Дәріс 4: Оқытудың ойын әдістері
Ойынның оқыту әдісінің түсіктемесі
Ойынның функциялары
Ойынның оқыту және ғылыми, өндірістік, ұйымдастырушылық тұрғыдағы мәселелерді шешу мақсатында қолданылатын түрлері көп. Оларға: оқу, имитациялық, ролдік, ұйымдастыру-әрекеттік, іскерлік, әскери, инновациялық, басқармалық т.б. ойындар жатады. Оқу процесіндегі ойын оқытудың формасы да, әдісі де болып табылады. Ойын оқытушы мен студенттің іс-әрекетінің бірлескен, өзара байланысты технологиясының дидактикалық категориясы ретінде де қарастырылады. «Ойын» сөзінің этимологиясына жүгінсек, ол «ой» деген сөзге тікелей қатысты болып шығады. Ойлану арқылы ойынның мақсатына жетуге болады. Сондықтан ойынның адамның ойлау әрекетімен ұштасып жатқандығын байқау қиын емес (Н.Ахметов,Ж.Хайдаров).
Оқу ойындары оқушылардың өзіндік білім, білік, дағдыны меңгеруге бағытталған әрекеті. Оқу ойындарының төмендегі сипаттарын атап өтуге болады:
-тікелей дидактикалық әсер ету, яғни оқушы пен оқытушы бірлесіп белгілі бір рольді «ойнайды»;
-жанамалай дидактикалық әсер ету, яғни, оқытушы мен студент бақылаушы немесе жанкүйер ретінде «ойыннан тыс» қалады;
-аралас дидактикалық әсер ету, бұнда оқытушы мен оқушы жүргізуші, төреші, эксперт, кеңесшінің ролінде болады.
Ойын әдістерін оқыту процесінде қолдану Еуропа мен ТМД елдерінің жоғары оқу орындарында, Францияның, Германияның, Англияның инженерлік және гуманитарлық жоғары оқу орындарында кең тараған. АҚШ-тың жоғары мектеп жүйесінде бұл әдістің барынша кең көлемде қолданылатындығын атап өткен жөн. Әсіресе Гарвард, Калифорния, Нью-Йорк, Стэнфорд университеттері, сондай-ақ, Гопкинс университеті, Лихай, Массачусетс технологиялық институты т.б. көптеген атышулы университеттер мен колледждері ойындық әдістерді қолдануда ең алдыңғы қатардан орын алады.
2. Педагогикалық ойындардың функциясын мұғалімнің дұрыс түсінуі оқу үрдісіндегі ойын технологиясының орны мен рөлін анықтайды. Ойын элементтері мен оқытуды ұштастыру мқғалім шеберлігіне байланысты. Кез-келген ойынның өзіндік пайдасы бар. Ойынның бірнеше маңызды функцияларына тоқталайық.
1. Ойынның әлеуметтік-мәдени белгілері.
2. Ұлтаралық қарым-қатынас функциясы.
3. Ойында адамның өзін іс жүзінде көрсетуі.
4. Коммуникативтік ойын.
5. Ойынның диагностикалық функциясы.
6. Ойынның емдеу функциясы.
7. Ойынның түзету функциясы.
8. Ойынның көңіл көтерту функциясы.
Енді әр функцияны қысқаша сипаттайық.
1. Ойынның әлеуметтік-мәдени белгілері. Ойын – баланы әлеуметтен-дірудің бірден-бір құралы. Ол бір жағынан тұлғаның қалыптасуына, құрбы-құрдастарына, қоғамға тән рухани құндылықтар мен нормаларды, білімді игеруге мақсатты түрде бағытталса, екінші жағынан адамның қалыптасуына аяқ астынан әсер ететін әлеуметтік бақылау үрдістері болып табылады. Ойынның әлеуметтік-мәдени белгісі мәдени байлықты, тәрбие әдеуетін игерген ұжымның толыққанды мүшесі бола алатын баланың тұлға ретінде қалыптасуының көрсеткіші.
2. Ұлтаралық қарым–қатынас функциясы. Бұл функцияның мақсаты ұлтына, нәсіліне қарамастан барлық адамдарға тән әлеуметтік-мәдени құндылықтарды меңгерту болып табылады. Ойындар арқылы кез-келген ұлт өкілдері өз ұрпақтарын өмірдегі әртүрлі жағдаяттардан жол таба білуге, кикілжіңді қатыгездіксіз шешуге, әр қилы эмоцияларды дұрыс қабылдай білуге үйретеді. Ойында шекара жоқ. Ұлттық ойындар, ұлтаралық ойындар, әртүрлі салалық ойындар, бүкіл адамзатқа тән ойындар көптеп саналады.
3. Ойында адамның өзініс жүзінде көрсетуі. Бұл ойынның функцияларының бірі. Адамға ойынның өзін іс жүзінде көрсетіп, тұлға ретінде қалыптасуы үшін маңызы зор. Сол себептен ойын үрдісі адам үшін маңызды. Ойын барысында бала өзін іс жүзінде көрсетеді. Адам өмірінде үнемі ойын жағдаятына кездесіп тұрады. Соны шешу арқылы адамның ой-µрісінің дамуы көрінеді.
4. Коммуникативтік ойын. Белгілі бір ережесі болса да ойын коммуникативті әрекет. Ойын оқушыларды адам қарым-қатынастарының әр түрлі жағдайларында болдырады. Осы әр түрлі қиыншылықтан жол таба білуге итермелейді. Топтық ойынға қатысушылар ойыншылар қоғамын құрайды. Осы қоғамның мүшелері бір-бірімен коммуникативті байланыс орната алмаса, ешқандай ойын болуы мүмкін емес.
5. Ойынның диагностикалық функциясы. Диагностика – диагноз қою үрдісі, білу қабілеті. Адамның басқа іс-әрекетімен салыстарғанда ойынның немен аяқталатынын болжауға болады. Тұлға интеллект, шығармашылық жағынан өзін-өзі іс жүзінде көрсетеді.
6. Ойынның емдеу функциясы. Ойын адамның тәртібіндегі өзін қоршаған басқа адамдармен қарым-қатынас және оқудағы туындаған әртүрлі қиындықтарды жеңу үшін де пайдаланылады. Д.Б.Эльконин ойын тәсілдерінің емдік мағынасын бағалай келе, былай деді: «Ойын емінің эффектісі бала рөлдік ойын кезінде алған жаңа әлеуметтік қарым-қатынастың тәжірибесімен анықталады». Рөлдік ойындар баланы үлкендермен, құрдастарымен нағыз қарым-қатынасқа үйретеді. Әр түрлі сатыдағы қарым-қатынастың емдік эффектісі болады.
7. Ойынның түзету функциясы. Ойынның әрбір қатысушысы өз рөлі ғана емес басқалардың да рөлін жақсы білсе, ойын ережесімен жақсы таныс болса, онда психологиялық түзету табиғи жағдайда жүреді. Түзету ойындарының тәртібі нашар, психологиялық көмекті қажет ететін оқушылар үшін көмегі зор. Сонымен қатар бала өзінің және басқалардың ойынының нәтижесін бақылай, талдай, қорытындылай отырып, оны өзінің істерінде ұтымды қолдануға машықтанады.
8. Ойынның көңіл көтеру функциясы. Көңіл көтеру - түрлі нәрсеге, әртүрлі әрекеттерге ұмтылу. Ойынның көңіл көтеру функциясы жеке тұлғаның тұрақтануы мен рухани қуанышын қалыптастыру, сондай-ақ жағымды атмосфера құрып, белгілі бір жағдайларда жайлы жағдай орнатумен тығыз байланысты. Ойындағы көңіл көтеру үнемі ізденіс жағдайында өтеді. Ойын қиялды дамытып, көңіл көтеруге итермелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |