Жоғарғыдағы нервтермен бірге желінге симпатикалық нервтердің тармақтары келіп желіннің қызметін реттеуге қатысады.
Сыртқы ен нервтері желіннің негізгі нерв тармақтары деп саналады. Бұл нерв беломыртқаның 2 – 3-ші және 4-ші жұлынынан шығатын симпатикалық нерв тармақтарынан тұрады. Аталған нервтер жамбас қуысынан шап каналындағы қантамыры – нерв шоғыры арқылы бірге шығады. Желіннің ұлпаларына жеткеннен кейін, бұл нервтер ұсақ нерв талшықтарына бөлшектеніп желіннің қызметін реттеуге қатынасады.
Мықын – шап нерві – 2-ші беломыртқаның жұлынынан шығып, пайда болған нерв өрімінен басталады. Бұдан шыққан нерв тармақтары желіннің алдыңғы жақ бөлігінің қызметін реттеуге қатынасады.
Мықын – құрсақ асты нерві. Бұл нерв 1-ші және 2-ші беломыртқаның аралық тесігінен шығатын нервтерден тұрады. Осы тұстан бағытталған нерв тармақтары желін терісінің алдыңғы жағы мен тері астындағы ұлпаларға енеді.
Айналшақ пен сарпай аралығындағы нервтер желіннің артқы бөліктерінің терісі мен оның астында орналасқан желін безінің ұлпаларының қызметін реттеуге қатынасады.
Жоғарғыдағы желін нервтері желін бөліктерімен, альвеолла маңы, сүт жолдары мен қантамырларының қабырғасы және емшекке дейін жетіп олардың қызметін реттейді.
Малдың желіні ауырғанда (желінсауда) төмендегі патогенездік емдерді пайдалануға болады: новокаинмен блокада жасау; әртүрлі ұлпаларды ем ретінде қолдану; физио және т.б. емдер.
Желін қабынғанда төмендегідей новокаинмен тежеу әдістері қолданылады:
Б.А. Башкировтың әдісі.
Д.Д. Логвиновтың әдісі.
И.И. Магданың әдісі.
Б.А. Башкировтың әдісі бойынша желін жүйкелерін тежеу техникасы. Бұл әдісте негізінен новокаинмен мықын-шап және сыртқы ен нервтеріне тежеу жасалынады. Новокаин үлкен және кіші беломыртқаның бұлшық еттерінің арасындағы жұмсақ дәнекер ұлпаға енгізіледі. Осы жерде жоғарғыдағы аталған нервтер орналасады.
Новокаинді енгізудің алдында малды бекіту керек. Ол үшін сиырдың мүйізіне салынған басжіппен дінгекке оның басын қысқа байлайды, немесе мұрынқысқышпен бекітіп ұстайды. Содан кейін үшінші – төртінші беломыртқаның көлденең қанаттарының (өсінділерінің) тұсындағы терідегі жүндерді қырқып, сол жерді иод ерітіндісімен өңдейді. Инені енгізетін нүктені табу үшін, үшінші және төртінші беломыртқаның тіке өсіндісінің арасын тауып, сол тұстан 6 – 7 см төменгі жеріне инені 55 – 60° қиғаштықта, тереңдігі 6 – 9 см, омыртқаның денесіне тірелегенге дейін енгізеді. Содан кейін инені кері 2 – 5 мм тартып 80 – 100 мл 0,5% новокаин ерітіндісі енгізіледі. Желіннің қабынған бөлігіндегі ауырсынуы новокаинді енгізгенен кейін 12 – 15 минуттан кейін басылып, 2 – 3 сағатқа дейін ауырсыну тоқталады.
17 – ші сурет.Б.А. Башкиров әдісі бойынша инені енгізетін жердің топографиясы.