Аурудың барысы. Ауру бірнеше жылға созылуы мүмкін сөйтіп ол бүйрек клеткаларының бүрісуімен аяқталады.
Емі. Аурудың барысы жеңіл күйде өтсе, өнім алынатын малды жайылымда бағуға, жұмыс аттарын жеңіл-желпі жұмысқа пайдалануға болады. Созылмалы нефрит асқына бастаған күнде оны емдеу шараларының жіті нефритті емдеу шараларынан айырмасы жоқ. Азоттық заттардың қанда бөгеліп қалу қаупі күшейген жағдайда малдан қан ағызып алынады, ал онан кейін глюкозаның 25 проценттік ерітіндісін ішке жібереді. Ішек-қарын жолының қызметі бұзылса (алдыңғы қарындардың әлсіреуі, ас корытудың бұзылуы ), емдеу жұмысы аурудың белгісіне қарай жүргізіледі.
Сақтандыру шаралары. Малдың жіті нефритін дер кезінде анықтап, оны емдеу жұмысын жүргізу қажет.
Пиелонефрит Пиелонефрит дегеніміз — бүйрек түбегінің және оның қалың еті қабатының қабынуы.
Аурудың себептері. Пиелонефрит көбінесе энтерококктардан, әсіресе несептің несеп жолымен дұрыс ақпауынан пайда болады.
Белгілері: Аурудың жіті және созылмалы түрде өтуі мүмкін. Ол жіті түрде өткенде малдың тәбеті қашады, көп қозғала бермейді, дене температурасы көтеріледі. Күйіс қайыратын малдың алдыңғы қарындары әлсірей немесе қызметі бәсеңдей түседі. Қынабынан ірің аралас жалқаяқ ағады, мал жатқан кезде оның мөлшері арта түседі. Қолмен құрсақты баса сипағанда бүйректің ауыратыны байқалады. Малдың несеп шығаруы жиілейді. Тік ішек арқылы зерттегенде несеп жолы қалың тартпа тәрізденіп қолға білініп тұрады. Бүйректер ұлғайған, ауырады. Несепте лейкойиттер (пиурия) көп, сонымен бірге әритроциттердің, цилиндрлердің және микробтардың қоспасы болады. Бүйректер өте қатты зақымданғанда несептегі белоктың мөлшері 2 г/л асып кетеді. Аурудың ауық- ауық асқынуы оның созылмалы түрде өтетінін байқатады. Ауру уақытша бәсеңдеген кезде оның сыртқы белгілері онша айқын біліне қоймайды. Кейде ауру белгілері білінбейді, сөйтіп оның түрі анықталмай қалады.
Аурудың барысы. Пиелонефрит көбінесе созылмалы түрде өтеді. Ауру көптеген жағдайда нефросклероздың асқынуымен аяқталады.
Емі. Малға тез қорытылатын жемшөп беріледі. Несеп жолындағы микрофлораларды (өте майда бактерия) құрту үшін антибиотиктермен емдеу курсы тағайындалады, оларды несеппен бірге шығаратын микробтардың антибиотиктерге деген сезімталдығына қарай таңдап алады. Несеп қышқыл реакция баргенде гексаматилентетраминнің 40 проценттік ерітіндісін ірі қараға 10-20 г, ұсақ малға, шошқаға -2050г, итке, түлкіге- 0,3-20г құю қажет. Уробесалды, уросалды, сонымен бірге 8-оксихинолиннің туындысын айталық, 5-НОҚ препаратын пайдалануға болады. Бұл препараттар тиімді.