Дәріс 1 Тақырып: Кіріспе



бет34/107
Дата30.09.2023
өлшемі1,29 Mb.
#112063
түріПрактикум
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   107
Гистология (ұлпалар туралы ғылым).
Өсімдіктердің біркелкі болып келетін сулы ортадан жер бетіне ауысуы олардың біртектес вегетативтік денесінің белсенді түрде органдарға сабаққа, жапыраққа, тамырға бөлінуіне әкеліп соқтырды. Бұл органдардың, құрылысы әртүрлі болып келетін, алайда қалай болса солай емес, белгілі бір жүйеде орналасқан, бір- бірінен оңай ажыратылатын клеткалардың тобынан тұрады. Атқаратын қызметі бірдей және шығу тегі бір, морфологиялық жағынан біртектес болып келетін клеткалардың тобын ұлпа деп атайды.
Ұлпа туралы ғылымның негізін салған белгілі Италия ғалымы М.Мальпиги мен Ағылшын ғалымы Н.Грю (1671ж.) болған.
Ұлпаларды негізінен мынадай алты топқа бөледі: меристемалық (түзуші), жабындық, негізгі, арқаулық (механикалық), өткізгіш және бөліп шығарушы ұлпалар.
Түзуші ұлпалар (меристемалар).
Өсімдіктердің жануарлардан айырмашылығы сол, олар өмірінің соңына дейін өсуін тоқтатпайды және жаңа органдар түзіп отырады. Бұл жағдай өсімдіктердің белгілі бір жерлерінде түзіліп қалыптасатын меристемалық ұлпалардың болуымен байланысты. Меристемалық ұлпа тығыз болып орналасқан тірі клеткалардың тобынан тұрады. Мұндай клеткалардың қуысын цитоплазма толтырып тұрады, оның ортасында үлкен ядро орналасады, үлкен вакуольдері болмайды, клетка қабықшасы өте жұқа болып келеді және алғашқы қабықшадан тұрады. Меристемалық клеткалардың негізгі екі қасиеті болады- белсенді түрде бөлінеді және дифференциацияланады, яғни басқа ұлпалардың клеткаларына айналады.
Алғашқы және соңғы меристема. Алғашқы меристема өскіннің, ұрықтың клеткаларынан дами бастаған кезінен пайда болады. Соңғы меристема, әдетте алғашқы меристемадан кейін тұрақтанған (дифференциацияланған) ұлпалардан пайда болады. Алғашқы меристемадан алғашқы ұлпалар, ал соңғы меристемадан соңғы ұлпалар түзіледі.
Орналасу ерекшеліктеріне қарай меристемаларды төрт топқа бөледі.
Төбелік (апикальдық) меристема. Төбелік меристема сабақтың, тамырдың негізгі және бүйірлік өстерінің ұштарында орналасады. Ол негізінен органдардың ұзындыққа өсуін қамтамасыз етеді. Шығу тегі жағынан төбелік меристема алғашқы меристемаға жатады. Сабақ пен тамырдың ең жоғарғы ұштарында, тез бөлінуге қабілетті паренхималық клеткалардың аздаған тобы (сиректеу бір клетка) орналасады. Оларды белсенді (инициалды) клеткалар деп атайды. Бұлардан сәл төмендеу сирек бөлінетін клеткалар орналасады. Олардан төменірек, меристемадан үш түрлі клеткалардың тобы оқшауланып шығады. Осы клеткалардан алғашқы вегетативтік дененің тұрақты ұлпалары қалыптасады (дифференцияланады): протодерма- клеткалардың үстінгі қабаты, олар жабын ұлпасының бастамасын береді; прокамбий- вертикальды өстің ұзына бойында топтасып (тяжами) орналасқан, ұштары үшкір болып келетін меристеманың ұзынша клеткалары, олардан өткізгіш және арқаулық ұлпалар, сонымен бірге соңғы меристема (камбий) пайда болады; негізгі меристема - негізгі ұлпаларға бастама береді.
Бүйірлік (латеральды) меристема. Өстік органдардың ұзына бойында, олардың үстіне параллель, цилиндр тәрізді орналасады. Әдетте ол соңғы меристемаға жатады және органдардың көлденеңінен өсіп жуандауын қамтамасыз етеді. Көп жағдайда оны камбий деп атайды.
Қыстырмалы (интеркалярлық) меристема. Сабақтың буын аралықтарының төменгі жағында және жапырақтың гүл сағағының түп жағында орналасады. Бұл алғашқы меристема болып табылады, ол органдардың ұзындыққа өсуін қамтамасыз етеді.
Зақымдық (травматикалық) меристема. Өсімдіктің денесінің кез-келген зақымдалған бөлігінде пайда болады. Шығу тегі жағынан ол соңғы меристемаға жатады.
Жабындық ұлпалар
Жабындық ұлпалардың негізгі атқаратын қызметі сол, олар өсімдікті кеуіп қалудан және сыртқы ортаның қолайсыз әсерінен сақтайды. Шығу тегіне байланысты жабындық ұлпаларды үш топқа бөлуге болады: эпидермаға, қабыққа, қыртыcқа.
Эпидерма. Протодермадан пайда болатын алғашқы жабын ұлпасы. Олар жапырақты және жас сабақтарды жауып тұрады. Көп жағдайда эпидерма бір қабат тірі, тығыз орналасқан, хлорофилдері жоқ клеткалардан тұрады. Клетка қабықшалары әдетте иректелген болып келеді, соған байланысты олар өзара тығыз байланыса алады. Қабықшалардың қалыңдығы бірдей емес. Қоршаған ортамен шектесетін, сырты қабықша басқаларына қарағанда біршама қалыңдау және кутинмен (кутикула), немесе балауызбен (воскамен) жабылған болып келеді. Эпидерманың қорғаныш қызметі, оның клеткасының бетінде, құрылысы әртүрлі болып келетін ерекше өскіндердің- түктердің (трихомдардың) пайда болуына байланысты арта түседі.
Эпидермада газ алмасуды және судың булануын (транспирация) реттеп отыратын ерекше устьица аппараты болады. Ол екі маманданған түйістіргіш (көмкерме) клеткадан және олардың арасында болатын устьице саңылауынан тұрады. Түйістіргіш (көмкерме) клеткаларда хлоропластар болады. Олардың эпидерманың клеткасы жағындағы қабықшасы, саңлау жағындағы қабықшасына қарағана көп жұқа болады.
Эпидерманың түйістіргіш клеткаларға тиісіп тұратын клеткаларының формасы қалған клеткаларынан өзгеше болады. Оларды қосымша (побочны) клеткалар деп атайды. Устьица аппараты жапырақ тақтасының екі бетінде де орналасады. Жер бетіндегі өсімдіктерде олар негізінен жапырақтың астыңғы бетінде, судағы өсімдіктердің жүзіп жүретін жапырақтарының тек үстінгі бетінде орналасады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет