Дәріс №15 Тақырып: Персоналды басқарудағы шетелдік тәжірибе
Қарастырылатын сұрақтар тізбегі: 1. Жапон және АҚШ менеджментінің ерекшеліктері мен негізгі сипаттамасы.
2. Басқарудың Финдік және шведтік модельдерінің дамуы және олардың басқа елдерге ықпалы
Дәрістің мақсаты: Жапон және АҚШ менеджментінің ерекшеліктері мен негізгі сипаттамасына кеңінен тоқталу. Жапондық кәсіпкерлерге сипаттама беру. Қызметкерлерді жұмысқа ынталандырудың өзіндік жүйелері мен себептерін талдау. Қазіргі жағдайда басқарудың келесі стильдері мен принциптеріне тоқталу.
1. Жапон және АҚШ менеджментінің ерекшеліктері мен негізгі сипаттамасы. Басқармалы экономика дегеніміз, экономикалық теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты қысқартатын экономикалық зерттеудің бағытын білдіреді. Оны оқып, үйрену қажет, себебі ол тек табыс әкелетін ұйымдарды ғана емес, сонымен бірге табыс табуды көздемейтін, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді де басқарған кезде дұрыс шешімдер қабылдау үрдісіне пайдасын тигізеді.
Ал бұрынғы кеңестік ұйымдар нарық қатынастарында енді ғана жұмыс істей бастағандықтан, олар үшін Батыстың да, Шығыстың да осы саладағы тәжірибесімен танысқаны артық болмайды. Әсіресе, әлемдік нарықта экономиканың дамуы жағынан жетекші орында келе жатқан екі ұлы державаның: Жапония мен АҚШ-тың тәжірибесіне ерекше тоқталайық.
Жапон менеджменті мен бизнесі екі фактордың ықпалымен қалыптасты: ұйымдастыру мен басқарудың шетелдік тәжірибесін (ең алдымен американдық) шығармашылық түрде игеру мен ұлттық дәстүрді сақтау арқылы.
Іс жүзінде барлық дерлік шетелдік мамандар жапон халқының еңбекқорлығын ұлттық мінез ретінде атап көрсетеді. Жапондар дүние жүзі бойынша ең көп жұмыс істеп, ең аз демалатын халық. Жалпы, өзінің алғашқы жеңілісін, келесі жолы жеңіске жетуге итермелейтін стимул ретінде қарау – жапондықтарға тән қасиет: олар: «кедергіні даму факторы» деп қарайды.
Жапондық кәсіпкерлерге – олардың басты бәсекелестері болып саналатын американдықтардың берген мінездемесі қызық: «Әлемдік нарықта жапондықтар өзін: ел ішіндегі «жеңілген ойыннан шығады» деген қатал тәртіпке сай, шайқастарда шыныққан тәжірибелі, агрессивті саудагерлер ретінде ұстайды. Осындай жапондық ұлттық қасиет, кез келген жапон бизнесменінде бар, ол үшін оның ісі – өзін танытатын ринг, қатал күрес алаңы болып саналады. Жапондықтардың бұл мінезі, олардың – фирманың ісіне шексіз берілгендігінен, сондай-ақ барлық басқару деңгейінде алдын ала келісілген, бірақ біздегідей «жоғарыдан төмен қарай емес, керісінше төменнен жоғары қарай «тамыр арқылы байланыстыру» әдісімен келісілген шешімді тез қабылдауға ұмтылатынынан көрінеді.
Жапондықтардың ұжымдық еңбекке бейімділігі және патернализмі –олардың демократиялық формада жұмыс істеу қабілетінен көрінеді («бәріміз біргеміз және бәріміз бірдейміз»), мысалы, фирманың басқарушысы мен қатардағы қызметкері бірдей және қарапайым киінеді және бәрі бір асханада тамақтанады.
Жапондықтардың еңбектегі табыстарын осындай ерекшеліктермен түсіндіруге болады. Алайда Жапонияның экономика саласы мен рухани дамудағы табыстары күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі екенін әрқашан есте ұстау керек. Міне осындай еңбекқорлық – ұйымдастыруды дұрыс жолға қоя білумен бірлесе келе, оларға өз экономикасы мен әлемдік экономикада керемет табыстарға қол жеткізуін қамтамасыз етті.