Үлкен ми сыңарларының төменгі беті. Мидың төменгі бетінен үлкен ми сыңарларының, мишықтың төменгі жағы, ми сабауының бүкіл төменгі беті ,мидан шығатын нервтер көрінеді. Мидың төменгі бетінің алдыңғы бөлімінде маңдай үлестері жатады. Оның төменгі бетінде иіс сезу буылтықтары бар, оларға мұрын қуысынан торлы сүйектің тесіктері арқылы бас сүйек нервтерінің 1-жұбын – иіс сезу нервтерін түзетін жіңішке нерв жіптері өтеді. Иіс сезу буылтықтары артқа жүріп, иіссезу жолына жалғасады, оның артқы бөлімі жуандап, иіс сезу үшбұрышын құрайды. Оның артында алдыңғы тесіктелген зат орналасқан. Оның тесіктері арқылы миға тамырлар өтеді. Бұл заттың ортасында «Х» әрпіне ұқсас көру қиылысы жатады. Көру қиылысының артында сұр төмпе бар,оның ұшы құйғышқа созылып, түрік ертоқымында жататын гипофизге жалғасады. Сұр төмпенің артында екі емізік тәрізді дене жатады. Оның артында терең аяқшааралық шұңқыр орналасқан, ол бүйірлерінен ми аяқшаларымен шектелген. Шұңқырдың түбі артқы тесіктелген зат деп аталады.
Мидың дамуы. Үлкен ми нерв түтігінің алдыңғы кеңейген бөлігінен, ал жұлын артқы бөлігінен пайда болады.Ұрықтың өсу барысында нерв түтігінің алдыңғы бөлігінен 3 ми көпіршігі пайда болады : алдыңғы, ортаңғы, артқы немесе ромб тәрізді. Бұл саты одан әрі дифференцациялану барысында мидың негізгі бес бөліміне бастама беретін бес көпіршікті сатысына ауысады.
Ми құрсақта даму негізінде артқы жағынан бастап санағанда мына бөлімдерге бөлінеді:
1.Ромб тәрізді немесе артқы ми,rhomdencephalon, сопақша ми мен меншікті артқы мидан тұрады.
2.Ортаңғы ми, mesencephalon.
3.Алдыңғы ми, prosencephalon, ол аралық ми, а) diencephalon және соңғы миға,telencephalon бөлінеді.
Мишық пен соңғы мидан басқа аталған бөлімдердің бәрі ми сабауын құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |