Білім мазмұнының тәрбиелік аспектісі. Білім беру мазмұны ең алдымен оқушыларды тәрбиелеу аспектісін қарастырады. Білім беру жүйесінің басты міндеті – жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау; ана тілін, ұлттық салт - дәстүрлерді сақтау, денсаулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру болып табылады. Осы сияқты қасиеттерді білім алушылардың бойында қалыптастыру мен дамыту Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің маңызды міндеті ретінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2019-2024 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін бекіткен болатын. Аталған құжат тәрбие саласындағы мемлекеттік жалпы стратегиялық саясаттың мақсаты мен міндетін, тәрбие мазмұнының негізгі бағыттарын және оларды іске асыру шарттарын айқындайтын құжат болып табылады. Соған орай, жалпы білім беретін мекемелердегі тәрбие жұмысы осы құжаттың негізінде жұмысын жүзеге асырады. Аталған құжат негізінде тәрбие жұмысы төмендегідей бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиісті.
Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар тұтас педагогикалық процестің өзегі бола отыра, тәрбие жұмысының барлық бағыттары арқылы өтеді.
1 . Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие
2. Рухани-адамгершілік тәрбие
3. Ұлттық тәрбие
4. Отбасы тәрбиесі
5. Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие
6. Көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие
7. Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениет тәрбиесі
8. Дене тәрбиесі, салауатты өмір салты.
Білім мазмұны қоғамдағы тарихи, саяси, экономикалық өзгерістерге орай, жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Қазақстан Республикасындағы заман талабына сәйкес өзгерістер, ең алдымен білім беру саласын реформалауды қажет етті. Осыған орай, 2017- 2018 жылдан бастап, жалпы орта білім беру саласы жаңартылған білім мазмұнына көшті. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты - білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Жаңартылған білім беру мазмұнының төмендегідей басты ерекшеліктері бар:
1. Пән мазмұнының спиралді қағидатпен берілуі. Яғни пән мазмұны қарапайымнан күрделенуі.
2. Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы
3. Бір білім беру аясындағы және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптардың» берілуі
4. Оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар арқылы ұйымдастыру
5. Оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік-рухани қасиеттерін қалыптастыру
6. Білім беру деңгейлері аралығында пән бойынша сабақтастықты ескеруге мүмкіндік беретін толық оқу курсы бойынша педагогикалық мақсат қою
7. Бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сәйкес келуі, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға назар аударылуы
8. Оқытудағы жүйелі-әрекеттік ұстаным (оқушының білім алу үдерісіне белсенді қатысу)