«палитра - саусақтар» саусақпен сурет салу.
Қол астында қылқалам жоқ па? Ештеңе етпейді. Бір саусағымызды көк бояуға батырамыз, келесісін сары бояуға, үшіншісін қызыл бояуға маламыз. Палитрадан несі кем!... Бұл барлық жастағы балаларға ұнайтын қарапайым да оңай әдіс. Олар үлкен ынтамен салады. Саусақпен сурет салу бірнеше кезеңнен тұрады. Балалар әуелі бір саусақпен, сосын бірнеше саусақпен сурет салып үйренеді. Біз көбелектерді, балықтарды, көгалды нүктелер, ирек сызықтармен безендіріп үйренеміз. Келесі кезеңде балалар бояуларды араластыруды үйренеді. Әр саусағын әртүрлі бояуға батырып бір түстің үстіне келесі түсті жағады. Түстерді араластыру нәтижесінде балалар өздеріне қажет түсті табады. Естиярлар тобында қарапайым бейнелерді бояудан бастап, мектепке дайындық тобында «саусақпен бояу» техникасын жете меңгерген балалар сурет тақырыбын өздері таңдап, оны нұқу, жағу, бояуларды араластыру әдістерімен ұтымды безендіре алады. Ертегілерге салынған сюжеттерді де балалар өте сәтті бояды.
Келесі техника - «Алақанмен» сурет салу. Бұл әдіс кішкентайлар тобындағы балаларға өте ұнайды. Себебі балалар бояуды көріп қана қоймайды, оны сезінеді.
Балалармен жұмыс жүргізуде пайдаланылатын келесі әдіс – сызықтармен (штрихтармен) сурет салу. Сызықтардың көмегімен заттың сапасы, оның қасиеті, туралы біліп, суреттегі бейнені, оның қоршаған ортаға қатысын ашуға болады. Сонымен бірге сызықтармен сурет салу, саусақтардың бұлшық еттерін дамытып, қолды жазуға жаттықтырады. Ересектер топтарындағы балалар «балапан», «кірпі»тақырыптарына сурет сала алады. Бұл суреттер қарапайым да мәнерлі, бейненің ерекшелігін әртүрлі сызықтар және сызықтарды әртүрлі қалыпта жүргізу арқылы беріледі. Сызықпен сурет салу үшін балаа\лар бос уақыттарында көп жаттығулары керек. Бейненің мазмұнын ашу сызықты пайдалана білуді қажет етеді.
Сонымен бірге дымқыл қағазға сурет салу әдісі де өте қызық. Бұл әдіс ересектер тобындағы балалармен жұмыс жүргізуде пайдаланылады. Гуашьпен бояғаннан гөрі акварельмен бояу күрделірек, бірақ қызық. Акварельмен тек ақ параққа сурет салуға болады. Бояуға су көбірек араластырылса бояу түсі тұнықтана түседі. Әсіресе балаларға тымық және желді күнгі теңізді салу өте ұнайды.