Цитологиялық тәсіл. Бұл тәсіл клеткадағы әртүрлі заттардың: белоктардың, майлардың, углеводтардың, нуклейн қышқылдарының, гармондардың, витаминдердің және т.б. болуын және олардың клеткадағы мөлшерінің қаншалықты екендігін анықтауға мүмкіндік береді.
Клетканың тығыздығы әртүрлі болып келетін компоненттерін центрифугирования тәсілі арқылы бір-бірімен қоспай бөлек зерттеуге болады. Клеткадан оның жекелеген компоненттерін мүлдеп бөліп алу (ядросын, митохондриясын және т.б.) микрохирургиялық тәсіл арқылы жүзеге асырылады.
Клетканың алуан түрлілігі. Клеткалардың формасы мен мөлшері алуан түрлі болып келеді және олар орналасуы мен атқаратын қызметтеріне тікелей байланысты болады. Клеткалардың формасы негізінен көп қырлы денешіктер түрінде болып келеді. Олардың формасының бұлай болып қалыптасуы, жақын орналасқан клеткалардың бір-біріне қысым түсіруімен тікелей байланысты болады. Еркін өсетін клеткалардың формасы шар, жұлдызша, цилинр тәрізді және тағы басқаша болып келеді. Клеткалардың алуан түрлі формаларын паренхималық және прозенхималық деп екі топқа бөлуге болады. Паренхималық клеткалардың ұзындығы енімен бірдей немесе одан 2-3 еседен артық болмайды, ал прозенхималық клеткалардың ұзындығы енінен бірнеше есе артық болады. Жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің клеткаларының орташа ұзындығы 10-100 мк-ге тең. Ең үлкен паренхималық клеткалардың ұзындығы бірнеше миллиметрге жетеді және жай көзге көрінеді. Оларға қарбыздың, лимонның жемістерінің және картоптың түйнегінің клеткалары мысал болады. Әсіресе зығырдың, қалақайдың, раманың сабақтарының прозенхималық клеткалары үлкен ұзындыққа жетеді. Бірақта бактерияның клеткаларының кішкентай болатындығы сонша (0,5-5 мкм), оларды оптикалық микроскоптың ең үлкен үлкейткішінің өзімен зорға көруге болады.
Клетканың компоненттері. Өсімдіктің толық жетіліп қалыптасқан клеткасын оптикалық микроскоппен қарағанда, оның мынандай компоненттерден: қатты қабықшадан, клетканың ортаңғы бөлігін алып жататын бір үлкен, немесе 2-3 кішілеу вакуольден, вакуоль мен клетка қабықшасының арасын алып жататын цитоплазмадан және цитоплазмада болатын ядродан тұратындығын байқауға болады. Ядро мен цитоплазма клетканың тірі бөлігі және олар бірігіп протопласты түзеді. Қабықша мен вакуольдер клетканың өлі бөлігі, олар протопластың тіршілік әрекетінің нәтижесінде пайда болған.
Клетканы фазалық контраст тәсілінің көмегімен және электронды микроскоппен қарап зерттегенде цитоплазма мен ядроның көптеген органелдерден (органоидтардан) тұратын аса күрделі құрылысты системалар екендігі анықталды.
Органелдерді көп жағдайда оптикалық микроскоппен көрінетін және тек электронды микроскоппен көрінетін деп екі топқа бөледі.
Әрбір топтағы органелдерді екі мембраналы, бір мембраналы және мембранасыз деп бөледі.
Протопластың пластидтерден басқа компоненттерінің барлығы әдетте түссіз болып келеді. Ал пластидтердің түсі жасыл немесе қызғыш сары болады.
Клетканы түзетін заттар алуан түрлі болады. Клеткада ең көп мөлшелерде болатын зат су (60-90%), ол зат алмасу реакциясының дұрыс жүруіне аса қажет. Химиялық қосылыстардың қалған бөлігінің негізін органикалық заттар түзеді, (10-23%), ал органикалық емес заттардың мөлшері көп болмайды (құрғақ заттардың 2-6%).
Органикалық заттарды конституциялық және эргастикалық деп екіге бөледі. Конституциялық заттар органелдердің құрамына кіреді және зат алмасу процесіне қатысады. Ал эргастикалық заттар органелдердің тіршілік әрекетінің жемісі.
Конституциялық заттарға белоктар, липидтер, нуклеин қышқылдары және углеводтар жатады. Олардың алғашқы екеуі органелдердің құрылысы мен қасиеттерін айқындайды. Нуклеин қышқылдары белоктармен қосылып тұқым қуалаушылық мәліметтерін сақтаушы және ұрпаққа жеткізуші қызметін атқарады, сонымен бірге олар зат алмасу процесін де реттеп отырады. Көмурсулар биологиялық активті заттармен және басқалармен қосылып органелдердің түзілуіне қатысады.
Эргастикалық заттар физиологиялық жағынан активті болуы мүмкін, мысалы, ферменттер (биологиялық катализаторлар) гармондар (өсуді реттейді), артық қор заттары (уақытша зат алмасуға қатысудан тыс қалған заттар), экскреторлық заттар, (зат алмасудың соңғы өнімдері). Сонымен бірге эргастикалық заттар клетка қабықшасын түзуге қажетті материал болып табылады.