Тырнақша. Тырнақшаның қойылуы кiдiрiске, интонацияға немесе сөйлеудiң құрылыс ерекшелiктерiне байланысты болмайды. Сондықтан ол шын мәнiсiндегi тыныстық белгi де емес. Тырнақшаның мағынасы да, функциясы да алуан түрлi, ол бiр жағдайда тырнақшаларға қоршалған сөздiң немесе сөйлемнiң бөгде бiреудiкi екенiн бiлдiрсе, екiншi бiр жағдайда тырнақшаның iшiндегi сөздiң, сөздер тiркесiнiң өзiнiң тура мағынасында қолданылмай тұрғандығын, болмаса бiрдемелердiң шартты атаулы екендiгiн бiлдiредi. Дәлiрек айтқанда, тырнақша мынадай функцияларда қолданылады.
а) Цитат түрiнде келтiрiлген бiреудiң сөзi тырнақшаға алынып жазылады. Мұндай орынды тырнақша қоршауындағы сөздердiң, сөйлемдердiң автордың өзiнiкi емес, бөгде бiреудiкi екендiгiн бiлдiредi. Мысалы: “Сырдария да көрiне бастады. Нысаналы жерге жақындадым”, - деп жазды да, жас инженер мелиатор Бектасов автомат қаламын стол үстiне қоя сап, орнынан түрегелдi (С.Мұқанов).
ә) Керi мағынада, ажуа, сықақ, кекесiн түрiнде айтылған сөздер тырнақшамен қоршалады.
б) Газет журналдардың, әдеби-искусстволық шығармалардың, кемелер мен самолеттердiң, шахталар мен рудниктердiң, фабрикалар мен заводтардың, колхоздар мен совхоздардың, мекемелер мен ұйымдардың, машина маркаларының т.б. аттары тырнақшаға алынып жазылады. Мысалы: Кеменiң “Қазақстан” деген аты маған көп ой салып келе жатты.
Жақша. Жақшаға алынатындар, негiзiнде, сөйлем мен тiкелей байланысы жоқ, оның мүшелерiмен грамматикалық қатынаста тұрмайтын, жазушының айтқанын айқындай түсу үшiн қолданылатын кейбiр ескертпе сөздерi мен сөйлемдерi. Мысалы:
Ә, Амантайка (Амантайды ол солай атайтын) аман? (С.Мұқанов).
Осылар тәрiздес, авторлық ескертпе, драмалық шығармаларда кезедесетiн ремаркалар да жақшаға алынып жазылады. Мысалы:
Байназар (Тоқаға): Бас, бас аяғыңды жылдам!
Садық: Ұр иттi! Жатқыз! (Қоса ұмтылады). Ұста! Жiберме! (Омар, Сәрсек шығады (М.Әуезов)) Цитаттың қайдан, кiмнен алынғандығын автор өз сөзiмен айтып жатпай, одан (цитаттан) кейiн цитат иесiн немесе цитат алынған еңбектiң атын ғана атаса, ол жақшаға алынады. Мысалы: “Жаман дос – көлеңке; басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың; басыңды бұлт алса, iздеп таба алмайсың” (Абай).