Жапон менеджментінің мәнісі – адамдарды басқара білуінде жатыр. Мұнымен қатар жапондықтар бір адамның (тұлға) ғана емес, адамдар тобының еңбегін мойындайды. Осы әдістің арқасында әрбір жапондық – өзі жұмыс істейтін фирманың ажырамас бөлігі ретінде қарап, компания үшін жанын беруге дайын тұрады. Сондықтан менеджменттің жапондық түрі –басқарудың «әлеуметтік адамға» есептелген түрі болып саналады.
Қызметкерлерді жұмысқа ынталандырудың өзіндік жүйелері мен себептері бар. Ынталандыруға мыналар жатады: жалақы, еңбек жағдайы, басқару стилі, қызметкерлер арасындағы тұлғааралық қарым-қатынас. Еңбекке деген мотивтер ретінде: жұмысшының еңбек табыстарын, оның жетістіктерін мойындау, қызметінің өсуін, кәсіби біліктілігінің шыңдалуын, жауапкершілік деңгейі мен жұмысына шығармашылықпен қарауы сияқты қасиеттерді атауға болады.
Жапондықтар қалыптасқан жағдаймен санасып, соған бейімделуге тырысады.
Басқару үрдісіндегі бастысы – менеджер дұрыс шешім қабылдай білу үшін жағдайдың ерекшеліктерін зерттеуі тиіс. Әріптестерімен қарым-қатынасты жапондықтар сенімге құрады, ал топпен жұмыс істеудің басты принципі – «шошаңдама», яғни өзіңді басқаларымен тең ұстау болып табылады. Бірақ еңбек жетістіктері де қажет, сондықтан топтың арасынан біреулер ерекше табысқа жетіп жатса, ол бүкіл топтың жетістігі саналады.
Жапондық ірі фирмалар үшін – «өмір бойына жұмысқа алу» жүйесі тән болып келеді (фирма жыл сайын бос орынға мектеп пен университет түлектерін жұмысқа қабылдайды, ал олар, өз кезегінде, бейімделу мерзімі мен арнайы оқу курсын бітірген соң, жұмысқа кіріседі).
Жапониядағы менеджменттің басты ерекшелігі болып – оның: ұлттық құндылықтарға бағытталуы, еңбек мотивациясының жапондық тәсілдеріне басымдық беру, ұлттық әлеуметтік-психологиялық негізде мақсат қоя білуі болып табылады. Сондықтан жапон кәсіпкерінің басты мақсаты – әрбір жұмысшының шеберлігін, талантын және қабілеттерін толық көлемде пайдалану. Адамдардың психологиясы мен олардың әлеуметтік статусын ескеру және өнеркәсіп саласында үлкен табыстарға қол жеткізу сияқты жапон менеджментінің ерекшелігі – дамыған экономикасы бар басқа да мемлекеттерге кадрларды басқарудың дәстүрлі әдістерін жетілдіруге мүмкіндік берді.
Жапон менеджментіндегі жедел басқаруда орталық орын сапаны басқаруға беріледі. Өндіретін өнімнің сапасына әр түрлі көптеген фактор әсер етеді. Олардың әрқайсысының әсерін тек статистикалық әдіспен есептеуге болады, соның арқасында ақаудың себебін тауып, технологиялық үрдісті реттеуге болады, нәтижесінде болашақта ақаулар шығу мүмкіндігі барынша азаяды. Бұл жүйенің негізінде «фирма шеңберінде сапаға жаппай бақылау орнату» концепциясы жатыр. Сапаға бақылау – өндірістің барлық сатысын қамтиды. Сондықтан жапон экономикасының барлық саласында «сапа топтары» (үйірмелер) жұмыс істейді, олар технологиялық проблемалардан бастап, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге дейін шешеді.
Достарыңызбен бөлісу: |