Әр елде менеджерге түрліше анықтама береді. Мәселен, американдықтардың түсінігінше, мұндай адамдардың міндетіне өзіне бағынатын белгілі бір қызметкерлердің нақтылы жұмыстарын ұйымдастыру жатады.
Европалықтардың түсінігінше, менеджер қазіргі тәсілдерді басшылыққа ала отырып, нақты жұмысты ұйымдастыратын адамдар.
«Менеджер – бұл жауынгер, оның үрейленуге және қателесуге қақысы жоқ, өзінің жеке мүддесін фирма мүддесіне бағындыра білуге, өзінің жанұясы –фирмасының гүлденуі үшін күресуге әзір болуы тиіс». Жапониядағы менеджерлер мектебінің, негізгі жапон корпарацияларының болашақ басшыларын даярлайтын арнайы оқу орындарының жүздеген тыңдаушылары осы өсиетті күн сайын қайталайды.
Менеджер табиғатына П.Друкер сипаттама берді. Оның пікірінше, менеджер арнайы екі міндетті атқарады және бұл міндеттер іскер кәсіпорын жұмыскерлерінің ешқайсысында жоқ.
Менеджердің бірінші міндетіне – қолда бар ресурстармен «нағыз тұтас» өндірістік бірлік құру. Бұл жағынан алғанда менеджер оркестр дирижеріне ұқсас. Алайда дирижердің қолында композитор жазған партитура болады да, ол оны тек түсіндіріп берумен ғана шектелетін болса, «менеджер - әрі композитор, әрі дирижерлік міндетті атқарады».
«Өндірістік бірлікті» құру міндетін шешу үшін менеджерге бүкіл әлсіз буындарды жою, барынша дамытуды қамтамасыз ету, ұйымдық мәселелердің барлық күшті жақтарын, бірінші кезекте адам ресурстарын пайдалану үшін тырысуына тура келеді. Кәсіпорынның күнделікті іс-әрекеті менеджердің көз алдында әрдайым елестеуі, қол жеткен нәтижелер барынша үйлестіріліп отыруы тиіс. Дирижер оркестрді қалай тыңдай білсе, менеджер де әрдайым тыңдай білуі, кәсіпорынның, сондай-ақ нарықтық жағдайлардың жалпы іс-әрекетін қадағалай білуі тиіс.
Менеджердің екінші міндетіне - кез келген шешімді қабылдап, іс-әрекетке кіріскенде бүгінгі талапты ескерумен қоса кәсіорынның болашағы туралы да ойланып-толғануы жатады. Әрбір менеджерге, деп атап көрсетеді Друкер, өзінің басқару міндетіне жатпайтын көптеген істерді атқаруына тура келеді.
Алайда барлық менеджерлер үшін олардың қызмет орнына қарамастан, ортақ қызмет міндеті болады.
Біріншіден, менеджер іскер кәсіпорынның мақсатын орындайды, сол мақсатын орындау үшін не істеу керектігін ойластырады, адамдарға нақты міндеттер жүктей отырып, оны жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Екіншіден, менеджер-ұйымдастырушы. Ол жұмыстарды жүйелеп бөледі, қажетті ұйымдық құрылымды құрады, басшы жұмыскерлердің тиісті құрамын іріктейді және т.б.
Үшіншіден, менеджер көтермелеу шараларын қамтамасыз етіп адамдармен тығыз байланыс орнатады. Ол ұжымды өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адамдардан құрады: бұл үшін қолда бар барлық мүмкіндікті – сыйлық беру, марапаттау, жоғары қызметке тағайындау шараларын пайдаланады. Менеджер ұжымдағы барлық адамдармен тіл табысып, тұрақты байланыс орнатады.
Достарыңызбен бөлісу: |