Дәріс 1 Тақырып: Кіріспе



бет69/107
Дата30.09.2023
өлшемі1,29 Mb.
#112063
түріПрактикум
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   107
Систематиканың қысқаша тарихы. Көп ғасырлар бойындағы жабық тұқымдылардың классификациясының тарихын төрт кезеңге бөлуге болады:
Утилитарлық систематиканың кезеңі. Классификацияның ең ескі кезеңі. Бұл кезеңде сол кездегі белгілі өсімдіктерді олардың шаруашылықтағы маңызына қарай топтастырған: тамаққа пайдаланатын, улы, дәрілік, тоқымалық және т.б. Бұл кезеңнің басталған уақытын дәл тауып айту қиынға түседі. Алайда бір нәрсе айқын, бұл принцип адамдардың шаруашылыққа бой ұра бастаған кездерінің алғашқы уақытынан басталған. Бұл ең ұзақ кезең болған, шамамен ол Х ғасырдың соңына дейін созылған.
Жасанды системаның кезеңі. Бұл кезеңдегі классификацияның басты принципі, ұқсас өсімдіктерді негізінен бір ғана қалай болса солай алынған морфологиялық белгісіне қарай біріктіру. Кезеңнің ең жоғарғы жетістігі ботаника мен зоологияны белгілі бір жүйеге (системаға) келтірген ұлы реформатор К.Линнейдің (1735ж.) системасы. Үйлесімділігі жағынан және өсімдіктердің барлық топтарына шолу жасаудың жеңілдігі жағынан бұл система біздің уақытымызға дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Алуантүрлі болып келетін өсімдіктер дүниесін К.Линней бары-жоғы 24 класқа бөлген. Бұл жерде автор гүлдегі аталықтардың санын, олардың бірігуін, ұзындығын және басқада белгілерін негізге алған. Соңғы класқа гүлдері жоқ өсімдіктерді жатқызған. Бұл құпия некелілер класы, ол қалған 23 класқа қарсы қойылған секілді. Линнейдің системасының басты кемшілігі мынада, әрбір класқа түрлерді топтастырғанда, олардың тек бір ғана белгісін негізге алған. Сондықтанда бір класқа жататын түрлер, әдетте, нағыз туыстық жақындығымен топтастырыл-маған. Бұл жерде өсімдіктердің гүлінің құрылысының, бір кездейсоқ сәйкестіктері, мысалы, аталықтарының саны шешуші роль атқарады. Бұл система нағыз туыстық жақындықтары бар көптеген түрлерді әртүрлі кластарға бөліп жібереді. Мысалы, астық тұқымдастарының көпшілігінің 3 аталығы болады, сондықтанда олар 3- класқа жатқызылған, күріштің аталығының саны 6, ол 6-шы класқа жатқызылған. Жұпарбастың (душистый колосоктың) аталығының саны 2, яғни ол 2- класқа жатқызылған. К. Линнейдің системасы "жасанды системалар-дың ішіндегі ең прогрессивтісі" болғанымен, ол өсімдіктер дүниесінің эволюциясын көрсетпейді. Оны кезінде К.Линнейдің өзі де мойындаған және бұл системаның уақытша система екендігін айтып кеткен.
Табиғи системаның кезеңі. Алғашқы табиғи системаны 1789 ж. А.Жюссье жариялаған. Ол бірінші болып өсімдіктерді 1-2 белгісі бойынша емес, көптеген белгілерінің жиынтығын ескере отырып топтастырған. Оның үстіне бұл белгілері өсімдіктің тек бір органымен ғана шектеліп қоймай, бірнеше органдарының белгілерін қамтиды. А.Жюссье ботаника ғылымының тарихында бірінші болып барлық тұқымдастарды бірінің орнын бірі баса даму принципі бойынша топтастыруға ұмтылады. Алайда органикалық дүниенің эволюциялық системасын құру принципі (мысалы, өсімдіктер дүниесінің) Ч.Дарвиннің "түрлердің шығу тегі" атты еңбегі (1859ж.) жарық көргеннен кейін барып қалыптасты. Бұл еңбегінде Ч.Дарвин әртүрлі материалдардың негізінде эволюцияның өзін және оның қозғаушы күшін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп көрсетті. Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясының биологияның барлық саласының прогрессивтік бағытта дамуына, ескі әдет-ғұрыптармен және метафизикалық кезеңнің қалдықтарымен күресуде маңызы ересен зор болды. Сонымен Ч.Дарвин "жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, ешнәсемен байланыссыз кездейсоқ,"құдай жаратқан" және олар тұрақты, өзгермейді деген көзқарасқа тосқауыл қойды және биологияны толық ғылыми арнаға түсірді.
Филогенетикалық системаның кезеңі. Ч.Дарвиннің еңбегінен кейін ғылымда жаңа кезең басталды. Жүз жылға созылған бұл кезеңде жалпы биологиялық масштабтағы, мысалы, эволюциялық морфологияның және жекелеген ғылымның деңгейіндегі аса маңызды мәселелер зерттелді. ғылымның көптеген жаңа салалары ашылып жақсы қарқынмен дамып келеді. Соған байланысты зерттеулердің көптеген жаңа тәсілдемелері қарастырылып жолға қойылды. Дүние жүзінің көптеген елдерінде ондаған филогенетикалық системалар құрастырылды. Көп жағдайда олардың бір-бірінен эволюцияның даму барысын график түрінде көрсетуде ғана емес, сонымен бірге тіптен жалпы системаның үлкен-үлкен топтарының алғашқы ата тектерінің типтерін анықтауда да біршама айырмашылықтары болады. Филогенетикалық системаны құрастыруда бұрынғы Одақтас республикалардың ғалымдарының орны ерекше деп айтуға болады. Олардың ішінде Н.И. Кузнецовтың, Б.М. Козо-Полянскийдің, Н.А. Буштың, А.А. Гроссгеймнің және А.Л.Тахтаджянның системаларын атап өткен жөн. Алайда қазіргі кезде жалпыға бірдей қабылданған бірде-бір филогенетикалық система жоқ. Дегенмен соңғы кездері бұрынғы Одақтас республикалар көлеміңде А.Л.Тахтаджянның системасы жиі қолданылып келеді. Сондықтанда бұл оқулықта материалдарды біздер осы А.Л.Тахтаджянның системасына негіздеп құрастырғанды жөн көрдік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет