Жыныстық органдарына қарай бөлінуі. Егер бір гүлде аталық пен аналықтың екеуіде болса, онда мұндай гүлді қосжынысты деп атайды (гермафродитными). Дара жынысты гүлдердің не аталықтары, не аналықтары болмайды. Соған байланысты оларды аталық және аналық гүлдер деп бөледі. Егер бір өсімдікте аталықта, аналықта гүлдер болса, онда мұндай өсімдікті бір үйлі өсімдік деп атайды. Егер аталық гүл бір түрдің бір экземплярында, ал аналық гүл екінші экземплярында болса, онда мұндай өсімдікті екі үйлі өсімдік деп атайды.
Гүл серігі. Бұл гүлдің ұрықтануға қабілетсіз бөлігі. Ол қорғаныштық қызмет атқарады және сонымен бірге гүлді тозаңдыратын насекомдарды өзіне еліктіріп, шақырып тұрады. Гүл серігі түсінің бояуы әртүрлі болып келетін тостағанша және күлте жапырақшалардан тұратын болса, онда оны қосарланған гүлсерігі деп атайды (двойной околоцветник). Ал егер гүлсерігі бір түске боялған болса, онда оны қарапайым гүлсерігіне жатқызады. Қарапайым гүлсерігі не тостағанша жапырақшалардан, не болмаса күлте жапырақшалардан тұрады. Қарапайым тостағанша жапырақшалардан тұратын гүлсерігі әдетте жасыл, ал қарапайым күлте жапырақшалардан тұратын гүлсерігі ашық түске боялған болып келеді. Гүлсерігі болмайтын гүлдерді жалаңаш гүлдер деп атайды. Бұларға тал (ива) мен шаған (ясень) мысал бола алады.
Тостағанша жапырақшалар. Әдетте олар үлкен болмайтын жасыл жапырақшалардан тұрады (тостағанша жапырақшалардан). Кейде тостағанша жапырақшалар ашық түске боялған болып келеді. Бұл жағдайда олар күлте жапырақшалардың ролін арттырып, гүлді тозаңдандыратын насекомдарды өзіне көптеп еліктіреді. Көп жағдайда тостағанша жапырақшалар бір ғана шеңбер түзеді. Кейде тостағанша жапырақшалардың астында, тостағанша асты жапырақшалары (подчащие) болады. Тостағанша асты жапырақшалар жабындық жапырақшалардан немесе қосалқы жапырақтардан пайда болады. Тостағанша жапырақшалар бос орналасқан немесе түп жағы азды- көпті біріккен болып келеді (біріккен тостағанша жапырақшалар). Күлте жапырақшалар. Әдетте күлте жапырақшалар тостағанша жапырақшаларға қарағанда біршама үлкен және ашық түске боялған болып келеді. Күлте жапырақшалар бір- бірімен біріккен болуы мүмкін (кем дегенде екі- үш күлте жапырақшалары бірігеді) немесе бос күйінде қалып отырады. Соған байланысты күлте жапырақшалардың екі типі болады; жеке жапырақшалылар (свободнолепестные) және біріккен жапырақшалылар (спайнолепестные). Күлте жапырақшалары жеке орналасқан гүлдерде, әрбір күлте жапырақша түбіне қарай, жапырақтың сағаққа жіңішкергені секілді, айқын жіңішкеретін болса, онда мұндай күлтелерді тұқыл күлтелер деп атайды (ногатковый). Ал егерде күлте жапырақшалардың түп жағы жалпақ болып келсе, онда мұндай күлтелерді отырмалы күлтелер деп атайды. Көп жағдайда күлтелердің аралық формалары кездеседі.
Біріккен күлте жапырақшаларды мынадай бөліктерге: күлтелерінің біріккен бөлігі- түтік, бірікпеген бөлігі- күлте алақаны (отгиб) және түтіктің күлте алақанына ауысатын жері- (зев) деп ажыратады.
Күлте жапырақшалар, тостағанша жапырақшалар секілді полисимметриялы (дұрыс, актиноморфты), моносимметриялы (бұрыс, зигоморфты) және ассимметриялы болып бөлінеді. Күлте жапырақшалары актиноморфты болып келген жағдайда, күлтелер арқылы екі немесе оданда көп жазықтық симметрия жүргізуге болады, зигоморфты (моносимметриялы,бұрыс) болып келген жағдайда, күлтелер арқылы біреуден артық жазықтық симметрия жүргізуге болмайды, ал ассимметриялы болып келген жағдайда, күлтелер арқылы ешқандайда жазықтық симметрия жүргізуге болмайды (канна, орхидей).
Актиноморфты біріккен желекті күлтелерді, түтіктерінің ұзындығына, күлте алақанының (отгиб) формасына және мөлшеріне қарай классификациялайды:
доңғалақ тәрізді- түтігі кішкентай немесе жоқтың қасында болып келетін, ал күлте алақаны жайылып ашылатын;
воронка тәрізді- түтігі воронка тәрізді үлкен, күлте алақаны шамамен үлкен болмайтын;
қоңырау тәрізді- түтігі сфера тәрізді, тостағанша тәрізді, біртіндеп нашар байқалатын күлте алақанына айналатын;
түтік тәрізді- түтігі цилиндр тәрізді, күлте алақаны болмайтын немесе күлте алақаны қысқа болып келетін;