3 - тақырып. Қаржы саясаты және қаржы механизмі
3.1 Қаржы саясатының мазмұны, міндеттері және қағидаттары
Саясат мемлекет қызметінің барлық бағыттарын қамтиды. Саяси ықпал жасаудың элементі болып табылатын қоғамдық қатынастардың саласына қарай экономикалық немесе әлеуметтік, мәдени немесе техникалық, қаржы немесе несие, ішкі немесе сыртқы саясат туралы айтады.
Экономикалық дағдарыстан шығу және одан әрі серпінді даму мемлекеттің негізгі саясаты арқылы болуы мүмкін. Жүргізіліп отырған қаржы саясатының басты субъектісі мемлекет болып табылады. Ол қоғамның ұзақ перспективаға арналған қаржысын дамытудың басты бағыттарының стратегиясын жасайды және алдағы кезеңге арналған міндеттерді, қаражаттарды және оған жетудің жолдарын анықтайды.
Қаржылық саясат — бұл мемлекеттің қаржы саласындағы өз функциялары мен міндеттерін шешуге арналған мақсатты шаралардың жиынтығы. Қаржылық саясат – экономикалық саясаттың бөлігі.
Қаржылық саясат қаржылық стратегия мен тактикаға бөлінеді.
Қаржылық стратегия – экономиканың ірі ауқымды міндеттерін және қоғамның әлеуметтік дамуына бағытталған қаржы саясатының ұзақ мерзімді курсы.
Қаржылық тактика – стратегиялық мақсаттарды анықтап, шұғыл және ағымдағы міндеттерді шешуге бағытталады.
Қаржы саясатының стратегиясы мен тактикасы өзара байланысты. Стратегия тактикалық есептерді шешу үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Қаржылық саясаттың кезеңдері:
1) экономикалық заңдар негізінде экономика жағдайын, қоғамның әлеуметтік-экономикалық перспективаларын зерттеп, қаржы дамуының ғылыми негізделген концепциясын дайындау;
2) экономикалық саясаттың мақсаттарына сәйкес қаржылық саясаттың стратегиялық және тактикалық шараларын белгілеу;
3) қаржылық механизм арқылы белгіленген шараларды жүзеге асыру.
Қазіргі кезеңде қаржы саясатының көмегімен шешілетін басты міндеттердің қатарына мыналарды жатқызуға болады:
а) қаржылық ресурстарды жұмылдыруға жағдай жасау;
ә) қоғамдық өндіріс салалары, ұлттық шаруашылық секторлары арасында қаржылық ресурстарды тиімді бөлу;
б) экономикалық дамудың бағыттарын жүзеге асыратын қаржылық механизмді қалыптастыру.
Сондықтан Қазақстан жағдайында қаржы саясатының міндеті экономиканы экономикалық өсудің траекториясына көшіру, ұлттық шаруашылықтың құрылымын одан әрі жетілдіру негізінде шаруашылық өмірді тұрақтандыру, кәсіпкерлік қызметті дамыту, мемлекеттік бөліктің үлесін оңтайландыра отырып, меншікті реформалау, сыртқы экономикалық қызметті ұлғайтып, жандандыру, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру жөнінде шаралар жасап, оларды қаржы механизмі арқылы іске асыру болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |