Дәріс тақырыбы және тезистер



бет9/16
Дата11.11.2022
өлшемі84,76 Kb.
#49331
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16
Дәріс бойынша ағымдық, аралық, қорытынды бақылауға арналған сұрақтар
1. Ә.Қасымұлының әдістемелік-математикалық ой-пікірлері.
2.Бастауыш мектепте математиканы оқыту туралы мерзімдік баспасөзде жарияланған әдістемелік мақалаларға сипаттама беріңіз.
3. Бастауыш мектепке арналған алғашқы математика оқулықтарына сын жазылған мақалалар.
4. Ж. Аймауытұлының бастауыш мектепте математиканы оқыту туралы ой-пікірлері.
5. «Қазақ білімпаздарының съезінде» қаралған «Шама тілінің проғрамы».

2

№ 9
дәріс

№9 дәріс.Қазақ орта мектебіне арналған алғашқы математика оқулықтары.
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1.К.Жәленұлы және бөлшек сандар арифметикасының алғашқы оқулығы
2. Т.Құралұлының «Есеп құралы»
3. Ғ.Бегалыұлы мен Ә.Сыдықұлының «Математика сабағы»
4. Қ.Сәтбайұлы және алғашқы алгебра оқулығының қолжазбасы
5. Геометрияның алғашқы төл оқулығы


Дәрістің қысқаша мазмұны:
Кәрім Жәленұлы қазақ орта мектебі үшін математика оқулықтарын дайындау бағытында да қажырлы еңбек етті.Ол 1923 ж. Ташкент қаласында қазақ тіліндегі бөлшек сандар арифметикасынан жазылған тұңғыш төл оқулығымыз болып табылатын «Есеп тану.Бөлшек сандар» атты еңбегін бастырып шығарды.Көлемі 58 бет бұл оқу құралының мазмұны 94 параграфқа бөлінген 5 тараудан тұрады.Оқулыққа жасалған бұл талдаулар оның мына сияқты негізгі ерекшеліктерін атап көрсетуге мүмкіндік жасайды:
1)Оқулық қазақ тіліне икемделген араб графикасымен жазылған.
2)Оның түпнұсқасының сыртында «Екінші бөлім» деген жазу бар.Біздіңше,екі бөлімнен тұратын оқу құралын дайындау мәселесі алдын ала жоспарланып,оның 1-бөлімін дайындауды аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері С.Қожанұлы өз міндетіне алғанға ұқсайды.Бірақ 1-бөлім кейбір себептерге байланысты кешігіп, баспадан 1924 жылы шыққан.
3)Кітаптың мұқабасында:«Бастырушы:қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» деп көрсетілген.
4)Ол орыс немесе басқа шетел тілдерінен болжаммен,атүсті аударыла салынған аударма оқулық емес.Сол кездегі Ресейде қолданылған арифметика оқулықтарымен салыстырып қарар болсақ,аталмыш оқулықтың олардан мазмұн жағынан да сапа жағынан да кем түспейтіндігін,демек,математиканы оқыту әдістемесі ғылымының өз заманындағы талап-деңгейінде әзірленгендігін байқауға болады.
5)Оқулық мазмұны жағынан қазақ халқының өмірімен,салт- дәстүрімен, мәдениетімен және тұрмысымен байланысты материалдарға бай.
6)Қазақ оқушысына түсінікті болу жағы ескеріліп,өте сәтті де аса қонымды қазақы терминдер қолданылған.
7)Оқулық негізінен алғанда,бірінші басқыш мектебіне арналып жазылған. Оған жасалған әдістемелік талдаулар оның оқулық қана емес, сонымен бірге мұғалім басшылыққа алатын құрал,яғни мұғалімге теориялық және әдістемелік тұрғыда көмек беру сипатында әзірленгенін байқатады.
8)Кейбір деректерге қарағанда,бұл оқулық 1928 жылы «Эсеп тану» деген атпен қырғыз тіліне аударылып,қырғыз мектептерінде негізгі оқу құралдарының бірі ретінде қолданылған. Бұл оқулық әлі күнге дейін өз құнын жойған жоқ деп айтуға болады және ана тілінде математика оқулықтарын дайындау қызу қолға алынып жатқан қазіргі кезде де біз одан көп нәрсені үйрене алар едік.
Бөлшек сандар арифметикасынан ана тілінде жазылған тағы бір оқулық бар, авторы «Тұрғын Құралұлы», мұқабасында толық атауы «Есеп құралы (Мәтемәтійка)» деп келтірілген және 1932 жылы Ташкентте басылып шыққан бұл оқулық I басқыш мектебінің IV сыныптарына арналған,көлемі 80 бет. Оқулықтың алғашқы бөлімі көп таңбалы сандар арифметикасын қайталауға арналған.Қалған бөлімдерінде бөлінгіштік мәселелері, жай және ондық бөлшектер, проценттік есептеулер, сонымен қатар геометрияның бастамалары баяндалған. Әдістемелік-мазмұндық талдаулар аталмыш еңбектің өз заманындағы сапасы жоғары математика оқулығы болғандығын аңғартады.Бұл тұрғыда оның авторын алғашқы оқулықтар авторларының ізбасары,олардың идеяларын дамытушы деп айтуға болады.Алайда,оқулық авторы Тұрғын Құралұлы туралы деректер жоқ,сондықтан осы сияқты әлі күнге дейін белгісіз болып келген оқулық авторларын зерттеп,оларды туған халқына таныту Қазақстан ғылымы тарихының басты міндеттерінің бірі болып табылады демекпіз.
Математикадан жазылған оқу құралдарының тағы бірі «Математійке сабағы» деп аталады(авторлары- Ғ.Бегалыұлы мен Ә.Сыдықұлы,1931 ж. Қызылордада басылып шыққан).Сыртында «Колхоз жастары мектебінің 1-інші оқу жылына,жеті жылдық мектептердің 5-інші оқу жылына және өз бетімен білім алушыларға арналған кітап» деп жазылған.Кітап осы әртүрлі оқу орындарында пайдалануға боларлықтай әмбебап оқулық сипатында жазылған, онда арифметикалық материалмен бірге алгебра мен геометрия элементтері, шамалар және оларды өлшеу мәселелері қамтылған.Сонымен қатар есептер шығару мәселесіне лайықты көңіл бөлінген. Есептердің мазмұны мейлінше әралуан тұрмыстық жағдаяттарды қамтиды: мектеп тұрмысы; социалистік құрылыс; ауыл шаруашылығы; техника; геометрия; аймақтану; экономика; география; т.с.с.
Есептердің негізгі ерекшеліктері ретінде мыналарды атауға болады:
-олардың мазмұнында сол кездегі қоғамдық және тұрмыстық жағдайларға байланысты мәселелер қамтылған;
-мазмұны мен сандық мәліметтері нақты өмірден және оқушыларға коммунистік тәрбие беру ісіне жәрдемдесетіндей етіліп алынған;
-есептерде оқушының жасына,оның мүддесіне лайықты мәселелер қарастырылған;
-есептердің мазмұнының оқушыға таныс немесе оңай түсінетіндей оқиғалардан алынуына мән берілген, т.б.
Оқулықтың негізгі ерекшеліктерінің бірі-онда пайдаланылған математикалық терминдердің сипатында, онда көптеген математика терминдеріне қазақша атаулар ұсынылған. Оқулыққа жасалған мазмұндық-әдістемелік талдаулар онда бастауыш сыныптар мен орта мектеп математикасының сабақтастығын, сондай-ақ арифметикалық,алгебралық және геометриялық материалдардың арасындағы байланысты жүзеге асыруға қол жеткізуге мол әдістемелік жағдайлар мен мүмкіндіктердің туғызылғанын көрсетеді.
Қазақ тіліндегі алғашқы алгебра оқулығының қолжазбасы «Алгебре» деген атпен дайындалып,1924 ж. Қазақстан ХАК Академиялық орталығына тапсырылған. Оның авторы –Қ.Сәтбайұлы. Алайда,түрлі себептерге байланысты басылып шықпай, қолжазба күйінде қалып қойған ол 2009 ж. ғана басылып шықты. .
Қолжазба көлемді «Сөз басынан» және төмендегідей 11 негізгі бөлімнен тұрады: «І.Бастауыш ұғымдар; ІІ.Бағытты шамалар,дұрыс және теріс сандар; ІIІ.Әлпеттердің түрін өзгерту жолдары.Алгебраның бастауыш төрт амалдарының жоспары; ІV.Шама байланыстарын пішін түрінде суреттеу; V.Бірінші дәрежелі теңдеулер; VІ.Дәрежелер және түбірлер; VІІ.Жоғарғы дәреженің теңдеулері; VІІІ.Теңсіздіктер және көмескі теңдеулер; ІХ.Дәуірлеулер; Х.Құрамалар.Ньютон қос мүшелігі және үздіксіз бөлшектер; ХІ.Логарифмдер».
Бөлімдер баптарға,ал баптар өз кезегінде параграфтарға бөлінген. Қолжазба барлығы 314 параграфтан тұрады.Соңына қосымша ретінде 220 математика терминінің орысша-қазақша сөздігі және логарифмдер кестесі енгізілген.
«Сөз басы» 8 пунктен тұрады.Бұл Қ.Сәтбайұлының әдістемелік-математикалық көзқарасы өзінің жарқын көрінісін тапқан аса бағалы құжат болып табылады,онда математиканы оқытудың жалпы әдістемесіне қатысты аса маңызды ғылыми-әдістемелік тұжырымдар түйінделген.
Қолжазбада бүкіл алгебралық материал екі жікке бөлініп қарастырылған: 1-інші жік (I-VII бөлімнің V бабына, жоғары дәрежелі теңдеулерге дейін) және 2-інші жік (VII бөлімнің V бабы-XI бөлімдер). Соңында өз бетімен орындауға ұсынылған жаттығулардың жауаптары келтірілген.Қосымша ретінде «Терминдер(пән сөздері)» деген тақырыппен 220 математика терминдерінің орысша-қазақша сөздігі ұсынылған.
Басты ерекшеліктері мыналар:
1) ол сол кезең үшін ғана емес,қазір де ең үздік болып есептелетін А.Н.Киселевтің алгебра оқулығынан мазмұн жағынан да сапа жағынан да кем түспейді;
2)қолжазбаны қазақ оқушыларына мейлінше түсінікті болу жағының ескеріліп, көңілге қонымды ана тіліміздегі математика терминдерінің ұсынылуы тұрғысынан ерекше бағалауымыз керек, автор мұнда мектеп алгебра курсының барлық терминдеріне қазақша атаулар ұсынған;
3)кітаптың тілі аса жатық,дәл және түсінікті,ол негізінен,сол кезеңдегі қазақтың тұрмыстық тіліне ыңғайластырып және қазақ баласының ұғымына лайықталып жазылған.
4)оқулық мазмұны жағынан қазақ халқының өмірі,мәдениеті және тұрмысымен сабақтас, сонымен қатар автор оқу материалын қазақ баласының шағын,жергілікті көлемдегі мүддесіне ғана байланысты тарылтпай,оның танымдық ой-өрісін кеңейтуге себін тигізетін материалдарды молынан пайдаланған,оқулықтың білімдік,тәрбиелік, тәжірибелік және дамытушылық сипаты күшті;
5) оның мұғалімдердің теориялық және әдістемелік дайындығын көтеруге де көп пайдасы бар;
6)оқулық алгебраның бастауыш ұғымдарынан бастап,оның жүйелі курсының барлық дерлік мәселелерін қамтиды(жоғары мектепте қарастырылатын кейбір материалдар - комбинаторика элементтері,жоғары дәрежелі теңдеулер,комплекс сандар,үздіксіз бөлшектер,т.б.) енгізілген,оқулықтың бұл сипаты оның жоғары оқу орындарына түсушілерге пайдалы жақтарын көрсетеді;
7)автор математиканы оқытудың педагогикалық және әдістемелік тұрғыда ғылыми негізделген қағидалары мен ұстанымдарын басшылыққа алған және қазақ мектебінде математикалық білім берудің сол кездегі әлемдік тәжірибедегі озық әдістемесін енгізуге ұмтылған.
Бұлар-қолжазбаның артықшылықтарының ең негізгілері ғана. Өкінішке орай,ол сапасы төмендігінен немесе мектепке жарамсыз болғандықтан емес,сол кездегі қалыптасқан саяси жағдайларға байланысты жарық көрмей,қолжазба күйінде қалып қойған. Аталмыш оқулық өз кезеңі үшін ғана емес,қазіргі күн үшін де өз маңызын жойған жоқ деп айтуға болады.
Әлі күнге дейін Қазақстандағы әдістемелік-математикалық ғылымның қалыптасуында өзінің лайықты бағасын ала алмай келе жатқан оқулықтарымыздың бірі-«Пішіндеме». Оқулық авторы-Алаш ардагері Елдес Омарұлы(1892-1937). Ол 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрді.Оның көлемі өте үлкен,екі кітаптан,1-кітабы 10 тараудан, ал 2-кітап 9 тараудан тұрады. Оқулық планиметрияның барлық дерлік материалдарын қамтиды.
«Пішіндеме» оқулығының ерекше назар аударарлық тағы бір ерекшелігі-геометриялық материалдың іріктеліп алынуы мен оларды оқыту ретінің таңдалып алынуы.Оқулықта өте мол геометриялық материал қиюын келістіре отырып,жүйелі түрде өзіндік әдістемелік ретпен орналастырылған. Жоғарыда келтірілген тақырыптар тізімінен-ақ материалдың орналасу ретінде тығыз логикалық байланыс сақталғаны аңғарылады.Материалдың орналасу реті қазіргі оқулықтардан өзгешелеу:тиянақтар оқулық басында түйдек-түйдегімен,үйіліп-төгіліп беріле салмаған,олар қажет болған кезінде сәйкес тақырыптарда беріледі.Жаңа қағидалар бұрынғы қағидалар негізінде өрбітіле түседі және одан әрі біртіндеп дамытылып отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет