?!7
Гүлімін өскен жаңа махаббаттың,
Үрейлі кіріпігіңді неге қақтың?
Қара көз қазақ ұлы шақырып тұр,
Нұрына достық пенен жастық шақтың.
Көңілге қобалжу сап жүрген шүбә –
Расында құдай өзі жоқ па, шын ба? –
Білмейтін осыны қыз, бірақ шүбә
Жүректе жүруші еді жасырына.
Білгені Алексейден көп те бұрын,
Айтқан ол, ел алдағыш поптың сұмын.
Күлкіге батушы еді жас өрендер,
Алексей поптың қулық айтып сырын.
Болса да сол есінде, ана бірақ,
Жан еді діншілдігі басымырақ.
Қоркытқан сәби қызға құдайлы айтып,
Сайтан деп, періште деп, зәресін ап.
Есінде сонау шеркеу қаладағы
(Бұған да алып барған ана тағы)
Сүреңсіз аруақтай өңшең сурет,
Өліктей жиылған жұрт моладағы.
Алдында тұрды біреу жалбыр шашты,
Түксиген түсі түкті, бейне албасты.
Құбыжық-ойыншық деп қалды Мария,
Еріксіз күлкісін де әрең басты.
Сарнап тұр сол жалбыр шаш мұң таратып,
Кресін сілтеп сермеп, жарқылдатып.
Азаның ордасындай көңілсіз үй,
Күңіренген ішінде жұрт ойға батып.
Жарқылдап сары крест жанып шырақ,
Жатқандай азан-қазан аңдай шулап.
Осылар жек көрініп Мариямға,
Амалсыз әрең сонда тұрған шыдап,
Шеркеудің қоңырауын гөй-гөй тартқан,
Естіп қыз, түсіне алмай ойға батқан.
Көрмеуге корқынышты құдай түрін,
Көз жұмып, томсарған қыз, бетін жапқан...
Шешесі естіп міне сұм өсекті,
Мұңайған Марияны сілеп-сөкті:
«Қалайша діннен бездің, елден бездің,
Өмірде естімедім мұндай көпті!
Болдың ба жеңіл ойлы, арың қайда?
Орыстан саған күйеу табылмай ма?
Өзіңді, нәсіліңді мұнша қорлап,
Намыстың оты жоқ па тұла бойда?»
Мариям ана зілін ойлап кеште,
Өзінің қиялымен түсті егеске,
Жагор шал өз бетінше жатыр ойда,
Ежелден ыза басқан жан емес пе?!
Бірақ та шошытпады махаббатты,
Сыр айтпай не бір қатты, не бір тәтті.
Еске алып Алексейін майдандағы,
Қызына берді оқы деп келген хатты.
«Соғыстың жолы күңгірт, ойран тегіс,
Келеді Россияға қайдан жеңіс?
Арсыз ғой әміршіміз, ақылсыз ғой,
Қырсық қой халқымызға бұл қан төгіс.
Сезбейді солдатты ол, үнсіз, керең.
Тұтанбай ерлік оты жүрміз әрең.
Апатты бұл ойранға бізді айдаған,
Кім? – соған, жүрміз үрлеп ызаны өрен».
Оқытты қайта-қайта сөздерді бұл...
Баласы қандай ыза сездіріп тұр?
Осыны ойлап Жагор үйден шықты,
Сол хаттан сезілгендей ізгілік бір.
Ойланды Мария да оқып хатты,
Сол шақта шапшаң біреу есік қақты.
Дүйсеннің сағынышты хатын алып,
Күлімдеп жылпос Базар келіп қапты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет