Бакай А. В., др. Генетика. М.: КолосС, 2007, с. 147 – 175.
ДӘРІС 12. ГЕНЕТИКАЛЫҚ ПОЛИМОРФИЗМ
Дәріс жоспары:
1)Белоктардың генетикалық полиморфизмі (антиген, аллоантиген, антизат, қан тобының жүйесі, қан типі). Фено-тип.Иммуногенетика.
2)Қан топтарының тұқым қуалауы, оның мал шаруа-да қолданылуы. 3)Иммуногенетикалық бақылау,мал тектерінің жазылуы дәлдігін, ұрпақтардың құнды тектері мен генетикалық ұқсастық дәрежесін анықтау,
4)Популяцияның им-лық құрылымын талдау, хромосомалардың генетикалық картасын құрастыру.
1. Генетикалық полиморфизм: иммуногенетикалық және биохимиялық
Генетикалық полиморфизм деп жалғыз гендік локустың бірнеше аллельдік күйін түсінеді. Оның шығу көзі – мутация саналады. Генетикалық полиморфизмді зерттеу екі әдістің – иммунологиялық және биохимиялық – көмегімен іске асады. Осыған орай генетикалық және биохимиялық полиморфизмді ажыратады.
Иммуногенетикалық полиморфизм – популяция дараларында бірнеше антигендердің болуы, нәтижесінде жүздеген қан топтары пайда болады (3-кесте). Қан тобын анықтайтын эритроцит және лейкоцит антигендерінің иммунологиялық әсері бар. Антиген деп организмге енгізгенде қан сарысуында антизаттың (антидене) түзілуіне себепті болатын бөтен нәруыз немесе полисахарид молекулаларын түсінеді.
Жалғыз немесе тіркес тұқым қуалайтын антигендер қан тобы деп, ал бір локус бақылайтын қан тобы жиынтығы қан тобының генетикалық жүйесі деп аталады. Олардың басым бөлігінде көптік аллелизм байқалады.
Әдетте жалғыз локус жалғыз ғана антигеннің синтезделуін бақылайды. Кейбір қан жүйесінің локусындағы бірнеше антигендер белгілі үйлесімде толық тіркесіп тұқым қуалайды. Мұндай антигендер фенотоп деп аталады. Мысалы, ірі қараның В локусы жүйесінің 12 антиген бар. Фенотоп супергеннің құрамына енеді деп жорамалдануда. Суперген дегеніміз әр түрлі антигеннің түзілуін бақылайтын, өте жақын орналасқан бір локустың бірнеше аллельдері. Мысалы, ірі қараның В-қан жүйесі жалғыз локус деп қаралады, бірақ оны бір-бірімен жақын тіркескен бірнеше локустан құралған генетикалық жүйе деп санау керек.