Шамандық – алғашқы қауым ыдырап, рулық қоғам қалыптасқан тұста етек алған табиғатқа, аспан әлеміне табыну және адам арасында ерекше кереметке ие, дүниенің барлық сырын білетін, тылсым күштермен араласып жүретін айрықша жан, ғажайып кісі болатынына сену. Бұл наным бойынша әлем құрылысы вертикалді: аспан әлемі, жер беті, жер асты болып келеді; сондай-ақ жаһан – төрт бұрышты жазық түрінде болады. Сонымен бірге осы үш әлемді, төрт бұрышты түгел шарлай алатын адам бар, оның қолынан келмейтіні жоқ деп ұғынған. Ол бақсы (шаман). Оның басты міндеті – адамдарды аурудан, апаттан сақтап қалу, қара күш иелерімен ымырасыз шайқасып, адам баласын қауіптен құтқару, т.т. Осылардың бәрі қазақтың көне мифтері мен ертегілерінде, ырым мен әдет-ғұрпында, әпсана мен хикаяттарында мол ұшырасады. Ер Төстіктің жер астына түсіп кетуі, содан соң жер бетіне шығуы, Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын шарлауы, Күнікей қыздың Күн астында, Айбарша сұлудың Ай астында болуы – бәрі ежелгі шамандық наным жемісі. Фольклорлық шығармадағы бас кейіпкердің керемет көмекшілері – қолынан келмейтіні жоқ шаманның елесі. Ал, ертегілердегі жалмауыз кемпірдің ғаламаттығы, жер мен көкті тіреген алып бәйтеректің биіктігі, сондай-ақ сиқырлықты пайдаланып, кейіпкерлерге кейде зияндық, кейде жақсылық істейтін бақсының өзі, міне, бұлар да шамандық ұғым белгісі.
Дәріс 9-10 Алтын Орда дәуірі мен қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
Қазақтың ХІХ ғасырдағы жаңа, сыншыл, реалистік әдебиеті
Практикалық сабақ 9-10
9.1 Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (XV-XV ғасыр), қазақтың өзіндік әдебиеті
10.1 ХІХ ғасырдың І-ІІ жартысындағы әдеби үрдістер, ағартушылық әдебиет
Дешті Қыпшақта негізі қаланған Түркі мемлекеті – Алтын Ордада XIII-XV ғасырларда ғылым, мәдениет және әдебиет едәуір дамып, бүкіл әлемге таныла бастаған еді. Әсіресе, XIV ғасырдың бірінші жартысында Алтын Орда мемлекетінің Еділ бойындағы астанасы Сарай (Берке-Сарай) қаласы дүниежізне мәшһүр мәдени орталықтардың біріне айналды. Мұнда қысқа мерзім ішінде әлемнің әр түкпірінен атақты ғалымдар, ақындар, өнер қайраткерлері, сәулетшілер, т. б. жиналды деуге болады.
Берке, Өзбек және Жәнібек хандардың тұсында Алтын Орда астанасы Сарай шаһарында ислам әлемінің ең атақты ғалымдары (Құтб ад-Дин ар-Рази, Сад ад-Дин ат-Тафтазани, Хафиз ад-Дин ал-Баззави, т. б.) мен ақын-жазушылары өмір сүріп, еңбек етті. Бұл кезде олар Дешті Қыпшақты Батыс пен Шығысқа танытқан өздерінің ғылыми, әдеби туындыларын қыпшақ тілінде жазды.
Рас, Алтын Орда халқы өздерінің этникалық құрамы жағынан әр түрлі еді. Соған қарамай, Алтын Орданың мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болды. Әйтсе де «қыпшақ тілі» дегенде мынадай бір жайтты мықтап ескерген жөн сияқты. Ұлан-ғайыр өлкелерді өз ішіне қамтып, әрі іштей ұсақ-түйек ұлыстарға, тайпаларға, рулық құрылымдарға бөлініп жатқан Алтын Орда сияқты үлкен мемлекетте қыпшақ тілінің түрлі диалектілері бар еді. Алайда мұндай диалектілердің бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ болатын. Дәлірек айтсақ, біріншіден, «XIII ғасырда қалыптасып, мәмлүктік Египетте мейілінше дами түскен көне түрікмен әдеби тілі; екіншіден, оғыз-қыпшақ әдеби тілі; үшіншіден, Сырдарияның төменгі ағысында қалыптасып, кейінірек мәмлүктер билігіндегі Египетте дами түскен қыпшақ-оғыз әдеби тілі; төртіншіден, Еділдің төменгі ағысы мен Солтүстік Хорезмде өмірге келген оғыз-түрікмен әдеби тілі; бесіншіден, Орта Азияда кең өріс алған көне өзбек тілі» болғанын ескергеніміз жөн .
Дешті Қыпшақта, мәмлүктер билігіндегі Египет пен Сирияда XII – XV ғасырларда жазылған әдеби, діни, ғылыми туындылар қыпшақ тілінің осы аталған диалектілерінің бірінде өмірге келген. Мұндай шығармалар түркі тілдес ру-тайпалардың бәріне де түсінікті болды.
Сонымен, Алтын Орда дәуірі әдебиетінің объектісі осы мемлекет жерінде жазылған көркем туындылармен ғана шектеліп қалмайды. Сондай-ақ бұған XIII – XV ғасырларда Ақ Ордада, Орта Азияда, мәмлүктік Египетте қыпшақ тілінде жазылған көркем шығармалар да енеді. Бұл туралы түркология ғылымында күні бүгінге дейін түрлі пікірлер айтылып келеді.
Мәселен, немістің көрнекті түріктанушы ғалымы А. М. Фон Габен өз зерттеулерінде Алтын Орда дәуірі әдебиетін екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі – Алтын Орда және Хорезм әдебиеті, ал екіншісі – мәмлүк-қыпшақ (Египет) әдебиеті .
Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің дамуына Дешті Қыпшақ пен Мысыр (Египет) арасындағы түрлі саладағы: саяси, әскери, мәдени, әдеби, тіпті ел билеушілер арасындағы туыстық байланыстар да зор ықпал етті. Мәселен, мәмлүк Египетінің астанасы Каир қаласында Шәхаб ад-Дин Сараи, Махмұд ибн Фаттаһ ас-Сараи, Абдуллах әбу-т-Тина ас-Сараи сияқты Алтын Орда астанасы Сарай қаласынан шыққан (сол себепті тахаллустары, яғни лақап аттары «Сарай» болып келеді) ақындар, тарихшылар, философтар, дін қайраткерлері, т. б. еңбек етті.
Сондай-ақ араптың Махмұд ибн Ахмед ибн Мұса, Мұхтар ибн Махмұд әз-Зәкиди, Аргун-наиб, Халиль ибн Никлади аль-Алаи, т.б. көптеген ғалымдары Алтын Ордаға барып, Сарай қаласында еңбек етті, өздерінің әлемді таңдандырған ғылыми трактаттарын жазды.
Кезінде Египетке кеткен қыпшақтар – мәмлүктер өздерінің ежелгі отаны Дешті Қыпшақпен туыстық байланыстарын үзбей тұрды деуге болады. Мысыр әмірлері де Алтын Ордамен қарым-қатынас жасап, тіпті құда-жекжат болып жүрді. Мәселен, өзі Еділ бойында туылып, кейінірек Мысыр елінің әмірі болған сұлтан әл-Мәлік әз-Захар Бейбарыс (1217-1277) Алтын Орда ханы Беркенің қызына үйленеді. Мұның өзі Алтын Орда мен Египет арасындағы түрлі байланыстарды жақсарта түсуге кезінде зор ықпал етті .
Қорыта айтқанда, Алтын Орда дәуiрiнiң мұралары онша көп сақталмаған. Бұл кездегi әдебиет өкiлдерiнен бiз Сайф Сараи, Хорезми, Құтб, Дүрбек, Лутфий, Сайдахмат, Әли Атаи, Рабғузи, т. б. шығармаларын бiлемiз. Кейбiр ақын-жазушылардың лақап есiмдерi ғана мәлiм.
Бұл кезде өмiрге келген көркем туындылардан ақын Хорезмидiң “Мұхаббат-наме” поэмасы, Сайф Сараидiң “Түркi тiлiндегi Гүлстан” дастаны, Құтбтың “Хұсрау уа Шырыны” мен Дүрбектiң “Жүсiп — Зылиқа” дастандары, Рабғузидiң “Қисса-сул әнбиясы” ерекше мәшһүр болды.
Дүрбек дiни аңыздар сюжетiне құрылған “Жүсiп — Зылиқа” қиссасын өз бетiнше қайта өңдеп, оны осы реалдық өмiрдiң қызығы мен қиындығын шыншылдықпен жырлаған дастан етiп жаңадан жазып шықты.
Сондай-ақ дiни-мистикалық бағыттағы әдеби шығармалар да аз емес едi. Мiне, сондай дiни-мистикалық шығармалардың бiрi – На¬сыр-ад-дин Рабғузидiң прозалық туындысы – “Қисса-сул әнбия” немесе “Қисса и Рабғузи” деп аталады.
