Дәріс №4 Тақырыбы: Жер учаскесінің сәйкестендіру құжаттарын жасау
Қарастырылатын сұрақтар: "Жер учаскесіне актілерді дайындау және беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары
Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын алу процесі
Дәріс мәтіні: 1. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазаны № 301 бұйрығына 6-қосымшасында "Жер учаскесіне актілерді дайындау және беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары көрсетілген. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000021366 Жер учаскесі – 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекара ішінде бөлінген жер бөлігі.
Жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат – негізінде жер учаскесіне құқықтар туындайтын, өзгертілетін немесе тоқтатылатын заңдық фактілердің (заңдық құрамдардың) басталғанын растайтын құжат, оның ішінде шарттар, соттардың шешімдері, атқарушы органдардың құқықтық актілері, мұрагерлікке құқық туралы куәлік, меншік құқығымен жер учаскесін иеленуші немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған мемлекеттік емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі табыстау актісі немесе бөлу теңгерімі.
Жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты – жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсаттары үшін қажетті жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат;
Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі– мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге арналған, жер учаскесінің сандық және сапалық сипаттамаларын, оның ішінде оның шекаралары туралы, сондай-ақ жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйе;
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын, мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын негізгі талаптар тізбесі;