2.«Мәңгілік ел» Ұлттық идеяның қалыптасуы «Ұлы Дала елі», «Қазақ елі», «Мәңгілік ел» деген киелі ұғымдар талайлы тарихында басынан қилы қиындықты өткерген қазақ халқының бұрыны мен бүгінінен хабар беріп тұрғандай.
Елбасымыз тәуелсіздігімізді алғаннан бастап «Тұтас түркі елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың ізгі армандарын іске асыру ниетімен «Түркі бірлігі» идеясын айтып келеді.
Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел – бүгінгі қазақ мемлекеті. Ежелгі Ұлы даланың мұрагері, ұлтын сүйетін перзент,құнды дәстүрлердің мирасқоры ретінде қазақ елі басшысының «Мәңгілік Ел» идеясын жаңғыртуы – заңдылық әрі перзенттік парыз.
Ұлт жасампаз болу үшін ұлтты ұйытатын ұлы идея қажеттілігін болмысымен сезінетін, мақсатсыз елдің тарих көшіне ілесуі неғайбыл екенін тереңнен пайымдайтын Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. ...Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел», – деп елді елең еткізген«Мәңгілік Ел» идеясын жариялады.
Тарихқа тағзым жасап, бабалардың ұлы істерін ұлықтау – мемлекеттілік ұғымын ұлттық идеологияның алтын қазығына айналдыру. «Мемлекеттілік» ұғымы мемлекеттік құрылым ғана емес, мемлекеттілік – әр мемлекеттің дамуы мен қызметін ұйымдастыруға қажетті идеялар мен көзқарастардың тұтас жүйесі. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы – ұлттық-мемлекеттік идеяның іргетасы, елдің болашағына қызмет ететін жасампаз озық ой.Бір кездері дүркіреген Көктүріктер империясы ту етіп, Тоныкөк негізін қалаған, Мәңгі ел құндылығы бүгін, міне, осылайша Қазақстан мемлекетінің түп қазығы – ұлттық идеясына айналды.
Қазақ хандығының 550 жылдығы – тарихқа тағзым ғана емес, қазақтың жаңа сапаға көтерілуінің маңызды межесі, ұлт ұрпақтарына ой салып, отаншылдығын тереңдетудің, азаматтардың жүрегіне мемлекетшілдік сезімін ұялатудың жаңа бір мүмкіндігі болды.
Көптің бірі болып тасада қалмай, дамыған, ықпалды мемлекет құруға ұмтылу – елдігімізге сын, ұлтымызды әлемге танытудың мүмкіндігі, қазіргі ұрпақтың асыл мұраты. Өйткені, әлемдік қатерлерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет қана өміршең ел болатыны қазір ешкімге құпия емес.
Ғажап ізденіс ғаламат жаңалық жасайтынын дәлелдеген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында қазақстандық жолдың келешекте қалай кемелденетінін, ең бастысы қандай ел құрумен тиянақталатынын түсіндіріп, жаңа дәуір келбетін сөзбен сомдап жеткізді.
Әлемнің ең беделді жиыны – Біріккен Ұлттар Ұйымының мерейлі 70 жылдық сессиясында Елбасымыздың ана тілінде үн қатуы елді бір серпілткені аян.«Мәңгілік елдің»ұлттық тілі асқақтаса,ұлттың абыройы асқақтайтынын Ұлт көшбасшысы осылай дәлелдеді. Тіл – мемлекеттіліктің кепілі болса, елі мәңгі, ұлты мықты болатыны анық.
Рухы берік, арманы асқақ елдің азаматтары өзіне сенеді, өзгені сыйлайды,басқамен санасады, жақсысын үйренеді.Сондай азаматтар нағыз патриот болады, өз елін, жерін, Отанын сүйеді, халқының тілін, дәстүрін, мәдениетін, тарихын біледі, қадірлейді.Соны бағалап, үлгі алатындар көбейсе...
«Мәңгілік ел» – Тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан, мыңжылдық мәні бар жалпыұлттық, философиялық идея. Көреген хандарымыз бен дана билеріміз, Алаш арыстары елін қайырымды қоғамға, қазақ жерін жайлы мекенге, Жерұйыққа айналдыруды арман етіп, сол үшін жанын да аямағаны тарихтан белгілі.
«Мәңгілік ел» идеясы – халықтың мүддесіне, қоғамдағы тыныштық пен ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол, бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaп, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.