Ұрығында қор заттары жиналатын тұқым Ұрығында қор заттары жиналатын тұқымға фасольдың дәні мысал бола алады. Оның сыртында біршама қалың болып келген жеміс қабы (спермодерма) болады. Дәннің жіңішке ойыс жағында тұқым дағы (рубчик) болады. Ол тұқымның сағақа бекінетін жері болып табылады. Тұқым дағымен бір түзудің бойында тозаң тесігі (микропиле) орналасады, сол арқылы тұқымның ішіне су мен газ өтіп отырады. Тозаң тесігінің үстіне ұрықтық тамыршадан пайда болған кішкентай төмпешік (бугорок) болады. Тозаң тесігіне қарама-қарсы жақта, тұқым дағына тұқымның тігісі (семенной шов) жанасып жатады. Бұл тігіс тұқым бүршігімен тұқым сағағының жапсарласып біріккен жері болып табылады. Жеміс қаптың (спермодерма) астында екі үлкен бүйрек тәрізді тұқым жарнағынан тұратын ұрық, ұрықтық тамырша, ұрықтық сабақша және бүршікшелер орналасады. Тұқымда эндосперм болмайды. Эндоспермнің қоректік заттарын ұрық сорып алады. Тұқым жарнағының клеткалары крахмал және алейрон дәндерімен толтырылған болып келеді.
Жеміс Жеміс дегеніміз тұқымды қорғауға, ал кейбір жағдайларда оларды таратуға арналған мүше. Жеміс гүлден, ұрықтану процесінен кйін, ондағы жүретін өзгерістердің нәтижесінде пайда
болады. Жемістің түзілуінде негізгі рольді гинецей атқарады. Кейбір өсімдіктер ұрықтану процесі жүрмесе де жеміс береді. Мұндай жемістерді партенокарпты деп атайды, олар әдетте дән байламайды (жүзімнің, алмұрттың, цитрус тектестердің кейбір сорттары). Жай жемістерден біріккен жемістің (соплодие) айырмашылығы сол, ол бір-бірімен біріккен (қызылша), бірнеше гүлден, немесе түгелдей гүл шоғынан пайда болады (тұт, инжир, ананас).
Құрылысы. Жеміс перикарпийден (грек. "пери"- жанында, "карпос"- жеміс; демек жемістің тұқымды қоршаған бөлігі) және тұқымның жиынтығынан тұрады. Перикарпий дегеніміз бір немесе бірнеше аналықтың жатынының (гүл түйінінің) қабырғасынан, көп жағдайда гүлдің басқа да бөліктерінен - аталық негізінен, күлте жапырақшалардан, тостағанша жапырақшалардан, сиректеу гүл тұғырынан пайда болатын, жемістің қабықшасы болып табылады. Перикарпий (околоплодник) үш қабаттан : сыртқы - экзокарпадан, ортаңғы - мезокарпадан және ішкі - эндокарпадан тұрады.
Классификациясы. Жемістер алуан түрлі болып келеді. Оның өзі жабық тұқымды өсімдіктердің систематикалық топтарының ұшы - қиыры жоқ көп түрлілігімен және жемістердің өздерін тарататын агенттерге бейімделушілігімен байланысты болады. Бұл жемістердің филогенетикалық классификациясын жасауды қиындатады. Қазіргі кездегі қолданылып жүрген филогенетикалық классификация гинецейдің типіне негізделген. Қарапайым апокарпты гинецейден пайда болған жемістерді апокарпиялар, ал эволюциялық тұрғыдан қарағанда жақсы жетілген (ілгері басқандық байқалатын) ценокарпты гинецейден пайда болған жемістерді ценокарпиялар деп атайды. Алайда, осы екі топтың одан арғы классификациясы өте күрделі және өсімдіктерді анықтау практикасында қолдануға келмейді. Сондықтанда жемістердің айқын жасанды морфологиялық классификациясына сүйенуге тура келеді.
Жемістерді жай және күрделі деп екі топқа бөледі. Егер жеміс гүлдің тек бір ғана аналығынан дамыса - ол жай, ал бірнеше аналығынан дамыса күрделі болып табылады. Кейде жай жеміс ұяларға ыдырайды (дробный), немесе бір тұқымды бөліктерге яғни бунақтарға (членистый) көлденең перделер арқылы бөлінеді. Күрделі жемістерді біріккен жемістер деп те атайды.
