Мадақтау мәндi лептi сөйлем. Бiрдеңенi асыра мақтан ету, масаттану мағынасында қолданылады. Айналаңа қарашы! Дүние қандай сәндi!
Сөйлемге тән предикаттық қасиетке негiзделген, осы шақтағы құбылыстың, болмыстың кейiнгi мәтiнде ашылуын талап ететiн бiр тұрлаулы мүшелi жай сөйлемнiң түрiн атаулы сөйлем деймiз. Атаулы сөйлем жеке сөз не сөз тiркесiнен тұрады. Сөйлемнiң құрамында бастауыш баяндауыштық қатынасқа түсетiн мүшелер болмайды. Атаулы сөйлем интонациясы арқылы тиянақты синтаксистiк бiрлiк болады. Атаулы сөйлемдер арнаулы коммуникативтiк мақсаттың қажетiмен қалыптасқан. Атаулы сөйлемдер шындық болмыстағы жағдайды үнемдi жолмен суреттеу үшiн және пiкiрдi эмоциялы етiп бiлдiрудiң амалы ретiнде жұмсалады. Атаулы сөйлем өзiнен кейiнгi тұрған сөйлемдермен сабақтасып, оқиғаның нақты өзiн баяндап мақсатын көрсетедi. Атаулы сөйлемнiң жасалу жолдарын анықтау үшiн әуелi, атаулы сөйлем болып тұрған тұлғаның предикаттық негiзiн анықтаймыз. Атаулы сөйлемнiң предикаттық негiзi мыналар: 1-ден, атау тұлғалы зат есiмнен атаулы сөйлем жасалады; Бұйрат. Мамыр айы. 2-ден, басқа сөздермен матаса байланысып, тәуелдiк формада тұратын көмекшi есiмдер; Таң алды. Мамыр айының басы. 3-ден, өзiн анықтайтын сөзден не сөздерден кейiн тұрып, тәуелдiк формада қолданылатын бiр белгiсiздiк есiмдiгi; Соғыстан кейiнгi жылдардың бірі. 4-ден, мезгiл мәндi үстеу, шылаулы сөз тiркестерi; Қыстыгүнi.
Мағынасына қарай атаулы сөйлемдер мекен, мезгiл және зат атаулы сөйлемдер болып үшке бөлiнедi. Атаулы сөйлемдердiң семантикалық құрылысы белгiлi бiр жанды не жансыз заттың бар екенiн, күйiн бiлдiредi. Предикаттық белгi мен субъект мағынасы атаулы сөйлемге ұйытқы болатын сөз арқылы берiледi. Бұл атаулы сөйлемдердi толымсыз сөйлемдерден ажыратуға белгi бола алады.
Атаулы сөйлемдерде өткен, келер шақтағы оқиға, iс жайындағы ой болмайды, көбiне мезгiлдi, айналамыздағы табиғат құбылыстарын, заттардың сол бейнелi заттық қалпын жеткiзуге арналады. Атаулы сөйлемдер көбiнесе көркем әдебиетте табиғаттың суретi ретiнде қолданылады. Атаулы сөйлемдер тiлге тән ықшамдау құбылысының заңдылықтарына сүйене отырып,тiлдiң көркемдiк мәнiн арттырады.Болмысты, жаратылысты суреттеудiң ерекше стильдiк қолданысы ретiнде жұмсалады.
Атаулы сөйлемдерде бастауыш-баяндауыш болып құралатын предикативтiк қатынас болмаған, предикативтiк қасиет бар. Бұл сөйлем де тиянақты пiкiрдi бiлдiредi, ол ойды, оқиғаны болмысқа шақ, жақ, тұрғысынан қатыстырып бiлдiредi. Және модальдық сиратқа ие бола алады. Атаулы сөйлемдерге тиянақты синтаксистiк форма беретiн – интонация, контекст. Сөйлемге тән интонация алып, атаулы сөйлем дара тиянақты форма алады.
Атаулы сөйлемдер арнаулы коммуникативтiк мақсаттың қажеттiгiмен қалыптасқан. Бұл сөйлемдер төңiректi, жағдайды үнемдi жолмен суреттеу үшiн және пiкiрдi эмоциялы етiп бiлдiрудiң амалы ретiнде жұмсалады. Жұмсалуына қарай атаулы сөйлемдердi үш топқа бөлуге болады: 1) бейнелеу мағыналы атаулы сөйлемдер. Түн. Шалқыған-ай; 2) эмоциялы атаулы сөйлемдер. Күлуiн! 3)сөгiс, тiлек мағыналы атаулы сөйлемдер. Қаңғыған неме! Өркеннiң өскiр!
Атаулы сөйлемдердiң грамматикалық сипаты – жайылуы, кеңеЮi, морфологиялық тұрпаты – негiзгi мүшенiң қай сөз табынан болуына, қай формадағы сөз болуына байланысты. Тасадан шыға келгенiм! Шыжыған ыстық! Сондықтан атаулы сөйлемдердi бiз негiзгi мүшенiң грамматикалық түр-түрпатына қарай топтаймыз. Ол топтар мыналар: негiзгi мүшесi атау тұлғалы зат есiмнен болған атаулы сөйлем, негiзгi мүшесi сын есiмнен болған атаулы сөйлем, негiзгi мүшесi -ған, -ген, -тын, -тiн тұлғалы есiмшеден болған атаулы сөйлем, негiзгi мүшесi тұйық етiстiктен болған атаулы сөйлем, негiзгi мүшесi табыс септiктегi сөзден (зат, сын есiм, есiмше, тұйық етiстiк) болған атаулы сөйлем.
Достарыңызбен бөлісу: |