Арнайы психологияның сүйенетін қағидалары 1. Объективтілік қағидасы психикалық көріністерді зерттейді; демек ғылыми негізделген дәйектерге сүйену және зерттеу нәтижелерін логикалық тұрғыдан талдау және қазіргі заманғы психологиялық теорияға сүйену. 2. Кешенділік қағидасы – дәрігерлік тексеру, психологиялық тексеру және педагогикалық тексеру болып табылады.
3. Жоспарлылық қағидасы – баланы жүйелі түрде зерттеу.
4. Детерминизм қағидасы – кез келген құбылыстың өзіндік себептері бар деген қағиданы ұстану.
5. Кеміс дамудың себептерін есепке алу қағидасы. Бұл даму кемістігі бар балалардың психикалық дамуындағы ерекшеліктердің себептерін анықтау қажеттілігі. Ол үшін кемістіктің құрылымы, тегі және тереңдігі туралы медициналық білім, психологиялық-педагогикалық мәліметтер қажет. 6. Генетикалық қағида – динамикада, яғни баланың психикасын жалпы даму барысында, іс-әрекет барысында зерттеу.
7. Әлеуметтік және биологиялық даму деңгейінің өзара байланысын есепке алу қағидасы. Яғни бала дамуына әлеуметтік ортаның әсер етуі және керісінше.
8. Талдау-жинақтау (анализ-синтез) қағидасы. Л.С. Выготский ілімі бойынша, алғашқы кемістікті есепке алу, негізгі симптомдар және психикалық қосымша асқынулар немесе туынды кемістіктерді талдау [12, 75 б.].
Психологиялық зерттеулердің практикалық қолданысының бағыттары Педагог-зерттеушілер даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқыту әдістерін, оқытудың мазмұны мен құралдарын даярлауда міндетті түрде психологиялық зерттеулердің мәліметтеріне сүйенеді. Психологтер мен педагогтердің жұмыстарының өзара байланыстылығына айқын мысал – психикалық дамуы тежелген балаларды түзете-дамыта оқытудың жүйесін құру. Мұндай өзара байланысты жұмыс жалпы білім беретін мектептерде оқитын үлгермеуші оқушыларды клиникалық және психологиялық зерттеулердің нәтижелерінен ғана емес, педагогтердің, психологтердің және дәрігерлердің жұмысының бір-бірімен үнемі байланысты-лығынан да туындады. Нәтижесінде, психикалық дамуы тежелген балаларды оқыту жүйесі, осы балалар категориясына арналған арнайы түзету сыныптары мен түзету мектептерінің ашылуына аз ғана уақыт болғанына қарамастан, толық қалыптасқан болып саналады. Бұл ең алдымен осы категориядағы балаларға арналған мекемелер жұмысының нәтижесін, тиімділігін көрсетеді. Түзету мектептерінің тәжірибесі психикалық дамуы тежелген балалардың 40-50 % бастауыш буынды аяқтағаннан кейін жалпы білім беретін мектепте оқуға мүмкіндік алған. Демек ерте кезден басталған түзету жұмыстары, яғни психикалық даму тежелуін ерте коррекциялау - 2-3 жыл арнайы балабақшада оқытып-тәрбиелеу - одан да жоғары нәтиже береді: балабақша тәрбиеленушілерінің 80% бірден жалпы білім беретін мектептерге бара алады. Мұндай балаларды психологиялық зерттеу олардың мектепте оқуға дайындығының деңгейі қалыпты дамып келе жатқан балалардың даму деңгейіне жақын екендігін көрсетеді. көрсетеді.
Г.М. Дульнев, Б.И. Пинский және т.б. психологиялық зерттеулері кемақыл балаларды еңбекке үйрету жүйесін кемелдендіре түсуге негіз болды. Бұл балалардың нұсқауларды түсінуі, сызулар мен бұйымдардың үлгілерін қабылдаулары, еңбек дағдыларының қалыптасу ерекшеліктерін зерттеу оларды еңбекке даярлау жұмысының әдістемелерін, кәсіптік бейімдеу жұмысының әдістемелерін жетілдіре түсуге, анағұрлым тиімді тәсілдерді даярлауға, оқыту-тәрбиелеу жұмысының бағытын анықтауға мүмкіндік берді.
Бұл зерттеулер еңбекке үйретудің психологиялық тұрғыдан негізделген әдістемелерінің оқушыларды тек болашақ өмірге дайындап қана қоймай, жалпы психикалық дамуға ықпал жасайтындығын көрсетеді: кеңістікті бағдарлау, зейін, есте сақтау қабілеттерін дамытады, ойлау операцияларын дамытады.
Психологиялық зерттеулердің келесі бір бағыты, оқыту мазмұнының, әдістерінің тиімділігін психологиялық тұрғыдан бағалау. Өкінішке орай, мұндай зерттеулер әзір өте аз. Әдетте оқытудағы жаңа әдістемелердің авторлары өз әдістемелерімен эксперимент жасайды да тек оқытудың тікелей нәтижесімен қанағаттанады, яғни материалдың меңгерілуін ғана көрсетеді, бірақ бұл көрсеткіш жеткіліксіз болып саналады. Оқытудың нәтижелілігі оның балаға бағдарлама материалын меңгертетіндігімен ғана емес, баланы жалпы дамыта алатындығында болуы тиіс.
Мұндай дамытушылық ықпалды диагностикалық әдістемелер көмегімен анықтауға болады (психологтер даярлайтын интеллек-туалдық тестілер, критерийлік-бағдарлаушылық тестілер) [13].
Арнайы психология, сонымен қатар, кемшіліктердің орнын толтыру (компенсация) мәселесімен айналысады. Оның ішінде алғашқы және туынды кемістіктердің пайда болу уақытына көңіл аударылады.
Оларға жататындары: жеке психикалық қызметтердің кемістіктері, жоғары психикалық қызметтердің қалыптаспауы, жеке-тұлғалық дамудағы ауытқулар. Мұндай кемістіктерді арнайы психология ғылымынан және психокоррекциялық әдістемелерден толық хабары бар психолог мамандар түзете алады. Қазіргі кезде арнайы мекемелердің барлығында психологиялық қызметтер жүйесі кеңейтіліп келеді, онда практикалық психологтар қызмет атқарады.
Арнайы психологияның маңызды міндеттерінің бірі ретінде арнайы мекемелерде және интеграцияланған жүйеде оқитын балалардың психикалық дамуының динамикасын зерттеуді, сондай-ақ, олардың әртүрлі жағдайларға бейімделу ерекшеліктерін зерттеуді атауға болады. Бейімделу мәселесі психикалық және физикалық кемістігі бар ересек адамдарға да қатысты болып саналады. Арнайы білім мен кәсіби даярлық алғаннан кейін де көп жағдайларда олар әлеуметтік бейімделу мен қоғамға интеграциялану қиындықтарына ұшырасады [14].
Жоғарыда санамаланған мәселелердің барлығы жеткілікті зерттелмеген, болашақта әлі де толық зерттеуді қажет ететін мәселелер.
Адаптация – кең мағынада психологияда адамның қоршаған ортаға бейімделу ретінде қолданылады. Оның екі аспектісі бар: биологиялық және психологиялық.
Коррекция – психологиялық-педагогикалық және емдеу-сауықтыру шараларының жүйесі. Бұл жүйе баланың психикасының және дене бітімінің ауытқуларын жеңілдетуге және жоюға бағытталады.
Компенсация – кемістіктің орнын толтыру, бұл күрделі, көп деңгейлі процесс. Мұнда зақымданған және жоғалған функцияларды қалпына келтіру мен алмастыру енеді.