Дәріс 6: Интерактивті оқыту
1. «Интерактивті оқыту» ұғымы
2. Интерактивті оқытудың принциптері мен міндеттері
1. «Интерактивті оқыту» ұғымы (interactive – ағылшын тілінде «қарым-қатынас») оқытушы мен оқушының бірлесе жүзеге асыратын әрекеті негізінде оқытуды білдіреді. Негізгі басымдық «оқытушыға» берілетін, ал оқыту барысындағы басты әрекет «білімді беру, үйрету» болып табылатын дәстүрлі түсініктегі оқытумен салыстырғанда, интерактивті оқыту «оқытушы» мен «оқушының» өзара іс-әрекеттесуін меңзейді, мұндағы басты әрекет - «білімді алу, үйрену», яғни «оқушының» әрекет барысында білімді өз бетімен игеруі.
Интерактивті оқытудың негізгі принциптері:
Білім игерілетін орта қалыптастыру.
Іс-әрекет арқылы оқыту.
Оқытуды өмірмен байланыстыру.
Оқушының өзіндік дербестігін қалыптастыру.
Интерактивті оқыту міндетті түрде іс-әрекет арқылы жүзеге асырылады, себебі істелген әрекет тыңдалған ақпарат пен көрілген мәліметтен гөрі есте жақсы сақталады.
Бұл ретте данышпан Конфуцийдің мына сөздері интерактивті оқытудың барлық мәнін ашатындай:
«Айтып бер – ұмытып қалайын, көрсетіп бер – есімде қалсын, өзіме істет – үйренейін».
Интерактивті оқытудың принциптері мен міндеттері
Принциптері
|
Міндеті
|
Білім игерілетін орта қалыптастыру
|
Оқушының берілетін білімді кедергісіз игеруіне қолайлы жайлы орта қалыптастыру.
Оқушы өз әрекетінің тиімділігін сезінетіндей орта қалыптастыру.
Оқушылардың өзара ашық та шығармашыл қарым-қатынас жасауына жағдай жасалатын орта қалыптастыру.
|
Іс-әрекет арқылы оқыту
|
Оқушыға білімді игеру тек өз бетінше іс-әрекет жасаған күнде ғана толыққанды іске асатындығын дәлелдеу.
Интерактивті оқыту тәсілдерін пайдалану арқылы оқушылардың білімді игеру үрдісін белсенді іс-әрекеттер негізінде жүзеге асыру.
|
Оқытуды өмірмен байланыстыру
|
Оқытудың барысында берілетін білім мен үйретілетін дағды (машықтың) шынайы өмірдегі нақты жағдайларда қолданылатындығын көрсету, дәлелдеу.
Оқыту үрдісін өмірдегі нақты мәселелерді шешудің жолы ретінде қарастыру.
Оқыту барысында өмірден нақты мысалдар келтіре отырып машықтандыру.
|
Оқушының өзіндік дербестігін қалыптастыру
|
Білімді дайын материал түрінде емес, оқушылар өз бетімен зерттеп, тауып, игеріп алатын тапсырма не жаттығулар түрінде ұсыну.
Оқушылардан дайын жауаптар талап етпеу, оларды өз пікірін білдіруге, мәселені өз бетінше шешуге итермелеу.
Оқушылардың бойында сыни тұрғысынан ойлау, сараптау дағдыларын қалыптастыру (күмән келтіру, өз көзқарасын білдіру, ақпаратты әр қырынан қарастыру, дәлелдер келтіру, т.с.с).
|
Интерактивті оқытудың бір артықшылығы – оқыту үрдісі барысында оқушылардың өмірлік тәжірибесіне негізделген тұлғааралық қарым-қатынас жүзеге асады. Өмірлік тәжірибеге әр оқушының жеке пікірі мен көзқарасын, өзіндік ойы мен идеяларын, тұжырымдары мен дәлелдерін жатқызамыз. Оқыту барысында оқушылар бір-бірімен осындай тәжірибемен бөлісе отырып, өз беттерінше жаңа білім мен дағдыларды үйренеді.
Интерактивті оқыту әдістемесін қолдану арқылы оқушы бойында келесі дағдыларды қалыптастыруға болады:
өз пікірлері мен әрекеттерін сараптау;
ақпаратқа қатысты өзіндік пікір қалыптастыру әрі көп ақпарат ішінен өзіне қажетті мәліметтерді алу;
жаңа ұғымдар мен жаңа білімді өз бетінше игеру;
өз ойын білдіру және өзгенің пікірін тыңдау;
тілдесу, пікір алмастыру, топпен жұмыс істеу;
шешім қабылдау.
Мұндай дағдылардың қалыптасуы оқушыға жаңа білімді өз бетінше игеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, оның белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға жағдай жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |