Колленхима. Колленхима тірі, әдетте паренхималық клеткалардан тұрады. Егер клетканың қабықшасының қалыңдауы, оның бұрышынан басталса, ондай колленхиманы бұрыштық деп атайды. Егер клетканың екі қарама- қарсы жатқан қабықшалары қалыңдап, қалған екеуі жұқа күйінде қалып отырса, ондай колленхиманы пластинка тәрізді деп атайды. Колленхиманың қабықшалары созылуға қабілетті, өйткені олардың жұқа бөліктері (участкілері) болады, сондықтанда колленхима жас өсіп келе жатқан органдардың тірегі болып табылады. Колленхима қос жарнақты өсімдіктерге тән.
Склеринхима. Склеринхима клетка қабықшалары бірдей болып қалыңдайтын прозенхималық клеткалардан тұрады. Тек жас клеткалары ғана тірі болады.
Жасы ұлғая келе бұл клеткалардың ішіндегі заттары өліп, семеді. Бұл құрлықта өсетін өсімдіктердің вегетативтік органдарындағы ең кең таралған арқаулық ұлпа. Клетка қабықшаларының химиялық құрамы бойынша склеринхималардың екі түрі болады: талшықтар және склереидтер. Талшықтардың өзінің екі түрі бар: тін талшықтары және сүректік талшықтар. Тін талшықтарының клеткасының қабықшалары целлюлозадан тұрады, немесе аздап қана сүректенеді, сүректік талшықтардың (либриформ) клеткасының қабықшалары барлық уақытта толық сүректелген болады.
Склереидтер. Склереидтер клетка қабықшалары бірдей қалыңдап сүректелген өлі паренхималық клеткалар.
Олар әдетте жемістерде (тасты клеткалар), жапырақтарда (тірек клеткалар) және басқа да органдарда болады.
Өткізгіш ұлпалар Өсімдіктер әдетте екі полюстен қоректенеді. Жапырақтары олардың ауадан қоректенуін қамтамасыз етсе, тамырлары топырақтан қоректенуін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қоректік заттардың тасымалдануының екі түрлі жолы болады.
Біріншісі, жоғарғы ағыс, ол топырақ қабаттарынан тамыр арқылы сорылатын су мен минералды тұздардың ерітінділерінің өсімдіктің сабағына және жапырақтарына жеткізуді қамтамасыз етеді.
Екінші, төменгі ағыс, жапырақта синтезделген органикалық заттардың судағы ерітінділері, өсімдіктің барлық қалған органдарына жеткізіледі және олар осы жерде қорек ретінде пайдаланылады, немесе қор заты ретінде жиналады.
Түтіктер (трахеи) және трахеидтер. Бұлар өткізгіш ұлпалар, олар арқылы су мен минералдық тұздардың өсімдіктердің бойымен тасымалдануы қамтамасыз етіледі.
Түтіктер (трахеи) - бунақты мүшелерден тұратын трубалар. Олар прокамбийдің, немесе камбийдің вертикальды клеткаларының қатарынан бөлінеді. Олардың клеткаларының бүйірлік қабықшалары қалыңдап сүректенеді де, ішіндегі заттары өледі, ал көлденең қабықшаларында бір немесе бірнеше тесіктер (перфорация) болады. Түтіктердің орташа ұзындығы 10 см.
Трахеидтерде түтіктер секілді өлі құрылым, бірақ олардан айырмашылығы сол, бұлар трубалар емес, прозенхималық клеткалар. Мұндай клеткалардың қабықшаларында шеттері жиектелген (көмкерілген) саңлаулар болады. Трахеидтердің орташа ұзындығы 1мм.-дей болады.
Қабықшаларының қалыңдауының формаларына қарай түтіктер мен трахеидтер сақиналы, спиральды, торлы және тағы басқаша болып келеді. Сақиналы және спиральды түтіктердің диаметрі үлкен болмайды. Олар жас органдарға тән, өйткені бұлардың қабықшаларының сүректенбеген бөліктері (участкілері) болады және созылуға қабілетті келеді. Торлы және нүктелі түтіктердің диаметрі біршама үлкен және қабықшалары толығымен сүректенген болып келеді. Олар әдетте камбийден сақиналы және спиральды түтіктерден кейін пайда болады. Түтіктер мен трахеидтер, сонымен бірге беріктікте қызмет атқарады. Олар айналасындағы тірі паренхималық клеткалардың өсінділерімен толық жабылғанға дейін бірнеше жыл өмір сүреді. Тірі паренхималық клеткалардың түтіктің қуысына, оның қабырғаларындағы саңлаулар арқылы өтетін өсінділерін тилла деп атайды. Тилла өсе келе түтіктің қуысын, мүлдем ешнәрсе өтпейтіндей етіп, жауып тастайды.
Електі (сүзгілі) түтіктер. Өткізгіш ұлпа, ол арқылы жапырақтарда синтезделген органикалық заттардың тасымалдануы жүзеге асады. Бұл тірі клеткалардың вертикальды қатары, олардың көлденең қабықшаларында көптеген тесіктері болады (електі пластинкалар).
Сүзгілі түтіктердің буындарының қабырғалары целлюлозадан тұрады, ядросы болмайды. Олардың қасында әдетте бір немесе бірнеше серіктік клеткалары болады. Олардың ядросы бар . Сүзгілі түтік және оған жақын орналасқан серіктік клетка бір меристемалық клеткадан пайда болады. Бұл клетка ұзынынан бөлінеді, пайда болған екі жас клетканың біреуінен електі түтіктің элементтері, ал екіншісінен серіктік клетка жетіледі. Кейбір өсімдіктердің, мысалы қылқан жапырақтылардың серіктік клеткалары болмайды. Сүзгілі түтіктері көп жағдайда бір жыл ғана өмір сүреді. Күзге қарай електі табақшалардың (пластинкалардың) тесіктерінің ерекше каллеза деген затпен бітеліп қалуына байланысты, ол арқылы органикалық заттар өту мүмкіндігінен айырылады.
Өткізгіш ұлпалардың құрылысына қарап, өсімдіктердің эволюциялық деңгейін анықтауға болады. Трахеидтер түтіктерге қарағанда біршама қарапайым құрылым. Түтіктердің ішіндегі ең қарапайымдысы болып, мүшелерінің ұштары қиғаш және бірнеше тесіктері болып келетіндері. Бір үлкен тесігінің болуы прогрессивтік белгі. Сүзгілі түтіктердің тақталары қиғаш орналасса, оларда көптеген електі аудандар (аймақтар) болса, онда мұндай сүзгілі түтіктерді қарапайым деп атайды. Ал егерде сүзгілі тақталары горизонталь орналасса және сүзгілі аудандарының саны аз болса, онда мұндай сүзгілі түтіктерді прогрессивті деп атайды.