10 –шы сурет. Шошқаның жұлдызды түйі-
нін тежеу үлгісі. 1 – новокаин ерітін –
дісін жіберетін жер.
Бұл әдіс жылқы мен ірі қара малдарына қолданылады. Малды станокқа тұрған бойында бекітеді де, алдыңғы аяғын мүмкіндігінше артқа қарай жылжытады. Сипалау арқылы бірінші қабырғаның алдыңғы шетімен оның бас жағындағы төмпешігін табады. Инені бірінші қабырғаның артқы шетімен, төмпешіктен аздап төмендеу алып, көлденең бағытта бірінші кеуде омыртқасының денесіне тірелгенше еңгізеді. Одан кейін инені омыртқа денесіне параллель бағытта аздап төмен жылжытып барып ертіндіні жібереді. Новокаинның концентрациясы, мөлшері мойынның төменгі симпатикалық түйінін тежегендегідей.
11 –ші сурет. Сиырдың жұлдызды түйінін
новокаинмен тежеу әдісі. 1 – новокаин
ерітіндісін жіберетін жер.
Мұндай тежеу шошқаларға Г.А.Кононовтың әдісі бойынша жүргізіледі. Малды бір жағына жатқызып бекітеді де, тиісті алдыңғы аяғын артқа қарай жылжытады. Инені жауырын сүйегінің мойын тұсының краниалды шетінен 7-ші мойын омыртқасының қанатының төменгі артқы шетіне қарай бағыттап еңгізеді. Одан кейін ненің үшін 5-8º-қа жоғары бағыттап 1-1,5 см-дей жылжытады да, новокаинның 0,5 %-ды ертіндісін 0,5 мл/кг мөлшерінде жібереді.
Н.А.Уразаев ұсынған ірі қара малының мойын тұсындағы жұлдызша нерв түйінін новокаинмен тежеу әдісі.
Автор бұл әдісті бұзаулардың өкпе ауруларын емдеу үшін қолданған. Ол үшін бұзауды тұрған бойында бекітіп ұстап, тежеу жасайтын жақтың алдыңғы аяғын мүмкіндігінше артқа қарай тартып ұстайды. Сипалау арқылы 6-шы мойын омыртқасының көлденең қанатының үшін табады да, одан 3-4 см төменірек жерде ине еңгізетін нүктені анықтайды. Иненің үшін артқы жаққа қарай бағыттап, бұзаудың қоңдылығына қарай, 3-8 см тереңдікке еңгізеді. Новокаин ертіндісін 0,45 %-ды хлорлы натрий ертіндісінде дайындайды. Тежеу үшін новокаинның 0,25 %-ды ертіндісін 1 мл/кг мөлшерінде малдың екі жағынан кезекпен жібереді.
Мойын ваго-симпатикалық новокаинмен тежеу әдістерінде клиникалық бақылаулар. Жоғарыда келтірілгендей бұл әдісті жылқыларға А.И.Федотов, В.Г.Кулик, В.К.Хохлачев; бұзауларға Н.А.Уразаев қолданған. Барлық авторлар бұл әдісті сау малдарға қолданғанда олардың тамыр соғысының, дем алысының және дене қызуының физиологиялық деңгейде әжептәуір өзгеретіндіктерін байқаған. Олардың деректері бойынша тежеуден кейін 15-20 минут өткенде тамыр соғысы жиілейді, ол көрсеткіш 25-30 минутта жоғарғы деңгейге жетеді де, 80-85 минуттан кейін қалпына келеді.
Бұл әдісті өкпе ауруларында қолданғанда бастапқыда аз уақытқа аурудың белгілерінің асқына түскені байқалады: дене қызуы көтеріледі, ауырсынғандық білінеді. Бірақ ол өзгерістер тез арада қалпына келеді де, өкпедегі процесс оң бағытта шешіледі: дем алысы терең, ырғақты; жүрек соғысы үдей түседі, тамыр соғысы жиі және толық; малдың тәбеті қалпына келеді. Ауру малдар жиі жазылады. Новокаинмен тежеу әдісін аурудың себептеріне қарсы қолданылатын әдістермен кешенді түрде жүргізгенде емдеу нәтижесі жоғары болатындығы тәжірибе жүзінде дәлелденген.
С.М.Чебунина жұлдызша нерв түйінінің маңайына новокаинмен тежеу жасау арқылы иттер мен қойлардың миокардит ауруын емдеген. Жүрек етінің қабынуының жіті түрінде новокаинмен тежеу әдісі патогенездік емдеу әдісі ретінде тиімді әсер еткен: ауру малдың жалпы жағдайы жақсарған; миокардиттің белгілері жойылған; қан қысымы, ФКГ, ЭКГ және қан көрсеткіштері қалыптасқан; 4-5 тәуліктің ішінде ауру малдар жазылған.
К.К.Мовсун-заде новокаинмен тежеуді аурудың алғашқы кезінде қолданғанда нәтижесі жоғары болатындығын хабарлайды. Автор бронхопневмониямен, созылмалы бронхитпен және эмфиземамен ауырған малдарға новокаинмен тежеуден кейін бром препараттарын қолданып; новокаинды венаның ішіне жіберу арқылы емдеп жақсы нәтиже алған. Осындай патогенездік емдеу әдістерінің тиімділігін автор орталық жүйке жүйесінің тепе-теңдікке келуімен; тіндердің трофикасының жақсаруымен; осының салдарынан болатын өкпелердегі, бүйректердегі, жүрек етіндегі және басқа да ағзалардағы дегенеративтік-дистрофикалық және қабыну процестерінің оңды өзгерістерімен түсідіреді.
Плевраүстілік новокаинмен тежеу әдісінің техникасы.
Е.Н.Павловский мен В.М.Калашников ішкі жүйкелерді тежеудің ірі қара малының жоғарғы жүйке жүйесінің қызметіне әсерін тексерген. Новокаинның 0,5 %-ды ертіндісімен екі жақты жасалған тежеу импульстың берілуін тоқтатуды үдете түскен.
И.М.Макалеев күйіс қайыратын малдардың ішкі жүйке жүйесі мен шекаралық симпатикалық бағаналарын новокаинмен тежеу тақия қарын, месқарын және ұлтабарлардың жирылуының күшін әлсіреткен және санын азайтқан. Автордың пікірі бойынша мұндай өзгеріс ас қорыту жүйесінің интерорецепторларынан импульстың симпатикалық жүйе арқылы түсуінің шектелуі салдарынан ас қорыту жүйесіне әсер ететін орталықтың тонусының төмендеуімен түсіндіріледі. Кезеген жүйкені новокаинмен тежеу асқазан бөліктерінің жирылуын тоқтатады және сілекейдің бөлінуін екі сағаттай азайтады.
Клиникалық тұрғыдан дені сау сиырға бұл әдіспен тежеу жасағанда қан құрамындағы лимфоциттер мен эозинофилдердің көбейгені, ал бунақты ядролы нейтрофилдердің азайғаны байқалады. Жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтері белсендендіріледі: қанның артериалдық және веноздық қысымдары жоғарылайды, төлдерде қан айналысы жылдамдайды; кальцийдің мөлшері көбейеді, ал калийдің мөлшері азаяды; белок фракциясының өзара қатынасы өзгереді.
Я.И.Клейнбоктың пікірі бойынша шаншу құбылысымен сипатталатын ас қорыту жүйесінің ауруларының негізгі патогенездік факторы – ауырсынғандық. Ауырсынғандық неғұрлым күштірек және ұзағырақ болса, солғұрлым вегетативті жүйке жүйесінің бөліктерінің ара қатынасының бұзылғаны және орталық жүйке жүйесінің реттеушілік қабілетінің нашарлағаны айқынырақ байқалады. Міне, осындай жағдайда патологиялық ошақтан бас ми қабына баратын импульсты үзу новокаинмен тежеудің терапевтикалық әсерінің негізі болып саналады.
И.Д.Медведевтің пікірінше шаншу құбылысымен сипатталатын аурулардың спастикалық және невралгиялық түрлерінде новокаинмен тежеу патогенетикалық емдеудің негізгі әдісі болып табылады.
В.В.Мосин бұл әдістің құрсақ қуысының және онда орналасқан ағзалардың әртүрлі себептермен қабынуында әсерін зерттей келе төмендегідей тұжырымға келген:
Құрсақ қуысының және онда орналасқан ағзалардың ауруларының патогенезінің негізінде орталық жүйке жүйесінің, ондағы бас ми қабының, функционалдық жағдайы мен рецепторларды тітіркендіргіш факторлардың күші мен әсер ету уақытының ұзақтығы жатыр;
Жүйке жүйесі ауру ошағынан келетін күшті ауырсындыратын импульстарға кері трофикалық реакция береді де, ол жердегі зат алмасу процесін бұзады. Торшалардың ауруға қарсы тұру қабілеті нашарлайды, олардың көбі өлі еттенеді де, микроорганизмдердің өсіп-өнуіне негізгі субстратқа айналады;
Жүйке жүйесінің рецепторлары патологиялық ошақтағы өзгерістерді бас ми қабына үнемі, тұрақты түрде жеткізіп отырады. Қайта-қайта тітіркендіруден бас ми қабы қажиды, торшаларының функционалдық қасиеттері нашарлайды;
Аурулардан сақтандыру және емдеу іс-шаралардың негізі бас ми қабын патологиялық ошақтан келетін тітіркендіргішдерден қорғау болып табылады. Ол үшін этиологиялық факторларды жою немесе күшті тітіркендіргіш факторларды тоқтату, оларды әлсіз физиологиялық импульстармен ауыстыру қажет.
В.В.Мосин үй жануарларының барлық түрлеріне жан-жақты эксперимент жасай отырып өз қорытындысын ұсынды. Олардың ішіндегі негізгілері төмендегідей:
Малдардың құрсақ қуысындағы ағзаларға операция жасаған кезде жүйке жүйесіне қорғаныс әсер ететін сенімді әдіс - ішкі жүйкелер мен шекаралық симпатикалық бағаналарды плевраүсті новокаинмен тежеу әдісін құрсақ қуысының қабырғасын инфильтрациялық жансыздандырумен қоса жүргізу;
Құрсақ қуысының және ондағы ағзалардың рецепторларын тітіркендірмес бұрын новокаинмен тежеудің аталмыш әдісін қолдану ол жерлерде қабыну процесінің дамуынан сақтандырады;
Бұл әдіс құрсақ қуысы мен ондағы ағзалардағы қабыну процесіне тиімді терапевтикалық әсер етеді, ал дамыған перитонитте ешқандай терапевтикалық тиімділік көрсетпейді;
Жалпы наркозбен немесе жергілікті жансыздандыру арқылы жүргізілетін операциялардың алдында немесе артында осындай тежеуді қолдану операциядан кейінгі болатын перитониттен сақтандырады.
К.Геров ұсынған новокаинмен тежеу әдісінің техникасы.
Бұл әдіс төлдердің ауруларын емдеу үшін қолданылады. Мысалы, бұзаулардың диспепсия ауруын емдеуде новокаинның 0,5-1 %-ды ертіндісін 1 мл/кг мөлшерінде құрсақ қуысына жібереді. Перитониттен сақтандыру үшін ерітіндіге 5 мл антибиотикті төлдің 1 кг салмағына есептеп қосады. Инені төлдің оң жағынан, соңғы қабырғаның ортасын сербекпен қосатын сызықтың орта тұсынан енгізеді. Емдеу кезінде төлге жұмсақ төсеніш, Соллюкс шамымен жылу туғызып, физиологиялық ерітінді берген жөн. Осындай жағдайда төл аштықты сезбейді, ауырсынғандық болмайды, жұмсақ, жылы жерде ұйықтайды. Бұл әдіс И.П.Павловтың ұйқымен емдеу әдісіне сай келеді.
Осындай әдіспен торайлардың да диспепсия ауруын емдеуге болады. Тек құрсақ қуысына инені енгізу әдісі басқаша. Торайды артқы аяқтары арқылы, басын төмен салбыратып бекітеді. Ине қарынның ақ сызығынан 1,0-1,5 см оңға немесе солға ауытқып, соңғы екі емшектің ортасы арқылы, 1-2 см тереңдікке енгізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |