Кеуде қуысын тесу. Операциясы малдың ауруын анықтау, кеуде қуысында жиналған патологиялық сұйықты шығару және ол жерге дәрілік заттарды еңгізу үшін қолданылады. Егерде кеуде қуысында патологиялық сұйық көп жиналған болса, онда оның жоғарғы шекарасын анықтап алып барып, тесетін нүктені белгілейді. Инені 7-8 қабырғалардың арасынан 3-5 см тереңдікке еңгізеді де, күні бұрын дайындалған дәрілік ерітіндіні жібереді.
Процедура біткеннен кейін инені шығарып алу, оның орнын залалсыздандыру жоғарыда баяндалғандай.
Жылқының соқыр ішегін тесу ол кенеттен жіті түрде газға толып керілгенде және малдың өміріне қауіп төнгенде істеледі. Ол үшін соқыр ішектің бас бөлігін мандренді ұзын инемен немесе жіңішке троакармен теседі. Тесу нүктесі малдың оң жағында, аш шұңқырдың ортасында, сергек пен ақырғы қабырғаның ортасын қосатын сызықтың бойында орналасады.
Ине кіретін жердің терісін аздап жылжытып, иненің үшін кеуде шеміршегіне қарай бағыттап еңгізеді. Инеден мандренаны шығарып алып, соқыр ішекті газдан босатады. Газ шығып болғаннан кейін сол ине арқылы залалсыздандыратын, газды сіңіретін дәрілердің ерітінділерін жібереді. Ине кірген жерде тіндердің өлі еттенуі болмас үшін оны бір сағаттан ерте шығармайды. Иненің орнын йодтың спирттегі ерітіндісімен залалсыздандырып, коллодиймен желімдейді.
Шошқалардың асқазанын тесу. Шошқаларға ауыз қуысы арқылы дәрілік затты беру кей кезде оңайға соқпайды және берілген дәрілік заттың толық мөлшері асқазанға түсті ме, жоқ па? Оны анықтау да оңай емес. Сонымен қатар ауыз қуысы арқылы берілген дәрілік заттың әсерінен аспирациялық бронхопневмония пайда болуы мүмкін. Олардың асқазанына зонд жіберу, оларға езуліктерді таңдау да оңай шаруа емес. Дәріні азыққа қосып берудің де нәтижесі айтарлықтай емес, себебі ауру шошқалар азыққа қарамайды. Міне, осындай жағдайларды ескерсек, онда дәрілік заттарды бірден асқазанға жіберудің маңызы айқындала түседі. Асқазанды төс шеміршектің тұсынан тесу малдың өміріне қауіпті емес және асқыну байқалмайды.
Бұл операцияны зертханалық тәжірибеде малдардың улануын анықтау үшін де қолдануға болады.
Шошқалардың асқазанын тесу онша қиын операция емес, шаруашылық жағдайында әрбір малдәрігері орындай алады. Ол үшін залалсыздандырылған Бобровтың немесе соған ұқсас инекциялық инелерді қолдануға болады.
Ұсақ малдарды арқасына жатқызып, ал ірі шошқаларды сол жақ жамбасына жатқызып бекітеді. Инені еңгізу нүктесі – малды арқасына жатқызғанда қарынның ақ сызығы мен ақырғы қабырғаның алдындағы қабырғаның доғасы арқылы жүргізілген сызықтың қиылысқан жері. Ал сол жақ жамбасына жатқызған малда бұл сызық осы нүктеден солға қарай 3-5 см ойысады. Ол жатқан малда ішкі ағзалардың орындарының аздап ауысуына байланысты.
Инені залалсыздандырылған нүктеден малдың сол жақ иық сүйегіне бағыттап, төмен және алға қарай еңгізеді. Иненің асқазанға дұрыс барған-бармағанын тексеру үшін инеден шығатын иіске көңіл аударады және шприц арқылы асқазанның жынын алып тексеруге де болады. Ине дұрыс орналасқан жағдайда оған шприцті қосып дәрілік заттарды, эмульсия ерітінділерін жібереді.