Микро және мегаспорогенез. Тозаңдану ұрықтану Микроспорогенез және тозаңның түзілуі. Тозаңқаптың ұясының ортаңғы бөлігін спора түзетін ұлпа алып жатады. Оның диплоидты клеткалары мейоз жолымен бөлінеді, нәтижесінде әрбір аналық клеткадан төрт-төрттен гаплоидты микроспора жетіледі. Микроспораның цитоплазмасы тығыз, ал ядросы үлкен болып келеді.
Микроспора әдетте тозаңқаптың ішінде жатып-ақ өсіп аталық гаметофит - тозаң түзеді ( тозаң дәндерін). Микроспора өсе келе митоз жолымен бөлінеді. Нәтижесінде кішкентай генеративтік клетка және үлкен түтікше клеткасы түзіледі. Тозаң дәні сыртынан, екі қабаттан тұратын спородермамен қапталады: сыртқы - экзиннен және ішкі - интиннен. Экзиннің бойына кутин сіңген және бір немесе бірнеше өскіндік поралары болады (экзиннің ең жұқа жері). Интин целлюлозадан тұрады, жұқа, майысқақ болып келеді және поралары болмайды.
Мегаспорогенез және ұрық қалтасының (қабының) түзілуі. Нуцеллустың клеткасының біреуі, археспоральды деп аталынады, ол мейоз жолымен бөлініп төрт гаплоидты мегаспора береді. Келешегінде мегаспораның үшеуі өліп, тек біреуі ғана, әдетте халазаға қарағаны сақталады. Мегаспора, микроспора секілді барлық уақытта бір ядролы. Оның көлемі ұлғайып өседі. Ядросы үш рет, бірінен соң бірі методикалық жолмен бөлінеді. Бірінші бөлінуден кейін екі ядро түзіледі, олар қарма-қарсы полюстерге жылжиды, сол жерде келесі екі бөлініс жүрді. Нәтижесінде полюстердің әрқайсысында төрт-төрттен ядро болады. Сегіз ядроның бәріде алғашқы ядро секілді гаплоидты болып келеді. Әр полюстен үш ядро клетка болып қалыптасады. Микропилярлық полюсіндегі клеткалардың біреуі аналық гаметаға, яғни жұмыртқа клеткасына, ал қалған екеуі - серіктік клеткаларға айналады. Халазалық полюстегі үш клетканы антиподтар деп атайды. Қалған екі ядро орталыққа қарай жылжиды да, біраз уақыт өткен соң қосылып, диплоидты орталық ядроны (2п) түзеді. Осылайша ұрық қалтасы деп аталынатын құрылым, аналық гаметфит жетіледі.
Тозаңдану Тозаңдар пісіп-жетілген соң, тозаңқап (тозаңдық) қақырап ашылады, одан шашылған тозаң аналықтың аузына келіп түседі. Бұл процесті тозаңдану деп атайды. Тозаңданудың екі түрлі жолы бар: өздігінен тозаңдану және айқас тозаңдану.
Өздігінен тозаңдану тек қосжынысты гүлдерге ғана тән. Бұл жағдайда бір гүлдің өзінің аталық тозаңы сол гүлдің аналығының аузына барып түседі. Ол ашылмайтын гүлдерде (клейстогамных) айқын байқалады. Өздігінен тозаңданатын өсімдіктерді автогамиялық (грек. авто-өзін, голос- одақ) өсімдіктер деп атайды (бидай, арпа, сұлы, күріш және т.б.).
Ч. Дарвиннің айтуы бойынша, айқас тозаңдану эволюцияның барысында біршама алға басқандықты көрсетеді (прогрессивтік белгі). Айқас тозаңданғанда жаңа пайда болатын ұрпақ атасы мен анасының екеуінің де кейбір қасиеттерін бірдей қабылдауы мүмкін, ал оның өзі осы ұрпақтың әртүрлі ортада өмір сүруге бейімделушілік қабілетінің артуына мүмкіндік береді. Өсімдіктердің басым көпшілігі айқас тозаңданады. Тозаңның бір гүлдің аталығынан екінші гүлдің аналығына келіп түсуінің мынадай жолдары бар: анемофилия (жел арқылы), гидрофилия (су арқылы), энтомофилия (насекомдар арқылы), орнитофилия (құстар арқылы), мирмекофилия (құмырсқалармен) және т.б. Гүлдердің өзін тозаңдандыратын белгілі бір насекомдарға бейімделушілігі жиі байқалады. Мысалы, беденің түрлерінің ұзын түтікке біріккен күлте жапырақшалары болады, бұл жағдайда тек түкті аралармен (шмель) кейбір ұзын тұмсықты аралар ғана одан шірнеліктерді ала алады және айқас тозаңдандырады. Бұл жағдайда беденің (клевер) және оларды тозаңдандыратын насекомдардың белгілі бір территорияда табиғи жағдайда таралуы (ареалы) сәйкес келуге тиісті. Бедені алғашқы рет ауыл шаруашылығы дақылы ретінде Австралияға және Жаңа Зеландияға апарып сепкенде бұл жерлерде жоғарыда айтылған насекомдардың болмауына байланысты тозаңдану процесі жүрмеген, дәнде байланбаған. Бедеден жеткілікті мөлшерде дән алу үшін, бұл жерлерге жоғарыда айтылған насекомдарды әкелуге тура келген.
Айқас тозаңданудың екі түрі бар: гейтеногамия (көрші гүлден тозаңдану), бұл жағдайда тозаңдану бір өсімдіктің деңгейінде жүреді, бірақ бір гүлдің тозаңы екінші гүлдің аналығының аузына келіп түседі; және ксеногамия (нағыз айқас тозаңдану), бұл жағдайда бір особьтың гүлінің тозаңы екінші бір особьтың гүлінің аналығының аузына келіп түседі.
Өзін өзі тозаңдандыруды болдырмау үшін өсімдіктерде әртүрлі бейімделушілік қалыптасады. Олардың ең кең таралғандары дихогамия және гетеростилия. Дихогамия деп қос жынысты гүлдердің аталықтары мен аналықтарының әр уақытта пісіп жетілуін айтады. Гетеростилияда қос жынысты гүлдердің бір экземплярында аналықтың мойны ұзын, аталықтарының жіпшелері қысқа болады, ал екінші біреулерінде бұл жағдай керісінше болады. Яғни соңғысында аналығының мойны қысқа, ал аталықтарының жіпшелері ұзын болып келеді.
Жақсы жетіліп қалыптасқан дән мойны ұзын аналықтың аузына, жіпшесі ұзын аталықтың тозаңы, ал мойны қысқа аналықтың аузына жіпшесі қысқа аталықтың тозаңы түскен жағдайда ғана пайда болады.