Жай және күрделі жемістердің одан арғы классификациясын жасағанда мынадай белгілерді: перикарпийдің консистенциясын (қаттылығын, жұмсақтығын, құрғақтығын, шырындығын), тұқымның санын (көп немесе біреу), перикарпийдің қақырауын (қақырамайтын немесе қақырайтын, қақыраудың жолдарын - тәсілдерін), жеміс беретін жеміс жапырақшалрының санын негізге алады. Сонымен, жабық тұқымды өсімдіктердің жемістерін шырынды және құрғақ жемістер деп, екі топқа айырады. Шырынды жемістердің ірі паренхималық, шырыны мол клеткалардан түзілген мезокарпиі жақсы дамыған. Экзокарпиі мен эндокарпиі кейде тек сыртқы және ішкі эпидермис түрінде ғана болады. Көбіне олар көп қабатты.
Құрғақ жемістерде шырындыларға қарағанда, мезокарпиі нашар дамыған. Кейде ол тіпті бір қатар клеткалардың тізбегінен ғана тұрады. Құрғақ жемістердің көпшілігінің мезокарпиі көп қабатты болады. Мұндағы мозокарпий клетка ішілік заттарын жоғалтқан паренхималық, склеренхималық және қабыршық клеткаларынан түзілген.
Тұқымдардың жемістерден босанып шығуы үшін, перикарпийдің белгілі участкелерінде арнайы бөлгіш ұлпалар пайда болады. Жемістердің қақырауы көбінесе көптұқымды, құрғақ жемістерге тән. Қақырамайтын жемістердің перикарпилері механикалық жолмен немесе микроорганизмдердің әсерінен бірте-бірте ыдырап жойылады.
Құрғақ жемістің перикарпиі сүректелген болып келеді. Құрғақ жемістер: қақырайтын және қақырамайтын, ал шырынды жемістер: шиелі жемістер және сүйекті жемістер болып бөлінеді.
Жемістерді құрғақ және шырынды деп бөлу тек қана олардың морфологиялық белгілеріне негізделген. Бұл практикада жиі қолданылатын, жемістердің сыртқы морфологиялық белгілерін жақсы көрсететін, пайдалануға өте ыңғайлы жемістердің морфологияық классификациясы. Бірақ мұндай классификация жемістердің эволюциялық даму сатыларын көрсетпейді, сондықтанда оның ғылыми тұрғыдан маңызы шамалы.
Қақырайтын құрғақ жемістердің ішіндегі тұқымның саны бір-бірден немесе өте көп болуы мүмкін. Бұларды қорапша тәрізді жемістер деп те атайды. Олар өздерінің қақырау жолына, ішіндегі ұялардың санына қарай былай бөлінеді:
1. Таптама (листовка) - бір жеміс жапырақшасынан пайда болған, бір ұялы, көптұқымды құрғақ, бір жағынан (бауыр жағындағы жігінен ғана) қақырайтын жеміс; апокарпты гинецейден біріккен таптама түзіледі (сборная листовка).
2. Боб- бір жеміс жапырақшасынан пайда болған, бір ұялы, көптұқымды, екі жағынан (бауыр және арқа жағындағы жіктері арқылы) қақырайтын жеміс. Бобтар спирал тәрізді бұралған, бір жемісті, бунақты болып келеді (бұршақтар тұқымдасы).
3. Бұршаққын, бұршаққынша (стручок, стручочек) - екі жеміс жапырақшасынан пайда болған, қос ұялы, тұқымы тік орналасқан, жалған пердесінің ұзына бойындағы рамкелерге бекініп тұратын, екі жағынан (бауыр және арқа жағындағы жіктері арқылы) қақырайтын жеміс (крестгүлділер тұқымдасы). Бұршаққынша бұршаққыннан ұзындығы мен көлденеңінің арақатынасына қарай ажыратылады. Бұршаққынның ұзындығы көлденеңіне қарағанда 3-4 есе, кейде одан да артық болады (левкой және шалқан - репа). Егерде осы тәрізді жемістің ұзындығы көлденеңінен 2,5 еседен аспаса, оны бұршаққынша деп атайды (жұмыршақ - пастушья сумка, ярутка т.б.). Бұршаққындар бунақты (членистый) болып келуіде мүмкін.
4. Қорапша - екі немесе оданда көп жеміс жапырақшасынан пайда болған, көптұқымды, бір немесе көп ұялы болатын жеміс. Қорапшаның ашылуының әртүрлі жолдары бар: тесіктері, қақпақшасы, тістері, жақтаулары және т.б. арқылы ашылады.
Қақырамайтын құрғақ жемістердің перикарпиі құрғақ, бір тұқымды болып келеді. Бұларды жаңғақ тәрізді жемістер деп те атайды.
Бұған жататындар: