2-тарау. Дәрілік заттардың тұрақтылығына зерттеулер жүргізу тәртібі 3. Дәрілік заттардың тұрақтылығын зерттеуді өндіруші: 1) қоршаған ортаның әртүрлі факторлары әсер ететін уақытта дәрілік заттар сапасының өзгеруі туралы деректерді алу; 2) дәрілік заттарды сақтау мерзімін және қайта бақылау кезеңін белгілеу; 3) дәрілік заттарды сақтау шарттары бойынша ұсынымдар әзірлеу; 4) еріткеннен кейін немесе көп дозалы контейнерді бірінші рет ашқаннан кейін (қажет болған кезде) дәрілік препараты қолдану кезеңін және ұсынылатын сақтау шарттарын белгілеу; 5) сақтау мерзімінің соңында дәрілік препараттың белсенділігіне кепілдік беру үшін қосылған белсенді ингредиенттің артық мөлшерін негіздемесі мақсатында жүргізеді. 4. Тұрақтылықты зерттеу шарттары дәрілік заттың түрімен (фармацевтикалық субстанция немесе дәрілік препарат), дәрілік препараттағы компоненттердің санымен (бір, екі немесе көп компонентті), дәрілік заттың шығу тегімен (синтетикалық немесе биологиялық), сондай-ақ дәрілік нысанмен айқындалады. 5. Тұрақтылықты зерттеудің келесі шарттары қолданылады: 1) тұрақтылықты күйзелістік зерттеулер; 2) тұрақтылықты жеделдетілген зерттеулер; 3) тұрақтылықты ұзақ мерзімді зерттеулер. 6. Тұрақтылықты күйзелістік зерттеулер дәрілік заттарды әзірлеу кезінде қолданылады және тұрақтылықты жеделдетілген зерттеулерден ерекшеленетін жағдайларда жүзеге асырылады. Тұрақтылықты күйзелістік зерттеулер: 1) ыдырау реакцияларының сипаты мен бағытын анықтау (процесс химизмі); 2) ыдыраудың негізгі өнімдерін анықтау және бөлу; 3) сыналатын объектілерде ыдырау өнімдерін анықтау әдістемелерін іріктеу және валидациялау мақсатында жүргізіледі. 7. Тұрақтылықты жеделдетілген зерттеулер дәрілік препараттарды әзірлеу, тіркеу деректерін дайындау кезінде және дәрілік заттың сапасын растау үшін қолданылады, дәрілік заттардың бүлінуі мен физикалық-химиялық қасиеттерінің нашарлауы процестерінің жылдамдауына әкелінетін жағдайларда жүргізіледі. Тұрақтылықты жеделдетілген зерттеулер: 1) ұсынылатын сақтау шарттарынан қысқа мерзімді ауытқулардың әсерін бағалау; 2) дәрілік препарат құрамындағы және технологиялық процестегі кез келген өзгерістердің өнімнің тұрақтылығына әсерінің болмауын растау; 3) шартты сақтау мерзімін (қайта бақылау кезеңін) белгілеу және сақтау шарттары бойынша ұсынымдар әзірлеу; 4) дәрілік препараттың барабар дәрілік нысанын (тұрақтылық тұрғысында), қаптамасын және герметикалық жүйесін таңдау мақсатында жүргізіледі. 8. Тұрақтылықты жеделдетілген зерттеулер термоқұбылмалы фармацевтикалық субстанциялар (биологиялық субстанциялар) мен олардың дәрілік препараттарының, сондай-ақ бірқатар дәрілік нысандардың (эмульсиялар, жақпамайлар, суппозиторийлер) тұрақтылығын зерттеу үшін жүргізілмейді. 9. Тұрақтылықты ұзақ мерзімді зерттеулер дәрілік заттарды әзірлеу, тіркеу деректерін дайындау кезінде дәрілік заттардың сапасын растау және тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу үшін қолданылады, сақтау мерзімі ішінде және ол аяқталғаннан кейін, сондай-ақ өткізу елінде болжанатын сақтау кезеңдерінде дәрілік заттың қасиеттерін (физикалық, химиялық, биологиялық, биофармацевтикалық және микробиологиялық) қасиеттерін бағалау жолымен жүргізіледі. Тұрақтылықты ұзақ мерзімді зерттеулер: 1) шартты сақтау мерзімін растау; 2) сақтау мерзімін белгілеу (қайта бақылау кезеңін) және сақтау шарттары бойынша ұсынымдар әзірлеу; 3) қолдану кезеңін белгілеу; 4) дәрілік препарат құрамындағы және технологиялық процестегі кез келген өзгерістердің өнімнің тұрақтылығына әсерінің болмауын растау мақсатында жүргізіледі. 10 Фармацевтикалық субстанциялар мен дәрілік заттардың тұрақтылығы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес зерттеу шарттарын сақтай отырып, жүзеге асырылады. 11. Тұрақтылықты зерттеуге арналған фармацевтикалық субстанция сериялары толық ауқымды немесе тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс ауқымында жүргізіледі. 12. Тұрақтылық бойынша негізгі ақпарат алу үшін фармацевтикалық субстанцияның зертханалық үлгілері қолданылмайды. Мұндай үлгілерді зерттеулер туралы деректер фармацевтикалық субстанцияның тұрақтылығын растайтын қосымша мәліметтер ретінде пайдаланылады. 13. Фармацевтикалық субстанция үлгілері: 1) кемінде үш сериядан жеделдетілген және ұзақ мерзімді зерттеулерді жүргізу үшін іріктеледі; 2) күйзелістік зерттеулерді жүргізу үшін бір сериядан іріктеледі. 14. Фармацевтикалық субстанцияның тұрақтылығына ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізу кезінде сақтау және өткізу үшін қолданылатын қаптамаға ұқсас қаптама пайдаланылады немесе оны модельдеу жүзеге асырылады. 15. Фармацевтикалық субстанцияларды зерттеулер үшін көлемі кішірейтілген қаптамалар қолданылады. 16. Күйзелістік зерттеулердің жекелеген түрлері қапталмаған үлгілерде жүзеге асырылады. 17. Дәрілік препараттың зертханалық үлгілері тұрақтылық туралы негізгі ақпаратты алу үшін жарамсыз. Мұндай үлгілерді зерттеулер туралы деректер дәрілік препараттың тұрақтылығын растайтын қосымша мәліметтер ретінде ғана қолданылады. 18. Дәрілік препарат үлгілері келесі талаптарға сәйкес: 1) кемінде үш сериядан іріктеледі; 2) бірдей құрамға ие; 3) бір дәрілік нысаны болады; 4) дәрілік препарат нарыққа түсетін ыдыс-тығындау элементтері бар қаптамада (тұтыну қаптамасы) болады. 19. Үлгілерді бақылау жиілігі дәрілік заттардың төзімділігімен айқындалады. Осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген төзімділігі төмен дәрілік заттардың тізбесін бақылау мынадай мерзімділікпен жүзеге асырылады: 1) жеделдетілген зерттеулерде – алғашқы алты ай ішінде ай сайын, содан кейін қажет болған кезде әр үш ай сайын; 2) ұзақ мерзімді зерттеулерде – алғашқы жыл ішінде әр үш ай сайын, екінші жыл ішінде әр алты ай сайын, кейін бір жыл ішінде бір рет. 20. Анағұрлым төзімді дәрілік заттарды зерттеулер мынадай мерзімділікпен жүзеге асырылады: 1) жеделдетілген зерттеулерде – алғашқы үш ай ішінде ай сайын, кейін қажет болған кезде әр үш ай сайын; 2) ұзақ мерзімді зерттеулерде – алғашқы жыл ішінде әр алты ай сайын, кейін жылына бір рет. 21. Күйзелістік зерттеулерде бақылау жиілігі температуралық сақтау режимімен айқындалады: сақтау температурасы неғұрлым жоғары болса, үлгілерді сынауды соғұрлым жиі жүргізу қажет. 22. Зерттеулер сақтау кезінде өзгерістерге ұшырайтын және дәрілік заттың сапасына, қауіпсіздігіне және (немесе) тиімділігіне әсер ететін қасиеттерді (сапа көрсеткіштерін) қамтиды. 23. Фармацевтикалық субстанцияны зерттеудің шарттары мен ұзақтығы фармацевтикалық субстанцияны жеткізу және кейіннен қолдану кезіндегі сақтау шарттары мен мерзіміне сәйкес келеді. 24. Күйзелістік зерттеулерде: 1) температура жеделдетілген зерттеулер температурасынан 100С жоғары белгіленеді; 2) температураның әсері оның кейіннен 100С көтерілуі кезінде зерттеледі; 3) салыстырмалы ылғалдылық 75 % төмен болмайды; 4) гидролизге ұшырайтын қышқылдық-сілтілік (рН) баланстың кең диапазонында зерттеледі (ерітінді немесе суспензия нысанында субстанцияны қолдану кезінде); 5) қышқылдану мен фотолизге бағалау жүргізіледі; 6) жарықтың әсері жалпы жарық экспозициясы кемінде 1,2·10 лк·с және жақын УК-cаладағы энергетикалық экспозиция кемінде 200 Вт·с/м2 болған кезде зерттеледі. 25. Жеделдетілген зерттеулерде: 1) салыстырмалы ылғалдылық күтілетін сақтау шарттарымен салыстырғанда артады; 2) температура 40 ± 20С деңгейінде және салыстырмалы ылғалдылық 75 ± 5 % деңгейінде белгіленеді. 26. Жедел зерттеулердің нәтижелерін бағалау кезінде фармацевтикалық субстанция мен дәрілік препараттың сапа көрсеткіштерінде елеулі өзгерістердің болмауы анықталады. 27. Фармацевтикалық субстанция сапасы көрсеткіштерінің елеулі өзгерістері сапа көрсеткіштері тұрақтылық ерекшеліктерінен тыс шығатын өзгерістер елеулі өзгерістер болып табылады. 28. Дәрілік препарат сапасы көрсеткіштерінің елеулі өзгерістері мынадай өзгерістер болып табылады: 1) құрамындағы белсенді ингредиенті мәнінің алғашқы мәнінен 5 % төмендеуі (шығару кезінде); 2) кез келген ыдырау өнімі құрамының белгіленген шегінен асу; 3) рН сутегі көрсеткіші мәнінің белгіленген шегіне сәйкес келмеуі; 4) таблеткалардың, капсулалар мен суппозиторийлердің еру жылдамдығының белгіленген нормаларына сәйкес келмеуі; 5) сыртқы түрімен физикалық қасиеттерінің (түсі, гомогендігі, қаттылығы, ылғалдануы және басқалары) белгіленген нормаларға сәйкес келмеуі. 29. Тұрақтылықтың ерекшелігімен регламенттелген сапа көрсеткіштерінің мәндері белгіленген нормалар немесе шектер болып табылады. Егер орташа өзгерістер фармацевтикалық субстанцияның және дәрілік препараттың жеделдетілген зерттеулері кезінде анықталса, онда зерттеулерді аралық жағдайларда қайталау қажет. 30. Ұзақ мерзімді зерттеулерде: 1) зерттеу шарттары дәрілік заттарды сақтаудың болжамды шарттарына барынша жақын болады; 2) температура 25 ± 20С деңгейінде және салыстырмалы ылғалдылық 60 ± 5 % деңгейінде белгіленеді. 31. Дәрілік заттардың тұрақтылығын зерттеу кезінде дәрілік заттарды қолдану болжанатын климаттық жағдайлар ескеріледі. Климаттық аймақтарға байланысты сақтау шарттары және тұрақтылықты ұзақ мерзімді зерттеу шарттары осы Қағидалардың 3-қосымшасында келтірілген. 32. Дәрілік препаратты зерттеудің шарттары мен ұзақтығы дәрілік препаратты жеткізу және кейіннен қолдану кезіндегі сақтау шарттары мен мерзіміне сәйкес келеді. 33. Қыздыруға сезімтал дәрілік препараттар үшін ұзақ мерзімді зерттеулердің температурасын айқындайтын неғұрлым төмен температурада қатар зерттеулер жүргізіледі. 34. Төмен температурада физикалық немесе химиялық қасиеттерінің өзгерістері бар дәрілік препараттарға тұнуға қабілетті суспензиялар мен эмульсиялар, сондай-ақ кремдер, майлар және созылғыштығы өсетін жұмсақ дәрілік заттар жатады. Дәрілік препараттың ұзақ мерзімді зерттеулерін салқын режимде жүргізген кезде жеделдетілген зерттеулер 25 ± 20 С температурада және 60 ± 5 % салыстырмалы ылғалдылықта жүргізіледі. 35. Салыстырмалы ылғалдылық жоғары болған кездегі зерттеулер қатты дәрілік нысандар үшін жүргізіледі. Қаптамасы тиісті түрде тығындалған кезде сырттан ылғал өткізбейтін және керісінше судың кетуіне кедергі келтіретін (ерітінділер, суспензиялар, эмульсиялар) сұйық дәрілік нысандар үшін жүргізілмейді. 36. Егер дәрілік препарат (ерітінділер, тамшы дәрілер) жартылай ылғал өткізгіш материалдан (пластик пакеттер, пластик тюбик-тамшылағыштар) дайындалған ыдысқа қапталған болса, онда тұрақтылықты зерттеулер төмен салыстырмалы ылғалдылықта (мысалы, 10-12 %) жүргізіледі. 37. Құрамында аз төзімді дәрілік заттар бар дәрілік препараттар мынадай мерзімділікпен бақыланады: 1) жеделдетілген зерттеулерде – алғашқы алты ай ішінде ай сайын, кейін қажет болған кезде үш айдан кейін; 2) ұзақ мерзімді зерттеулерде – бірінші жыл ішінде үш ай сайын, екінші жыл ішінде алты ай сайын, кейін жылына бір рет. 38. Дәрілік препараттың тұрақтылығын ұзақ мерзімді зерттеулер кезінде органолептикалық сипаттағы өзгерістер болуы мүмкін: түстің өзгеруі; қабыршақтың, жарықшақтың, көпіршіктердің пайда болуы; біркелкі емес сыртқы түрі; кристалдану; бөлшектер, лай, тұнба; тұнбалану, бірігу, шоғырлану; иіс (газдардың пайда болуы); ашу; эмульсия кезеңдерінің бөлінуі. 39. Кейін белсенді заттың химиялық құрамын, сандық құрамын және сапаның басқа көрсеткіштерін тұрақтылық ерекшелігінің талаптарына сәйкестігіне бағалау айқындалады. 40. Тұрақтылық ерекшеліктері физикалық, химиялық, микробиологиялық зерттеулер және мынадай мәліметтерді қоса алғанда барлық дәрілік түрлердің сапа көрсеткіштерінің тізбесін қамтиды: 1) сипаттама; 2) туыстас қоспалар (ыдырайтын өнімдер); 3) белсенді заттардың сандық анықтамасы. 41. Сапа көрсеткіштерінің ауытқу шектері клиникалық емес зерттеулер кезінде пайдаланылған фармацевтикалық субстанцияның толық сипаттамасы (бейіні) негізінде белгіленеді. 42. Фармацевтикалық субстанциялар мен дәрілік препараттардың тұрақтылығын зерттеу кезінде валидацияланған әдістемелер қолданылады. 43. Сапа көрсеткіштері осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес әртүрлі дәрілік түрлердің тұрақтылығын зерттеу кезінде қажетті сапа көрсеткіштерінің тізбесінде келтірілген. 44. Тұрақтылық ерекшелігінде (сақтау мерзімінің соңында) сақтау кезіндегі тұрақтылық пен бақыланатын өзгерістерді бағалауға негізделген шығару кезіндегі ерекшеліктен лайықты және негізделген ауытқуларға жол беріледі. 45. Консерванттардың дәрілік препарат тұрақтылығына әсерін зерттеу: 1) консерванттардың тиімділігін; 2) консерванттардың рұқсат етілген ең аз санын; 3) консерванттардың ыдыс-тығындау жүйесімен, дәрілік зат компоненттерімен және олардың жанасу кезінде енгізу құрылғыларымен үйлесімділін анықтау мақсатында жүргізіледі. 46. Дәрілік препаратта микробқа қарсы консерванттар болған кезде оның төмендеу деңгейі сақтау процесінде консерванттардың тиімділігі туралы куәландыратын олардың сандық құрамы анықталады. 47. Консерванттардың әсері мынадай жағдайларда микроағзаларды дәрілік затқа енгізе отырып зерттеулерде расталады: 1) өнеркәсіптік ауқымдағы дәрілік заттың кемінде үш өнеркәсіптік сериясын қолдану; 2) микроағзаларды енгізудің үш уақыттық нүктесі кезінде анықтау (тұрақтылықты зерттеулер кезеңінің басы, ортасы және соңы); 3) консерванттардың рұқсат етілген ең аз санына сәйкес келетініне қарағанда микроағзалардың біршама азырақ санын қолдану; 4) көп дозалы контейнерлердің ыдыс-тығындау жүйесі тұтастығының бұзылуы (пайдалану имитациясы). 48. Қаптаманың дәрілік зат тұрақтылығына әсерін зерттеу келесі аспектілерде жүргізіледі: қаптама материалының әсер етуі; қаптама көлемінің әсер етуі; қаптама жағдайының әсер етуі. 49. Барлық дәрілік заттар тұрақтылығының зерттеулері: 1) дәрілік зат компоненттерінің қаптама материалының үстіңгі қабатымен адсорбциясы (жұтылу); 2) дәрілік зат компоненттерінің қаптама элементтерімен химиялық өзара әсері; 3) қаптама элементтерінен химиялық заттарды алу мүмкіндігін анықтау мақсатында жүргізіледі. 50. Егер дәрілік зат әртүрлі материалдардан жасалған (шыны, полипропилен, тығыздығы төмен немесе жоғары полиэтилен) тұтыну қаптамаларында орналастырылса, онда барлық жағдайларда тұрақтылықты салыстырмалы зерттеулер жүргізіледі. 51. Белгілі бір дәрілік нысан тұрақтылығын зерттеу көлемі ең кіші және ең үлкен тұтыну қаптамаларында жүргізіледі. 52. Егер балк-өнім түріндегі ауыз арқылы қолданылатын дәрілік нысан тұтыну қаптамасына өлшеп-оралғанға дейін ыдысқа орналастырылса, онда мұндай сақтаудың ұзақтығы отыз күнді құрайды. Көрсетілген сақтау мерзімі асқан жағдайда дәрілік балк-өнім тұрақтылығын ыдыста зерттеу міндетті. 53. Ішкі және сыртқы қолдануға, ауыз және мұрын ингаляцияларына арналған ерітінділердің, дисперстік жүйелердің (суспензиялар мен эмульсиялар), жұмсақ дәрілік нысандардың тұрақтылығын зерттеулер қаптаманың келесі жағдайларында жүргізіледі: 1) тік; 2) бүйір жақ; 3) аударылған. 54. Қаптаманың қолайсыз жағдайларындағы (қысу, қысым және т.б.) зерттеулер нәтижелері тік бағдармен салыстырғанда ұсынылады. Айырмашылықтар болмаған кезде зерттеулер қаптаманың қолайсыз күйінде жалғасады. 55. Қаптамамен қорғалмаған дәрілік препараттың тұрақтылығын сынау күйзелістік зерттеулердің бөлігін құрайды және қаптаманың оңтайлы таңдалған нұсқасын қосымша растау ретінде ыдыс-тығындау жүйесін бағалау үшін қызмет етеді. 56. Ыдыс-тығындау жүйесіндегі өзгерістерге оның қорғау қасиеттеріне (ылғал-, газ- және жарық өткізгіштік) әсер ететін өзгерістер жатады. Қаптамадағы өзгерістердің тұрақтылыққа әсер ету деңгейі де дәрілік нысанға байланысты. 57. Жарық әсерін зерттеу жаңа фармацевтикалық субстанциялар мен олардың дәрілік препараттарының жарыққа тұрақтылығын бағалау мақсатында жүргізіледі. Жарыққа тұрақтылықты бағалау күйзелістік зерттеулердің ажырамас бөлігі болып табылады. 58. Жарыққа тұрақтылық зерттеулерге жатады: 1) еріксіз ыдырау жағдайларындағы зерттеулер; 2) растау зерттеулері. 59. Еріксіз ыдырау жағдайларындағы зерттеулер: 1) фотохимиялық ыдырау тетігін зерттеу; 2) ыдырау өнімдерін анықтау әдістемелерін әзірлеу және валидациялау мақсатында жүргізіледі. Сапалық және сандық өзгерістершегін белгілеу еріксіз ыдырау жағдайларындағы зерттеулерге кірмейді. 60. Растау зерттеулері: 1) өндіру процесінде дәрілік затпен жұмыс істеу кезіндегі сақтық шараларын белгілеу; 2) жарық әсерінен қорғауға арналған қаптаманың қолданылуын негіздемесі; 3) сақтау мен таңбалауға қойылатын арнайы талаптардың енгізілу негіздемесі; 4) жарықтың әсерінен пайда болған өзгерістердің орындылығы (орынсыздығы) мақсатында жүргізіледі. 61. Жарық тұрақтылығына зерттеулер мынадай тәртіппен жүргізіледі: 1) фармацевтикалық субстанция зерттеулері; 2) алғашқы қаптамасыз дәрілік препарат зерттеулері; 3) алғашқы қаптамадағы дәрілік препарат зерттеулері; 4) тұтыну қаптамасындағы дәрілік препарат зерттеулері. 62. Жарыққа тұрақтылықты зерттеулер үшін мынадай жарық көздері қолданылады: 1) D65 (ID65) сәулелену стандартына сәйкес келетін кез келген жарық көзі: көрінетін және УК-сәулесі үйлесетін жасанды күндізгі жарықтың флуоресценттік шамы; ксенон шамы; галоген шамы (D65 - ISO 10977 сәйкес сыртқы күндізгі жарық халықаралық стандарты; ID65 – үй-жай ішіндегі күндізгі жарықтың балама стандарты). 320 нм кем емес немесе едәуір сәулеленудің елеулі бөлігінің көздері оны жою үшін тиісті сүзгімен жарақтандырылған. 2) суық ақ флуоресценциясы бар шам (ISO 10977) және параллельді түрде жақын УК-сәуле шамы (320-дан 370 нм дейін толқын ұзындығының диапазонында энергияның барынша сәулеленуімен 320-дан 400 нм дейін спектрлік бөлу; УК-сәуленің едәуір бөлігі 320-360 нм және 360-400 нм диапазонында). 63. Жарық әсерімен растау зерттеулер мынадай жағдайларда жүргізіледі: 1) кемінде 1,2·10 лк·с жалпы жарық экспозициясы; 2) кемінде 200 Вт·ч/мІ жақын УК-саладағы энергетикалық экспозиция. 64. Үлгілер мынадай тәсілдердің бірімен валидацияланған химиялық актинометриялық жүйені қолдану кезінде зерттеулерге ұшырайды: 1) белгілі бір деңгейдегі жарық әсерімен; 2) белгілі бір уақыт кезеңінде жарықтың әсерімен. 65. Зерттеу жағдайлары калибрленген радиометрлердің немесе люксометрлердің көмегімен бақыланады. 66. Бақыланатын жалпы өзгерістерге термоиндуцияланған өзгерістер үлесін бағалау жарық әсерінен қорғалған (мысалы, алюминий фольгаға оралған) бақылау (қараңғыдағы) үлгілері зерттелетін үлгінің жанына орналастыра отырып жүргізіледі. 67. Жарыққа тұрақтылық зерттеулерінде, оның ішінде фотолиз өнімдерін анықтау үшін пайдаланылатын талдау әдістемелері валидацияланады. 68. Еріксіз ыдырау жағдайларындағы зерттеулер фармацевтикалық субстанцияның бір сериясында жүргізіледі. Фармацевтикалық субстанция үлгілері химиялық инертті жылтыр қаптамада болады. 69. Ыдырау тетігін зерттеу зерттелетін субстанцияның жарыққа төзімділігіне және жарық көздерінің қарқындылығына байланысты жарық әсерінің әртүрлі режимінде жүргізіледі. Ыдырау өнімдерін анықтау әдістемелерінің әзірленуі мен валидациясы – жарық әсерінің белгілі бір уақытында, ал ыдыраудың едәуір дәрежесінде зерттеулерді тоқтату жолымен орындалады. Егер жарық әсерінің талап етілетін деңгейі негізделген болса, жарыққа тұрақты субстанциялар зерттеулерін талап етілетін әсерге қол жеткізгеннен кейін аяқтау орынды. 70. Егер растау зерттеулері процесінде өнімдердің жасалмайтыны анықталса, оларды одан әрі зерттеу қажет болмайды. 71. Растау зерттеулері фармацевтикалық субстанцияның басқа сериясының үлгілерінде жүргізіледі. Біртекті емес нәтижелер кезінде растау зерттеулері кемінде екі қосымша серияда қайталанады. 72. Үлгілерді іріктеу және дайындау мына жағдайларда орындалады: 1) үлгілерді салқындату және (немесе) герметикалық қаптамаға орналастыру есебінен агрегаттық өтумен түсіндірілетін физикалық жағдайдың өзгеруін барынша азайту; 2) жарықтың зерттелетін үлгілерге әсеріне кедергі келтіретін жою немесе барынша азайту; 3) фармацевтикалық субстанциямен ыдыс-тығындау жүйесі материалдарының ықтимал өзара әсерін есепке алу және бағалау. 73. Жарық тұрақтылығының зерттеулері үшін іріктелген қатты фармацевтикалық субстанциялардың үлгілері репрезентативті болып табылады, себебі жарықтың әсер етуі кезінде зерттелетін үлгілерде біртекті емес учаскелердің пайда болуы мүмкін. Біртекті емес учаскелерді жою үшін оларды араластыру жолымен үлгілерді гомотүрлендіру жүргізу қажет. Қатты фармацевтикалық субстанциялар зерттеулер үшін жеткілікті мөлшерде іріктеледі, лайықты шыны немесе пластмасса ыдысқа орналастырылады, қалыңдығы 3 мм аспайтын қабатпен бөлінеді, жылтыр қақпақпен жабылады және сәулеленуге ұшырайды. Сұйық фармацевтикалық субстанциялар химиялық инертті жылтыр қаптамаға орналастырылады. 74. Фармацевтикалық субстанциялар үлгілерін талдау мынадай көрсеткіштер бойынша жүргізіледі: 1) сипаттама; 2) сандық анықтама; 3) туыстас қоспалар (фитохимиялық ыдырау өнімдері). Зерттелетін және бақылау үлгілерін талдау бір уақытта жүргізіледі. 75. Нәтижелерді бағалау жарық тұрақтылығы зерттеулерінің әрбір түрінің мақсаттарына сәйкес жүргізіледі. Тұрақтылықтың басқа түрлерінің зерттеу нәтижелерімен қатар жарық тұрақтылығын зерттеулер нәтижелері фармацевтикалық субстанция сапасының сақтау мерзімі ішіндегі ерекшелік талаптарына сәйкестікке кепілдік береді. 76. Дәрілік препараттардың жарық тұрақтылығының зерттеулері оларды зерттелетін қаптамадағы жарық әсерінен қорғау сенімділігін дәлелдейтін нәтижелерді алғанға дейін жүргізіледі. 77. Еріксіз ыдырау жағдайларындағы зерттеулер дәрілік препараттың бір сериясында жүргізіледі. 78. Растау зерттеулері дәрілік препараттың басқа сериясының үлгілерінде жүргізіледі. Әртүрлі нәтижелер кезінде растау зерттеулері кемінде екі қосымша серияда қайталанады. 79. Егер бастапқы қаптаманың (алюминий тубалар, банкалар) жарық өткізбейтіні анықталса, онда дәрілік препарат зерттеулері жарықтың тікелей әсерімен жүргізіледі. 80. Бірқатар дәрілік нысандардың (инфузияларға арналған ерітінділер, сыртқа қолдануға арналған кремдер) зерттеулері олардың қолдану кезіндегі жарық тұрақтылығын растау үшін орынды болып табылады. Бұл жағдайда зерттеулерді жүргізу тәртібін өтініш беруші дәрілік препаратты қолдану тәсіліне байланысты белгілейді. 81. Бастапқы қаптамасыз дәрілік препарат зерттеулері фармацевтикалық субстанция зерттеулеріне ұқсас жағдайларда жүргізіледі. 82. Үлгілерді орналастыру кезінде жарық көзінің әсер етуі үшін ең жоғары аудан қамтамасыз етіледі. 83. Бастапқы немесе тұтыну қаптамасындағы дәрілік препараттың зерттеулері кезінде үлгілер олардың бірдей сәулеленуін қамтамасыз ету үшін жарық көзіне қатысты көлденең немесе тік бағытта орналастырылады. Үлкен көлемді ыдыстағы дәрілік балк-өнімдердің зерттеулері түзетілген жағдайларда жүргізіледі. 84. Дәрілік препараттың үлгілерін талдау мынадай көрсеткіштер бойынша жүргізіледі: 1) сипаттама; 2) ыдырау (қатты дозаланған нысандар); 3) еру (қатты дозаланған нысандар); 4) туыстас қоспалар (фотохимиялық ыдырау өнімдері); 5) сандық анықтама. Зерттелетін және бақыланатын үлгілерді талдауды бір мезгілде жүргізіледі. 85. Алынған нәтижелердің негізінде мынадай ұсынымдар қабылданады: 1) жарық әсерінен қорғауға арналған қаптаманы қолдану қажеттілігі туралы; 2) сақтау мен таңбалауға қойылатын арнайы талаптарды енгізу қажеттілігі туралы; 3) жарық әсері кезінде пайда болған өзгерістерге жол беру немесе жол бермеу туралы. 86. Жарыққа тұрақты зерттеулер нәтижелері тұрақтылықтың басқа түрлеріне зерттеулердің нәтижелерімен дәрілік препарат сапасының сақтау мерзімі ішінде ерекшелік талаптарына сәйкестігіне кепілдік береді. 87. Тіркеу деректерінде температуралық сақтау режимін көрсетіледі, ол мынадай типтік тұжырымдамаларды қамтиды: "300С жоғары емес температурада сақтау"; "15-тен 250С дейінгі температурада сақтау"; "2-ден 80С дейінгі температурада сақтау" (тоңазытқышта сақтау кезінде, мұздатпай); "-5-тен-200С дейінгі температурада сақтау" (мұздатқыш камерада); "-180С төмен температурада сақтау" (қатты мұздату жағдайларында). 88. "Қоршаған орта жағдайында" немесе "бөлме температурасы" сияқты сөз тіркестері қолданылмайды. 89. Қажет болған жағдайда сақтау шарттарына қойылатын арнайы талаптар көрсетіледі: "Мұздатуға болмайды" (мұздатуға төзімсіз дәрілік заттар үшін); "Жарық түспейтін жерде сақтау" (жарыққа төзбейтін дәрілік заттар үшін); "Құрғақ жерде сақтау" (ауа ылғалдылығы әсерінен тез ылғалданатын дәрілік заттар үшін). 90. Дәрілік заттың құрғақ жерде сақталуы 40-тан 60 % дейін салыстырмалы ылғалдылықты көздейді. 91. Дәрілік затты сақтау шарттары тұрақтылықты зерттеу шарттарынан ерекшеленеді. 92. Басқа иістерді, ластану мен қарқынды жарықты болдырмайтын құрғақ, жақсы желдетілетін үй-жайларда 15-250С температурада (немесе климат жағдайларына байланысты 300С дейін) сақтауды көздейтін шарттар көптеген дәрілік заттар үшін ұсынылады. 93. Дәрілік препараттың тұрақтылығын зерттеу нәтижелерін өндіруші осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша толтырады. 94. Тұрақтылықты зерттеулер нәтижелерін талдау дәрілік затты сақтау процесіндегі бақыланатын өзгерістер туралы объективті ақпаратты қамтиды. 95. Тұрақтылықты зерттеуді жүргізген адам дәрілік заттың тұрақтылығын зерттеу туралы есеп жасайды. Фармацевтикалық субстанция тұрақтылығын зерттеу туралы есеп осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес ақпаратты қамтиды. Дәрілік препараттың тұрақтылығын зерттеу туралы есеп осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес ақпаратты қамтиды. 96. Тұрақтылықты зерттеу туралы есепке құжаттар қоса беріледі: фармацевтикалық субстанциялардың сапа сертификаттары; қосымша заттар сапасының сертификаттары; аккредиттелген зертхана берген талдау хаттамалары. Тіркеу дерекнамасын беру сәтінде дәрілік заттардың тұрақтылығын зерттеуге қойылатын шарттар осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес жүргізіледі. Тіркеу дерекнамасын беру кезінде тұрақтылықты ұзақ мерзімді зерттеу аяқталмаған жағдайда, есеп осы Қағидалардың 9-қосымшасына сәйкес нысан бойынша тіркеуден кейінгі кезеңде тұрақтылықты зерттеу жүргізу жөніндегі кепілдік міндеттемені де қамтиды. 97. Тіркеуден кейінгі өзгерістерді енгізу кезінде дәрілік заттың (фармацевтикалық субстанцияның, дәрілік препараттың) тұрақтылығын зерттеу: 1) дәрілік препарат құрамының елеулі өзгерістері; 2) дәрілік затты (фармацевтикалық субстанцияны, дәрілік препаратты) өндіру тәсілінің елеулі өзгерістері; 3) ыдыс-тығындау жүйесінде өзгерістер болған жағдайда жүргізіледі. 98. Дәрілік препарат құрамының елеулі өзгерістеріне мыналар жатады: 1) тіркелген дәрілік препаратты жаңа дозамен толтыру, бұл балама тұрақтылық негіздемесін талап етеді; 2) тұрақтылығына әсер етудің сыни факторы болуға қабілетті, қосымша заттардың, әсіресе жұмсақ дәрілік нысандарда және түрлендірілген нысандардағы өзгеріс. 99. Дәрілік затты өндіру тәсілінің елеулі өзгерістеріне мыналар жатады: 1) өндірісті жаңа техникалық құралдар қолданылатын басқа алаңға көшіру; 2) серия көлемінің едәуір ұлғаюы; 3) қайта өңдеу арқылы дәрілік препараттың белгілі бір сериясын қайта пайдалану.