Он бесінші ғасырдың ортасында пайда болған Қазақ хандығы ұлттық мәдениет пен әдебиеттің өрістеп-өркендеуіне орасан ықпал етіп, ерекше жағдай жасады. Алтын Орда заманында ертеден бері жалғасып, әрі қарай дами түскен жалпытүркілік руханияттың мұрагері ретінде қазақ халқы мен мемлекеті енді бұрынғы бабалардан қалған мирасты сақтап қана емес, оны байытып, жаңғырта дамытуға міндетті болып, соған күш салды. Бұл дәуірдегі мәдениет өзінің түр-сипаты, мазмұны мен тақырыбы жағынан алуан түрлі болды. Мұнда ежелгі мифологиялық аңыздаулар мен кейінгі фольклорлық шығармалар, орта ғасырларда күллі Шығыста дәстүрге айналған қолжазба кітаптар мен тарихи-шежірелік туындылар, халықтық музыка мен ойындар, сондай-ақ ұлттық қазақ әдебиеті мен шешендік өнер – бәрі қатар, араласа, сабақтаса ғұмыр кешіп жатты. Әсіресе, авторлық ауыз әдебиеті айырықша дамыды. Оның басты себебі – Қазақ хандығындағы болмыстың өзі мен мемлекеттік құрылымның өзгелігі еді, яғни көшпелі өмір мен отырықшы тұрмыстың, бақташылық пен диханшылықтың қатар болып, жарасымды дамуы сол тұстағы рухани өмірдің алдыңғы сапына өзіндік сипаты мол авторлық ауыз әдебиетін, дәлірек айтқанда, жыраулар поэзиясын және шешендік өнерді шығарды, сондай-ақ жазбаша әдебиетті де дамыта түсті.
Авторлық ауыз әдебиеті дегенде, бұл жерде фольклор туралы сөз болмауы керек. Фольклор атам заманда туып, авторы жоқ, бірден-бірге айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ауызекі шығармалар екені белгілі. Ал "авторлық ауыз әдебиеті" деген ұғым орта ғасырлардағы Қазақстан үшін кәдімгі кәсіби жазба әдебиет ролін атқарған туындыларды білдіреді. Оның фольклордан басты айырмашылығы – авторлық болуы. Мәтіннің біршама тұрақтылығы, шығарма мазмұнының нақтылығы, оның кімге арналғанының (адресаттың) белгілі болуы, сондай-ақ шығарма стиліндегі даралық сипат пен автордың "мені" көрініс беретіндігі. Мұндай әдебиетті жасаушылар ол кезде, негізінен, жыраулар мен шешендер (билер) болды.
Жеке отау тігіп, өз мемлекетін құрған қазақ елі үшін ХV-ХVІ ғасырларда ең басты мәселе – жаңа құрылған мемлекетті күшейту мен қорғау болды. Бүкіл қоғамдық ой-сана, елдің аңсары – ұлттық тұңғыш мемлекетті қалай да сақтап қалу болды да, елді жұмылдырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын, барлық ру мен тайпаларды бір орталыққа қаратып, ішкі алауыздықты тиятын әрі сыртқы дұшпандарға тойтарыс бере алатын, яғни елдің қамын жеп, ел үшін аянбай еңбек ететін әмірші керек екенін жақсы түсінген жұрт мемлекет күшті болу үшін ақылды да айбарлы хан керек деп, сол идеяны дәріптеді. Халық арасындағы, қоғамдық санадағы осындай этатикалық идеяны, хандық идеологияны барынша жақтап, елді соған үгіттеуге ерекше күш салған қайраткерлердің ішінде жыраулар мен шешендер өздерінің құдіретті сөзімен де, үлгілі ісімен де ең басты роль атқарды, бұл іске орасан еңбек сіңірді.
Жыраулар кім еді? Жыраулар – мемлекеттегі, әсіресе хан сарайындағы көреген саясаткер, ханның ақылгөйі, мемлекеттің бас идеологі, елдің ақылшысы, қолбасы әрі дауылпаз ақын бола білді. Олар хан кеңесінің белсенді мүшесі болған, мемлекетті басқару ісіне тікелей қатынасып, саяси, әскери, қоғамдық мәселелерді шешуге араласып отырған. Соғыс кезінде жыраулар әскери кеңесте де, ханның жеке өзіне де өз ойын ашық айтып, ақыл беріп, болжау жасаған. Қиян-кескі ұрысқа түсер алдында жауынгерлерге арнап жыр толғаған, олардың намысын қайрап, рухын көтерген. Тіпті қажет болған жағдайда өздері де шайқасқа қатысып, ерліктің үлгісін көрсеткен, сондықтан жыраулардың біразы қолбасы да болған, тайпалар мен руларды да басқарған. Жыраулардың көбінесе әрі суырып салма ақын, әрі батыр, әрі данагөй және сәуегей болып келуінің себебі сол тұстағы Қазақ хандығының өмір салты мен тұрмыс-тіршілігінің көшпелі-бақташылық болуына және ұдайы жаугершілікті басынан кешіруіне байланысты еді.
Жалпы, қазақ жыраулары тарихи, қоғамдық және рухани тұрғыдан алғанда сонау Түркі қағанаты заманына меңзейді. Әйгілі Йоллығ-тегіннің жазбалары оның Күлтегін, Білге қаған мен Тоныкөк уақытында елдің бірлігін, бек пен қағанның атақ-абыройын ардақтаған жырау екенін дәлелдейді. Сол сияқты оғыздар дәуіріндегі Қорқыт ата, одан бертінгі Шыңғыс хан тұсындағы Кетбұға (Ұлық жыршы), Алтын Орда кезіндегі Сыпыра, бұлардың бәрі ХV-ХVІ ғасырларда тарихи аренаға шыққан қазақ жырауларының арғы түп-тамыры, бастауы еді. Қазақ жыраулары ежелгі ұстаздарының дәстүрін толық сақтап, дамыта әрі өз дәуірлерінің талап-талғамына, болмысына сәйкес өз заманындағы сөз өнерін тақырып пен мазмұн, идея мен түр жағынан байыта түсті. Бір кезде бүкіл түркі халықтарында, олардың тарихтарында, рухани ғұмырында зор роль атқарған жыраулар орта ғасырларда тек қазақ мемлекетінде ғана өзінің әлеуметтік-саяси, мәдени қызметін сақтап, бертінгі жаңа дәуірге, яғни XІX ғасырға дейін жеткізді. Бұлай болуы – жыраулық тәуелсіз көшпелі-бақташылық мемлекетте ғана болатындығын дәлелдейтін заңдылық. Өйткені қазақтан басқа түркі елдері ХV-ХVІ ғасырларда бірі тәуелсіздігінен айырылды, бірі көшпелілігін қойып, біржола отырықшылыққа ауысып, басқа идеология мен мәдениет жасады, ал енді біреулері өз мемлекетін құра алмады. Міне, Алтын Орда ыдырағаннан кейін, ордалы мемлекет құрған қазақ халқының рухани өмірінде байырғы жыраулық дәстүр мен әдебиет қайта жаңғырып, жаңа сапада көрінді. Қазақ жыраулары жаңадан құрылған мемлекеттің күшті, хан билігінің мықты болуын көздеп, сол кезеңдегі әдебиетті, күллі мәдениетті мемлекетке, ханға қызмет еткізді. Олар өздерін әміршінің, мемлекеттің қызметшісі деп білді, сол себепті хандықтың идеологына айналды. Ханның ақылгөй кеңесшісі, бас саясаткері болғандықтан жыраулар тек қана үлкен мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша толғаған, сөйтіп өз сөздерін тікелей әміршіге арнап айтқан. Олар әдетте елді абдыратқан, толғантқан жағдайлар мен төтенше оқиғалар кезінде сөйлеген. Сондықтан жырауларды әмірші де, халық та аса қадір тұтып, олардан хан да, халық та ел дағдарған, немесе бүліншілік болған шақта, я болмаса елге жау тигенде ақыл-кеңес сұраған. Жыраулар мұндай сәттерде жұртшылыққа тоқтау айтып, болып жатқан оқиғаға немесе жағдаятқа өз бағасын берген, өткенін еске түсіріп, бүгінін сипаттаған, болашақты барлаған. Өз заманы мен бұрынғы уақытты салыстыра толғап, дәуір туралы, қоғам жайлы, ел мен әмірші жөнінде нақылды-фәлсафалық ой түйіндеген.
Сонымен бірге жыраулар шығармашылығында әміршіге, билеушілерге қарсы, оппозициялық ой-пікірлер де айтылатын болған. Қажетті жерде жыраулар хан мен сұлтандарға олардың халыққа жағымсыз кейбір қылықтары мен байлам-шешімдеріне наразы болып, өздерінің келіспейтінін ашық айтып отырған. Тіпті кей тұстарда жыраулар өз әміршісін сынға да алатын болған. Олай болатын себебі, – біріншіден, жыраулардың көбісі қай жағынан болса да хан-сұлтандармен терезесі тең ақcүйектер тұқымынан шыққандығы; екіншіден, олардың әміршіге, мемлекетке деген адалдығы; үшіншіден, жыраулардың ел алдындағы орасан биік беделдігі; төртіншіден, көшпелі хандық мемлекетте "өзіндік демократияның" болғандығы; бесіншіден, қазақ қауымында "өнер алды – қызыл тіл" деп бағаланып, "бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" деген қағида-шарттың мықтылығы еді.
Жыраулар поэзиясындағы ең басты тақырып Қазақ хандығын құраған ру мен тайпалардың татулығы мен бірлігі және мемлекетті нығайту мен оның жауынгерлік күшін арттыру болды. Ал, мұның өзі жыраулар поэзиясында ең мәнді де, маңызды етіп қаһармандықты, елінің тәуелсіздігі мен мемлекетінің нығаюы үшін жан аямай күрескен батырлар мен қайраткерлерді мадақтап, көтермелеп жырлау дәстүрін қалыптастырды. Сөйтіп, жыраулар өз шығармаларында идеалды әміршінің бейнесін жасады, сонымен қатар адамдар жоқшылық көрмей, бақытқа кенелген утопиялық қоғамды суреттеді. Өздерінің монолог түрінде айтылатын толғауларында жыраулар маңызды мемлекеттік мәселелермен қатар заман мен қоғам, адам мен заман, тұлға мен тобыр, сондай-ақ имандылық пен қайырымдылық, өмірдің өткіншілігі мен адамның опасыздығы, өлім мен өмірдің қайшылығы сияқты моральдық, этикалық, фәлсафалық проблемаларды көтеріп, қоғаммен байланыстыра жырлап отырды.
Жыраулар поэзиясы үш түрде жасалған: толғау, арнау, мадақтау. Алайда, ең жиі қолданылғаны – толғау. Толғау – алуан түрлі тақырыптағы, философиялық ойға, дидактика мен моральға, т.б. мәселелерге арналған лирикалық шығарма. Оның өлеңдік кестесі, ұйқасы, шумағы әрқашан біркелкі болып келмейді. Сондықтан онда тұрақты буын мен бунақ, үйреншікті тирада мен ұйқас сирек кездеседі де, көп ретте ырғақ басты роль атқарады. Оның себебі толғау дүйім жұрттың алдында төтенше жағдайға байланысты қолма-қол шығарылып, ауызша айтылатын болғандықтан және айтылған шақта әрі елді жалықтырмау, әрі тез әсер ету мен жаттап алуға ыңғайлы болу мақсатын көздегендіктен еді. Айтылу ситуациясы мен тақырыбына байланысты шумақ бірде көлемді, бірде шағын, ұйқасы кейде шұбыртпалы, кейде аралас, көп жағдайда анафора түрінде, буын саны да біресе 7-8, біресе 11, енді бірде 15, тіпті одан да көп болуы, сондай-ақ ассонанс пен аллитерацияның жиі қолданылуы – толғау үшін табиғи және бұл жағдай оны өлең (қара өлең) мен жыр түрлерінен оқшауландырып тұрады.
Эмоциялық-экспрессивтілік мақсатты тұтынғандықтан толғауда психологиялық параллелизм, қайталау, кей уақытта дыбыс қуалаушылық та кең пайдаланылады. Жалпы, поэзияға тән теңеу, шендестіру, әсірелеу, контраст тәрізді көркемдік әдіс-тәсілдер де толғауға жат емес.
Жыраулардың толғауларында лирикалық кейіпкермен бірге автордың "мені" де көрініп отырады. Толғау көп жағдайда бірінші жақтан ("мен") айтылып, автордың көтеріп отырған мәселеге, немесе тақырыпқа өз көзқарасын, өз қатынасын тікелей көрсетеді. Сол себепті кейбір толғауларда биографиялық сипат болады, ал енді бір шығармаларда автор өзін суреттеп, тіпті өз бейнесін (кейде портретін) сомдайды. Солай бола тұрса да жырау өз мүддесін ел тағдырынан жоғары қоймайды, өзін қанша көтермелеп айтса да, әміршісінен жоғары апармайды, қаншалықты "мен" дегенмен халықтың қамқоры екенін ұмытпайды, халық пен өзін біртұтас сезініп, халық атынан сөйлейді, сондықтан да оның сөзі өтімді, өзі беделді әрі елге қадірлі.
Достарыңызбен бөлісу: |