Сақтандыру шараларының мақсаты – аллергияға қарсы қолданатын дәрі-дәрмектерді пайдаланып, негізгі ауруларды дер кезінде айықтыруға әрекет жасау.
Жүрек етінің зат алмасуының бұзылуы Жүрек етінің зат алмасуының бұзылуы (Myocardosis – миокардоз) малда бұл ауру екі клиникалық түрде – жүрек етінің зат алмасуының өзгеруі оның құрылымын онша бұзбай (миокардиодистрофия) және жүрек етінің зат алмасуының өзгеруі оның құрылымын байқаларлықтай бұзып (миокардиодегенерация) өтеді.
Себептері әр түрлі, өйткені миокардоз, көбінесе, түрлі негізгі аурулардан туатын қосалқы дерт болып есептелінеді. Бұл ауру, әсіресе, жалпы зат алмасуының бұзылуынан туады. Ірі, арнайы бағыттандырылған шаруашылықтарда миокардоздың пайда болуына үрейлену (стресс) себеп болады.
Дамуы. Аурудың дамуы жүрек еттеріндегі қан айналымының бұзылуының нәтижесінде, оның қоректенуінің өзгеруіне негізделінеді. Жүрек еттерінде, алдымен биохимиялық және биоэнергетикалық процестері өзгеріп, сонан соң оның құрылымы бұзыла бастайды. Артерия қысымы төмендеп, вена қысымы көтеріледі де қан айналымы баяулайды.
Өлекседегі өзгерістер. Аурудың бастапқы кезеңінде, жүрек еттерінде өзгерістер тек биохимиялық және биоэнергетикалық деңгейлерде өтеді: бұлшық ет тармақтарының коллоидтық-химиялық (қоймалжыңдылық) құрылысы өзгереді. Содан арғы кезеңде жүрек етінің құрылымы бұзыла бастайды: бозарады, кескенде өзінің суретіне тән кескіні жойылады, божырап кетеді. Миокардоз ауыр өткен кезде жүрек еті асылған еттің түріне ұқсап, жұқарып жеңіл ыдырағыш келеді. Гистологиялық әдіспен тексергенде жүрек еті көбінесе ағзатталынған не майланған өзгерістерге ұшырайды.
Белгілері әр түрлі болады, клиникалық түрлері мен ауру кезеңдерінің өтулеріне байланысты анықталынады. Ауру жеңіл түрде өтсе, жүрек пен қан тамырлары қызметтерінің кемістігі, денеге күш түсіру жұмысынан кейін ғана, ал ауыр өткен жағдайда тыныштық қалпында тұрса да білінеді. Осы ауруға тән жалпы белгілер мыналар: а) жалпы әлсіздік, азыққа зауықтың нашарлауы, өнімділіктің, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі; б) бұлшық еттердің күш-қуатының әлсіреуі (астыңғы еріннің салбырауы, мұрын шеміршектерінің, құлақтарының қимылдауының шенелуі, көздерінің толық жабылуы т.б.); в) сырт тамырлардағы қан айналымының бұзылуы (артериядағы қан қысымын азайып, венадағы қысыиның көбеюі), соның салдарынан аяқтарын жиі-жиі алмастырып, қайшылап тұруы, терінің серпімділігінің әлсіреуі, қан айналымы бәсеңдеп, венада іркілінуі; г) ентігу; д) кернекті кілегей қабығы мен терінің көгеруі; е) ісінулер, алғашында артқы аяқтарында, ұма, күйек, желін тұстарында (ірі қара малдарда – жақ сүйектерінің арасында), сонан соң әукесінде, іш жағында, алдыңғы аяқтарында; ж) жүрек соғуының жиілігі мен ырғағындағы өзгерістер (жүрек соғуының жылдамдығы көбейеді немесе жоғарғы физиологиялық көрсеткіштер шегінде болады, жиі-жиі құлақшалар мен қарыншалардың арасындағы өткізгіштерде, ГИС тармағының аяқтарында бөгелістер болып тұрады).