Бiр негiздi жай сөйлемдердің ерекшелігі. Сөйлемдердi грамматикалық жағынан екi негiздi (екi бас мүшелi) және бiр негiздi (бiр бас мүшелi) болып құралатыны, тiптi, мүшеленбейтiн де сөйлемдердiң болатыны – тiл ғылымында дәлелденген құбылыс.
Сөйлемнiң басты белгiлерiнiң бiрi – предикативтiк қатынас сөйлемдегi бас мүшелердiң (бастауыш пен баяндауыш) өзара қатынасына негiзделiнетiнi белгiлi. Алайда, сөйлемнiң мағыналық-мазмұндық құрылымындағы бас мүшелер болып табылатын субъект пен предикат арасындағы жақтық мағына грамматикалық ыңғайда басқаша жолдармен де берiлуi мүмкiн. Нақтырақ айтқанда, сөйлем үнемi екi бас мүшенiң грамматикалық қатынасынан құрала бермей, предикативтiк мағынаны логикалық ыңғайда тұтастай бiлдiретiн бiр ғана бас мүшелiк құрылым арқылы берiле алады. Мына мысалдар соның айғағы: - Атпа! Тарт былай! Аруақ бары рас болса, бұдан келген кердi көремiн! (Әуезов). …Тәжiм еттiк бiздi тәрбиелеген аналарға! (Аймауытов). - Қайтемiз, жыртық көңiлдi кейде осылайша жұбатуға тура келедi (Исабеков). Жердi қазақтың қара тоқпағымен өлшейдi (Мұқанов). Осы сөйлемдердiң барлығына ортақ белге – атау септiгiндегi грамматикалық бастауыштың (немесе грамматикалық жақ) болмауы, яғни субъектiнiң атау тұлғалы жеке сөзбен сәйкес келмеуi. Нақтырақ айтқанда, сөйлемдер бiр ғана бас мүше баяндауышпен құрылып, субъектi-жақтық мән басқа бiр тұрлаусыз мүше арқылы немесе бас мүше бойныдағы тұлғалар арқылы аңғарылады, тiптi жақтық мәннің байқалмауы да мүмкiн.
Сөйтiп, бiр негiздi сөйлемдер деп, грамматикалық жағынан бiр ғана предикативтiк бас мүше құрылымында келiп, субъектiлiк бас мүшемен толықтыруды қажет етпейтiн жай сөйлем түрiн айтамыз.
Бiр негiздi сөйлемдер ондағы субъектi мәнiнiң берiлiсiне қарай: 1) белгiлi жақты, 2) жалпылама жақты, 3)белгiсiз жақты, 4) жанама “жақсыз” жақты деп бөлiнедi.
Жақты сөйлемдер Субъектiнiң мәнi предикативтiк бас мүшедегi жақтық тұлғалардан аңғарылып, бастауыштың атау тұлғалы есiмдiктермен берiлуiн қажет етпейтiн бiр негiздi сөйлем түрiн белгiлi жақты сөйлем деймiз.
Бiр негiздi белгiлi жақты сөйлем, сырттай қарағанда, екi негiздi толымсыз сөйлемге өте ұқсас болғандықтан, осы кезге дейiн бұл сөйлем өз алдына бөлiп қаралмай келедi.
І, ІІ - жақтық құрылымындағы сөйлемдер iшiнде есiмдiк бастауышты айқын талап етiп тұратын сөйлемдер болатын. Олардың бастауышын түсiрiп айтуға келе бермейдi, сөйлем семантикасына нұқсан келетiнi байқалады. Сол күнi кешке “Үшжүз” комитетiнiң жиылысы болды. Мен де бардым (Мүсiрепов). …Сол мешiтке сiз де барып, жұма намазында сiзге де сөйлесiңiзшi (Әуезов). Осы сөйлемдердiң есiмдiк бастауыштарын түсiрiп айтуға болмайды. Сондықтан бұлар екi негiздi сөйлемдер деп есептеледi. Осыған ұқсас екi негiздi сөйлемдердiң бастауышы кейде контекст ыңғайында түсiрiлiп айтылса, олар толымсыз екi негiздi сөйлемдер болады.
Ал кей сөйлемдер арнаулы бастауышты қажет етпейдi, олар атап көрсету артық екенi, олар аталса, мағына әлсiрейтiнi байқалады. –Не айтам? Ойланайын… Қабырғаммен кеңесейiн (Домбаев). Сый дәметпе, берсе, алма еш адмнан (Абай). Осы тәрiздi сөйлемдерге толымсыз сөйлем тұрғысынан қарап, бастауышты қояр болсақ, мағынаға елеулi нұқсан келер едi. Сондықтан, мұндай құрылымдағы сөйлемдердi бiр негiздi белгiлi жақты сөйлем деп қараған орынды.
Бұл негiздi белгiлi жақты сөйлем бас мүшесiнiң жасалуында екi негiздi сөйлем баяндауышынан пәлендей ерекшелiк жоқ: шақ, рай, негiзiнен, І, ІІ -жақтық тұлғалар мен түрленедi. – Балам-ай, келшi, басын көтерейiк. Өлi ме, тiрi ме? (Мүсiрепов). – Тоқтат жаным! Бар!… Тек ашуыңды аулақ әкет! Болды! Бар! (Әуезов). Бұлар – дара етiстiктерден жасалған бас мүшелi сөйлемдер.
Бас мүшенiң күрделi түрлерi әр түрлi жолдармен жасалады:
1)көсемше тұлғалы етiстiкке көмекшi етiстiктердiң тiркесi арқылы: Тағы кiмдi жұтып, тымсырайып отырсыңдар? (Қазыбаев). - …Одан айырылып қала жаздадық (Исабеков).
2)есiмшеге көмекшi етiстiктердiң тiркесуi арқылы: -Жаман, сасық ұрыңды тапқан екенсiң! (Әуезов). …Қайтейiн, билiк менiң қолымда болса, бұл күйге не түсер едiң? (Майлин).
3) –iшы тұлғалы етiстiкке бол, е көмекшi етiстiктерiнiң тiркесуi арқылы: -…Ауыздарыңнан шығарушы болмаңдар… (Мұқанов). –Сiздi көрген сайын “Осы кiсi неге соғысқа бармайды” деп ойлаушы едiм (Исабеков).
4)бiр сөздiң қайталануы арқылы жасалған күрделi баяндауыштар: -Бiр қимылды iстеуiн iстедiң. Бiрақ ендi сақ бол! (Әуезов). –Тоқтат, қаңғырған нәлет, бүлдiрдiң деген соң бүлдiрдiң! (Тоқмағамбетов). –Кетсем кетемiн, батырсам батырайын қарамды. Ал қош бол! (Исабеков).
5) де көмекшiсi тiркескен төл сөзден жасалған: -“Қашан айтып ең” деме! – деп Сүйiндiк бар сөздi бiр-ақ тұжырымды (Әуезов). “Аш, арығымды асырып жүрмiн” дей бер… (Сонда).
6) тұрақты тiркестерден жасалады: …Ел аузына қақпақ болып көршi. (Әуезов). –Ақылдассаң, әлiптiң артын бағайық (Домбаев).
7) есiм сөздер мен көмекшi етiстiктердiң тiркесi арқылы: -Әй, шырағым балам, әуелi ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер (Әуезов). -…Телғара! Айналайын! Соқталдай азамат болып кетiпсiң-ау! (Сонда).
Бiр негiздi белгiлi жақты сөйлемдер құрылымы жағынан жеке дара бас мүшеден де немесе оның басқа тұрлаусыз мүшелермен жайылмалануы ыңғайында да қолданылады. Осындай жағдайда сөйлем бiр компоненттi құрылымда деп есептеледi. Сөйлемнiң құрылымын айқындау үшiн құрылым негiзiнде сөйлемнiң семантикалық мазмұнын құрайтын ең қажеттi мүшелер алынады да, олардың әрқайсысы бiр компонент деп есептеледi. Сөйлемге жеке мүшелердi айқындай, толықтыра түсу үшiн болмаса, мағыналық құрылым үшiн аса мән алмайтын мүшелер де болады. Бiрақ, олар сөйлемнiң құрылымдық түрлерiн анықтауда есепке алынбайды. Осы тұрғыдан белгiлi жақты сөйлемдердiң мынадай құрылымдық түрлерi болатынын көруге болады:
1.Бiр компоненттi сөйлемдер: тек бас мүшенiң өзiнен тұрады: Жаса, жайна! Жадыра! Жаңар, далам (Оразбаев). –Кетiңiзшi, өтiнемiн! Сау болыңыз (Исабеков).
2.Екi компоненттi сөйлемдер: а) “тура толықтауыш+бас мүше”: - …Басыңызды көтердiңiз бе? (Домбаев). –Тәкежан, бар өлеңдi жоймайық (Әуезов). ә)“жанама толықтауыш + бас мүше”: …Арттағы елден күдер үзгемiз (Мағауин). –Анау Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы… (Әуезов). – Тiздiрермiн танауларыңнан! Көгендермiн қозыдай! (Мүсiрепов). б) “пысықтауыш + бас мүше”: -Ана жылы сендер жақта болғанмын (Рүстемов). –Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым (Абай). …Ендi бiрауық аяқ суытайық (Асылбеков).
3. Үш компоненттi сөйлемдер:
а) “анықтауыш + тура толықтауыш + бас мүше”: -Артқы күндi көрiп алармыз…(Әуезов).
ә) “жанама толықтауыш + тура толықтауыш + бас мүше”: …Кебекпенен менi аз ғана араздастыр… (Шәкәрiм). Толықтауыштар орны ауысып келуi мүмкiн: …Адал күнiмде асыл махаббатымды саған тапсырсам деп едiм (Әбiлев).
б) “толықтауыш (тура, жанама) + пысықтауыштар (мезг., мек. т.б.) + бас мүше” (тұрлаусыз мүшелердiң орындары ауысып келуi де мүмкiн): -…Тек ашуыңды аулақ әкет! (Әуезов). –Оны кезiнде көрермiз (Нұрпейiсов) т.б.
Сөйтiп, бiр негiздi белгiлi жақты сөйлемдер грамматикалық құрылымы тұрғысынан бiр бас мүшелi болғанымен, семантикалық жағынан субъект-предикаттық құрылымдағы толыққанды сөйлем екенiн жоғарыдағы мысалдан айқын аңғаруға болады.