Өткізгіш шоқтары Түтіктер, трахеидтер және сүзгілі (електі) түтіктер өсімдіктің денесінде әдетте белгілі бір жүйеде, ерекше комплексті топтарға- өткізгіш шоқтарына жиналады. Шоқтардың төрт түрі болады: жай шоқтар, жалпы шоқтар, күрделі шоқтар және түтікті- талшықты шоқтар.
Жай шоқтар өздерінің құрылысы жағынан ең қарапайымдысы. Олар біртектес гистологиялық элементтерден, не тек трахеидтерден, немесе тек електі түтіктерден тұрады.
Жалпы шоқтар түтіктерден, трахеидтерден және сүзгілі түтіктерден тұрады.
Күрделі шоқтарда өткізгіш ұлпалардан басқа, паренхималық ұлпалар да болады.
Түтікті-талшықты шоқтар арқаулық ұлпалармен қоршалған күрделі өткізгіш шоқтың элементтерінен тұрады. Бұл шоқтар ерекше мықты болады.
Шоқты екі бөлікке: ксилемаға және флоэмаға бөледі.
Ксилема (сүрек) түтіктерден, трахеидтерден және сүректік паренхимадан (барлық уақытта емес), сүректік талшықтан (либриформ) тұрады. Ксилемамен су және минералдық заттар тасымалданады.
Флоэма (тін) сүзгілі түтіктерден, серіктік клеткалардан, тін паренхималарынан және (барлық уақытта емес) тін талшықтарынан тұрады. Флоэмамен органикалық заттар тасымалданады.
Егерде флоэма мен ксилеманың арасында камбий болса, онда мұндай шоқты ашық деп атайды. Камбийдің тіршілік әрекетінің нәтижесінде шоқ келешігінде өсіп ұлғаяды. Ашық шоқтар қос жарнақтылар класы мен жалаңаш тұқымдаларға тән. Жабық шоқтарда флоэма мен ксилеманың арасында камбий болмайды, сондықтанда бұлар ұлғаймайды. Жабық шоқтар дара жарнақты өсімдіктерде және ерекше жағдайларда камбий тіршілігін ерте тоқтататын кейбір қос жарнақты өсімдіктерде (мысалы, сарғалдақта) болады.
Шоқтар флоэма мен ксилеманың әртүрлі орналасуына қарай классификацияланады. Сонымен, түтікті- талшықты шоқтардың мынадай төрт түрі бар: коллатеральды, биколлатеральды, шеңберлі және сәулелі (радиальды) шоқтар.
1. Коллатеральды шоқта флоэма мен ксилема өзара бүйірімен түйісе орналасады. Бұл жерде флоэма органның өзегінен алыстай (абаксиальды), ал ксилема керісінше өзекке қарай бағыттала (адаксиальды) орналасады.
2. Биколлатеральды (қос бүйірлі) шоқта флоэма ксилеманың екі жағынан бірдей оған түйісе орналасады және флоэманың сыртқы бөлігі (участогі) ішкісіне қарағанда көптеу болады, бұл асқабақ тұқымдастарына тән.
3. Шеңберлі шоқтың екі түрі болады: ксилема флоэманы қоршап тұрады, бұл негізінен дара жарнақты өсімдіктерге тән; флоэма ксилеманы қоршап тұрады, бұл папоротниктерге тән.
4. Сәулелі (радиальды) шоқта ксилема органның ортасында орналасады да, шетіне қарай шашыраңқы таралған өсінділер береді. Осы өсінділердің арасында, олармен алма кезек флоэманың бөліктері (участкілері) орналасады. Бұл тек тамырдың алғашқы құрылысында болатын жағдай. Шашыраңқы орналасқан өсінділерінің санына қарай сәулелі шоқтарды диархты (2-өсіндісі бар), триархты (3-өсіндісі бар), тетрархты (4-өсіндісі бар) және полиархты (4-тен көп өсіндісі бар) деп бөледі.
Бөліп шығарушы ұлпалар Өсімдіктердің арнаулы бөліп шығарушы органдары болмайды, бірақта экскректорлық заттар организмнен қалайда сыртқа шығарылып отырады, немесе белгілі бір орындарда (қуыстарда) жиналады. Осыған байланысты бөліп шығарушы ұлпалардың екі тобы болады: ішкі және сыртқы бөліп шығарушы ұлпалар. Олардың, біріншісіне, сүт жолдары, жекелеген бөліп шығарушы клеткалар (идиобластар), схизогендік және лизогендік қуыстар жатады. Ішкі бөліп шығаратын заттардың өнімдері илік заттар, смолалар, эфир майлары және басқалар. Екіншісіне, органдардың үстінде орналасқан безді түктер мен өсімдік бездері жатады; сыртқы бөліп шығарушы заттардың өнімдеріне эфир майлары, шірнеліктер, су және басқалар жатады.
Сүт жолдары. Бұл цитоплазмасында көптеген ядролары болатын және сүтті шырындарға толы вакуольдері бар тірі клеткалар. Олардың қабықшалары целлюлозадан тұрады. Сүт жолдарының екі түрі бар: мүшеленген және мүшеленбеген. Мүшеленген сүт жолдары түтіктер секілді тік орналасқан клеткалардың қатарының, көлденең қабықшаларының жыртылуынының нәтижесінде пайда болады, мүшеленбеген сүт жолдары ұрықтың арнаулы клеткаларының өсіп ұлғаюының нәтижесінде пайда болады. Бұл аса үлкен цилиндр тәрізді,немесе тарамдалған клеткалар. Сүт жолдары не тек флоэмада орналасады, не болмаса өсімдіктің бүткіл денесіне өтеді (сабаққа, тамырға, жапыраққа). Олар бөліп шығару қызметін ақаруымен қатар, өткізгіштік және қор жинау қызметін де атқарады. Өткізгіштік қызметі, сүт жолдары органикалық заттардың синтезделетін жерін, олардың қолданылатын жерімен жалғастырған кездерде іске асырылады, мысалы жапырақтарда. Сүт жолдарының бөліп шығарушылық және қор жинау қызметін клетка шырынының құрамы бойынша анықтап білуге болады. Әртүрлі өсімдіктерде клетка шырынының құрамы әрқилы болады. Экскреторлық заттардан оның құрамында көп жағдайда каучук, танидтер, алкалоидтар, смолалар және басқалар болады; қорлық заттардан- крахмал, қант, белоктар, шыны майлары және басқалар. Кейде клетка шырында ферменттер болады. Клетка шырынының түсі ақ, немесе сарғыш- қызыл болып келеді. Сүт жолдары өсімдіктердің тек кейбір топтарына ғана, мысалы күрделі гүлділерге, көкнәр гүлділерге, сүттіген гүлділерге және басқаларға тән.